Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Бейне Қызылорда облысында екінші үрлемелі бөгет пайдалануға берілді

Қызылорда облысында екінші үрлемелі бөгет пайдалануға берілді

Қызылорда облысында екінші үрлемелі бөгет пайдалануға берілді

Мұндай гидроқұрылғы бұрын Жаңақорған ауданында іске қосылған болатын. Жаңа су тоспасы өзен суын үнемдеп, егістік алқаптарына тіршілік нәрін кідіріссіз жеткізуге мүмкіндік туғызады. Шиелі ауданы биыл 26 мың гектарға егін екті. Оның ішінде ақмаржанның үлесі 10 мың гектардан асып жығылады. Тоқсан күн табаны суда тұрып пісетін күріштің күтімі оңай емес. Шаруалар биыл да тіршілік нәрінің тапшылығын сезінді.
Жұмаділ Асқарбек, iаруа қожалық төрағасының орынбасары -Біздің шаруашылық 1200 гектарға күріш екті. Бірақ шілденің ішінде судың тапшылығынан біраз қиындықтар көрдік, біраз жеріміз сусыз қалды. Бірақ аяғында әйтеуір бір-бірімізбен келісіп, бір-бірімізбен шаруашылықтардың барлығы ауыспалы суды өз-өзімізге алдық. Шүкір жаман өнім болып жатқан жоқ.
Суға зәру диқандар кезінде Сырдарияны қолдан бумаққа әрекет еткен. Бұл амалдарынан да дым шықпады. Жиырма жыл бедерінде өзекті болып келген бұл мәселе жаңа технологияның негізінде шешімін тауып отыр.
Ислам Әбішев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетінің төрағасы -Классикалық әдіспен Сырдария секілді үлкен өзенді буатын болсақ, оның құны 10 млрд. теңгеден астам қаржы болу керек еді. Қазіргі инновациялық жаңа шешім қабылданып, 1 млрд. теңгенің көлемінде қаржы жұмсалды. Енді алдағы 2013 жылы салынған Жаңақорғандағы тоспамен екеуі қосылып жұмыс істегенде бізге 1 млрд. 200 млн. куб суды үнемдеу мүмкіншілігін тудырады.
Мамандар мұндай гидроқұрылғыны ТМД көлемінде алғаш болып біздің ел қолданысқа енгізгенін айтты. Полимерлі-синтетикалық материалдан жасалған үрлемелі бөгет 3,5 метрге дейін көтеріліп, су деңгейін реттейді. Нәтижесінде аудандағы 30 мың гектар егіс алқабын суландырып, егін көлемін 2 есеге дейін арттыруға мүмкіндік туады.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus