Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет АӨК туралы басылымдар Орман-тоғайдың жауы – өрт, аң-құстың жауы – браконьер

Орман-тоғайдың жауы – өрт, аң-құстың жауы – браконьер

00 Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан НЫСАНБАЕВПЕН әңгіме. – Ерлан Нұралыұлы, алдымен мына мәселені білгіміз келеді: еліміздегі орман-тоғай ал­қаптарының жалпы көлемі ша­мамен қанша гектардай болады? – Қазақстан – орман-тоғайы аздау келетін мемлекеттер қатарына жатады. Деректерге сүйенетін болсақ, орман еліміз аумағының 4 пайыздан сәл ғана  астам жерін алып жатыр. Оның өзінде орман­ды алқаптың тең жартысына сек­сеуіл екпелері отырғызылған. Елі­міздің басым бөлігін қамтитын және орман өсіру жағдайларын қиын­дататын еліміздегі күрт құр­­­лықтық климат орманды ал­­­қап­тарды кеңейтуге, орман шаруашылығын дамытуға өзіндік қиындықтарын тигізетіні белгілі жайт. Дегенмен, соған қарамастан, еліміздің қай өңірін болсын жасыл желекке бөлеп, орман алқаптарын кеңейту – Ауыл шаруашылығы министрлігінің басымдық беріп отырған негізгі мақсаттарының бірі екенін атап өткім келеді. Енді жаңа өзіңіз айтқандай, нақты деректерге келетін болсақ, 1993 жылы мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 23 миллион 974 мың гектарды құраған еді. Оның 10 миллион 273,7 мың гектар жері орман-тоғаймен қамтылған болатын. Бүгінде мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 29 миллион 301,9 мың гектарға жет­ті. Соның ішінде орманмен қамтылған жер – 12 миллион 627 мың гектарды құрайды. Бұл  – осы аралықта орманмен қамтылған жердің жалпы ауданы 2 миллион 353,3 мың гектарға көбейді дегенді білдіреді. – Он бес-жиырма жыл ішінде орман алқаптарының көлемі едәуір артқан екен. Ал орман қорын ұлғайту барысында қандай жұмыстар жүзеге асырылды жә­не қазір нендей іс-шаралар жүргізіліп жатыр? – Негізгілеріне тоқталып өтсем деймін. Жалпы, орман­дар­­ды қалпына келтіру – орман секторының басты басым­дық­тарының бірі болып саналады. «Қазақстан-2030» Стра­тегиясында және Мемлекет басшысының жыл сайынғы Қазақстан  халқына  Жолдау­ларында осы мәселелерге ерекше басымдық беріліп келеді. Атап өтуге тиіспін, оның ішінде елі­міздің аумағын экология­лық жағынан жақсарту бойынша ынталан­дыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы мәселеге қатыс­ты нақты мәліметтерге жүгінейін. Соңғы бес жылда  орманды молайту және орман өсіру жайы 18 пайызға өскен екен. Өткен жылы ағаш отырғызу тәсілі бо­йынша 22,2 мың гектарға, ал елі­міздің оңтүстік аймақтарында сексеуіл егу тәсілімен – 28,7 мың гектарға және табиғи түрде қайта жаңғыртуға ықпал ететiн шара­лар жүргiзу тәсілімен 9,3 мың гектар алқапқа жұмыстар жүргізілді. Жалпылай алғанда, 2011-2015 жылдар аралығында 224 мың гектар жерге орман ағашта­ры отыр­ғызылды. Сондай-ақ, бұ­ған қоса «Ормандарды сақтау және республика аумағының ор­манды жерлерін көбейту» жобасы негізінде кеуіп қалған Арал теңізінің табанында ағаш отырғызу тәсілі бойынша 47,1 мың гектар алқапқа және 9,3 мың гектар жерге ағаш тұқымын себу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, «Семей орма­ны» мемлекеттік орман табиғи резерватында тамыр жүйесі жабық көшет материалын өсіру бойынша Қазақстанда теңдесі жоқ орман тұқымы кешені салынды. Оның өндірістік  қуаты 3,87 миллион дана тамыр жүйесі жабық көшет материалын және 5,4 миллион дана тамыр жүйесі ашық көшет материа­лын  өсіруге жетеді. Бұл кешен бүгінде 6 мың гектар жерді алып жатқан Ертіс өзені бойындағы көшеттерді көбейтуге мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы ми­нистр­­лігінің Орман шаруа­шы­лығы және жануарлар дү­ние­сі комитеті қызметінің ма­ңыз­ды бағыттарының бірі – Ел­басымыздың назарында тұрған Астана қаласының айналасында жасыл аймақ құру. Негізінен бұл бағыттағы жұмыс 1997 жылы бас­­талды және бүгінгі күнге де­йін 73 мың гектар жерге жасыл ағаш екпелері егілді. Болашақта техникалық-экономикалық негіз­демеге сәйкес, жасыл аймақ көле­мін 100 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ал­дағы уақытта ағаш тұқымда­ры егіл­ген жерлерге күтім жасалып, тұр­ғындардың ойдағыдай демалуына  жайлы жағдай жасау үшін ландшафттарды қалыптастыру жайы қолға алынбақ. – Орман-тоғайдың жауы – өрт. Өткен 2015 жылы өрт осы салаға қаншалықты залал келтірді? – Барлығымызға ортақ әрі өте өткір және өзекті мәселе жө­­нінде сұрақ қойып отырсыз. Жасыратыны жоқ, орман өрттері жасыл желек табиғатқа үлкен шығын келтіруде. Дегенмен, соңғы 13 жылда республика аумағындағы орман өртінің саны едәуір азайған. Мәселен, 2003-2004 жылдары өрт шығу оқиғасы 1057-1315 реттей болса, 2014-2015 жылдары орман өртінің саны 581-476-дай ғана болды. Келтірілген залал 2003 жылы 358 833 мың теңге, 2014 жылы 74 460 мың теңгені құраса, өткен жылы 119 041 мың теңге көлемінде болды. Ал өртке оранған жерлердің аумағы 2003 жылы 91 929 гектарды, 2015 жылы 9626,19 гектарды құрады. Осы деректер бұрынғыға қарағанда өрттің едәуір азайғандығын көр­сетеді. Орман өртінің шығу саны мен көлемінің азаюына орман қор­ғау және орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-тех­никалық базасының жылдан-жылға жаңартылуы әсер еткенін атап өткен жөн шығар деп ойлай­мын. Сонымен қатар, орман қорғау инспекторларының жергілікті төтенше жағ­дайлар жөніндегі бөлімшелерімен, құқық қорғау мекемелерімен бірлесіп жұмыс істеуі де үлкен септігін тигізді. Жоғарыда атап өтілгендей, өткен 2015 жылы республиканың мемлекеттік орман қорының ау­мағында және ерекше қор­ғалатын табиғи аумақтарда 9626,19 гектар, оның ішінде орманмен көм­керілген 5604,85 гектар алқапта орман өртінің 476 оқиғасы болды. Одан келген залал 119,04 миллион теңгені құрады. Жалпы, еліміз бойынша Жамбыл (1628,9 га), Қостанай (1593,8 га) және Батыс Қазақстан (1139,5 га) облыстарында өрт ошақтары көбірек тіркелді.  Ал орман-тоғай өрттері әртүрлі себептерге байланысты орын ала­­тынын қалың көпшілік біледі деп ойлаймын. 3 – Сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жан-жануарлар мен балық түрлерін көбейтуге, сондай-ақ, оларды қорғауға байланысты қандай жұмыстар қолға алынуда? – Еліміздегі табиғи су айдындарын балық ресурстарымен толықтыру мақсатында соңғы 5 жылда мемлекеттік балық өсіру кәсіпорындары, оның ішінде Атырау және Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауыттары, Қамыстыбас, Петропавл және Майбалық балық питомниктері, Қапшағай уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы, Қазақ өндіріс­тік-жерсіндіру станциясы – 812 мил­лион данадан астам бекіре тұқымдас қортпа, бекіре, шоқыр, пілмай, сүйрік, ақсаха, тұқы және өсімдік жемді ақ амур, дөңмаңдай балықтарын өсіріп, су айдындарына жіберді. Сонымен бірге, 2010 жылдың 18 қарашасында өткен Каспий жағалауы мемлекеттері басшыларының ІІІ саммитінің қорытындысы бойынша бекіре тұқымдас балықтарды сақтау мақсатында Президентіміз Кас­пий теңізінде бекіре тұқым­дас балықтарды коммерциялық мақ­сатта аулауға морато­рий ен­гізу туралы тапсырма берген бо­латын. Осыған байланыс­ты Қазақстан 2010 жылдан бас­тап коммерциялық мақсатта бекіре тұқымдас балықтарды аулау жұ­мыстарын жүргізбейді. Осы жерде тоқтала кетейін, 2014 жылдың 29 қыркүйегінде Ресейдің Астрахань қаласында өткізілген Каспий жағалауы мемлекеттері басшыларының IV саммиті кезінде Каспий теңізінің су-биологиялық ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану туралы келісімге қол қойылды. Онда барлық Каспий жағалауы мемлекеттерінің Каспий теңізінде бекіре тұқымдас балық­тарды аулауға мораторий енгізу тетігі қарас­тырылған. – Ал аң мен құстың, бекіре-балық түрлерінің жауы – браконьерлер еке­нін өзіңіз жақсы білесіз. Осы өткір келеңсіздіктің күрес жайы қалай? – Браконьерлікке жол бермеу, оның алдын алу мақ­са­тын­да Жайық-Каспий бас­сейнінің су айдындарында елі­міздің Ауыл шаруашылығы, Іш­кі істер министрлігі және Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшыларының бірлескен бұй­рығы негізінде өткен жылы «Бекіре-2015» деп аталатын кең ауқымды балық қорғау акциясы өткізілді. Акцияның нәтижесінде табиғат қорғау заңнамасын бұз­ғаны үшін 1048, оның ішінде өрес­кел сипаттағы – 179, балықты заңсыз тасымалдау бойынша – 84, балықты заңсыз сату бо­йынша – 12 хаттама  толтырылды.  Бар­лығы 834 адам, оның ішінде  мамандандырылған әкімшілік сотпен 106 тұлға әкімшілік жауап­кершілікке тартылды. «Бекіре-2015» акциясын жүр­гізу кезе­ңінде 144 қылмыстық іс қозғалды, оның ішінде 56 іс сот орғандарына жолданды. Ак­ция барысында табиғат қорғау заңнамасын бұзушыларға 10 миллион 503 мың теңге сомасында әкімшілік айыппұл салынып, олардан мемлекет бюджетіне 7 миллион 693 мың теңге өндірілді. Сонымен бірге, тәртіп бұзушылардан 33 тонна 176 кило балық, оның ішінде 3080 кило бекіре тұқымдас балық және 19,9 кило бекіре тұқымдас балық уылдырығы мен 186 дана жүзу, 1207 дана аулау құралы алын­­ды. – Енді екі-үш жыл сайын бір дүр­ліктіретін «киіктердің қырылу» оқи­ғасына, оның ішінде өткен жылы орын ал­ған киіктер өлімінің себеп-салдарын аттап өтуге болмас… – Біз үшін бұл расында да өте үлкен проблема болды. Бұл жөнінде көптеген сыни пікірлер айтылды. Осыған байланыс­ты мына мәліметтерді атап өтейін. 2015 жылғы 11 мамыр мен 5 мау­сым аралығында Қостанай, Ақтөбе және Ақмола облыс­тарында Бетпақдала таралы­мындағы киіктердің жаппай өлім-жітімі тіркелген болатын. Өлген 150044 киік кө­міл­ді. Ал киіктердің өлім-жі­тімге ұшы­рау себебін анықтау мақ­са­тында Ауыл шаруашылығы ми­истрлігінің 12 мамырдағы № 18-2/430 бұйрығымен жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына ғылыми ұйымдар мен мамандандырылған зертханалардың мамандары ен­гізіл­ді. Киіктердің өлім-жітімге ұшы­­рау көлемін ескере отырып, ел Премьер-Министрінің 2015 жылғы 28 мамырдағы №48-Ө өкімімен киіктердің Бет­пақдала популяциясының жаппай қырылуына байланыс­ты қалыптасқан ахуал бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін жұмыс тобы құрылды. 2015 жылғы 5 және 12 маусымда Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаевтың төрағалық етуімен жұмыс тобының отырыс­тары өткізілді. Осы отырыс­тардың қорытындылары бойынша, киіктердің өлу себебі пасте­реллез болды деген ортақ пікірге келді. Осы мәселе – ақ­бө­кендердің жаппай қырылу себептерін анықтауымен ғылыми ұйымдар мен мамандандырылған зертханалар айналысты. Биоло­гиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты дайындаған жалпы қорытынды бойынша, Қостанай, Ақтөбе және Ақмола облыстарындағы киіктердің қырылу гене­зінде геморрагикалық септицемия немесе пастереллез басым  болып, киіктердің қы­рылуына негізгі себеп болғаны және киік­тердің қырылуына әкелген құбылыстар патогенезі бойынша жүргізілген зерттеулер негізінде кенелердің белсенділігінің артуы нәтижесінде дамыған тейлериоз,  клостридиоз ағзаның резистенттігін қатты төмендететін бедерсіз немесе ілеспелі аурулар себеп  болғаны анықталды. Киіктер үшін өлім қауіпіне соқтыратын инвазиялық және бактериялық аурулар келешекте егжей-текжейлі зерттеуді қажет етеді. 2015 жылғы 19 қазанда Ауыл ша­руа­­­­­­шылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жан­уарлар дүниесі комитетінде киік­тердің өлім-жітімге ұшы­рауын анықтау бойынша жұмыс тобының қорытынды отырысы өтті. Онда Білім және ғылым министрлігіне киіктер таралымдарын сақтау жөнінде республикалық және шетелдік ғылыми ұйымдар мен сарапшылардың жұмыстарын үйлестіру жөніндегі жұмыс тобын құру, жұмыс тобы жұмысының қо­рытындысы бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігіне киіктер таралымдарын сақтау жө­нін­де ғылыми негізделген прак­тикалық ұсыныстарды беру ұсынылды. Жұмыс тобы отырысының шешімімен Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан құрылған Бетпақдала таралымы киіктерінің өлу себептерін анықтау жөніндегі жұмыс тобының қызметі аяқталды. Әрі қарай Білім және ғылым министрлігі Білім комитетінің 2015 жылғы 18 қарашадағы  бұй­рығымен киіктер таралымдарын сақтау жөнінде ғылыми негізделген практикалық ұсыныс­тарды әзірлеу бойынша өз жұмыс тобын құрды. Содан кейін Білім және ғылым министрлігі жанынан құрылған жұмыс тобы киіктер таралымдарын сақтау жөнінде ғылыми негізделген прак­тикалық ұсыныстар дайындады. Қазіргі уақытта оларды мүдделі мемлекеттік органдар, ғылыми ұйымдар және мамандандырылған зертханалар пысық­тауда. – Ерлан Нұралыұлы, ал­дағы уақытта атқарылатын жұмыстарды атап өтсеңіз? – Жоғарыда айтып өт­ке­німдей, орман шаруашылығы са­ла­сынының алдында ауқым­ды міндеттер тұр. Солардың бірі – Астана қаласының жасыл аймағын құру бойынша жұ­мыстарды жалғастыру және оның көлемін 2020 жылға қарай 100 мың гектарға жеткізу, Семей ор­­маны мемлекеттік орман та­биғи резерваты аумағында орман тұқым кешенін іске қосып, оның өндірістік  қуатын  3,87 млн. данаға арттыру және де оны іске қосу есебінен Ертістің бойын­дағы жалды қарағай ормандарын қалпына келтіру бойынша жұмыстардың көлемін жылына 8-10 мың гектарға дейін кезең-кезеңімен көбейту. Сондай-ақ, орман шаруашылығы және табиғат қорғау мекемелерінің, ішкі істер, оның ішінде төтенше жағдайлар ұйымдарының өзара іс-қимылын  нығайтып, қоғамдық ұйымдар мен жеке тұлғаларды ормандағы өрт қауіпсіздігін сақтау шараларын насихаттауға тартуды алға қойып отырмыз. Ал жануарлар дүниесі саласы бо­йынша – халықаралық табиғат қорғау ұйымдарымен ынтымақтастықты, Қазақ­станда барыс­ты, киікті, басқа да сирек кездесетін тұяқ­ты жан­уарлар түрлерін сақтау бойынша жұмыстарды жалғастыру, Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің ведомстволық  бағынысындағы бөлімшелер ҚР ІІМ Әкімшілік полициясымен және облыс әкімдіктерімен бірлесіп жануарлар дүниесін сақтау және табиғат қорғау заңнамасын бұзушылармен қарсы күрес жүргізу, республикалық «Қан­со­нар» қауымдастығымен аңшылық шаруа­шылықтарын дамыту жөніндегі бірлескен жұмысты республика көлеміне шығару, 2016 жылдың көктем және күзінде ҚР ІІМ киіктер тарал­ған аймақтағы  облыстардың жергілікті атқарушы органдарымен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, «Ел болып киікті сақ­тайық!» атты табиғат қорғау акциясын өткізу. Алда тұрған мақсат-міндетіміздің бір парасы, міне, осы болып тұр. Сондай-ақ, балық шаруашы­лығы саласында құнды балық түрлерінің жасанды өсімін молайту бойынша жұмыстарды жалғастыру, Қапшағай уылдырық ша­шу-өсіру шаруашылығын, Петропавл және Майбалық ба­лық питомниктерін, Қазақ өндірістік-жерсіндіру станциясын республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорындарын жекешелендіруге да­йындауды қамтамасыз ету. Мұнымен қоса, «Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауытын қайта жаңарту» жобасының техникалық-эконо­микалық негіздемесін түзету бойынша жұмыстарды аяқтау көзделіп отыр. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus