Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет АӨК туралы басылымдар Ақбөкендерді заңсыз аулау – ұйымдасқан қылмыстық сипатқа ие болуда – Е. Әлзақов

Ақбөкендерді заңсыз аулау – ұйымдасқан қылмыстық сипатқа ие болуда – Е. Әлзақов

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Қазақстанда ақбөкендерді заңсыз аулау ұйымдасқан қылмыстық сипатқа ие болуда. Бұл туралы бүгін Алматыда ақбөкендерді қорғау мәселелері бойынша өткен кезекті жұмыс отырысы барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының бас директоры Ерзат Әлзақов мәлім етті.

«Киіктерді, яғни ақбөкендерді заңсыз атумен ұйымдасқан қылмыстық топтар айналысады. Олар бұл үшін жол талғамайтын мықты автокөліктер, жылдам жүретін мотоцилдер мен қарда жүре беретін көліктерді пайдаланады. Сондай-ақ, «Турая» жерсеріктік байланыс телефонымен, қару-жарақпен, қосымша жанармай сыйымдылықтарымен, автокөлікке арналған бірнеше мемлекеттік нөмірлермен және ақбөкеннің мүйізін алуға арналған ара және басқа да құрал-саймандармен жарақтанған. Ал инспекторлардан қашқан кезде олар жолға арнайы «тікенек» темірлер тастап кетеді. Яғни, ақбөкендерді атумен қарапайым тұрғындар емес, жол талғамайтын қымбатты шетелдік машина, қымбат қару, спутниктік телефон сатып алуға шамасы келетін адамдар айналысады. Олар ақбөкеннің етін алмайды десе де болады. Байғұс жануарды атып өлтірген соң, мүйізін алып, денесін тастап кетеді. Бұл қылмыстық бизнеске орасан зор қаржы жұмсалады. Сәйкесінше, қылмыскерлер мүйіздерді шет елге қымбат бағаға сатады», – деді Е. Әлзақов.

Сонымен қатар ол, браконьерлік әрекеттермен ұсталып жатқан мемлекеттік қызметкерлердің саны жылдан жылға өсіп жатқандығын жеткізді.«Бұл, ұйымдасқан қылмыстық топтардың әр түрлі мемлекеттік құрылымдарға енгендігін білдіреді. Әр түрлі деңгейдегі лауазымды тұлғалар сұғанақ аңшылықпен айналысуға жиіркенбейді. Мысалы, ағымыдағы жылдың 17-ші қазанында Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы аумағында Қызылорда облысының 6 тумасы мінген екі жол талғамайтын автомашина тоқтатылды. Тексеру барысында көліктерден киіктердің жаңа кесілген 100 мүйізі табылып, тәркіленді. Заң бұзушылардың бірі 1974 жылы туылған «Н» есімді азамат Қызылорда қаласының полиция майоры, ішкі істер бөлімінің жедел басқару орталығының аға кезекші инспекторы болып шықты. Міне, сондықтан, браконьерлікпен басқа да табиғатты қорғау құрылымдарымен бірлесе отырып күресуіміз қажет», – деді Е. Әлзақов.

Айта кетелік, соңғы екі жылда елімізде киікті заңсыз аулау, сатып алу, сақтау, өткізу, тасымалдау мен жою бойынша 139 қылмыстық іс қозғалған. 90 қылмыстық іс сот органдарына жіберіліп, 126 азамат сотталды. Бүгінгі жұмыс отырысына ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің және бірқатар үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Автор: Жаппарберген Айбота

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus