Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Жаңалықтар Жаңғыру 3.0 аясында Қазақстан-Қытай арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді

Жаңғыру 3.0 аясында Қазақстан-Қытай арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді

Елбасы тапсырмасына сәйкес ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов бастаған Қазақстан делегациясы Қытай Халық Республикасының астанасы – Бейжің қаласында бірнеше маңызды кездесулер өткізді.

Делегация құрамында Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері, облыс әкімдерінің орынбасарлары, өңірлердің салалық басқармаларының, «ҚазАгро» холдингі мен еншілес ұйымдарының басшылары, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы қызметкерлері және ауыл шаруашылығы қауымдастықтарының жетекшілері мен жеке кәсіпкерлер бар.

Жұмыс сапарының басты мақсаты – Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы АӨК-ке шетелден инвестиция тарту мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты бойынша берген тапсырмаларын жүзеге асыру және екі жақты тиімді келісімдерге қол жеткізу.

Мемлекет басшылары – Н.Назарбаев пен Синь Цзяньпиннің деңгейінде «Нұрлы жол» және «Бір белдеу, бір жол» бағдарламалары бойынша өзара ынтымақтастықты нығайту бойынша аса маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді. Ең алдымен, бұл ауыл шаруашылығы кешеніне қатысты.

Елбасы атап өткендей, біздің көптеген позициялар бойынша әлемдегі ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің біріне айналуға толық мүмкіндігіміз бар, әсіресе, органикалық таза өнімдер шығара аламыз.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтың жұмыс сапары аясында қытайлық әріптестермен бірге аталған келісімдердің жүзеге асырылуы қарастырылатын болады.

Айталық, ҚХР Сапаны қадағалау, инспекция және карантин жөніндегі бас басқармасы төрағасы Чжи Шупинмен өткен кездесуде Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көршілес елдермен экспорттық әлеуетті арттыру бағытының кеңінен қамтылғанын атап өтілді.

«Қазақстанның географиялық орналасуын, ауыл шаруашылығы өнімдері нарығының сыйымдылығын, көліктік қолжетімділігін талдау негізінде ЕАЭО, ТМД елдері, Иран, Ауғанстан және БАӘ мен қатар Қытайдың ірі әлеуетті өткізу нарығы бола алатынына көз жеткіздік. Біздің бұл тұрғыдағы байланысымыз мемлекетаралық қарым-қатынастың тиімді үлгісі бола алады. Ендігі мәселе – екі арадағы түйткілдерді шешіп, аграрлық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруіміз керек», – деді А.Мырзахметов.

Бұл орайда, тараптар Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерінің Қытай нарығына кіруі мен шектеулерді алу мәселелерінің бірқатарын талқылады. Атап айтқанда, Қытай тарапы ҚХР-дың жеткізуші компаниялар реестріне енгізу үшін а.ж. сәуірде қой етінің өндірісі жүйесін және ет өңдеуші кәсіпорындарды инспекциялайтынын растады. Екі жақ та Қазақстаннан Қытайға экспортталатын 34 өнімге қатысты ветеринарлық және фитосанитарлық талаптар Хаттамалары жобаларын келісімдеу үдерісін жылдамдататын болды. Сондай-ақ, Қазақстан тарапы ел аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін бақылауға арналған біріккен лаборатория құру және оны тіркеу бастамасын көтерді.

Кездесу қорытындысы бойынша көршілес елге экспортталатын бидай кебегі партияларына қойылатын инспекция, карантин және санитарлық талаптар туралы Хаттамаға қол қойылды.

Аталған келісімнің арқасында қазақстандық бизнесмендер тұңғыш рет Қытай нарығына бидай кебегін экспорттауға қол жеткізді және де бұл үрдісті алғашқылардың бірі болып жүзеге асыру мүмкіндігі «HUOERGUOSI IRBIS INTERNATIONAL TRADING CO LTD» қазақ-қытай біріккен қайта өңдеу кәсіпорынының үлесіне тиіп отыр.

Өз кезегінде, бұл компанияның бас директоры Марат Дәулетқалиев осындай тиімді шешімдердің астық өңдеу саласының экспортына серпін беретінін атай отырып, сындарлы келісім үшін кәсіпкерлер атынан Қазақстан Үкіметіне алғыс білдірді.

Мұнан соң делегация ҚХР Ауыл шаруашылығы министрі Хань Чанфумен кездесіп, 2016 жылы қол қойылған ҚР АШМ мен ҚХР АШМ арасындағы біріккен іс-қимыл жөніндегі Жоспарды іске асыру, ауыл шаруашылығы саласында ғылыми-техникалық септестік және «Оңтүстік-Оңтүстік» халықаралық бағдарламасы аясында өзара ынтымақтасу мәселелерін ортаға салды. Осы қатарда ауыл шаруашылығы технологиясы трансферті мен ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі ведомствалар аралық жұмыс тобын жасақтау мен Орталық Азия аймағы үшін селекциялық-генетикалық орталық құру мәселелері де назарға алынды.

Бұдан әрі А.Мырзахметов бастаған топ ҚХР-дың бизнес қауымдастығы өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында Жібек жолы қорымен «ҚазАгро» холдингінің ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу жобаларын қаржыландыру бойынша өзара байланысы, «CCIC «China Certification & Inspection Group» тобының ауыл шаруашылығы өнімдері мен кәсіпорындарын сертификаттауы мәселелері қаралды.

Wilmart, CITIC және COFCO сынды трансұлттық 8 қытайлық компания өкілдерімен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жобаларын қаржыландыруды талқылау барысында А.Мырзахметов АӨК-ке қатысты мемлекет саясатының басым бағыттарын және Қазақстандағы инвестициялық ортаны жақсартудың жаңа әдістемесін түсіндірді. Сонымен қатар, «China National Machinery IMP&EXP Corp» корпорациясымен а.ж. мамырда Алматыда ауыл шаруашылығы машиналарына арналған көрме ұйымдастыру және ел аумағында машина жасау және жабдықтау зауыттарын салу бойынша келіссөздер жүргізілді.

Қытайлық кәсіпкерлермен кездесу соңында «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» акционерлік қоғамымен «Asia Pacific Food Capital Co., Ltd.» және «Wilmart» компаниялары арасында өзара ынтымақтастық және сауда бойынша келісімшартқа қол қою салтанаты болып өтті.

Айта кетейік, жұмыс сапарының екінші күні қазақстандық делегация инвестициялық ынтымақтастық пен қазақстандық бидай жеткізу квотасын арттыру мәселелері бойынша ҚХР Коммерция министрі Чжун Шанмен кездеседі деп күтілуде.

Сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП – мен бірге ҚХР Халықаралық сауда-саттыққа атсалысу комитеті басшылығы және қытайлық 34 компаниямен кездесу өтеді. Онда
Қазақстан Республикасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және қазақстандық азық-түлікті ҚХР-ға экспорттаудың инвестициялық жобалары таныстырылмақ.

ҚР АШМ Баспасөз қызметі
+7 (7172) 555-765
minagripress@gmail.com

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus