Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Бейне Ауыл шаруашылығы министрі фермерлердің басын қосты

Ауыл шаруашылығы министрі фермерлердің басын қосты

«Ірі қараны сырттан тасуға жетіскеннен барған жоқпыз. Сиырларымыздың ешкіге айналып кетуі бізді осы қадамға итермеледі», – дейді Асылжан Мамытбеков. Астанада өткен фермерлердің жиынына қатысқан министр осылай деп ақталды.

Одақ төрағасы Әуезхан Дарынов болса, биылғы егіс науқанына 110 мың тонна тұқым жетіспейтінін алға тартып, құрылғалы жатқан «Астық холдингіне біз де мүше болайық» деп, тың ұсыныс жасады.

«Алдағы көктемде алқапқа егер тұқым жоқ. Шенеуніктер «бәрі бақылауда» деп бейжайлық танытудан әріге аспайды», – дейді Фермерлер одағының төрағасы. «Мақсатымыз – үрей тудыру емес, мәселе көтеру», – деп сөз бастаған Әуезхан Даринов алдымен ауыл шаруашылығы министріне алғысын білдірді.

«Соңғы 3-4 жылда жиналысымыздан тірі министрді көріп тұрғанымыз осы», – деп Асылжан Мамытбековке «көпшік» тастай, бұйымтайына көшті. Үкіметтің шаруаларға көрсетіп жатқан қолдауының ала-құлалығына наразылығын білдірді. Мысалды алыстан іздемей, бүгінде тасы өрмелеген кәсіпкерлер санатындағы Иван Сауэрдің айтқандарын дәйек қып, алға тартты.

Әуезхан Дарынов, Фермерлер одағының төрағасы:

Біз білеміз ғой, Иван Адамұлының қандай қолдауға ие болғанын. Бірақ оның өзі: «Маған ешкім көмектескен жоқ, барлығына өз күшіммен жеттім», – деп айтудан танбайды. Десе де, соның шаруашылығында өткен бір семинарда өзі айтып берген. «ҚазАгро» арқылы қандай несие алғанын, сол «ҚазАгро» арқылы қанша астығын сатқанын. Бидайының 80 пайызын холдинг қолдауымен саудаға шығарыпты. Ал басқа шаруалар астығының 30 пайызын пұлдаса, соған тәубе дейді.

Тек Асылжан Мамытбеков: «Ауыл шаруашылығы саласында ешқандай алалаушылық жоқ», – деп жауап қатты. Көрсетілер көмек шаруашылықтың атауына қарап емес, жер игерген шаруа болса, алқабының көлеміне қарай, мал өсірген азамат болса, қорасындағы қараның санына қарай бөлінетінін айтып ақталғандай болды.

Құзырындағы саланың кемшін тұстарын басқаны былай қойып, сиырларға аударып жіберді. Шет елден «асыл тұқымды мал әкелем» деп сан мәрте сыналған Асылжан Мамытбеков бұл ретте «бар гәп қазақтың сиырларында» деп қойып қалды.

Асылжан Мамытбеков, ҚР ауыл шаруашылығы министрі:

Біздің сиырлар ешкі сияқты. Не ет беріп, не сүт беріп жарытпайды. Негізі қара малдың еттілік стандарты 220 келі екен. Ал біздегі сиырлардың орташа еттілігі небәрі 154 келі болып шықты. Бұл ретте орташа деген сөзге ден қойыңыз. Ол дегеніңіз түрлі себеппен ауруханада жатқан барлық науқастың дене қызуын жеке-жеке өлшеп, ортақ тұжырым жасаған жағдай сияқты ғой салыстырмалы түрде айтсақ.

Жарты сағаттан астам сөйлеген Асылжан Мамытбеков осылайша өзіне шаң жуытпады. «3-4 жыл министр көрмесеңіздер, менің бұл саланың тізгінін ұстағаныма жуырда 2 жыл болады, яғни оған да онша айыпты емеспін», – деп біраз мәселені бұрынғы бастығына ысыра салды.

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus