Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Вы тут:  Главная Пресса об АПК (KZ) ҚАРЖЫЛЫҚ ҚОЛДАУҒА МҰҚТАЖ

(KZ) ҚАРЖЫЛЫҚ ҚОЛДАУҒА МҰҚТАЖ

8d472175a649c1f5a05d5b0acf9daea3
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Байсерке-Агро» ғылыми-өндірістік оқыту орталығы жұмысымен танысу кезінде еліміздің ауыл шаруашылығы кешенін тиімді дамыту тұрғысынан жаңа міндеттер жүктеді.
Өткен аптаның соңында Алматы облысында жұмыс сапарымен болған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Байсерке-Агро» ЖШС өндірістік шаруашылығы Қазақ Ұлттық ауыл шаруашылығы университетімен бірлесіп құрған «Байсерке-Агро» ғылыми-өндірістік оқыту орталығы жұмысымен танысу кезінде еліміздің ауыл шаруашылығы кешенін тиімді дамыту тұрғысынан жаңа міндеттер жүктеді.
Әрине, «ас – адамның арқауы» деген­дей, азық-түлік өнімдерін өндіру қай кезде де адамзат үшін экономиканың ең басым бағыттарының бірі болып қала беретіні сөзсіз. Ал жері кең, топырағы құнарлы, негізінен, аграрлы ел саналатын Қазақстан үшін бұл бағыттың орны тым бөлек. Осы­ны бөліп айтқан Елбасы: «Азық-түлік өндірісі елімізді дамытудың басты факто­рына айналып келеді. 2050 жылға қарай әлемде халық саны 9 миллиардқа дейін өседі, ол ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді екі есеге арттыруды қажет ететін болады. Қазақстанның, орасан кең алқап­тарды қоса алғанда, сол орынды иеленуге барлық мүмкіндігі бар. Бұл ретте ауыл шаруашылығы жаңа технологиялардың көмегінсіз одан әрі дами алмайды. Ғылым­ның бар күшін пайдалану керек, тек сонда ғана біз ауыл шаруашылығы саласында ілгерілей аламыз» деп агроөндірістік кешенді дамытудың маңыздылығын ерек­ше атап көрсетті.

Осы орайда Қазақстанның аталмыш саласына қомақты қаржы салып жатқан инвесторлар да аз емес. Солардың бірі – Falah Growth Fund басқарушы компания­сы. Оның бас инвестициялық директоры Дэвид Хербаданың айтуынша, біздің елі­міз­де астық, соның ішінде бидай өндіру, жылыжай өндірісі, құс шаруашылығы, мал шаруашылығы сияқты және тағы басқа бірнеше ірі, инвестиция салу үшін тартымды, келешегі зор салалар бар. Бірақ олардың барлығы елдегі қолжетімді жер активтері мен мемлекеттік қолдауға сүйе­неді. Сонымен бірге Қазақстанның көп­теген ауылшаруашылық көрсеткіштері 80-жылдардың соңы мен 90-жылдардың басында қазіргіге қарағанда бірнеше есе жоғары болғанын да мойындауымыз керек. Мұның барлығы негізгі капитал жаңа активтерді сатып алуға емес, одан анағұрлым маңызды – өндірістің заманауи құралдары мен технологияларын сатып алуға бағытталатын инвестицияларға жол ашық екенін көрсетеді. Біздің қорымыз қазіргі кезде құс шаруашылығын қаржы­лан­дыруға шоғырланып отыр. Атап айт­қан­да, біз тауық жұмыртқасын өндіруді ин­вес­тициялауға екпін түсіріп, «Алсад Казахстан» ЖШС-на қаржы салдық. Бұл сектор өте тартымды. Бірақ біз тамақ өнеркәсібі сияқты агроөндірістік саланың басқа салаларына да инвестиция салғымыз келеді.

«Әрине, астық секторы, жылыжайда көкөніс өсіру, майлы дақылдар өндіру, мал шаруашылығы, құс шаруашылығының арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Сол секілді өндіру мен өнімді қайта өңдеудің арасындағы ерекшелік те өте үлкен. Дәнді дақылдар өнімділік көр­сеткіштерін ұлғайтуды, сақтауды, логисти­каны, өнімді климат мүмкіндік беретіндей мерзімге дейін сақтай білуді қажет етеді. Өкінішке қарай, соңғы бірнеше жылда климат өте құбылмалы болып тұр. Біз жаң­быр немесе күн райын бақылай алмай­мыз, бірақ тиімді басқару қаржылық шы­ғындарды болжап, нәтижеге белгіленген жоспарлардан онша алшақ кетпей жетуге мүмкіндік береді. Мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, сондай-ақ тамақ өнер­кәсібіндегі негізгі қиындықтар өндірісті жедел басқару мен нарық серпініне байланысты болып келеді. Қазіргі кезде астық өндіруде өте үлкен корпорацияларға немесе өте кіші фермаларға бөліну беталы­сы байқалады. Бұл жерде «орта шаруашы­лық» деген түсініктің өзі жоқ. Ал құс ша­руа­шылығында үлкен корпорация және ұсақ ферма деген кереғарлық жоқ. Мүмкін, қазір халықаралық инвесторлар үшін шағын шаруашылықтарға инвес­тиция салу қызық емес шығар. Бұл бір жағынан заманауи құралдар мен өндірістік технологияларды пайдалана отырып, өн­ді­рілетін өнімге толық ықпал ететін ең бас­тапқы негізгі шартқа байланысты. Бұ­ған тек ірі компаниялар жағдайында ғана қол жеткізуге болады. Бұрын өзге елдерде түгелдей кооперативтік қауым­дастықтар құрған шағын шаруашылықтарға ие болу өте жақсы нәтиже берді. Ортақ меншікке иелік еткен сондай кооперативтер мен хол­дингтік компаниялар заманауи құрал­дар­мен жұмыс істеп, шағын шаруа­шы­лықтардың өнім қамын ойлаумен бірге қажетті өндіріс көлеміне қол жеткізіп, инс­титуционалдық инвесторлармен қызметтес болуына жол ашты. Менің жеке пайымдауымша, жаппай сұранысқа ие тауарларды өндіретін ірі корпорацияларға салынатын инвестиция жақсы нәтиже береді. Ол өте сапалы жергілікті брендтік өнім болуы керек. Қазіргі кезде ауыл шаруашылығының барлық салаларын қоса есептейтін болсақ, Қазақстанға қажетті инвестицияның мөлшері бірнеше ондаған миллиард долларды құрайды» дейді Абу Даби компаниясының өкілі.

Шынында да Қазақстан үшін аграрлық саланы, әсіресе, құс шаруашылығы мен мал шаруашылығын, оларда өндірілетін өнімдерді өңдеу өте-мөте маңызды. Егер жыл сайын миллиондаған тонна астықтың көз көрекі зая болып жататындығын ескерсек, бұл біздің еліміз үшін өте өзекті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде миллиондаған тонна дән өндіргеннен мыңдаған тонна ет өндірген экономикалық тұрғыдан анағұрлым тиімді екенін ескерт­кен еді. Ендеше, ұсақ шаруашылықтарды ірілендіріп, инвестициялық тартымды­лық­­ты арттыратын, келген қаржыға зама­науи құралдар мен жоғары техноло­гияларды сатып алу арқылы өнімділіктің еселеп өсуін қамтамасыз ететін жолға түсу керек. Уақыт талабы осы!

http://aikyn.kz/

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*

Система Orphus