Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Баяндамалар АҚИҰ Бас Ассамблеясының құрылтайшы сессиясы барысындағы баспасөз брифингінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрі А. Мамытбековтың баяндамасы (2016 жылғы 28 сәуір, Астана, Қазақстан)

АҚИҰ Бас Ассамблеясының құрылтайшы сессиясы барысындағы баспасөз брифингінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрі А. Мамытбековтың баяндамасы (2016 жылғы 28 сәуір, Астана, Қазақстан)

Қазақстан 1995 жылдан бері ең ірі мұсылмандық халықаралық ұйым — Ислам Ынтымақтастық Ұйымының толық мүшесі.

2011 жылдың 28-30 маусымында Астана қаласында болып өткен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы Сыртқы істер министрлерінің кеңесінің 38-сессиясының ашылуы барысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ислам Ынтымақтастық Ұйымы аясында, штаб-пәтері Қазақстанда орналасқан азық-түліктің өзара көмек жүйесін құрудың мақсатқа сай екендігі жөнінде ұсыныс жасады.

Ислам Ынтымақтастық Ұйымының барлық мүшелері бұл ұсынысты қолдады. Қазақстан тарапы жаңа ұйым жарғысының жобасын әзірледі және барлық келісу кезеңдерінен өтті

2013 жылы 9-10 желтоқсанда Гвинеяның Конакри қаласында өткен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы Сыртқы істер министрлерінің кеңесінің 40-сессиясы барысында Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының Жарғысына 19 ел қол қойды. Одан кейін жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде қазіргі күні ұйымның құрамында 29 мүше мемлекет бар.

Сәуірдің жиырма алтысынан басталған Бас Ассамблеясының құрылтайшы сессиясының барысында жаңа ұйымның жұмыс органдары толықтай тағайындалды. Ұйым Бас Ассамблеясының төрағасы болып Қазақстан Республикасы сайланды. Бас Ассамблея Төрағасының орынбасарлары болып Кот-д-Ивуар және Палестина мемлекеттері сайланды. Сессия барысында Ұйымның басты жұмыс органы — Атқарушы Кеңестің мүшелері мен төрағасы сайланды. Отырыс барысында Нигер, Буркина Фасо, Сауд Арабиясы, Судан, Түркия, Бангладеш Атқарушы Кеңестің мүшелері болып сайланды. Қазақстан — Атқарушы Кеңестің тұрақты мүшесі болып табылады. Сондай-ақ ұйымның тұрақты жұмыс органы — Хатшылықтың Бас директоры болып Қазақстан Республикасы ұсынған Е. Жалмұханов сайланды.

Көрсетілген тағайындаулар Елбасымыздың осы бастамасын жүзеге асыру үшін өте маңызды болып табылады. Жұмыс органдары тағайындалған Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы өзінің іс жүзіндегі жұмысын жуық уақытта бастайтын болады.
Сонымен қатар, осы күндері Қазақстан Азық-түлік қауіпсіздігі және ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы Министрлерінің конференциясының жетінші сессиясын қабылдады. Аталған сессия барысында бірқатар маңызды мәселелер қаралды және шешімдер қабылданды.

Осы орайда, аталған шараларды ұйымдастыру және өткізу барысында көрсетілген көмегі мен қолдауы үшін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Бас Хатшылығына, сондай-ақ Бас Хатшысы Ияд Амин Мадани мырзаға ерекше алғысымды білдіремін.

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus