Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Жаңалықтар Қазақстанда Бірыңғай астық холдингі құрылады

Қазақстанда Бірыңғай астық холдингі құрылады

2013 ж. 21 маусымда «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-да Бірыңғай астық холдингі шеңберінде бірлескен қызмет туралы шартқа қол қойылды. Осылай Бірыңғай астық холдингін құру жөніндегі ұйымдастыру іс-шаралары аяқталды.

Шарт «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен «Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі арасында жасалды. Отандық астық өндірушілердің мүдделерін білдіретін қоғамдық бірлестік құжатты әзірлеушілердің бірі ретінде қызмет атқарды және Шартқа қол қойған астық нарығының алғашқы қатысушысы болды.

Бірлескен қызмет туралы шарт Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 27 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында, сондай-ақ ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 23 қаңтардағы кеңейтілген отырысында айтылған Бірыңғай астық холдингін құру жөніндегі тапсырмаларды орындау шеңберінде жасалды.

Құжатта көрсетілгендей, Бірыңғай астық холдингі астық нарығына қатысушылардың олардың заңды және шаруашылық дербестігін сақтай отырып, мынадай жалпы мақсаттарға қол жеткізу үшін құрылады:

Астық өндірушілер – Шарттың қатысушыларына көктемгі егіс және жинау жұмыстарын қаржыландырудың басым қол жетімділігін, сондай-ақ күзгі кезеңде астықтың нарық бағасындағы кепілді өтімін қамтамасыз ету;

Астық сату және Азық-түлік келісім шарт корпорациясының қызметінен түскен таза кірісті астық өндірушілер – Шарттың қатысушыларының арасында кейіннен бөлу;

Астықты сақтау инфрақұрылымын және экспорттық ауыстырып тиеу бойынша объектілерді құру және дамыту.

Жасалған Шарт Бірыңғай астық холдингіне кіруге және оның жұмысына қатысуға астық өндірушілерді тарту үшін құқықтық негіз болып табылады. Шарттың қатысушыларының мүдделерін білдіру үшін Азық-түлік келісім шарт корпорациясында Астық нарығы жөніндегі қоғамдық кеңес құрылды. Қоғамдық кеңес Азық-түлік келісім шарт корпорациясы органдарының шешімдерін толықтырып дайындау және қабылдау кезінде Шарт қатысушыларының мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз етеді.

Сатып алынатын астықтың көлемі мен бағасын, астықты сату бағасын анықтау, сондай-ақ Азық-түлік келісім шарт корпорациясының таза пайдасын Шарттың қатысушылары – астық өндірушілер арасында бөлу мөлшері мен мерзімдерін бекіту сияқты мәселелерді міндетті түрде Қоғамдық кеңеспен келіседі.

Шартқа қол қою рәсіміне ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, «ҚазАгро» ұлттық холдингі, сондай-ақ «Атамекен» одағы» Қазақстан ұлттық экономикалық палатасының өкілдері қатысты.

«Биылғы жылы қаңтарда басталған ұйымдастыру жұмыстары аяқталды. Ең алдымен, біздің серіктестеріміз – «Атамекен» ҰЭП, Фермерлер одағы, Ауыл шаруашылығы министрлігі, «ҚазАгро» холдингіне алғысымды білдіремін. Біз мәреге жеттік, шілде айынан бастап Бірлескен қызмет туралы шарттың қатысушыларының құрамын ұлғайту үшін өңірлерде түсіндіру жұмыстары жүргізілетін болады. Астық ресурстарын басқару жөніндегі шешімдерге ықпал ету үшін барынша жеткілікті құқықтары мен өкілеттіктері бар Астық нарығы жөніндегі қоғамдық кеңес құрылды. Ірі астық нарығына қатысушының қызметінде алғаш рет қоғамдық қатысу элементі енгізіліп отыр – деді құжатқа қол қою рәсімінің барысында «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Оспанов.

Қазақстан фермерлер одағының төрағасы Әуезхан Даринов өз кезегінде «Шартқа қол қою – бұл бірлескен үлкен жұмыстың басы ғана. Бұл күнге жету үшін бізге ұзақ уақыт керек болды, – деді. «Бұл тек қана біздің тауар өндірушілеріміз, фермерлеріміз үшін үлкен жетістік ғана емес, сонымен қатар үлкен жауапкершілік. Біз ынтымақтас болуға, сонымен қатар бұл жауапкершілікті өзімізге алуға дайынбыз, – деп атап кетті фермерлер қауымдастығының басшысы.

«Атамекен» ҰЭП Басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Рахым Ошақбаевтың айтуынша, ҚазАгро мен Азық-түлік келісім шарт корпорациясы соңғы жылдары теңдесі жоқ айқындық көрсетіп, конструктивті диалог жүргізуге дайын екендігін білдіріп отыр. Кәсіпкерлердің қоғамдық ұйымының өкілі бұл ретте Азық-түлік келісім шарт корпорациясының ЕСЖ биржасында ашық сауда-саттықтар өткізудегі бастамасы туралы айтып отыр. «Астық холдингінің құрылуы – бұл үлкен жаңалық. Бұл компания менеджментіне үлкен сын. Біз өз құзыретіміз шегінде оның жұмысын қолдауға әзірміз» – деді Р. Ошақбаев.

Іс-шара барысында Шарт қатысушыларының ауқымын кеңейту үшін үстіміздегі жылғы шілдеде Азық-түлік келісім шарт корпорациясы, Қазақстан фермерлер одағы және облыстық әкімдіктердің өкілдерімен республиканың негізгі астық егетін өңірлерінің астық өндірушілерімен көшпелі кездесулер ұйымдастыру арқылы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Кездесулер астық холдингін құрудың басты аспектілерін, сондай-ақ астық өндірушілерді бірлескен қызметке қатысуға тарту үшін Бірлескен қызмет туралы шарттың негізгі ережелерін түсіндіруге бағытталған.

«Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ-ның негізгі қызметі мемлекеттік астық ресурстары мен одан қайта өңделген өнімдерді сатып алу, қалыптастыру, есепке алу, сақтауды ұйымдастыру, жаңарту, орнын ауыстыру, сатуды қамтамасыз ету, сондай-ақ Қазақстанның Үкіметімен белгіленген басқа да қызметтер болып табылады. Компанияның жалғыз акционері «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ болып табылады.

«ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ АӨК саласында қызметін жүзеге асыратын акционерлік қоғамдарды тиімді басқару арқылы Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытуды ынталандыру мақсатында 2006 жылы құрылды. Холдингтің құрамына «азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ, «ҚазАгроӨнім» АҚ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «ҚазАгроКепіл» АҚ, «ҚазАгроМаркетинг» АҚ кіреді.

http://kazagro.kz/kz/news/1404-2013-06-25-11-18-15

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus