Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Жаңалықтар Жаңғырту 3.0: ҚР АШМ аграрлық сала бойынша халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті инфрақұрылым қалыптастыруда

Жаңғырту 3.0: ҚР АШМ аграрлық сала бойынша халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті инфрақұрылым қалыптастыруда

Бүгін Үкімет үйіндегі брифингте ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің Бірінші орынбасары Қ.Айтуғанов Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмаларын жүзеге асыру үшін АШМ тарапынан атқарылып жатқан істерді баяндады.

Елбасы өз сөзінде: «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор. Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз. Бұл, әсіресе, экологиялық таза тағамдарға қатысты. «Made in Kazakhstan» бренді сондай өнімдердің эталоны болуға тиіс. Сонымен қатар, астық өнімдері бойынша біз Еуразияда «нан кәрзеңкесі» болуымыз керек» дей отырып, шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшуіміз қажеттігін атап өткен еді.

Осыны баса айтқан Бірінші вице-министр Қ.Айтуғанов қазіргі таңда аграрлық сала бойынша халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті болу үшін қажетті инфрақұрылымдар арқылы өнімдердің қайта өңделуі деңгейін көтеру үдерісінің іске асырылып жатқанын жеткізді.

«Бұл үшін былтырдан бері мақсатты түрде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, 15 мың ЖҚШ-ға қызмет көрсететін 157 кооператив құрылып үлгерді. Олардың кешенінде жүзден аса сүт қабылдау пункті және жеті мыңдай отбасылық мал бордақылау алаңдары ұйымдастырылды. Ағымдағы жылы кооперативтер саны екі еселенеді. Алдағы бес жылда жарты миллионға жуық ЖҚШ мен шағын шаруашылық кооперативтер қызметімен қамтылады», – деп атап өтті Қ.Айтуғанов.

Оның айтуынша, а.ж. 1 ақпанынан бері еліміздің барлық аймақтарындағы ауыл тұрғындарына осынау ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру және кооперацияларды мемлекеттік қолдаудың жаңа механизмдері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл үшін Министрлік тарапынан АШМ қызметкерлері мен ғылыми ұйымдар өкілдерінен құрылған сарапшылар тобы құрылды.

Мұндағы басты міндет – әрбір ауыл азаматын ауыл шаруашылығы кооперациялары негіздері бойынша ақпараттандырып, бірігіп шаруашылық жүргізуге және нақты іске жұмылуына ынталандыру.

Бұдан бөлек, ақпараттық-консультативтік тұрғыда Fermers.kz сайты мен 8800 080 8010 call-орталығы (барлық бағыттардан қоңырау шалу тегін) қызмет көрсетуде.

Тағы бір атап өтерлік жайт, өндірістік мақсаттағы аграрлық ғылымға инвестиция көлемін арттыруға баса мән берілуде. Яғни, ғылыми зерттеулерді қаржыландыру үдерісі аграрлық құрылымдардың сұранысына орайластырылады. Бюджет тарапынан қаржыландырудың басты шарты – бизнестік ортадан қаржыландыру.
Сондай-ақ, халықаралық деңгейдегі екі орталық құру бойынша жұмыстар басталып кетті және де ауыл шаруашылығы секторын сақтандыру жүйесін жетілдіру үшін заңнамаға да өзгерістер енгізу жоспарлануда. Бұл субсидиялаудың тиімділігін арттырып, өндірістік үрдістерге қарқын береді.

Жалпылай алғанда, Жолдауда алға қойған міндеттерін жүзеге асыру үшін мынадай әдістемелер қолға алынуда:
Біріншіден, субсидиялау принциптерін қайта қарастыру.
Екіншіден, үй шаруа қожалықтары мен шағын шарушалықтарды кооперативке біріктіру.
Үшіншіден, қажетті инфрақұрылымдар арқылы өнімдердің қайта өңделу деңгейін көтеру.
Төртіншіден, еңбек өнімділігін арттыру және өндірістік шығындарды азайту.
Бесіншіден, жерді пайдалану тиімділігін арттыру және суармалы жер аумағын ұлғайту.
Ең соңғысы, «ҚазАгро» құрылымын шағындай отырып қайта жаңғырту.
Айталық, «ҚазАгро» құрылымын шағын холдингке айналдыра отырып қайта жаңғырту қолға алынады. Приватизация мерзімі қысқартылды және де алдағы екі жылда 7 еншілес ұйымның 3-еуі және тәуелді 47 ұйымның 45-сі бәсекелестік ортаға беріледі.
Мұның барлығы да Жолдауда көрсетілген міндеттер мен берілген тапсырмаларды орындау аясында жаңа Мемлекеттік бағдарламада қарастырылып отыр.

ҚР АШМ Баспасөз қызметі
+7 (7172) 555-765
minagripress@gmail.com

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus