Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Баяндамалар ҚР Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі А.Қ. Евниевтің «ҚР Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізудің негізгі тәсілдері» ҚР Үкіметі отырысына баяндамасы

ҚР Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі А.Қ. Евниевтің «ҚР Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізудің негізгі тәсілдері» ҚР Үкіметі отырысына баяндамасы

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!
Құрметті жиналысқа қатысушылар!

• 1-слайд. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін және өңделген өнім экспортының көлемін 2,5 есеге арттыру туралы батыл міндет қойды.
Бұл міндетті орындау мүлде жаңа көзқарасты талап етеді.
• 2-слайд. Біздің елімізде ішкі нарықтағы сұраныс негізгі біз өндіретін тауарлармен (ет, дәнді және майлы дақылдар, күріш, картоп сияқты) артығымен қамтамасыз етілген. Сондықтан біз еңбек өнімділігін өсіру үшін ең алдымен экспорттық потенциалымызды анықтаумыз керек.
3-слайд. Мына слайдта көрсетілгендей ет өнімдерінің, оның ішінде сиыр еті мен қой етінің потенциалы өте жоғары. Айталық қазір жалпы ауыл шаруашылық өнімдерінің жылдық экспорты 1,4 млрд. АҚШ доллары болса, тек қана ет өнімдерін экспорттауды 2,6 млрд. долларға жеткізуге болады.
Қазақстанда ет саласын дамытудың шешуші факторлары бар, олар: жайылымдық алқаптар, суармалы егістіктер, жұмыс күші және дәстүрлі ата кәсібіміз.
Ал сұраныс жағынан алсақ, Азия мен Таяу Шығыс елдерінің (Қытай, Иран, Сауд Арабиясы, Вьетнам сияқты) өте тартымды экспорттық нарықтары бар, сиыр еті мен қозы етіне деген олардың сұранысы тұрақты түрде артып келеді. Және де біздің екі көршіміз – Ресей мен Қытай аталған өнімдерді аса ірі көлемде импорттаушылар болып табылады.
Сонымен қатар, ішкі нарықтағы бос тұрған орындар мен қосымша сұраныс позициялары айқындалды. Олар – сүт өнімдері, құс еті, жеміс және көкөністер, қант. Мұнда қосымша өнім өндіру әлеуетіміз 1 млрд. доллардан асуы мүмкін (құс еті – 180 мың тоннадан 740 мың тоннаға дейін ұлғаяды, сүт өнімдерінің өндірісі 1 млн. тоннаға дейін ұлғаяды).
4-слайд. Аталған өнімдердің өндірісі мен экспортын ұлғайту мақсатында дәл осы салаларды дамыту қажет. Осыған байланысты біз қолданыстағы бағдарламаны ет, сүт, құс шаруашылықтарын дамытуға және суармалы жерлерді кеңейту арқылы көкөніс өнімдерін арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді арнайы салалық құжаттармен толықтырдық. Сонымен қатар, қант саласын дамыту бағдарламасы әзірленетін болады. Бұл бағдарламалар жылдар бойынша есептелген, алайда оларды іске асыру шегі одан да әрі 2027 жылға дейінгі мерзімді қамтиды.
Бір ерекшілігі, бұл құжаттар агробизнестің тікелей қатысуымен әзірленді. Сондықтан әзірлеу барысында көптеген мәселелер пысықталды және шешімін тауып келе жатыр.
5-слайд. Сонымен қатар өздеріңізге белгілі, ауылдың дамуы басқа да салалардағы бірқатар мәселелерді шешумен байланысты. Ол – айталық Қаржы министрлігінің салық салу саясаты, Инвестиция және даму министрлігінің техникалық реттеу, сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, Ұлттық экономика министрлігінің экспортты қолдау, ауылдық аумақтарды дамыту сияқты мәселелері. Сондықтан біз қолданыстағы бағдарламаны салааралық шаралармен де толықтыруымыз қажет деп ойлаймыз. Осылайша, Мемлекеттік бағдарлама саланың негізгі концептуалдық мәселелерін және бір-бірімен байланысты сабақтас бағыттарды шешуді қамтиды.
6-слайд. Сондықтан біз мемлекеттік бағдарламаны ашық платформа ретінде қайта құрастырып отырмыз. Бұл платформа мемлекет тарапынан салаға ықпал жасайтын, қолдау көрсететін кұралдар мен каналдардан тұрады. Осы платформа негізінде қажеттілігіне қарай салалық және сабақтас бағдарламалар әзірленетін болады.(Қосымша түсіндіру: Салыстырмалы түрде айтатын болсақ мынау айфонның платформасы мен оның приложениелері сияқты).
Біз ұсынып отырған бағдарлама ұзақ мерзімді, күрделі және жан-жақты жоспар. Бұны іске асыру ауылға қатысы бар барлық мекемелердің ұйымдасқан іс-қимылына байланысты болады. Сондықтан біз жобалық басқару жүйесін енгізуді көздеп отырмыз. Корпоративтік ортада бұл жобалық менеджмент деп аталады. Бұл жүйе қалай жұмыс істейтінін келесі слайдтан көре аласыздар.
7-слайд. Мемлекеттік бағдарламаны басқару кеңесі құрылатын болады, оның құрамына Үкіметтің кейбір мүшелері кіреді. Басқарушы кеңеске Ұзақ мерзімді салалық және сабақтас бағдарламаларды бекіту құқығы берілетін болады. Алғаш рет Мемлекеттік бағдарламаның жобасында саяси лауазымды тұлғалардың дербес жауапкершілігін бекіту көзделген.
Сонымен қатар, Сараптамалық кеңес және Мемлекеттік бағдарламаны басқару офисі құрылмақ.
Жоба тәсілі үкіметтік құжаттарды әзірлеу және келісу кезіндегі бюрократиялық кедергілер проблемасын шешуге, қабылданған шешімдердің икемділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
8-слайд. Ал енді жаңағы аталған арнайы салалық бағдарламаларға қысқаша тоқталып өтуге рұқсат етіңіздер. Ет шаруашылығын дамыту бағдарламасының негізін отбасылық фермалар құрайды және ол ірі қара мал бордақылау алаңдарынан және ет өңдеу кешендерінен тұратын біріккен (зәкірлік) кооперация түрінде жасалады.
Алдағы он жылда ірі қара мал, қой және жылқы шаруашылығымен айланысатын 80 мыңнан астам отбасылық ферма құру, пайдаланылатын жайылымдар алаңын 58 млн. гектардан 100 млн. гектарға кеңейту, ірі қара малды 15 млн. басқа дейін, ал қой санын 30 млн. басқа дейін ұлғайту көзделіп отыр.
Жобаға қатысушылар үшін көптеген қолдау шарттары көзделетін болады, олар: жер учаскелерін бөлуде басымдық беру, фермерлік шаруашылықтарға мал басын, техника мен жабдық сатып алуға жеңілдікпен (15 жылға 4 пайызбен) несие беру, жайылымдарды суландыру үшін 80 пайыздық субсидия беру сияқты шаралар қарастырылған.
9-слайд. Екінші сүт шаруашылығы бағдарламасы да отбасылық фермалардан, өнеркәсіптік сүт-тауарлы шаруашылықтардан және заманға сай сүт зауыттарынан тұратын біріккен кооперация қағидаты бойынша жасалады. Біз отбасылық фермалардың санын 380-нен 930-ға дейін, ірі сүт-тауарлы фермалардың санын 108-ден 170-ге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Жобаға қатысушылар үшін қолдаудың жекелеген шаралары ұсынылатын болады. Нәтижесінде сүт өндірісінің көлемін 1 млн. тоннаға ұлғайту міндеті қойылып отыр.
10-слайд. Құс шаруашылығын дамыту бағдарламасы шеңберінде жаңа кәсіпорындар салу, қолданыстағы фабрикаларды жаңарту, сондай-ақ ет және жұмыртқа бағытындағы құстардың өнімділігін арттыру көзделеді.
Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде құс еті өндірісінің көлемі 4 есеге немесе 560 мың тоннаға ұлғаяды, оның ішінде 150 мың тоннасы экспортқа шығарылады; тағамдық жұмыртқа өндірісі 1,5 есеге немесе 2,5 млрд. жұмыртқаға (5 млрд. данадан 7,5 млрд. данаға дейін) ұлғаяды, оның ішінде 1,5 млрд. данасы экспортқа жіберіледі.
Мұның бәрі мал шаруашылығына қатысты.
• 11,12-слайд. Өсімдік шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыруға әсер ететін негізгі факторлар анықталды, олар – сапалы тұқымның болуы, техникалық жарақтау, нақты егіншілік, тыңайтқыштарды және өсімдіктерді қорғау құралдарын қолдану, әртараптандыру, суармалы жерлерді айналымға енгізу. Осы факторларды ескере отырып, жүйелі шаралар көзделді.
13-слайд. Техникалық жарақтандыруды арттыру – ерекше мәселе. Ол лизингтің пайызын субсидиялау және инвестициялық субсидиялау көлемдері есебінен шешілетін болады. Қазір шаруалар лизингті 16-18 пайызбен алатын болса, бұл 7-8 пайызға дейін төмендетіледі. Осының арқасында есеп бойынша кәсіпкерлердің техникаға салатын қаржысы 273 млрд.теңгеге дейін жетеді. Осы шаралардың арқасында 5 жылда техникалық жаңартудың нормативтік қарқынын жылына 6%ға жеткіземіз. Биылғы жылдан бастап, инвестициялық субсидиялау 25%-ды құрайтын болады.
14-слайд. Егін шаруашылығындагы ең үлкен резерв – суармалы егіншілікті дамытуда жатыр. Бүгінгі күні суармалы жерлер жалпы егіс алаңының бар-жоғы 7%-ын құрайды. Бірақ бүкіл өсімдік шаруашылығы бойынша өндірілетін өнімнің 40%-дан астамын береді. Бұл дегеніміз суармалы жерлерді кеңейтудің қаншалықты маңызды екенін көрсетсе керек. Биылдың өзінде біз 65 мың га суармалы жерді іске қосамыз. Жалпы мемлекеттік бағдарлама аясында суармалы жерлердің алаңын 2021 жылға дейін 1,4 миллионнан 2 млн. гектарға жеткізу көзделуде. Мұнда каналдар мен су желілерінің қызметін қамтамасыз ету механизмі де қарастырылады.
15-слайд. Агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін қаржыландырудың қолжетімділігі 8 нақты іс-шаралар есебінен шешілетін болады. Олар – пайыздық мөлшерлемені субсидиялауды қалпына келтіру; инвестициялық субсидиялауды жетілдіру; аграрлық (тауарлық және қаржылық) қолхаттарды енгізу; субсидиялардың тиімділігін арттыру; қаржы институттарын ҚазАгро арқылы қорландыру; агросақтандыруды жетілдіру; кредиттік серіктестіктер жүйесін дамыту; кепілдендіру институттарын дамыту). Мәселен, жаңа қаржы құралы – аграрлық қолхатты енгізу ұсынылады. Ауыл шаруашылыгындағы сақтандыру жүйесін түбегейлі өзгертіп, міндетті сақтандырудан еркін сақтандыруға көшу жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте бұрынғыдай сақтандыру төлемдеріне емес, сақтандыру сыйақысына (страховая премия) субсидия берілетін болады. Бұл шынайы және тиімді агросақтандыруды енгізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, кредиттік серіктестіктер жүйесін қайта қарап жаңадан жасақтау қажет деп ойлаймыз.
Оларды іске асыру үшін заңнамалық актілерге енгізілетін өзгерістер топтамасы қалыптастырылып, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде қаралуда.
Сондай-ақ, мемлекеттік қолдау тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмаларыңызға сәйкес тиімсіз субсидияларды қысқарту жоспарланып отыр. Олар барынша оңтайландырылып қана қоймай, сонымен бірге автоматтандырылатын болады.
Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді шешу үшін басты талаптардың бірі аграрлық ғылымды дамыту болып табылады. Сондықтан Мемлекеттік бағдарламаны түзету шеңберінде аграрлық ғылымды реформалау және оны басым түрде бизнес қажеттіліктеріне, әлемдегі жаңа технологияларды трансферттеуге бағдарлау жоспарланып отыр.
Мемлекеттік бағдарламаға енгізілетін өзгерістер жобасы барлық мүдделі министрліктермен, өңірлермен, «Атамекен» ҰКП-мен келісілді және үкімет сағаты барысында Парламент Мәжілісінің депутаттары тарапынан қолдау тапты.
Республикалық бюджет комиссиясының 2018 жылғы
13 маусымдағы шешімімен Мемлекеттік бағдарламаны
2019 – 2021 жылдары іске асыру үшін бекітілген бюджетке қосымша 848,6 млрд. теңге мөлшеріндегі қажеттілік мақұлданды.
Жалпы Мемлекет бағдарламаны іске асыру Елбасының агроөнеркәсіптік кешен алдына қойған міндеттеріне қол жеткізуді қамтамасыз ететін болады.
Аталған өзгерістер өңірлерде, әлеуметтік желілерде жан-жақты талқыланып, агробизнес тарапынан қолдау тапты. Мақсатымыз бен жоспарларымыз оларға түсінікті. Алайда, бізге осының барлығы қалай іске асырылады деген сұрақтар қойылуда.
Әрине, бұл міндетке дәстүрлі тәсілдермен ғана қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан да біз салалық бағдарламаларды іске асыруда жобалық тәсілдемені енгізіп отырмыз.
16-слайд. Осы соңғы слайдта, мысал ретінде, етті мал шаруашылығы бағдарламасының Ақмола облысында қалай іске асырылатындығын көрсетейін.
Өздеріңіз көріп отырғандай, әрбір бағдарлама кіші бағдарламаларға, ал әрбір кіші бағдарлама жеке жобалар мен кіші жобаларға бөлінетін болады. Яғни, бағдарламаны іске асыруды орталық деңгейден облыстың, аудан мен ауылдық округтің деңгейлеріне түсіреміз. Біз бағдарламаның барлық қатысушыларының аттарын білетін боламыз, бағдарлама жетекшісі – ол облыс немесе аудан әкімінің орынбасары, жобаның немесе кіші жоба иесі – қарапайым фермер болуы мүмкін. Біз олардың әрқайсысымен жеке жұмыс істейміз. Олардың әрқайсысы өзінің қарамағындағы бөлікке жауапты болады.
Жобалық тәсілдің бар мәні үш заттан құралады. Біріншісі – нақты, өлшенетін мақсат. Екіншісі – нақты тұлғаның жауапкершілігі. Бірақ жауапкершілікке күнделікті шағын тапсырмалар мен шаралар орындамағаны үшін емес, нақты бекітілген мақсатқа қол жеткізе алмағаны үшін тартуымыз қажет. Үшіншісі – күн сайын, таң атқаннан кеш батқанша жұмыс істеу.
Назарларыңызға рахмет!

Назарларыңызға рахмет!

Қазақстан Республикасының Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізудің негізгі тәсілдері

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus
Powered by WordPress | Designed by Tielabs
© Copyright 2012, All Rights Reserved