Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Вы тут:  Главная Пресса об АПК (KZ) Аққанат

(KZ) Аққанат

Ауыл адамдары құс етіне сұранысты көбейтуде

Өткен жылы желтоқсан айында «Ақсу қаласы аумағына қарасты Қызылжар ауылындағы құс фабрикасы бройлер тұқымды тауық өсіріп, құс етін өндірумен айналысуды қолға алмақшы» деп газетімізде жазған болатынбыз. Бұл жоба «Бизнестің жол картасы-2020» және «Агробизнес-2020» бағдарламалары аясында облыс әкімдігі мен Еуразиялық банктің қаржылай қолдауымен жүзеге асырылды. Кәсіпорынды қайта қалпына келтіру мен жаңғырту үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылуда. Бірінші кезеңде жылына 4 мың тонна құс еті өндіріледі. Бұл облыстағы құс етіне деген сұраныстың 70 пайызын өтейді дедік.

Енді міне, «Қызылжар-Құс» серіктестігі алғашқы тапсырысты орындады. Бройлер етінің килосы – 650 теңге. Жуық арада облыстағы дүкендерге де жеткізіледі. Қазір фабрикада шамамен 145 мыңдай тауық бар. Серіктестік басшылығы өңірдегі сауда жүйелерімен құс етін жеткізу бойынша келіссөздер жүргізуде. Бұдан бұрын ауылдағы құс фермасы біраз қиындықты бастан өткерді. Банкротқа ұшыраған бұрынғы «Қызылжар Агро» ЖШС енді «Қызылжар-Құс» серіктестігі болып қайта құрылды. Фермада еңбек еткен жұмысшылардың айтуынша, 2010 жылдары құс фабрикасында 320 мың тауық болыпты. Жыл сайын 14 миллион жұмыртқа алып отырған көрінеді. Көрші ауылдарды қосқанда 200 тұрғын фабрикада жұмыс жасапты. Енді міне, жұмыссыз қалған ауылдықтар қайтадан өз орындарына оралды. Ауыл әкімі Ержан Түсіпбековтің айтуынша, құс етінен алдымен ауыл тұрғындары, әрине, фабриканың ашылуын асыға күткен, өздері осында еңбек ететін қызылжарлықтар ауыз тиюде. Бәрінен бұрын ауылда жұмыс бар. Айтса-айтқандай, айлық еңбекақылары 50-60 мың теңге болатын құс фабрикасында қазір 130 адам еңбек етуде, ал кәсіпорын толық қуатқа көшкен кезде тағы да 240 адам жұмысқа алынады. Ауыл ақсақалы Тілеукен Тұрсынбай ата да кезінде фабрикада көп жыл еңбек етіпті.

Кәсіпорынның бұрынғысы мен қазіргісін мүлде салыстыруға келмейді. Жаңа заман үлгісіндегі мынадай кәсіпорында еңбек еткенге не жетсін, дейді. Сол сияқты Жотай Шаймарданов та кәсіпорында 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді екен. Бұрынғыдай емес, жұмыс орнымыз да жылы әрі жайлы. Барлық жағдай жасалған, дейді ағамыз.

Ал, «Қызылжар-Құс» ЖШС инвесторы Дәулет Сыздықовтың айтуынша, фабрикасын қалпына келтіру жұмыстары 2012 жылдың қазанында басталыпты. Жобаның жалпы құны 5,7 млрд. теңге. 2012-2014 жылдары 3,6 млрд. теңге инвестиция құйылған. Құс фабрикасының 9 құс қорасы, құс сою цехы, инкубатор, тоңазытқыш цехы қайта қалпына келтірілген. Голландия, Германия және Ресейден жаңа жабдықтар жеткізіліп, орнатылды. Бройлер балапандарын шығару үшін инкубаторларға 114 мың жұмыртқа салыныпты. Индустрияландыру картасына енген жоба енді экспорттың әлеуетін арттырып, ең бастысы – ауылдың инфрақұрылымын дамытуға жол ашпақ. Бройлер әдісі арқылы балапандар өсіреді. Кәсіпорынның іші-сырты жаңарып, заманға сай технология бойынша құс өсіріп, ет пен жұмыртқаны көбейтпекші. Шетелден әкелінген жабдықтар құсты баптау, жемдеу, ғимараттың ішін жарықтандыру, желдету сынды жұмыстарын атқаруға тиімді. Жұмысшыларға арналған жатақхана бар, асхана жұмыс жасап тұр. Енді фабриканың қасынан балапандарды жем-азықпен қамтамасыз ететін зауыт іске қосылмақшы. Жалпы, «Қызылжар-Құс» серіктестігінің құс фабрикасын жаңғырту жұмыстарының екінші кезегі іске қосылғанда өндіріс қуаты жылына 8 мың тонна құс етін өндіруге жетеді.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Павлодар облысы,

Қызылжар ауылы.

http://egemen.kz/

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*

Система Orphus