Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Жаңалықтар Құтыру ауруының алдын-алу жолдары талқыланды

Құтыру ауруының алдын-алу жолдары талқыланды

С. Сейфулин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде Дүниежүзілік құтыру ауруына қарсы күрес күніне арналған жиын өтті. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің бастамасымен Астана қаласындағы ХЭБ-тің Аусыл бойынша субөңірлік үйлестіру кеңсесімен бірлесіп ұйымдастырылған шараға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы төрағалық етті.

Отырыс негізінен осы мәселеге қоғам назарын аударту және азаматтарды санитарлық тұрғыда сауаттандыруға арналып отыр.

Бұл атаулы күн Жаһандық құтыру ауруын қадағалау альянсының бастамасымен бекітілген және 2007 жылдан бері жыл сайын 28 қыркүйекте атап өтіліп келеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпаратына сүйенсек, әлемде жылына құтыру ауруынан он мыңдаған адам көз жұмады. Қауіпті дерттен ажал тапқан әр 10 адамның төртеуі – құтырған иттердің шабуылына ұшыраған балалар.

2015 жылдың желтоқсан айында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Халықаралық эпизотиялық бюро Біріккен ұлттар ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы және Жаһандық құтыру ауруын қадағалау альянсымен бірлесе отырып, 2030 жылға арналған құтыру ауруынан ажал табу көрсеткішін жоюдың ғаламдық бағдарламасын жариялаған еді.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің ақпаратына сүйенсек, 2015 жылы Оңтүстік Қазақстан, Шығыс-Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарында 6 адам құтыру ауруымен тіркелген. Ал 2016 жылдың бірінші тоқсанында 3 адам құтыру ауруымен тіркелген. Бұл тіркелген жағдайдың барлығы науқастардың өлімімен аяқталған.

Жиынға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті өкілдері, сонымен қатар, халықаралық ұйымдар мен ғылыми зерттеу институттары қатысты.


ҚР АШМ Баспасөз қызметі
+7 (7172) 555-765
minagripress@gmail.com

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus