Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Баяндамалар ҚР Ауыл шаруашылығы Бірінші вице-министрі А. Евниевтің АӨК мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың алдын ала қорытындылары туралы баяндамасы

ҚР Ауыл шаруашылығы Бірінші вице-министрі А. Евниевтің АӨК мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың алдын ала қорытындылары туралы баяндамасы

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!
Құрметті Үкімет отырысына қатысушылар!

1-слайд. Мемлекет басшысы агроөнеркәсіптік кешен алдына еңбек өнімділігі мен өңделген өнім экспортын 5 жыл ішінде кемінде 2,5 есеге ұлғайту міндетін қойған болатын.
Қойылған міндеттерді ескере отырып, Үкімет ағымдағы жылғы шілде айында Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын өзектендіріп, қайта бекітті.
2-слайд. Мемлекеттік бағдарламаны басқару алғаш рет жобалық тәсілдемені қолдана отырып, пилоттық режимде жүзеге асырылуда.
Бұл үшін жобаларға жедел бақылау мен нақты мониторинг жүргізіп отыратын толыққанды жобалық офис құрылды.
3-слайд. Мемлекеттік бағдарлама жобалық басқару стандарттарына сәйкес 10 салалық, 14 өңірлік бағдарламаға декомпозицияланды. Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытды көздейтін 10 аралас бағдарламаны әзірлеу үшін басқа мемлекеттік органдармен байланыс орнатылды (оның ішінде – «Ауыл – ел бесігі»). Оларды Сіздер слайдтан көре аласыздар.
4-слайд. Әрбір бағдарлама агробизнес өкілдері мен облыс әкімдіктерінің тікелей қатысуымен, Премьер-Министр орынбасарының басшылығымен әзірленді және іске асырылуда. Бағдарламалардың презентациясы мен оларды іске асыру барысы туралы кеңестер «Facebook» әлеуметтік желісінің тікелей эфирінде көрсетілді.
Әрбір салалық және өңірлік бағдарламада 10 жылға арналған нақты индикативтер мен іс-шаралар көзделген, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шаралары мен олардың тиісті көлемі және қаржыландыру көздері айқындалған.
Олардың кейбірі туралы қысқаша баяндауға рұқсат етіңіздер.
5-слайд. Салалық бағдарламалар.
Ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығынан бастап шағын және орта шаруа қожалықтарына негізделетін етті мал шаруашылығын дамыту бойынша ұзақ мерзімді салалық бағдарлама іске асырыла бастады. Оны іске асыру үшін біз арнайы жеңілдетілген «Сыбаға» кредиттік өнімін іске қостық. Және оны екінші жартыжылдықтан бастап іске асыра бастағанымызға қарамастан, осы жылғы жоспар асыра орындалды. Бүгінгі күні 600-ден астам фермер кредит алды.
Фермерлік шаруашылықтардың ірі қара мал сатып алу бойынша жылдық жоспары 50,0 мың басты құрайды. 11 айда 67 мыңнан астам басқа өтінім қабылданды, 55 мың басқа арналған кредит мақұлданып, берілді.
Аналық табынды тұқымдық түрлендіру жоспары 1,0 млн. басты құрайды. Бүгінгі күннің өзінде тұқымдық түрлендіруге шамамен 977 мың аналық бас немесе 98% қатысуда.
6-слайд. Ағымдағы жылғы 11 (он бір) айдың нәтижесі бойынша сиыр етін экспорттау көлемі 14,5 мың тоннаны құрады. Экспортталған сиыр етінің жартысына жуығы (45,2%) Түркістан облысына тиесілі. Және біз жыл соңына дейін сиыр етінің экспорты бойынша жоспардағы 15 мың тоннаны асыра орындаймыз деп сеніммен айта аламыз.
7-слайд. Сүт бағдарламасы сүт өндіру көлемін 10 жылда 1 млн. тоннаға арттыруды көздейді. Мақсатқа жетудің индикативтік көрсеткіштері айқындалды. 2027 жылға дейін қуаттылығы 400 басқа дейін жететін жаңа 527 отбасылық тауарлық сүт фермасын, қуаттылығы 400 басқа дейін жететін 19 өндірістік тауарлық сүт фермасын ашу жоспарлануда.
Ағымдағы жылдың өзінде 15 тауарлық сүт фермасы іске қосылды. Оның 10-ы – жалпы қауттылығы 7400 басты құрайтын өндірістік, 5-еуі – отбасылық. Жылдың аяғына дейін жалпы қуаттылығы 4500 басты құрайтын қосымша 10 ферманы іске қосу жоспарлануда. Осы мемлекеттік қолдау көлемдерінің арқасында Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде ұйымдасқан шаруашылықтарда сүт өндіру көлемі 10 айда 1,3 млн.тоннаны құрады. Салыстыру үшін айтсақ, 2015 жылы ұйымдасқан шаруашылықтар 900 мың тонна өндірген.
Ұйымдасқан шаруашылықтар бізге сүттің негізгі бөлігін беретінін айта кету керек. Мысалы, осы шаруашылықтар 2017 жылмен салыстырғанда 10 айдың ішінде 7,8 пайызға көп сүт өндірді. Бұл өңдеуге келіп түскен нақты есептелген сүт.
Бұл ретте, жеке қосалқы шаруашылықтар осы кезең ішінде небәрі 1,9 пайызға ғана артық сүт өндірді.
8-слайд. Құс шаруашылығы бағдарламасы шеңберінде құс етін өндіру деңгейін алдағы 10 жылда 3 есеге (200 мың тоннадан 700 мың тоннаға дейін) ұлғайтып, импортты алмастыруымыз керек. Ағымдағы жылы жылдық қуаты 60 мың тоннаны құрайтын «Макинка құс фабрикасы» іске қосылды. Бұл осы кезеңдегі ең ауқымды жоба.
9-слайд. Өсімдік шаруашылығындағы ең үлкен резерв суармалы жерлерді дамытуда. Мемлекеттік бағдарлама аясында 2021 жылға дейін 610 мың гектар жерді, оның ішінде ағымдағы жылы 65 мың гектар жерді айналымға тарту көзделіп отыр, бүгінгі күннің өзінде 41,9 млн. гектар (оның ішінде Алматы облысы бойынша – 11,6 мың га, Ақтөбе облысы бойынша – 5,2 мың га, Жамбыл облысы бойынша – 17,4 мың га, Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 2,7 мың га) суармалы жер айналымға енгізілді. Қалған жерлер жыл соңына дейін енгізілетін болады.
Аталған міндетті орындау мақсатында Ислам Даму Банкімен (ИДБ) және Еуропа Қайта Құру және Даму Банкімен (ЕҚҚДБ) бірлесіп, 100 млрд. теңгеден астам сомаға 128 мың гектар (Алматы облысында – 35,4 мың га, Ақтөбе облысында – 16,0 мың га, Жамбыл – 51,0 мың га, Түркістан облысында – 25,7 мың га) жердің гидромелиорациялық жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан басқа суармалы жерлерді дамыту жөніндегі салалық бағдарлама шеңберінде тағы да 1,5 млн. гектар жаңа суармалы жерлерді айналымға тартып, суармалы жерлер аумағын 3,5 млн. гектарға дейін жеткізу көзделіп отыр. Осылайша, жалпы егіс егілетін алаң аумағындағы суармалы жерлердің үлесі 16%-ды құрап, жалпы өнім көлемі 2,4 трлн. теңге деңгейінде болады. Суарылатын егіншілік – тек көкөніс пен жеміс ғана емес, бұл мал шаруашылығы үшін кепілді азық көзі.
10-слайд. Қарқынды бақ шаруашылығын дамыту бағдарламасы шеңберінде 10 жыл ішінде 47 мың гектар алаңға қарқынды бақ отырғызу және импортты алмастыру міндетін қойып отырмыз. Бұдан басқа, жеміс сақтау қоймаларын салу, вирусы жоқ көшеттер өндіру питомниктері мен зертханаларын құру, өнім өңдеу қуаттарын жете жүктеу сияқты аралас бағыттарды да дамытатын боламыз.
Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстары қарқынды бақтар орналасатын негізгі өңірлер болып табылады. Ағымдағы жылы қарқынды бақ шаруашылығын дамыту бағдарламасын іске асыру шеңберінде 862 гектар қарқынды бақ отырғызу жүзеге асырылды, оның ішінде Алматы облысында 162 гектар, Жамбыл облысында 200 гектар, Түркістан облысында 500 гектар бақ отырғызылды.
Осындай ұқсас жұмыстар басқа да салалық бағдарламалар бойынша жүргізілді.
11-слайд. Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, ағымдағы жылы Сіз Министрліктің алдына Үкіметтің 2018 жылға жұмыс жоспарының шеңберінде «жылдам жеңістер» деп аталатын бірқатар жүйелі міндеттер қойдыңыз.
Олар Агроөнеркәсіптік кешенді қажетті ресурстармен қамтамасыз етуге бағытталған болатын.
Олардың орындалуы туралы қысқаша баяндауға рұқсат етіңіз.
Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің қаржыландыруға қолжетімділігін арттыру үшін 8 нақты шара көзделген, оларды іске асыру осы мәселеге қатысты жағдайды түбегейлі өзгертуге мүмкіндік береді.
1. Ағымдағы жылы негізгі құралдарға арналған кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникалары мен жануарларының лизингі қалпына келтірілді. Бұл биылғы жылдың 10 айында 50 млрд. теңгеден астам сомаға 2752 бірлік техниканы лизингке алуға мүмкіндік берді. Өткен жылмен салыстыратын болсақ, өткен жылы 40,2 млрд. теңгеге (20%-ға төмен) 2400 техника берілді. Бағдарлама ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында іске асырыла бастағанын ескерсек, бұл жақсы нәтиже. Жалпы 2018 жылы лизинг бағдарламасына 60 млрд. теңгеге дейін қаржы бағыттау жоспарланып отыр.
2. Инвестициялық субсидиялау бойынша тәсілдемелер өзгертілді. Енді инвестициялық салымдарды өтеу үлесі барлық паспорттар бойынша 25 пайыз болып белгіленді. Тек жайылымдарды суландыру инфрақұрылымын құру жобалары бойынша өтеу пайызы 80 пайыз деңгейінде сақталатын болады.
Бұл жаңа инвестициялық жобаларға бастама жасауға серпін берді. Егер, өткен жылы ҚазАгро желісі бойынша 45,1 млрд. теңгеге (жобаның орташа құны – 1,13 млрд. теңге) 40 ірі инвестициялық жоба мақұлданса, ал ағымдағы жылдың басынан бері құны 104,5 млрд. теңгеге (жобаның орташа құны – 1,38 млрд. теңге) 76 жоба мақұлданды
3. Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру шеңберінде тиімсіз субсидиялар қысқартылуда, мұндай субсидияларға өсімдік шаруашылығындағы гектарлық субсидиялар, мал шаруашылығындағы өнімділікті субсидиялау жатқызылады. Реформалау қорытындысы бойынша 54 субсидия түрінен 34 субсидия қалады.
Қалғандары барынша оңтайландырылып, жыл соңына дейін толықтай автоматтандырылатын болады. Бұл өтінімдерді қарастыру мерзімін орташа есеппен 2,5 есеге (18 күннен 7 күнге дейін) қысқартып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендететін болады. Ағымдағы жылы алғаш рет минералдық тыңайтқыштарға субсидия беру процесі толық автоматтандырылды.
4. Сондай-ақ, қаржы институттарын ҚазАгро арқылы аграрлық секторды қаржыландыруға тарту жұмысы жүргізілуде. Аталған бағыт бойынша (кредиттік серіктестіктерді, микроқаржы ұйымдарын, екінші деңгейдегі банктерді және лизингтік компанияларды қорландыру арқылы) екі жыл ішінде кредит беру көлемі 21%-дан 37%-ға дейін артты. Ағымдағы жылдың басынан бері Холдинг 75,3 млрд. теңгеге қаржылық институттарды қорландырды.
5. Кредиттер бойынша кепілдендіру жүйесі жетілдірілуде, аталық 2019 жылдан бастап кредит сомасының 30%-на дейінгі кепілдікті даму үшін кепілмен қамтамасыз ету жетіспей тұрған шағын және орта бизнес ала алатын болады. Бұл үшін тиісті қағидалар қабылданды.
6. Бұдан басқа, ауыл шаруашылығындағы сақтандыру жүйесін және кредиттік серіктестіктерді жетілдіру жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ жаңа қаржы құралы – аграрлық қолхат енгізілуде.
Бұл үшін заңнамалық актілерге енгізілетін өзгерістер пакеті әзірленіп, қазіргі таңда Парламент Мәжілісінде қаралуда.
12-слайд. Ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру мақсатында ғылым, білім және білім таратуды дамыту үшін ағымдағы жылы Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының жүйесінде құрылымдық өзгерістер жүргізілді.
Агроөнеркәсіптік кешенде инновацияларды неғұрлым табысты пайдаланып отырған елдердің тәжірибесі негізге алынды. Бұл АҚШ және Бразилия, онда қолданбалы ғылымға ғалымдарды мақсатты дайындауға баса назар аударылады. Қолданыстағы 23 ғылыми зерттеу институтын қайта құру нәтижесінде 12-сі қалды, ауыл шаруашылығы тәжірибе станцияларының саны 19-ға артты, сондай-ақ 14 өңірлік агроорталық құрылуда.
Ағымдағы жылы бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру 4,2 млрд. теңгеден 7,6 млрд. теңгеге 1,8 есе ұлғайды. Бұдан басқа, осы жылдан бастап алғаш рет бизнес-қауымдастықтар алдағы үш жылға арналған ғылыми-зерттеу тақырыптарын қаржыландыру туралы шешім қабылдауға қатысты. Келесі кезеңде бірлесіп қаржыландыруды субсидиялау есебінен нарықтың зерттеулерге деген қажеттілігі қалыптастырылатын болады.
Ғылыми ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңартуға 4,1 млрд. теңге бөлінді.
А.И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы, «Заречное» тәжірибе шаруашылығы және Қаскелең тәжірибе шаруашылығы базаларында 3 эксперименталдық-технологиялық «нақты егіншілік» платформасы құрылды. Олардың жалпы алаңы 14,6 мың гектар. Бұл сынақ алаңдарында ауыл шаруашылығы дақылдарының түсімі өңірлік көрсеткіштерден 2-2,5 есеге артық болды, ал рентабелділігі 30%-дан 70%-ға дейін ұлғайды. Сынақ алаңдарында 1318 ауыл шаруашылығы маманы оқудан өтті.
Аграрлық білім берудің сапасын жақсарту мақсатында 3 аграрлық жоғары оқу орнында Назарбаев университетінің үлгісімен әлемдік озық жоғары оқу орындарының стандарттары енгізілетін болады. Оның ішінде шетелдік жоғары оқу орындарының франшизасы тартылады.
Қазақ ұлттық аграрлық университеті әлемдегі аграрлық университеттер арасында № 1 оқу орны саналатын нидерландтық Wageningen университетімен, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті әлемдік рейтингте № 2 орын алатын америкалық U.C. Davis университетімен, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті Қытайдағы Чжэцзян университетімен жұмыс істеуді бастады.
Жыл сайын франшиза бағдарламасы бойынша әлемдік Университеттерде халықаралық стандарттарға сәйкес және еңбек нарығында сұранысқа ие 100 студент дайындалатын болады.
Білім таратудың жаңа жүйесі агропарктер мен өңірлік орталықтар жүйесіне сүйенетін болады, олар жергілікті жерлерде аграрлық сүйемелдеуді, өңірдің фермерлері үшін қажетті технологияларды беруді және олардың сақталуын жүзеге асырады. Өңірлік орталықтардың базасында нақты білім мен қажетті технологиялық шешімдерді беру үшін ғылыми-зерттеу институттары мен жоғарғы оқу орындарының ғылыми патенциалы пайдаланылатын болады. Сонымен қатар, технологияларды таратумен айналысатын компаниялардың жеке бастамалары да қолдау табатын болады.
13-слайд. Өткізу нарығының қолжетімділігін және экспортты дамыту үшін ішкі нарықты қорғау және сыртқы нарықтарды кеңейту шаралары қабылдануда.
Қазір көптеген ауыл шаруашылығы тауарлары (балық өнімі, асыл тұқымды жылқылар, мұздатылған қой еті, бал, бидай, бидай кебегі, соя бұршағы, сойылатын жылқылар, рапс күнжарасы, сиыр еті, жоңышқа, ұн, өсімдік майы, арпа, жүгері) үшін Қытай нарығы ашық.
Осы шаралардың арқасында 9 айдың қорытындысы бойынша Қытай еліне ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 42%-ға ұлғайды.
Иран тарапымен тірі қойды, тоңазытылған әрі салқындатылған қой етін, сиыр етін, тағамдық жұмыртқаны жеткізуге арналған ветеринариялық талаптар келісілді. Ал биыл тірі ірі қара малға қойылатын талаптарды келісу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ ірі қара мал мен ұсақ малды Сауд Арабиясына және Біріккен Араб Әмірліктеріне, ет пен ет өнімдерін, тауық жұмыртқасын Біріккен Араб Әмірліктеріне жеткізуге қойылған шектеулер алып тасталды.
Қазақстандық 171 кәсіпорын ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға құқық беретін шетелдік елдер Тізіліміне (Еуразиялық экономикалық одақ тізілімінен басқа) енгізілді. Мысалы, 153 кәсіпорын түрлі агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін Қытайға экспорттау құқығына ие болды, 17 балық өңдеуші кәсіпорын Еуроодаққа балық өнімдерін экспорттауға рұқсат алды.
Халықаралық эпизоотиялық бюроға (ХЭБ) вакцина салынбайтын аусылдан таза 9 облыстың аумағын 5 аймаққа бөлу туралы досье берілді, бұл халықаралық сауданы жеңілдетуге мүмкіндік бермек.
Сондай-ақ, шошқалардың классикалық обасынан таза ел мәртебесін алу бойынша және шошқалардың африкалық обасы мен құстардың жоғары патогенді тұмауы бойынша таза ел мәртебесін алу үшін өзін-өзі декларациялау бойынша досье берілген болатын.
Нодулярлы дерматит бойынша халықаралық сарапшылардың оң қорытындысы алынды, Күресу стратегиясы әзірленіп, оны Халықаралық эпизоотиялық бюро мақұлдады, Қазақстан аумағын аймаққа бөлу жүргізілді.
Аусылмен күресу стратегиясы түзетіліп, толықтырылды.
Қазақстандық агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін жеткізу мүмкіндігі туралы Израилдің, Кувейттің, Малайзияның, Жапонияның, Оңтүстік Кореяның, Еуропалық одақ елдерінің ветеринариялық және фитосанитариялық қызметтерімен келіссөздер жүргізу жоспарлануда.
Нәтижесінде, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 9 айда 28%-ға, оның ішінде өнделген өнімдер экспорты 10%-ға ұлғайды.
14-слайд. Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру бағдарламасы шеңберінде нақты егіншіліктің негізгі элементі болып табылатын танаптардың электрондық карталары жасалуда, 24 млн. гектарға немесе жалпы егіс алаңының 100%-ына, сондай-ақ 24,6 млн. га жайылымға немесе жалпы жайылымдар көлемінің 34,8%-ына цифрландыру жүргізілді. Жыл соңына дейін жайылым танаптарын цифрландыруды толығымен аяқтау жоспарланып отыр.
Субсидиялау процесін автоматтандыру бойынша 15 субсидия түрінен 3 субсидия (тыңайтқыштар, гербицидтер, гектарлық) толық автоматтандырылып, іске қосылды.
Электрондық астық қолхаттарында блокчейн технологиясы іске қосылды, ол 5 млн. тонна астық көлеміндегі астық қолхаттары бойынша операциялардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Көктемгі егіс және егін жинауға арналған дизель отынын электрондық форматта тарату үшін Павлодар облысының әкімдігімен бірлесе отырып онлайн-өтінім беру, электрондық шарт жасасу және отынды тиеп-жөнелту жөніндегі пилоттық жоба жүзеге асырылуда. 3,8 млрд теңге сомасына 20,316 тонна дизель отынын тиеп-жөнелтуге 881 электрондық өтініш жасалды.
Өңірлік бағдарламалар.
Өңірлер үшін салалық бағдарламалардың шаралары мен индикативтері өңірлік бағдарламаларға каскадталды. Бүгінгі күні барлық облыстар өз бағдарламаларын әзірлеп, қорғап шықты.
Ақмола облысының мысалында басқару механизмі әзірленді және пилоттық режимде қолданысқа енгізілді, ол аптасына кемінде бір рет әр жоба бойынша жеке-жеке мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл Астана қаласынының азық-түлік белдеуіне кіретін 92 жобаның проблемалық мәселелеріне мониторинг жүргізуге және олар бойынша жедел шешім қабылдауға мүмкіндік берді.
Жалпы бүгінгі күні Мемлекеттік бағдарлама жобаларының алдын ала тізілімінде 4402 жоба бар.
15-слайд. Өңірлерде Мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуына мониторинг жүзгізу мақсатында биыл бұрын мониторинг жүргізілген 103 индикатордың орнына 30 индикатор бойынша өңірлердің рейтингі әзірленді, ол облыстардың басшыларын еңбек өнімділігін жақсару шараларын қабылдауға ынталандыратын болады.
Аталған рейтингті біз ай сайын жүргізіп, өңірлермен өткізілетін селекторлық кеңестерде қараймыз. Бұл облыстардың мамандануын ескере отырып, агроөнеркәсіптік кешеннің даму деңгейі бойынша оларды саралауға мүмкіндік береді.
Мен солардың кейбіріне ғана тоқталғым келіп отыр.
16-слайд. Мемлекеттік бағдарламаның мақсаты ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру болып табылады. Бұл индикатор барлық өңірлерге декомпозицияланды.
6 айдың қорытындысын қарасақ осы көрсеткіш бойынша Ақтөбе, Қарағанды және Қостанай облыстарында 30%-дан асатын жақсы өсім бар.
17-слайд. Жалпы, республика бойынша 10 айда ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестициялар өсімі 18,4%-ды, тамақ өнімдері өндірісіне салынған инвестициялар өсімі 33,7%-ды құрады.
Өсімдік шаруашылығында егіс алқаптарын әртараптандыру жалғасуда. Әртараптандырудың көшбасшысы Солтүстік Қазақстан облысы болып табылады, онда диқандар бидайды одан да рентабельді майлы және бұршақты дақылдар секілді дақылдарға ауыстыру жұмысын белсенді жүргізуде.
Майлы дақылдардың егіс алаңы 2018 жылы Солтүстік Қазақстан облысында 976,1 мың гектарды құрады, бұл Қостанай (429,8 мың га) мен Ақмола облыстарын (279,3 мың га) бірге алғандағы көрсеткіштен 37%-ға көп.
18-слайд. Нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысы
1 гектар ауыл шаруашылығы алабына шаққанда өсімдік шаруашылығы өнімінің жалпы қосылған құны көрсеткіші бойынша рейтингте Түркістан облысынан кейінгі көшбасшы позициялардың біріне ие болды.
Мал шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру үшін ұйымдасқан шаруашылықтардағы ірі қара мал басын арттыру және оларды тұқымдық түрлендіруге қатыстыру ең басты факторлардың бірі болып табылады.
Мал шаруашылығы саласында жүргізілген жүйелі шаралардың арқасында ұйымдасқан шаруашылықтардағы ірі қара мал басының үлесі жыл сайын ұлғаюда және бүгінгі күні жалпы мал басының 43,8%-ын құрайды. Салыстыру үшін айтатын болсақ, бұл көрсеткіш 2011 жылы 23,3%ды құраған болатын.
Рейтингтің бұл көрсеткіші бойынша көшбасшылар – Батыс Қазақстан (64,7%), Қарағанды (54,4%) және Шығыс Қазақстан (50,5%) облыстары.
Бұл айтылғандар – бағдарламалар бойынша қысқаша мәліметтер.
Мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға арналған бағдарламалардың жылдық нысаналы индикаторларына қол жеткізбегені үшін дербес жауапкершілік жүктеу мақсатында Премьер-Министрдің орынбасары Ө.Е. Шөкеевтің бұйрығы қабылданды. Ол мақсаттарға қол жеткізу деңгейіне қарай Мемлекеттік бағдарламаның индикаторларын орындамағаны үшін саяси лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігін көздейді.
Бақытжан Әбдірұлы, жергілікті жерлерде саяси лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін белгілеу мақсатында облыс әкімдеріне өңірлерде де осыған ұқсас жұмыс жүргізуді тапсыруыңызды сұраймыз.
2018 жыл Мемлекеттік бағдарлама үшін алғышарт жылы болды, бүгінгі күні жобалық тәсілдемені қолдана отырып, оны іске асыруға қажетті инфрақұрылым жасалды және жобалық офис алаңында агробизнестің, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен байланыс орнатылды, индикаторларға қол жеткізбегені үшін дербес жауапкершілік бекітілді.
19-слайд. Жалпы Мемлекеттік бағдарламаның іс-шаралар жоспарында 2018 жылы 20 іс-шара орындау, 8 индикатор мен 41 нәтижелер көрсеткішіне қол жеткізу көзделген болатын.
11 айдың қорытындысы бойынша 8 іс-шара орындалды, 12 іс-шара орындалу үстінде, жыл соңына дейін олар да орындалатын болады.
Индикаторлар мен көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша нақты мәндер 2019 жылдың наурыз айында белгілі болады.
Міне, Мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың 2018 жылғы нәтижелері осындай.
Назарларыңызға рахмет!

О ходе реализации государственной программы развития агропромышленного комплекса Республики Казахстан

ҚР АШМ баспасөз қызметі
+7 (7172) 555-765
minagripress@gmail.com

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus
Powered by WordPress | Designed by Tielabs
© Copyright 2012, All Rights Reserved