Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет АӨК туралы басылымдар «АЛТЫН АСЫҚ» БАҒДАРЛАМАСЫМЕН ҚОЙ БАСЫ АРТАДЫ

«АЛТЫН АСЫҚ» БАҒДАРЛАМАСЫМЕН ҚОЙ БАСЫ АРТАДЫ

2545a35e6fc6d5712c652e7c535afb6e

Қора қойға толады. Енді бұл істі «Алтын асық» бағдарламасымен жүзеге асыруға болады. Осы жылдың шілде айынан бастап, ақтөбелік шаруалар «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-нан несие алып, қой өсіруге ден қойды.
Биыл өңір шаруалары 625 миллион теңгеге 25 мың бас қой сатып алады деген жоспар бар. Агроөнеркәсіп көшін жүйе­­лі дамытуға бағытталған «Аг­робизнес-2020» салалық бағдарламасының тағы бір бөлігі ша­руалардың қой өсіруіне бағыт­талған. Енді «Алтын асық» бағ­­­дар­ламасы арқылы елімізде ұсақ мал шаруашылығы дамиды. Осы жыл­дың шілде айынан бастап, ауыл мен аудандағы, қаладағы шаруаларға хабарланған бағдарламаның алғашқы жемісі де бар. Ақтөбенің Мәртөк ауданы, Родниковка селолық округі маңындағы Бұтақ ауылында қазір «Жеміс» шаруа қожалығы 300 бас саулық, 20 бас асыл тұқымды Еділбай қойын сатып алды. Қолдау тапқан алғашқы шаруа қожалығының иесі Берік Оспанов: «Біраз жылдан бері мал шаруашылығына ден қойып, алдымен «Сыбаға» бағдарламасымен ірі қара мал басын сатып алдым. Ол кезде несиеге алған 5 миллион теңгенің пайыздық үстемақысы субсидияланды. Биыл «Алтын асық» бағдарламасы ұсақ мал басын арттыруға мүмкіндік берді. Сондықтан 8 миллион теңгеге несие алып, оның тең жартысын мемлекет субсидиялады. Бұл – үлкен көмек, жеңілдік» дейді. Оның айтуынша, алдағы жылдары тағы 300 бас асыл тұқымды қой сатып алу жоспарда бар екен. Бұл жолы Ойыл ауданынан Еділбай қойы мен жергілікті тұрғындардан саулық сатып алған. Енді Оралдың асыл тұқымды қойын өсіру ойда бар. Ал жаздан шыққан төл күз келе Хромтау мен Алға аудандарындағы бордақылау орындарына тапсырылады. Сөйтіп, ет экспорты артпақ. Қазір «Жеміс» шаруа қожалығында шөп шабу, малдың қыстық азығын дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Қазір «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы тағы 9 шаруаның өтінішін қарап жатыр. Облыстағы филиал директорының міндетін атқарушы Мәлік Бекжанов:
– Ірі қара мал басын арттыруға арналған «Сыбаға», жылқы шаруа­шылығын дамытуға бағытталған «Құлан», асыл тұқымды қой басын өсіруге арналған «Алтын асық» бағдарламалары бар. Биыл қой басын 25 мыңға көбейту үшін 625 миллион теңге бөлінді. Қазір он шаруадан сұраныс түсті. Қой сатып аламын деген кез келген шаруа мамандардың кеңесіне жүгінсе болады. Негізгі талап, екінші деңгейлі банк алдында шаруаның ешқандай қарызы болмауы шарт. Сонымен қатар, алғашқы жарнаға қажетті соманың 30 пайызы немесе соған тең келетін қой басы есепке алынады. Кепілге ауыл, аудан, қаладағы жылжитын, жылжымайтын мүлік, несиеге сатып алған немесе шаруаның өзіндегі бар малы, жер телімі алынады. Несие аналық саулық пен асыл тұқымды қошқарға, негізгі техникалық құралдарды жөндеуге, сатып алуға, айналым қаражатын толтыруға беріледі. Мұның бәрі – отарлы мал басын арттыруға, олардың өнімділігін көбейтуге бағытталған іс.

Қой шаруашылығын дамытуға бағытталған «Алтын асық» бағ­дарламасының іске қосылғанына бір айдан астам уақыт өтіп, ынталы шаруалар күн санап артып келеді. Елімізде күні бүгінге дейін 31 мың бас қой алу үшін 800 миллион теңгенің 193 жобасы мақұлданған.

http://www.aikyn.kz/

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus