Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Жаңалықтар ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру механизмдерін ұсынды

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру механизмдерін ұсынды

Бүгін Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы Бірінші вице-министрi Қайрат Айтуғанов Министрлік құзыретінің аясында әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуін болдырмау үшін қолға алынып жатқан шараларды баяндады.

«Азық-түлік өнімдерінің бағасын бір қалыпта ұстап тұру заң бойынша жергілікті атқару органдарына жүктелген. Аталған шешім, 2012 жылы қабылданып, сол жылы 12,6 млрд. теңге республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке бөлінді»,- деді Қ.Айтуғанов.

Азық-түлік тауарларының нарықтағы жағдайы бойынша әрбір әкімдік тұрақтандыру қорларынан қанша мөлшерде қаражат бөлу керектігі жөнінде шешім қабылдайды.

Қыркүйек пен қараша айларының аралығында 1493 жәрмеңке ұйымдастырылып, 9,1 млрд. теңгенің көлемінде өнімдер сатылды. Ал, 2015 жылы мұндай жәрмеңкелердің саны 3500-ға жетті.

Бірінші вице-министрдің айтуы бойынша, бағаны тұрақтандыру мүмкіндіктері толыққанды жүзеге асырылмай жатыр. Мысалы, тұрақтандыру қорларына бөлінген қаржының бір бөлігі депозиттерде. Сонымен қатар, кейбір өңірлерде депозиттердің көлемі бөлінген қаражаттың жартысынан асады. Осындай жағдай тиімсіз ұйымдастырудың салдары болып табылады.

«Осы тұрғыда азық-түлік бағасын тұрақтандырудың үш механизмін ұсынып отырмыз: тұрақтандыру қорларының жұмыс тәртібін жеңілдету; мемлекеттік-жеке меншік серіктестік қағидасы бойынша әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен жеке меншік компания арасындағы құрылған кәсіпорындар арқылы тұрақтандыру қорларын басқару; сауда нысандарына талаптарды әзірлеу»,- деді Айтуғанов.

Қазіргі таңда үшінші механизм Астана қаласының әкімдігімен жүзеге асырылып жатыр.

Ары қарай, министрдің Бірінші орынбасары көтерме-тарату орталықтарының маңызы туралы айтып өтті.

«Экспорттық әлеуетті арттыру тұрғысынан бұл мәселенің маңызы зор. Сондықтан, АӨК-ті дамыту мемлекеттік жаңа бағдарламасының аясында көтерме-тарату орталықтары жүйесін жасауға ерекше назар аударылады. Олардың басты мақсаты өндіруші мен жекелеп сатушылар арасындағы жүйені оңтайландыру және ауыл шаруашылығы кооперативтерінің әлеуетін қолдану болып табылады»,- деп хабарлады Қайрат Айтуғанов.

ҚР АШМ Баспасөз қызметі
+7 (7172) 555-765
minagripress@gmail.com

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus