Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Бейне ОҚО-да бөгет құрылысы жанданды

ОҚО-да бөгет құрылысы жанданды

5d1eed2bb49640d9311b1d8122ef2e5e_L

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шардара су қоймасының батыс жағалауын бойлай салынып жатқан бөгеттің құрылысы қайта жанданды.
Үш жылға созылған тексеру қыруар қаржының мақсатты жұмсалғанын анықтады, дейді Су ресурстары комитетіндегілер. Стратегиялық маңызы бар нысанның Арнасай тоғанына дейінгі аралығындағы құрылысы жаңа жылға дейін аяқталады. Жалпы ұзындығы шамамен 30 шақырымға жуықтайтын бөгет пайдалануға берілсе, 400 мыңнан аса тұрғындары бар. Мақтарал мен Шардара аудандарының арасын байланыстыратын қысқа жол қалпына келеді.
Шардара су қоймасының сол жақ жағалауынан салынып жатқан бөгеттің құрылысы биыл толық аяқталады. Ал оң қапталдағы қалған 18 шақырым алдағы жылдардың еншісінде. Дамбаны бекемдеу жұмыстарына 6 мердігер компанияның 200-ден астам ауыр техникаларымен қатар 700-ге жуық адам жұмылдырылған. Қазір бөгеттің ішкі жағын бетонмен қаптау жұмыстары жүріп жатыр.
Тоқтамыс Молдағалиев, «ҚАЗСУШАР» РМК облыстық филиалы өндірістік техникалық бөлімінің басшысы:
– Дамбаның ені 12 метр болады. Су жағы бетонмен қапталады. Қалыңдығы – 15 см. Алдыңғы жағына тас төсейміз. Ол «зуб» деп ататалды. Бетонның астын су жуып кетпеуі үшін.
2012 жылдың қыркүйегінде басталған құрылыс төрт айға жетпей жатып тоқтап қалған еді. Үш жыл бойы тексеру жүргізген құзырлы орган өкілдері қаржының мақсатты жұмсалғанына көз жеткізді, дейді су комитетіндегілер. Дегенмен су шаруашылығындағылар қол қусырып қарап отырмай, құрылысты биыл күзден бастап кетіпті.
Ислам Әбішев, ҚР АШМ су ресурстары комитетінің төрағасы:
– Тағы бір аптадан кейін бұл жерде ешқандай жұмыс жүргізу мүмкін болмайды. Су осы жерге келеді. Сондықтан да ол қаржының бөлінгенін қарап отырмай, «ҚАЗСУШАР» мекемесінің өзінің ішкі мүмкіншіліктерін пайдаланып және банкіден несие қаржы алып, жұмысты жүргізіп отырмыз. Енді бүгін-ертең қаржы түскен соң, сол қарызымыздың бірімен есептесіп, тағы бір апта көлемінде толық бітіреміз.
Қоймадағы су деңгейі көтерілген кезде артық суды ағызып жіберетін Арнасай тоғанына жету мүлдем мүмкін болмай қалған. Себебі оған баратын жолдың басым бөлігі шекара шебінде қалып қойған еді. Оған қоса 400 мыңнан астам тұрғындары бар көрші жатқан Мақтарал мен Шардара аудандарының арасындағы төте жол да арғы жақта қалды. Ұлтарақтай жердің өзіне егін егіп отырған мақтаралдық шаруалар жол бітсе, малдың да өрісі кеңейетін болды деп қуанып отыр.
Тойым Жүнісов, Мақтарал ауданының тұрғыны:
– Жолдың салынуы бір жағынан шаруашылықты реттесе, екінші жағынан оның стратегиялық та мәні бар. Егер жалғыз көпірімізді шайып кетсе, қайда қаласың? 400 мың халық қайда кетеді? Сол үшін бұл жол өте қажет. Бөгет Оңтүстік Қазақстан облысы мен көрші қызылордалық шаруалардың ағын су мәселесін де шешеді. Өйткені Шардара қоймасы бұған дейін толық қуатта қор жинай алмайтын. Енді 5,2 миллиард текше метр суды жинап алуға мүмкіндік туды. Артығын «Көксарай» су реттегішіне құйып алады. Екі қоймадағы суды қажет уақытында төменге жіберіп отырады.\
Авторлары: Қанат Жүнісбеков, Ерболат Әбіш, Нұрмахан Бекмұратов

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus
Яндекс.Метрика