Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет АӨК туралы басылымдар Қазақстан шегірткемен күресте биологиялық тәсілдерді қолдануды ұсынды

Қазақстан шегірткемен күресте биологиялық тәсілдерді қолдануды ұсынды

Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтарында шегірткемен күрес жұмыстары пысықталып жатыр. Биыл 1 миллион 779 мың гектар алқапта улау жұмыстары жүргізіледі. Оған 2,7 миллиард теңге бөлінеді. Ал Ақтөбеде өткен Қазақстан мен Ресей мамандарының кездесуі кезінде қазақстандық тарап биологиялық тәсілді пайдаланып, үйрек-қаз жіберуді ұсынды, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.

Ақтөбе қаласында Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Боран Рахымбековтың қатысуымен үйірлі шегірткемен күрес жұмыстарының жоспары айтылды. Жиынға Ресейдің шекаралас облыстарынан ауыл шаруашылығы саласының өкілдері де қатысты. Қазіргі күні еліміздегі бес облыс Ресеймен шектеседі. Ал Ресейдің оннан астам облысының территориясы Қазақстанмен қатар тұр. Сондықтан екі елдің мамандары бірлесе күресудің, биологиялық жолды іздеудің алғышарттарын талқыға салды.

«Жыл сайын үйірлі шегірткемен күрес кезінде 3-5 миллион гектар жерге у себіледі. Бұл топыраққа, егінге зиян. Мәселен, өткен жылы 3 миллионнан астам гектар алқапқа у шашылды. 3500-ден астам маман мен 310 техника жұмылдырылды. Бұл үлкен шығын әрі зиян екені белгілі. Сондықтан Қазақстан тарапы биологиялық тәсілдерді ұсынады. Соның бірі – үйрек, қаз жіберу. Әсіресе, шекараға, егінді алқап маңына құс қонса, бұл тиімді болар еді»,- дейді Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Боран Рахымбеков.

Айта кетейік, биыл шегірткемен күрес жұмыстарына республикалық бюджеттен 2,7 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаржыға 1 миллион 779 мың гектар жерді улау жұмыстары жүргізіледі.

«Қазақстанда 230-ден астам шегіртке, шегіртке типтес жәндік бар. Үйірлі шегіртке, азиялық, италиялық, марокколық шегіртке жыл сайын қауіп төндіреді. Әр шегірткенің өз мекені бар. Азиялық шегіртке еліміздің батыс, оңтүстік, шығыс аймағында болса, италиялық шегіртке барлық жерде кездеседі. 2015 жылы 18 миллион гектардан астам аумақ тексерілді. Нәтижесінде 2 миллион гектардан астам аумаққа у себілді»,- дейді Боран Рахымбеков.

Оның айтуынша, шегірткемен күрес жұмыстарына жергілікті әкімдік те қаржы бөледі. Өткен жылы 300 мыңнан астам гектар жер уланып, оған 413 миллион теңге жұмсалған.

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus