Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Вы тут:  Главная Пресса об АПК (KZ) Аграрлық ғылымның алғы шебінде

(KZ) Аграрлық ғылымның алғы шебінде

Еліміздің агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамыту мәселелері жөнінде Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, ҚР АШҒА және Моңғолия аграрлық ғылым академиясының академигі, профессор Серік КЕНЕНБАЕВПЕН әңгіме-дүкен құрып, бірқатар сұрақтар қойып едік.

– Серік Барменбекұлы, алдымен Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қазіргі таңда атқарып жатқан жұмыстары жайлы айтып өтсеңіз.

– Біздің институт – егіншілік және өсімдік шаруашылығы салалары бойынша ең ірі ғылыми орталықтардың бірі. Институттың алдында тұрған мақсат – ол агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамыту үшін нарық сұранысын ауылшаруашылық дақылдарының жаңа, бәсекеге қабілетті сорттары мен будандарымен және оларды өсіру технология­сымен ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ету болып табылады. Сондықтан аталмыш мақсатқа жетуде ғалымдарымыз негізгі 4 бағытта жұмыстар жүргізуде, атап айтар болсам, гендік қор бағыты, селекция бағыты, тұқым шаруашылығы бағыты және агротехнология бағыты.

Бір ғана гендік қор бойынша соңғы 10 жыл ішінде институт ғалымдары 60 мыңға жуық үлгіге талдау жүргізіп, астық, дәнді-бұршақ, техникалық, майлы, жарма және малазықтық дақылдардың ұлттық генетикалық қорын қалыптастырды. Меке­ме­міздегі селекционер мамандардың қатысуы­мен ауылшаруашылық дақылдарының 500-ден астам сорттары мен будандары шығарылып, бүгін­гі таңда республикамызда және елімізден тыс мемлекеттерде 145 сорт пен будан өндірісте пайда­лануға рұқсат етілген болса, оның 138-і Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етілген селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізбесіне енген. Олардың еліміздегі және жақын шетелдердегі егіс көлемі шамамен 2,5 млн. гектар алқапты құрайды.

– Елбасының биылғы Жолдауында гендік модификацияланған дақылдар бойынша және құрғақшылыққа төзімді сорттар шығару бағытындағы зерттеулерді күшейту қажеттігі туралы айтылған еді. Осы тұрғыда қандай зерттеулер жүргізілуде?

– Бүгінгі күні әлемнің дамыған мемлекеттерінде өсімдіктер селекциясында қазіргі молекулярлық биологияның және генетиканың жетістіктері қолданылуда. Табысты селекция үшін шаруашылық құнды белгілерді маркерлеу және өсімдіктер дамуының ерте сатысында фенотиптік бағалау бойынша емес, тікелей генетикалық ақпарат негізінде құнды генотиптерді іріктеу мүмкіндігі аса маңызды. Бұл іріктеу уақытын қысқартады және материалдық ресурстар мен еңбек шығынын үнемдейді.

Институтымызда гаплоидты технология, дәнді, малазықтық, дәнді-бұршақ дақылдарының сомаклоналды вариациясы, қант қызылшасы дақылын микроклональды көбейту әдістері әзірленді. Гаплоидия әдістері негізінде дәнді және жемдік дәнді дақылдардың Нұреке, Ақжол, Бастама, Илек 34 сынды сорттары жасалған және аталмыш сорттар селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізіміне енгізілген.

Институт 2011 жылдан бері австралиялық өсімдік­тердің функциялық геномикасы орталығы­мен «Биотехнология әдісімен жоғары өнімді әрі сапалы, қуаңшылыққа және тұзға төзімді сорт селекциясы үшін жаздық бидайдың тұрақты бастапқы материалдарын шығару» жобасы аясында бірлесіп, бидайдың құрғақшылыққа және тұзға төзімді сорттарын жасау үшін молекулярлық және биотехнологиялық әдістер негізінде жұмыс­тар жүргізуде. Оқшауланған микроспоралар дақыл­дарының негізінде қазақстандық сорттардың қосар­ланған гаплоидтары алынды, құрғақшылық пен тұздануға өсімдіктер реакциясының түрлі деңгейлерін қадағалайтын 10 мүмкін ген іріктелді, олар үшін спецификалық маркерлер әзірленді және ПЦР-талдау жасалды, реттеуші және кодтау­шы ДНК-бірізділіктер негізінде цисгендік векторларды құрастыру бойынша жұмыс жалғасын табуда. Жоба аясында қазақстандық бидайдың 10 сортына генетикалық құжаттау жүргізіліп, жаз­дық бидайдың коммерциялық бағыттағы 4 жақсартылған ұқсас сорты, австралиялық селекция­дан жаздық бидайдың 3 сорты және 21 бастапқы үлгі тізбектері алынды.

– Қазақстандық селекцияның табысты жетіс­тік­теріне қарамастан, қазіргі таңда құрғақ­шы­лыққа тұрақтылық гендерін іздеу, жинау және зерттеу мәселесі өзекті болып тұр. Сіздің инсти­туттағы өсімдіктердің гендік қоры туралы айтсақ?

– Өсімдіктердің гендік қоры – тұрақты ауылшаруашылық өндірісінің негізгі факторы, яғни кез келген мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігі мен өмірді қамтамасыз етудің биологиялық негізі болып саналады. Гендік қорлар селекционерлер үшін ең маңызды шикізат болып табылады. Елімізде өсімдік гені қорларының қауіпсіздік қатері өсуде, ал гендік көптүрлілікті сақтау, дамыту және пайдалану үшін бөлінетін қаражат жеткіліксіз және бұл саладағы мамандар тапшы. Институтымыз өсімдіктердің гендік қоры бойынша республика көлемінде үйлестіруші орталық ретінде саналады және ұлттық гендік қордың үштен бірі біздің мекемеде сақталады.

Осыған байланысты, институтымыз республика бойынша гендік қорға өте бай, Қазақстан бойынша алғаш рет 29 түрлі ауылшаруашылық дақылдарының гендік қорын орташа-шұғыл мерзімде тиімді сақтау ұйымдастырылды. Дәнді, малазықтық дақылдар және дәрілік шөптердің түрлері мен тұқымдастарының 1220 үлгісінің гербарийлік және тұқымдық материалы жинақталды, біріктірілді, жіктелді және көбейтілді. Дәрежесі, даму түрі, коллекцияның оригинаторы бойынша тіркелген дәнді, дәнді-бұршақ, малазықтық, көкөніс, жеміс-жидек, техникалық, жарма, дәрілік, орман және орман түзуші дақылдардың шаруашылықта пайдалануына сәйкес 56 мыңнан астам үлгінің құжаттық ақпараты ұлттық мәліметтер қорына енгізілген.

– Ғылым мен өндіріс арасындағы байланыс­ты нығайтуда мекемеде қандай іс-шаралар атқарылып жатыр?

– Агроөнеркәсіп кешені саласындағы маман­дар­дың біліктілігін арттыру, аграрлық саладағы ғылым жетістіктерімен толыққанды таныстыру үшін 2009 жылдан мекемеміздің құрылымында «Үшқоңыр» білім тарату және әзірлемелерді өндіріске енгізу бөлімі жұмыс атқарады. Бөлімнің мақсаты – ауылшаруашылық өндірісінің ғылыми-техникалық дамуын жеделдету үшін ғылым жетіс­тік­терін насихаттау мен енгізу жүйесін тиімді ұйымдастыру.

Ауыл шаруашылығы саласындағы мамандарға ауыртпалық түсірмеу мақсатында, олардың дәріс алу кезіндегі шығындары толықтай бюджет тарапынан төленеді. Әр семинарға қатысушы мамандарға олардың өткен семинар тақырыбына сәйкес біліктілігін сипаттайтын арнайы сертификат беріледі. Агроном-апробатор әзірлеу жұмысын да қолға алып, жыл сайын арнайы курс өткізіп, куәліктерін тапсырады. Мұнымен қатар, институтымыз ғылым жетістіктерін насихаттау мақсатында жыл сайын облыстық деңгейдегі «Егінжай күнін» өткізеді, онда ғалымдарымыз ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге өздері шығарған ауылшаруашылық дақылдарының жаңа сорттары мен будандарының сипаттамасымен таныстырып, заман талабына сай технологиялық әзірлемелердің артықшылықтарын нақты көрсетілімдік егістерде көрсетеді.

Өткен жылы осы бағытта еліміздің оңтүстік-шығысында орналасқан 15 шаруа қожалықтарымен келісімшарт жасалып, оларға жаңа сорттардың тұқымы тегін берілді, әрине, тек 1-5 гектар көлеміне жететін мөлшерде ғана. Атап айтқанда, «Тоқжайлау» және «Жетісу» АШ өндіріс кооперетивтерінің, «Хильниченко и К» сенім серіктестігінің, «ЧАФ Түрген», «Арқарлы» және «Айршир» ЖШС, «Қызылжар» өндіріс кооперативінің, «Светлана», «Жұпар», «Нам Г.Н.», «Ынтымақ», «Николай К», «Ануарбек», «Қамқор» шаруа қожалықтарының егіс алқаптарына күздік бидайдың Расад, Қарасай, Мереке 70, Фараби, Алатау, жаздық бидайдың Алмакен, Самғау, арпаның Айдын, Құралай, Сымбат, КазСуффле-1, сұлының Аламан, Бәйге, Жорға, жүгерінің Дала-Аруы 446 П, Балшекер, Туран 170 СВ, қытай бұршақтың Ласточка, Жансая, Перизат, мақсарының Центр-70, Талап, Алқызыл, жоңышқаның Көкорай, Өсімтал және т.б. дақылдардың жаңа сорттары мен будандары себілді. Сосын, көрсетілімдік танапта жоғары өнім берген сорт пен буданды қажетті мөлшерде фермерлер сатып ала алады. Мұны жасаудағы мақсат, фермерлерді жаңа сорттармен таныстыру, жоғары өнім алуына мүмкіндік жасау.

Осы тұрғыдағы жұмыс биылғы жылы да қолға алынып жатыр және 14 шаруа қожалықпен келісімшарт түзіп қойдық, оның 9-ына күздік бидайдың жаңа сорттары беріліп, көрсетілімдік танаптар орналастырылды.

– Шетелдің озық ғылыми мекемелерімен орнатылған халықаралық байланыс жөнінде әңгіме өрбітсек?

– Отандық аграрлық саланы дамытуда институт шетелдің озық деген мекемелерімен 32 ғылыми-техникалық байланыс жөніндегі шарт арқылы жұмыс жасайды. Оның ішінде 9 ірі ғылыми орталықтары, 3 оқу орталығы мен агенттігі және ТМД-ның 20 жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелері бар. Халықаралық байланыс орнатудың нәтижесінде көптеген ғылыми жетістіктерге қол жеткіздік.

Агротехнология саласында CIMMYT орталығымен Қазақстанның оңтүстік-шығыс суармалы жерінде қарыққа жалдап-тарақтап себу технологиясы әзірленіп, жалға себу агрегаты құрастырылды. ICARDA орталығымен таза сүрі танап, күздік бидай, арпа дақылдарын өсіруде топырақты шектеп өңдеу мүмкіндігі анықталды.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*

Система Orphus