Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Вы тут:  Главная Пресса об АПК (KZ) Қой шаруашылығы қайта жаңғырмақ

(KZ) Қой шаруашылығы қайта жаңғырмақ

«Алтын асық» арқылы фермерлерге қолдау көрсетілуде

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді ынталандыру мақсатында елімізде былтырдан бері «Агробизнес-2020» салалық бағдарламасы жүзеге асырылып отырғаны көпшілікке белгілі. Бұл бағдарлама аясында етті мал өсіру саласын дамыту, оның экспорттық әлеуетін арттыру сияқты бірнеше басым бағыттар қамтылған. Ал биылғы жылдан бас­тап осы бағдарлама аясында қой өсіру саласында мал басын арттыруға ден қойған отандық фермерлерге тікелей қолдау көрсету мақсатында «Алтын асық» атты арнайы бағдарлама әзірленген болатын. Осыған байланысты «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ биыл жаздан бастап еліміздің түрлі өңірлерінде, оның ішінде Ақмола облысында да несие алуға ниетті фермерлерді қаржыландыруға кіріскен болатын.

Отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін қолдау мен азық-түлік қауіпсіздігі сияқты мәселелер кез келген мемлекеттің ең ба­сым саясаты екені жасырын емес. Біздің елімізде де осы мәселелерге ерекше маңыз беріледі. Айта кетсек, елімізде қабыл­данған агроөнеркәсіп саласын дамыту жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» салалық бағдарламасы бойынша келелі жобалар қолға алынды. Ел үкіметі агроөнеркәсіп кешеніндегі субъек­тілердің бәсекеге қабілеттілігін артты­руға жағдай жасауға барынша күш салмақ.

Аталған тапсырмалардың жүзеге асырылуына «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өзінің сүбелі үлесін қосуда. Мәселен, қой шаруашылығын дамыту бойынша жүктелген міндеттерді орындау үшін «Алтын асық» атты бағдарлама іске қосылды. Осы жоба аясында «Аграрлық несие корпораци­я­сы» АҚ қазіргі кезде қой өсірумен айналысатын шаруашылықтарды несиелендіру жұмыстарын жүргізіп келе­ді. Корпорацияның несиелері фермерлерге аналық қой мен асылтұқымды ұры­қ­тандырғыш қошқарлар сатып алуға беріледі. Жеті жыл мерзімге дейін берілетін несиелердің сыйақы мөлшерлемесі жылына субсидияны есептегенде небәрі 7 пайызды құрайды.

«Алтын асық» бағдарламасына қаты­сатын фермер­лердің бірі – жеке кәсіпкерлікпен айналысатын Бақтияр Тұраров. Оның шаруа қожалығы Ақмола облысына жақсы танымал. Кәсіпкер соңғы 10 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып келеді. Сондықтан бизнестің бұл түрінің барлық қыр-сырына жақсы қанық. «Мал өсіру біреулерге жеңіл жұмыс сияқты көрінер, бірақ шын мәнінде мүлдем олай емес. Жалпы, мал өсіретін ауыл халқы үшін мемлекет тарапынан қолдаудың болғаны өте маңызды», дейді Бақтияр Серікханұлы.

Көкшетау қаласынан 15 шақырымдай жерде орналасқан фермердің меншігінде бүгінде жеке базасы, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жайылым мен шабындық алқаптары бар. Сонымен қатар, сол алқапта жайылатын 40 бас ірі қара малы мен 130 қойы бар. Шаруашылықты одан әрі дөңгелету үшін әлі біраз инфрақұрылым қажет екенін ескерген кәсіпкер енді қой өсіруге мықтап ден қойып, өзінің аграрлық бизнесін кеңейте түспек. Кәсіпкердің бұл мақсатына қол жеткізуі үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ тарапынан 8,7 миллион теңге көлемінде несие берілді. Бұл қаражатқа шаруа тағы 310 бас қой мен 15 бас асылтұқымды қошқар сатып алған.

Бақтияр Тұраровтың айтуынша, «Алтын асық» – қой өсірумен айналысатын барлық ша­руа­­шылық иелері үшін көптен күткен бағдар­ла­ма. «Біздің ата-бабаларымыз ғасырлар бойы қой өсірумен айналысқан, сондықтан қой өсіру­шілерді қаржыландыратын осы «Алтын асық» бағдарламасының қабылданғанын ести сала мен оған қатысамын деп шештім. Корпорацияның Ақ­мола облысы бойынша филиалына келіп, өз өті­ні­шімді бердім», дейді Бақтияр. Сонымен қатар, Бақ­тиярдың сөзінше, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мамандары несие бермес бұрын оның өтінішімен мұқият танысып шығыпты.

«Маған берілген несиенің талаптары мен үшін аса тиімді. Мысалы, несие алғаннан кейін алғашқы екі жылға жеңілдік кезеңі беріледі екен. Осы кезең ішінде негізгі қарызды есепке алмай, тек несиенің пайыздық үстемелерін ғана қайтара беруге болады. Сөйте тұра менен ешқандай қосымша комиссиялық төлемдер алған жоқ. Кепілдік ретінде аудандағы мал өсіру базасы мен жайылым жерлерімді алды, ал несиенің өзі ұлттық валютамен – теңге түрінде беріледі», дейді кәсіпкер.

Сонымен қатар, фермер несие бойынша пайыз­дық мөлшерлемелерді мемлекеттік субсидия­лаумен өзгенің емес, Корпорация мамандарының айналысатыны өте қолайлы деп санайды. Осылайша қажетті құжаттарды рәсімдеу сияқты жауапты істі толықтай Корпорацияға сеніп тапсыруға болатынын айтады. Бақтияр Тұраров үшін қуаныш­ты жаңалық болған тағы бір жайт – несиені қай­тару кестесін қой өсіру бизнесінің маусымдық ерек­ше­ліктеріне қарай ыңғайлы етіп өзгертуге болады екен. Мысалы, кәсіп­кер үшін несие жарнасын ай сайын тө­леп тұру міндетті емес, жарналарды әр тоқсан сайын төлеуге болады. Осы кезең ішінде кәсіпкер өзінің өнімін сатып үлгереді.

«Алтын асық» бағдарламасы туралы дер кезінде естіп-біліп, оған қатысқаным жақсы болды. Енді әдетте тек қаржыға келіп тірелетін қиын мәселелер шешімін тауып, мен ештеңеге алаңдамай өзімнің сүйікті ісіммен, ата-бабаларымнан мұраға қалған қой өсіру шаруашылығымен емін-еркін айналыса аламын. Бизнестің бұл түрі өзіме етене жақын, қой бағудың жай-жапсарын мен жақсы білемін», дейді кәсіпкер Тұраров.

Айта кетсек, «Алтын асық» бағдарла­масының мұндай тиімді тұстары мен артықшылықтарын тек Бақтияр Тұраров қана емес, еліміздің әр өңірлеріндегі өзге де қой өсіретін көптеген шаруа­шылықтар бағалап отыр. Қазірге дейін «Алтын асық» несиелендіру бағдарламасының аясында кәсіпкерлерге жалпы саны 84 мың бас қой сатып алуына қаржы берілді.

Айдын ОЛЖАЕВ.

Ақмола облысы.

http://egemen.kz/

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*

Система Orphus