Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Жаңалықтар ҚР АШМ-де Қазақстандағы гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздік мәселесін талқылады

ҚР АШМ-де Қазақстандағы гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздік мәселесін талқылады

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде «Қазақстан Республикасында гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі бойынша жұмыстарды жетілдіру» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Орта Азия мемлекеттерінің экономикасы трансшекаралас су ресурстарын пайдаланумен тығыз байланысты. Аймақтың өзен сулары түгелге жуық су қоймалары каскадтарымен реттелген және трансшекаралас өзендер бассейндері басқарылатын су шаруашылығы жүйелері болып табылады. Алайда, ағысты реттейтін гидротехникалық құрылыстар (ГТҚ) бұдан 30-40 жылдар бұрын салынған болатын. Су шаруашылық нысандарының техникалық жағдайлары нашарлап, гидротехникалық құрылыстардың тозып-тоқырауы жылдан-жылға артуда. Бұған қоса кейбір құрылғылар адам өміріне қауіп төндіреді.
Қазіргі уақытта құқықтық, қаржылық және басқа да мәселелердің кешенді шешілмеуі салдарынан Қазақстандағы гидротехникалық құрылыстардың (бұдан әрі – ГТҚ) қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі маңызды мәселеге айналуда. Бүгінгі күні еліміздегі көптеген гидротехникалық құрылыстар комуналдық меншік (49%) пен жеке меншік (31%) иелігінде тұр. Олардың басым көпшілігі қайта жаңғыртусыз немесе жөнделмей өзінің ресурсын барынша пайдаланғандықтан, қауіптілігі жоғары нысандар болып табылады.
Қазақстанда ГТҚ-ның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы заңнама жоқ. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының Су кодексі Қазақстанның осы саладағы негізгі құқықтық базасы болып табылады.
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі 2008 жылы «Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі туралы» деген заң жобасын әзірлеген болатын. Үкімет заң жобалау жұмыстары аясында ведомствоаралық комиссиясының ұсыныстарын ескере отырып, жеке заң қабылдаудың орынсыз екендігі туралы шешім қабылдап, 2009 жылдың басында қабылданған Су кодексіне енгізілді.
Сонымен қатар, соңғы жылдарда республикадағы гидротехникалық құрылыстарда орын алған төтенше жағдайларды ескере, Қызылағаш ауылындағы бөгеттің бұзылуынан болған су тасқыны, Қарағанды облысының Бұқар Жырау ауданындағы Көкпекті су қоймасы бөгетінің шайылуы қолданыстағы Су кодексінің ГТҚ қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ережелері және басқа да заңнамалық актілер бөгеттер қауіпсіздігінің мәселелеріне қатысты бөлігінде ГТҚ-ны қауіпсіз пайдалануды, осы объектілерде төтенше жағдайларды ескерту мен жоюдың тек қана құқықтық емес, сондай-ақ ұйымдастыру мәселелерін де толық қамтамасыз ете алмайтынын көрсетті.
Айта кетсек, Россия Федерациясында бөгеттердің қауіпсіздігін реттейтін негізгі заңнама құжат болып ГТҚ қауіпсіздігі туралы Заң бар, Европаның көптеген елдерінде бөгеттердің қауіпсіздігі арнаулы заңдар арқылы қамтамасыз етіледі, ал сол елдердің кейбіреуінде тек қана ГТҚ қауіпсіздігімен айналысатын органдар құрылған. Осындай «Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі туралы» жеке Заңдар Өзбекістанда 1999 жылдан және Тәжікстанда 2010 жылдан бастап жұмыс істеуде.
Бүгінде гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі туралы заң жобасын әзірлеу және қабылдау қажеттігі анықталып отыр. Ол гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі саласында құқықтық қатынастарды реттеуге, жұмыс істеп тұрған су шаруашылық объектілерін қайта жөндеуге және жаңаларын салуға, инвестициялар, оның ішінде сырттан инвестициялар тартуға, трансшекаралас өзендердің су ресурстарын пайдалануды реттеу мәселелері бойынша көршілес мемлекеттермен қарым-қатынасты орнықты дамытуға, су объектілері бассейндеріндегі тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді.

ҚР АШМ баспасөз қызметі
+7 (7172)55-57-65
E: minagripress@gmail.com
W: www.minagri.gov.kz

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus