Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Вы тут:  Главная Пресса об АПК (KZ) «Ырыс» бағдарламасы бойынша бірінші несиелер берілді

(KZ) «Ырыс» бағдарламасы бойынша бірінші несиелер берілді

«ҚазАгро» холдингінің еншілес компаниясы – «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ жаңадан қолға алынған «Ырыс» бағдарламасын жүзеге асыруға кі­рісті, деп хабарлады осы ұйымның баспасөз қызметі

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ құрамына кіретін мамандандырылған қаржы-несиелік ұйымы болып табылады. Қордың негізгі міндеті – қаржылық қызметтер мен ресурстарға ауыл тұрғындарының қолжетімділігін арттыру.

Ал қордың қолға алып отырған бұл жаңа жұмысы «Агробизнес-2020» салалық бағдарламаның аясында ірі қара малдың 50 және 100 басына арналған сүтті-тауарлы фермаларды құру және кеңейту бойынша жобаларды қаржыландыруды көздейді.

«Ырыс» бағдарламасы бойынша қаражат ірі қараның сүтті асыл тұқымды аналық мал басы мен қажетті техника, құрал-жабдықтарды сатып алуға бағытталады.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Алмас Таубаевтың айтуынша, несиенің ең көп мөлшері – 60 млн. теңгеге дейін, мерзімі – 7 жылға дейін, сыйақы үстемесі – субсидиялауды есептегенде, жылына 4 пайызды, ал субсидиясыз – 11 пайызды құрайды.

Қарыз алатын заңды немесе жеке тұлға төлеу қабілеттілігі мен қаржылық тұрақтылығын дә­лелдеуі қажет. Атап айтқанда оның бюджетке салық және басқа да төлемдер бойынша, екінші деңгейдегі банктер мен басқа да қаржылық институттарына мерзімі өткен берешегі болмау керек. Сонымен қатар, малға қажетті инфрақұрылыммен (электр және сумен) қамтамасыз етілген, елді мекеннен тыс жер телімінде орналасқан сүтті-тауарлы шағын фермасы және жем-шөп базасы болуы тиіс. Сонымен қатар, бағдарламаға қосылған шаруашылықтағы малдардың санитарлық жағдайына да талаптар қойылатын болады.

Қарыз алушының өзінің жекеменшігіндегі ірі қара мал аналықтары санының сатып алынатын мал басына ара-қатынасы 1:5 болуы қажет. Сүтті-тауарлы фермалардағы менеджмент және контроллингті ұйымдастыру негіздерін оқу туралы сертификаты немесе шаруашылықтың штатында зооветеринария саласының маманы болуы да талап етіледі. Әрине бұл талаптарды орындау қиын емес.

Жоба бойынша сүтті тұқымды мал сатып алынады. Міндетті түрде табындағы аналық мал басына 1:30 ара-қатынаста асыл тұқымды бұқа-өндіруші болуы тиіс. Немесе қолдан ұрықтандыруды жүргізу туралы мамандандырылған ұйымдармен келісімшарт жасалынуы керек.

Бүгінгі таңда қор тарапынан 260,1 млн. теңгеге 8 жоба қаржыландырылып үлгерді. «Ырыс» бағдарламасы бойынша бірінші болып қаржыландырылған жобалардың ішінде – Солтүстік Қазақстан облысындағы «Таштан» ЖШС және «Айлана», Ақмола облысындағы «Үміт», Павлодар облысындағы «Дидар» шаруа қожалықтары бар.

Жалпы, 2014 жылы отбасылық сүтті-тауарлы фермаларды құру және кеңейтуге «Ырыс» бағларламасы бойынша 1 млрд. 281 млн. теңге бөліну жоспарланған. 30 жобаны жүзеге асырудың нәтижесінде 2 мыңнан астам сүтті ірі қара мал сатып алынады деп күтілуде.

Егемен Казахстан (Астана), № 218 (28441), 07.11.2014

Сұңғат Әліпбай

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*

Система Orphus