Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Жаңалықтар Шымкент қаласында «Кредиттік серіктестіктерінің І форумы» өткізілуде

Шымкент қаласында «Кредиттік серіктестіктерінің І форумы» өткізілуде

Жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы өзара кредиттеу түріндегі қаржы мен несие қызметтерін ұсыну бойынша тармақталған қаржы желісінің аса қажет екенін атап өткен еді. «Кредиттік серіктестіктердің мүмкіндіктерін күшейту қажет, ол үшін ауылға қатысты жаңа саясат орын алуы тиіс». Сондай-ақ Елбасы еліміздің Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ары қарай – ЭЫДҰ) мүше елдердің стандарттарына көшу қажеттігін жүктеді. Өйткені ауыл шаруашылығы өнім өндірушілерінің қаржыландыруға қолжетімділігі – аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігін бағалауда ЭЫДҰ-ның басты өлшемі.

2017 жылы, 22 қыркүйекте, Шымкентте «Кредиттік кооперация. Ерекшелігін біл!» деген ұранмен «Кредиттік серіктестіктерінің І форумы» өтті. Шара ұйымдастырушылары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен «Агроөнеркәсіп кешеніндегі (ары қарай – АӨК) кредиттік серіктестіктер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі. Форум 200-ге жуық қатысушының басын қосты. Олардың қатарында кредиттік серіктестіктер, «ҚазАгро» Холдингі, «Атамекен» ҰКП мен Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының өкілдері бар. Бұдан өзге, шараға Ресей мен Литвадан арнайы келген кредиттік кооперация жетекшілері де қатысты. Бүгінгі таңда қазақстандық аграрийлер үшін Кооперация – ауыл шаруашылығы өндірісінің дамуын қамтамасыз ететін үлкен жәрдем. Бұл кредиттік кооперацияға да тиесілі. Бірігіп, өзара көмек пен өзара тиімді ынтымақтастық қағидаларын ұстанып қана өз кәсібіңді өрге дөңгелетуге болады. Сонда ғана ауыл шаруашылығы саласы мен әрбір кредиттік серіктестік дами түседі.

Кредиттік серіктестіктердің форумы – ең өзекті мәселелерді талқылап, ұстанған бағыттың даму стратегиясын айқындайтын, кредиттік серіктестіктердің жетістіктері мен табыстарын паш ететін, несиелендіру саласында заманауи тәсілдерге, технологияларға, сервис және сенімді дереккөздерге жол ашатын, кредиттік кооперация саласының қатысушыларын шоғырландыратын алаң болып табылады. Кредиттік серіктестіктерді дамытудың ұзақ мерзімді мақсаты – халықаралық стандарттарға сай келетін толыққанды қаржылық ойыншының статусына ие болу. Ол статус – қазақстандық аграрийлер үшін қолжетімді, ал инвестиция тартуға банктер тарапынан қызығушылық тудыратындай болуы тиіс.

Форум аясында «АӨК кредиттік серіктестіктер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі мен Литваның кредиттік одақтар қауымдастығы арасында ынтымақтастық жөнінде меморандум бекіді. Яғни, көрші елдердің кооперативтік бауырластығы сөз жүзінде емес, іс жүзінде іске асып отыр. Форум соңында үздік кредиттік серіктестік өкілдері арнайы дипломдармен марапатталды.

ҚР АШМ Баспасөз қызметі
+7 (7172) 555-765
mcx.gov@gmail.com

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus