Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Бейне Қазақ даласында аман қалған 31 мың киіктен айырылып қалуымыз мүмкін

Қазақ даласында аман қалған 31 мың киіктен айырылып қалуымыз мүмкін

Қазақстанда санаулы қалған киелі жануар киіктерден мүлдем айырылып қалуы мүмкін. Себебі жаз бастала бөкен атаулыны жаппай сұлатқан аурудан аман қалған 31 мың киікті сақтау жолдары әлі анықталмаған.
Ғалымдар нақты ұсыныс айтуға жарамай отыр. Бүгін жұмыс тобымен кездескен Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері осындай байлам жасап отыр.
Қазақ киелі санайтын киіктің жаппай қырылуының себебін анықтай алмағанда, Елбасының өзі қатты сынап қатаң ескерту жасаған болатын.
Мамандар қазір қайта-қайта кездесіп, себебін білуге тырысқанымен, нәтиже шамалы. Қыруары қырылып, енді қалғанын құтқарудың амалдарын іздеп жатыр. Бірақ қорытынды әлі жоқ.
Себебі зерттеуші жұмыс тобы бөкендер өлімінің нақты себебін айта алмауда. Бақ өкілдері: «Ондаған сарапшы мен бірнеше маманнан себебін естиміз», – деп іштерінен тынып отырды. Бірақ шетелдік сарапшылар зерттеу жолын айтумен шектелді.

Штеффен Цутер, германиялық зерттеуші

-Жазық даламен 1600 шақырым жүріп өттік. Киіктер қыстайтын мекендерге де бардық. Көктем кезінде жүріп өтетін барлық жерді зерттедік. Әр 30 шақырым жерден топырақ пен шөптің сынамасы алынды.

Демек, шетелдіктер әлі жұмысты аяғына жеткізбеген. Жұмыс тобының мүшелерінің шыдамы таусылды.
Бұған дейін өлім себебін зерттеп жүрген жұмыс тобы жануарлар пастереллездің кесірінен сұлап қалды деп еді. Бүгін сарапшылар мүлде басқа мәлімет келтіріп отыр.
Ветеринаралық ғылымдар кандидаты Әділқасым Жақыпбековтың айтуынша, бұл мүлде басқа дерт.

Әділқасым Жақыпбеков, ветеринарлық ғылымдар кандидаты

-Өлекселердің ішін ақтарғанда бәріндегі ауру белгілері бірдей екені анықталды. Көктемде аш кенелердің кесірінен тейлерия вирусы ушығады, кененің сілекейіндегі улы зат киіктерді жүргізбей тастайды.

«Сөйтіп ақбөкендерді жаппай сұлатқан ауру пастереллез емес, тейлериоз», – дейді сарапшы. Ғылыми зерттеу институтының мамандары ақшаны текке жұмсап, нақты себебін анықтамаған дегендер қызу пікірталас туғызды.
Ақбөкендерді сақтап қалу жолдарын ұсыну үшін нақты себебі керек. Ал ғалымдардың пікірі екіге жарылып, белгілі бір ұсыныс берілмеді.
Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасарының жұмыс тобының ісіне көңілі толмады.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары

-Киіктердің жаппай қырылуы қайталануы мүмкін. Оралда ма, Бетпақдалада өліп қала ма, ешқандай айырмашылығы жоқ, ғылыми ұсыныс болмаған соң ары қарай жұмыс та өнбейді. Бұл істі Білім және ғылым министрлігі толық назарына алғаны жөн.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Қазақстан киіктердің барлығы қырылып қала ма деп қауіптеніп отыр. Себебі келесі көктем келісімен бұл ауру тағы қайталануы мүмкін.
Айта кетейік, Қазақ даласында 242 мың 500 бас ақбөкен жайылып жүрген болатын. Биыл себебі әлі күнге белгісіз ауру салдарынан оның 210 мыңы қырылып қалды.
Дәл қазір дерттен аман қалған 31 мың бас киік қана қалған. Расында мамандар жедел қимылдап, амал шара қарастырмаса, келесі көктемде олардың тағы уланып, мүлде жойылмасына кім кепіл?!

Авторы: Индира Жылқайдарова

Источник: http://khabar.kz/kz/news/kogam-kz/item/36279-kazak-dalasynda-aman-kalgan-31-myn-kiikten-ajyrylyp-kaluymyz-mumkin

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus