Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Бейне Астық қоймасы іске қосылды

Астық қоймасы іске қосылды


Ақмола облысында сыйымдылығы 32 мың тонна болатын жаңа астық қоймасы іске қосылды.

Жабдықтар Испаниядан әкелінген. Қазіргі заманның талабы – әрбір ірі шаруаның астық сақтайтын қоймасы болуы шарт. Осы ретте «ҚазАгро» ұлттық холдингі 24 инвестициялық жобаны мақұлдағанын атап өту керек.

«Төңкеріс» астық қабылдау кәсіпорнында бүгін той. Заманауи кешеннің ашылуы егін ору науқанымен тұспа-тұс келіп отыр. Енді диқандар астықты қайда сақтаймын деп алаңдамайды. Маңайдағы шаруалардың да бидайын қабылдап, қосымша табыс та табады.

Асылжан МАМЫТБЕКОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

– Астық сақтау бөлімдерінің 40-тан астамы ашылды, олардың жалпы көлемі 2010 жылдан бері 1 млн. 300 мың тоннаға дейін жетті. Әркім өзінің жеке кәсібінде өзі әрекет, қимыл, жеке іс-шара жасауы керек. Оған мемлекет, үкімет тарапынан тиісті қолдау көрсетіледі.

Ұлттық қордан инвестициялық жоба аясына астық сақтау кешенін жаңғыртуға 289 миллион теңге бөлінді. Жаңа кешен автоматты түрде басқарылады. Сондай-ақ астықты сақтау мен оны тазалаудың жоғарғы технологиясы қолданылады.

Владимир СТОРОЖЕНКО, астық қабылдау кәсіпорны директорының орынбасары:

– Барлық жабдық Испаниядан әкелінген. Өндіруші елді таңдау оңай болған жоқ. Соңында еуропаға тоқталдық, өйткені өнімнің сапасына көзіміз жетті. Барлық процесс бір жерден басқарылады, егер жұмыс барасында ақаулар табылып жатса, компьютер арқылы Испаниядағы мамандар көріп отырады.

Елімізде астықты сақтау мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді. Алайда министрдің айтуынша, кейбір аймақтарда қоймалардың жетіспеушілігі байқалады. Сондықтан инвестициялық жоба аясында сыйымдылығы 440 мың тоннаны құрайтын 24 жоба мақұлданған.

Асылжан МАМЫТБЕКОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

– Қойма жетіспеушілігі жылдан-жылға азайып келе жатыр. Кейбір аудандарда, аумақтарда әлі байқалады. Кейбір жерлерде, керісінше, қоймалар бірімен-бірі таласып, үлкен бәсекелестік тудырып жатыр. Ол да жақсы. Бірақ қоймалардың дұрыс орналасуы қажет.

Аталған кәсіпорынның негізгі өнімі шетел нарығына шығарылады. Қазірде Қытай, Өзбекстан және Тәжікстанмен келісім жасалған. Астық сақтау қоймасымен қатар, қазіргі заманға сай диірмен кешені салынған, ал оның өнімділігі тәулігіне 200 тоннаға дейін жетеді.

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus