Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Баяндамалар ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің ҚР Президенті жанындағы ОКҚ брифингісіндегі баяндамасы

ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің ҚР Президенті жанындағы ОКҚ брифингісіндегі баяндамасы

Құрметті әріптестер!

Қазіргі әлемде қалыптасып отырған экономикалық жағдайда агробизнесті қолдау бойынша қабылданып жатқан мемлекеттік шаралар туралы айтуға рұқсат етіңіздер.
Мұндай күрделі кезеңдерде қоғамда әлеуметтік тұрақтылықты (ауыл шаруашылығымен айналысатын халық саны жалпы экономика саласында жұмыс істейтіндердің 25%-ын құрайды ) және агроөнеркәсіптік кешенмен аралас салаларды дамыту үшін оң синергетикалық әсерді қамтамасыз ететін агроөнеркәсіптік кешенді дер кезінде қолдау аса өзекті болып табылады.
Өздеріңізге белгілі, 2013 жылдан бастап «Агробизнес 2020» бағдарламасы іске асырылып келеді, онда аграрлық саланы қолдаудың қаржылай және қаржылай емес тетіктерінің тұтастай кешені қамтылған.
2015 жылы субсидиялар көлемі 177,3 млрд. теңгені құрады, бұл 2013 жылмен (87,2 млрд. теңге) салыстырғанда 2 есе көп.
Қазіргі таңда «Агробизнес 2020» бағдарламасын іске асырудың алғашқы нәтижелері туралы айтуға болады.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2014 жылы 2,5 трлн. теңгені құрады, бұл өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда 0,8%-ға көп (өсім мал шаруашылығында 3,8%-ды, өсімдік шаруашылығында 98,4%-ды құрады).
Тамақ өнімдерін өндіру көлемі 2014 жылы 2,9%-ға өсті (1 042,4 млрд. теңге).
Алғаш рет өткен жылы енгізілген инвестициялық субсидиялау түріндегі қолдау тетігінің арқасында 2014 жылы ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 14,4%-ға ұлғайып, 166,4 млрд. теңгені құрады.
Бұдан басқа, тамақ өнімдері өндірісіндегі негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 16,5%-ға артып, 40,8 млрд. теңгені құрады.
2014 жылы барлық агроөнеркәсіптік кешен экспортының 6,2%-ға (2,6 млрд. АҚШ доллары) төмендеуіне қарамастан, өткен жылдан бастап алғаш рет ет және ет өнімдері экспорттала бастағанын айта кеткен жөн. 2014 жылдың қорытындысы бойынша бұл өнімдер экспорты 12,3 мың тоннаны, оның ішінде «қызыл ет» экспорты 7,5 мың тоннаны, сиыр еті 6,3 мың тоннаны құрады. Бұл ретте, агроөнеркәсіптік кешен өнімдері импортының 6%-ға (4,2 млрд. теңге) төмендегені байқалады.
Бұл ретте, орын алып отырған экономикалық жағдай мемлекеттің агроөнеркәсіптік кешен саласына қосымша қатысуын қажет етеді. Бұл қазіргі Ресей экономикасындағы үрдістің Қазақстан экономикасына өз әсерін тигізіп жатқан Кеден одағы жағдайында ерекше маңызды.
Мұның үстіне, әлемдік конъюктураның теріс әсерін басынан кешіріп отырған Еуразиялық экономикалық одақ бойынша серіктес елдер ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау көлемін арттырып отыр. Бұл көлем қазірдің өзінде Қазақстанның көрсеткіштерінен асып түседі.
(Анықтама ретінде: Ресей Федерациясы Үкіметі өткен жылғы желтоқсан айында агроөнеркәсіптік кешенді қолдау шараларын 2020 жылға дейін 1,4 трлн. рубльден 2,1 трлн. рубльге дейін, шамамен 700 млрд. рубльге, яғни, 50%-ға ұлғайтатынын жариялады).
Ағымдағы жылдың 11 ақпанында Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға және бұдан әрі дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Сондай-ақ, аталған шараларды «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық дамудың 2015-2019 жылдарына арналған мемлекеттік бағдарламасына енгізу қажеттігі атап көрсетілді.
Сонымен, 2015 жылы Ұлттық қордан агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін 20 млрд. теңгеге қосымша қаржыландыру көзделді, оның ішінде:
Қаржылық сауықтыру шеңберінде кредиттік және лизингтік міндеттемелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға 7,0 млрд. теңге көзделді (2015 жылдың бюджетіне 13,0 млрд. теңге салынды).
Ұлттық қор қаражаты агроөнеркәсіптік кешен субъектілері міндеттемелерінің мерзімін 188 млрд. теңге сомасына ұзартуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, сауықтырылатын міндеттемелердің жалпы сомасы 500,0 млрд. теңгені құрайды.
Аталған шаралар агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің төлем қабілеттігін жақсартуға, банкротқа ұшырау қаупін барынша азайтуға, қаржылық тұрақтылығын және бәсекеге қабілеттігін арттыруға, сондай-ақ ерекше экономикалық кезең жағдайында олардың кредиттік жүктемесін төмендетуге мүмкіндік береді.
2) Ауыл шаруашылығын қолдауға арналған кредиттер (лизинг) бойынша сыйақы мөлшерлемелерін өтеуге 1,5 млрд. теңге көзделді (2015 жылдың бюджетіне 1,9 млрд. теңге, оған қоса республикалық бюджеттен қосымша 1,9 млрд. теңге салынды).
Қазіргі таңда агробизнесті тұрақты жүргізу үшін агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне негізгі және айналым құралдарын сатып алуға қаражат қажет. Ол негізінен қаржы институттарының қарыз қаражаты есебінен тартылады. Алайда бұл қаражат агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін сыйақы мөлшерлемелерінің жоғары болуымен ерекшеленеді.
Осыған байланысты, ауыл шаруашылығы техникасы мен технологиялық жабдықтар лизингін қоса алғанда, негізгі және айналым қаражатын толықтыруға арналған кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау жүзеге асырылуда.
Бұл 2015 жылы салаға қосымша шамамен 60,0 млрд. теңге жеке инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.
3) Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялауға, мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен сапасын арттыруға 11,5 млрд. теңге көзделді.
Аталған мақсаттарға бұдан бұрын жергілікті бюджеттен бөлінген 53,0 млрд. теңге көлеміндегі қаражатты ескерсек, жалпы сома 64,0 млрд. теңгеден асады.
Бұл қаражат:
– Еуразиялық экономикалық одақ жағдайында отандық мал шаруашылығы мен құс шаруашылығы кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттігін арттыруға;
– аграрлық құрылымдардағы мал шаруашылығы мен құс шаруашылығы өнімдері өндірісінің өсімін, оның ішінде сүт бойынша 15%, ет бойынша 10%, жұмыртқа бойынша 10% өсімді сақтап қалуға;
– 12 мыңнан астам адам еңбек ететін құс өсіру кәсіпорындарындағы жұмыс орындарын сақтап қалуға бағытталатын болады.
Қаржылық сауықтыру көлемін 500 млрд. теңгеге дейін ұлғайтудан басқа, біз оның құралдары спектрін кеңейтуді ұсынып отырмыз, ол үшін:
облигациялық қарыздар бойынша міндеттемелерді қайта қаржыландыру;
облигациялар бойынша купондық мөлшерлемені субсидиялау;
бұрын басқа мемлекеттік қолдау бағдарламалары бойынша қолдау алған қарыз алушылардың бұрын берілген субсидияларды қайтармастан біз ұсынған сауықтыру бағдарламасына өту мүмкіндігі.
Бұл «ҚазАгро» холдингін 89 млрд. теңге көлемінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қаражатынан қорландыруды қажет етеді.
Бұдан басқа, қаржылық сауықтыру бағдарламасына кірмейтін және банкротқа ұшырау жағдайында тұрған ірі агрохолдингтерге қатысты жеке шаралар көзделуі қажет.
Осыған байланысты, субъектілер жағдайының әр түрлілігіне орай мыналар ұсынылады:
1) «Бәйтерек» холдингі шеңберіндегі оңалту бағдарламасы бойынша қайта құрылымдау («Богви» МК).
2) банкроттық рәсімін жүргізу және кепілге қойылған мүліктерді барынша тиімді меншік иелеріне сату («Траснавто» МК, «Баско» ЖШС).
3) кейіннен әлеуетті инвесторларға сату және/немесе IPO-да орналастыру үшін «ҚазАгро» ҰБХ арқылы кредит беруші банктер алдындағы борышты төлеп, активтерді сатып алу. Бұл, өндірістік процестердің үздіксіздігін қамтамасыз ету және ауылдағы әлеуметтік тұрақтылықты сақтау мақсатында бірыңғай өндірістік тетікті сақтауға мүмкіндік береді.
2015 жылы ауыл шаруашылығын үздіксіз қаржыландыру үшін қазіргі уақытта бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражаты есебінен 80 млрд. теңгеден кем емес сомаға ҚазАгроны қорландыру мәселесі шешілуде.
Министрлік «Қазагро» ҰБХ» акционерлік қоғаммен бірлесе отырып, шағын және орта бизнеске кредит беру бағдарламасын әзірледі және қой шаруашылығы мен жылқы шаруашылығында фермерлік шаруашылықтарды, қуаттылығы 50 және 100 басқа дейінгі сүтті-тауарлы фермаларды құру бойынша индикативті жоспарларды айқындаған болатын, сонымен қатар алаңы 5 гектарға дейін болатын отбасылық бау-бақшаларды құруға кепілсіз кредит беру көзделген.
Жалпы аталған шараларды іске асыру есебінен алдын ала есептеу бойынша 2015 жылы шамамен 30 мың адамды жұмыспен қамтуға болады.
Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес ағымдағы жылдан бастап қайта өңдеу кәсіпорындары мен дайындаушы ұйымдар бойынша «бірінші қосымша құн салығы» деп аталатын проблеманы шешу көзделген.
Сонымен, қазіргі уақытта дайындаушы ұйымдар бойынша қосымша құн салығы жалпы белгіленген тәртіппен есептелетін болады. Бұл ретте қосылған құн салығының төленген сомасы оларға субсидия түрінде қайтарылатын болады. Сонда осындай ұйымның жылдық жиынтық табысының кемінде
90 пайызын ауыл шаруашылығы өнімдерін белгіленген тізбе бойынша өткізу нәтижесінде алынған кірістер құрайтын болады.
Осы шара ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындар қуаттарының жүктемесі туралы мәселені шешуге және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімдерді әділ бағамен өткізуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сөзімнің соңында агроөнеркәсіптік кешенді қолдаудың көзделген шаралары мемлекет экономикасын дамытудың «ерекше кезеңінде» отандық агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін айта кеткім келеді.

Назар салып тыңдағандарыңызға рахмет!

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus