Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Вы тут:  Главная Пресса об АПК (KZ) Алқап дабылы алыс емес

(KZ) Алқап дабылы алыс емес

Былтыр егіншілік түсімін рекордтық көрсеткішке жеткізген Ақмола облысының диқандары үстіміздегі жылы да биік межеден көріну қамында. Қысқы агротехникалық шаралардың жұмыс кестесіне сай жүргізілуі, өнімділігі жоғары тұқымның жеткілікті қамтамасыз етілуі, әсіресе, машина-трактор паркінің бұрын болмаған деңгейде жаңғыртылуы жақсы үмітке жетелеп отыр.

Биыл қыс қытымырлау мінез танытып, көктем ұзаққа созылып тұрғанымен, тәуекелшіл аймақтың диқандары талай сынға қарсы тұрып дағдыланған, дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Аманбек Қалжанов. Яғни, басты науқанға дайындық жаман емес. Ұйымдық шаралар да алдын ала пысықталды. Биыл 4,7 миллион гектар егістік алқаптың 4,2 миллион гектарына дәнді және бұршақты дақылдар себілетін болады. Парлы алқаптар ауқымының кеңуі, ауыспалы егіс пен ылғал сақтау технологиясының жаппай қолданысқа енгізілуі жұмыс тиімділігі мен түпкі қайтарымды еселейтіні анық.

Аманбек Әмірхамзаұлының айтуынша, егістік алқаптарының құрылымында әртараптандыру бағыты одан әрі жалғасын таппақ. Алдымыздағы науқанда 271,1 мың гектар жерге майлы дақылдар тұқымы себіледі. Бұл – былтырғы жылғы деңгейден 20 мың гектарға жуық артық. Осы орайда, ауыл шаруашылығындағы интеграциялық ықпалдастықтың өрістеуі тиісті нәтижесін береді деген сенім бар. Облыста Канаданың, Германияның ғалымдары көп жылдардан бері тәжірибе сынақтарын өткізіп, өнімділігі жоғары бұршақ дақылдарын жерсіндіруде игі істер атқарды. Биылдың өзінде Канада елшісі мен провинция басшылары басқарған делегация Көкшетауға екі рет келіп кетті. Олар «Родина» агрофирмасындағы аймақтық кеңесте ой-пайымдарын ортаға салып, интеграциялық байланыстар шеңберін кеңейтуге ықыласты екендіктерін білдірді. Сондай-ақ, облыс әкімі Қосман Айтмұхаметов бастаған делегация Беларусь Республикасындағы Гродно облысында болып, көпжақты ынтымақты қатынастар құжаттарына қол қойды. Алдын ойлайтын диқандар бұл қадамдардан да жақсылық күтеді.

Биыл облыстың егіншілік шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан 9,2 миллиард теңге субсидиялық қаржы бөлініп отыр. Бұл салалық жалпы жұмысты үйлесімді жүргізуге септігін тигізумен қатар, Астананың азық-түлік белдеуін нығайтудағы жаңа жобаларға серпіліс қосатыны белгілі.

Бақберген АМАЛБЕК,

«Егемен Қазақстан».

Ақмола облысы.

www.egemen.kz

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*

Система Orphus