Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Жаңалықтар ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов Сербия Республикасы Ауыл шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғау министрі Б.Недимовичпен кездесті

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов Сербия Республикасы Ауыл шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғау министрі Б.Недимовичпен кездесті

Бүгін Астанадағы Қазақстан-Сербия бизнес форумынан кейін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтың бастамасымен Сербия Республикасы Ауыл шарушалығы және қоршаған ортаны қорғау министрі Бранислав Недимовичпен кездесу болып өтті.

Кездесу барысында екі елдің ауыл шаруашылығы саласындағы өзара-қарым-қатынасы және басымдыққа ие бағыттары талқыланды.

Тараптар өзара ынтымақтасу мен бірлесіп жұмыс жасаудың зор әлеуетке ие екендігін атап өтісті. Атап айтқанда, Қазақстан үшін Сербия Еуропаға өнім жөнелту нарығымен аса тиімді терезе болса, Сербия үшін Қазақстан Қытай нарығына қол жеткізудің өтімділігі жоғары коридоры бола алады.

«Бұған дейін екі елдің көшбасшылары өзара ынтымақтасудың басымдыққа ие бағыттарын белгілеген еді. Оның бірі – ауыл шаруашылығы саласы. Баршаға мәлім, еліміз астық пен ұн өндірісінде алдыңғы қатарда. Мал шаруашылығында, оның ішінде, ет пен сүт өндірісінде де айтарлықтай мүмкіндіктерге ие. Өз кезегінде, Сербия органикалық ауыл шаруашылығында зор табыстарға қол жеткізген ел. Бұл бағытта біз бірігіп, екі жаққа да тиімді нәтижелере қол жеткізе аламыз», – деп атап өтті А.Мырзахметов.

Сербия жүгері мен бидай өндіретін ірі елдердің бірі. Қант қызылшасы мен күнбағыс тұқымы өндірісінің қуаттылығы сондай, қант пен өсімдік майына деген ішкі қажеттілігін өтеуге толықтай жетеді. Жеміс-жидек, жүзім өндірісі де жолға қойылған.

Осы орайда, Қазақстан органикалық ауыл шаруашылығын дамытуда өзара тәжірибе алмасып, жаңа сұрыптар шығаруда бірлескен зерттеулер жүргізуге, ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің генетикалық әлеуетін арттыруға және екі елдің аграрлық ғылыми-зерттеу институттары арасында байланыс орнатуға мүдделі.

«Елбасы тапсырмасына сәйкес біздің алдымызда сапалы және салымды экологиялық таза өнім әзірлеу міндеті де тұр. Бұл тұрғыда айтулы табыстарға қол жеткізген Сербия елімен өзара тәжірибе алмасып, бірлесіп жұмыс жасауға ынталымыз. Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында да осындай міндеттерді көздеп отырмыз. Біздің тараптан көзбен көріп, қолмен ұстап қайту үшін жұмысшы тобы арнайы сапармен барып қайтуға дайын», – деді ол.

Кездесу барысында Сербия тарапы да Қазақстан тарапынан ұсынылған әрбір ұсынысқа зор мән беретіндерін атап өтіп, өз елдерінің аумағын Еуропаға шығатын еркін нарық аймағы ретінде ұсынуға әзір екендіктерін жеткізді.
Бұдан бөлек, тараптар Қазақстанға егу материалдары мен тұқым жеткізу, фитосанитарлық мәселелерді шешу бойынша пікір алмасып, екі елдің арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастығының зор әлеуетке ие екендігін кезекті рет атап өтісті. Яғни, қолда бар мүмкіндіктер толықтай пайдаланылуға тиіс. Ал бүгінгі бас қосу сол нәтижелі жұмыстардың басы болмақ.

ҚР АШМ Баспасөз қызметі
+7 (7172) 555-765
minagripress@gmail.com

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus