Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Жаңалықтар Алғаш рет Қазақстанда «Егіс алқабы күні» өтетін болады

Алғаш рет Қазақстанда «Егіс алқабы күні» өтетін болады

Елімізде алғаш рет жаңа форматта қазіргі заманғы ең озық ауылшаруашылық технологияларын, техникасын, құрал-жабдықтары мен басқа да аграрлық салаға қажетті материалдық ресурстардың көрме-демонстрациясы өтетін болады. Бұл іс-шара 25-27 шілде аралығында «Жаңа дала – 2013» егіс алқабы күні аясында жүзеге аспақ. Іс-шараны ұйымдастырушы – «ҚазАгро» ұлттық холдингісінің еншілес компаниясы – «Қазагромаркетинг» АҚ.

 

Өткізгелі отырған көрменің айтарлықтай өзгешелігі бар. Себебі ауылшаруашылық техникасы мен құрал-жабдықтарын сататын компания жеке көрмесін өткізгенде тек қана өз тауарынының артықшылықтарын көрсетеді. Ал бұл көрмеде кәсіпкерлер әртүрлі компаниялар сататын техника мен құрал-жабдықтарды, гербицидтер мен тыңайтқыштардың көптеген түрлерін салыстырып қарай алады. Оның үстіне көрмеге қатысушы компаниялар көктемде іс-шара өтетін А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының танаптарында (Ақмола облысы Шортанды ауданы Научный кентінде) өздері сататын дақыл тұқымдарын егіп, егісті тыңайтқыштар және гербицидтермен өңдеп келеді. Сондықтан да көрме өткен кезде кәсіпкерлер сатылымдағы тұқымдардың, химиялық заттардың қаншалықты сапалы екендігін өз көзімен бағалай алады.

 

Іс-шараның тағы бір артықшылығы – мұнда кәсіпкерлер ел нарығына енді ғана еніп жатқан техниканың жаңа брендтерімен таныса алады. Бұл брендтер бүкіл әлемде ұзақ уақыт сатылып келгенімен, елімізде енді ғана танылуда. Сондықтан бұл көрменің арқасында шаруалардың таңдауы кеңейеді деп айтуға толық негіз бар. Сонымен қатар шетелдік компаниялар өкілдерінің айтуынша, олардың бұл көрмеге қатысуының тағы бір себебі – қазақстандық кәсіпкерлердің арасынан өз техникасын елімізде сататын дистрибьюторларды табу. Яғни көрменің іскерлік қарым-қатынастарды орнатуда да маңызы өте зор.

 

Жалпы, ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, Егіс алқабы күнін өткізуді жоспарлағанда олар шаруалардың да, қатысушы компаниялардың да талаптарын жан-жақты ескеруге тырысқан. Сол үшін де көрме үш күнге созылып, шын мәнінде ауыл шаруашылығы саласындағы мерекелік іс-шара ретінде өтетін болады.

 

Ең алдымен, ауқымды көрме 20 гектар жерге орналастырылып, еліміздегі ең ірі ауыл шаруашылығы көрмесі болып өтпек.

 

Екіншіден, көрмеге қатысушы шаруалар алқаптарда жайқалып өсіп тұрған дақылдардың сапасына көздерін жеткізе алады.

 

Үшіншіден, іс-шара барысында отандық кәсіпкерлеріміз ең озық шетелдік технологиялармен таныса алады, мысалға алсақ, компаниялардың бірі тұқымды жедел әрі дәл егу технологиясын паш етпек.

 

Яғни бірінші «Қазақстандық мамандандырылған «Жаңа дала – 2013» егіс алқабы күні» ауыл шаруашылығы техникасы мен жер өңдеу технологияларының елімізде бұрын болмаған халықаралық деңгейдегі кең ауқымды көрмесі болып өтпек. Ұйымдастырушылардың болжамы бойынша, үш күн ішінде көрмеге еліміздің түкпір-түкпірінен келген екі мыңнан астам адам қатысады деп күтілуде.

 

Жалпы, өткізгелі отырған іс-шараның басты міндеттері ол – отандық диқандарды ең сапалы тұқым түрлерімен; ауыл шаруашылығы техникасының үздік үлгілерімен; еліміздің жағдайында қор үнемдеу технологияларын пайдалану ерекшеліктерімен таныстыру болып отыр.

 

Сонымен, Егіс алқабы күні 4 блоктан тұратын болады. Олар:

 

– тұқымдар және егіс қорғау өнімдері;

 

– ауыл шаруашылығы техникасы;

 

– ауылшаруашылық құрал-жабдықтары;

 

– ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге несие мен аграрлық техниканы лизингке беретін «ҚазАгро» холдингісінің еншілес компаниялары мен екінші деңгейлі банктер, лизингтік компаниялар;

 

– мамандандырылған аграрлық бұқаралық ақпарат құралдары.

 

Егіс алқабы күні 2013 жылдың 25-27 шілдесінде Ақмола облысы Научный кентінде А.И.Бараев атындағы өсімдік шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының демонстрациялық танаптарында өткізіледі. Іс-шараға 40-тан астам компания қатысады. Көрме бағдарламасында: техникадағы арнайы шоу, дақылдардың түрлі сұрыптары мен өсімдік қорғау өнімдерінің, тыңайтқыштардың тиімділігін анықтау. Толығырақ http://apkset.kz/ сайтынан және Астанадағы +7 (7172)555 436, ұялы +7 701 588 54 97 телефон нөмірлерінен білуге болады. Кіру тегін.

 

Өндірісті жаңаша жабдықтау болашақ табыстың кепілі екендігін түйсінетін кез жетті!

 

Анықтама:

 

«Казагромаркетинг» АҚ-ның миссиясы ауылшаруашылық тауарлары мен қызметтерін дамытудың нарықтық инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік саясатты жүзеге асыру болып табылады. Ол үшін компания өзінің ауылдық кеңес беру орталықтары арқылы қазіргі заманғы ең озық ақпараттық технологияларды пайдаланып шаруалардың ақпаратқа деген қолжетімділігін арттыруда.

 

«ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ АӨК саласында қызметін жүзеге асыратын акционерлік қоғамдарды тиімді басқару арқылы Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытуды ынталандыру мақсатында   2006 жылы құрылды. Холдингтің құрамына «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ, «ҚазАгроӨнім» АҚ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «ҚазАгроКепіл» АҚ, «Қазагромаркетинг» АҚ кіреді.

http://kazagro.kz/kz/news/1408——l-r

Пікір қалдыруға болмайды

Система Orphus