Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Жаңалықтар ҚР АШМ ауыл шаруашылығы саласының тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері мен алда жоспарланған шаралар тізбесін жариялады

ҚР АШМ ауыл шаруашылығы саласының тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері мен алда жоспарланған шаралар тізбесін жариялады

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің даму көрсеткіштері мен ауыл шаруашылығы саласының тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері және Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы бойынша брифинг болып өтті.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Стратегиялық жоспарлау және талдау департаменті директорының орынбасары Ә.А. Рамазанова арнайы баяндама жасап, 90-шы жылдардың соңында агроқұрылымдардың қаржылық жағдайын жақсарту мақсатында қаржылық реабилитация және санация жүргізу туралы теңдесіз шешім қабылданғанын атап өтті. Яғни, дер кезінде қолға алынған осы шаралардың арқасында несиелік қарыз 67,2 млрд теңгеге азайып, 55%-ға қысқартылды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын өндірушілер үшін салық төлеу кезінде жеңілдіктердің болуы және бюджеттік қарызды кейін төлеуге рұқсат етілу мәселелері ерекше қарастырылды.

Бірінші он жылдықтың саяси және экономикалық нәтижелері жекеменшіктің мемлекеттіктен жеке қолға өтуі және нарықтық экономиканың құқықтық негіздерінің қалыптасуынан көрінді. Ауылдарда нақты меншік иесі пайда болып, менталитет өзгеріп, нарықтық ұстанымдарға негізделген жаңа өндірістік қарым-қатынас орнады. Мемлекеттік ұжымшар және кеңшарлық өндіру жүйесі жаз мезгіліне қарай тоқтатылды. Бұл ауыл шаруашылығының жаңаша дамуына және өндірістің қарқынды өсуіне негіз болды. Екінші онжылдық бәсекеге қабілетті өндіріс саласының экономикалық дамуымен сипатталады.
«Жалпы алғанда, ауыл шаруашылығының өндіріс көлемі 2015 жылы 3,3 трлн. теңгені құрады. Бұл 2001 жылмен салыстырғанда 6 есеге артты. Әлемнің 70-тен аса еліне жыл сайын 5-8 млн. тонна астықты нарыққа шығарып, Қазақстан астық өндіру бойынша ірі мемлекетке айналды. Жыл сайын 2,5 млн. тоннаға дейін ұнды экспортқа шығарып, соңғы жылдары әлем бойынша көшбасшы орындардың бірін иемдендік», – деді Ә. Рамазанова.

Сондай-ақ, ол ауыл шаруашылығы саласында әр кезеңнің ерешелігіне қарай шешімдер қабылданып отыратынын, тиісінше, қазіргі таңда әлемдік тәжірибеде оң нәтижелер көрсетіп отырған әмбебап тетіктерді іске қосу үшін агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының қабылданғалы отырғанын және де оның бұған дейінгі салалық бағдарламалардың заңды жалғасы екендігін жеткізді.

Оның айтуынша, аталған мемлекеттік бағдарламаның басты мақсаты – нарыққа қажетті бәсекеге қабілетті АӨК өнімдерінің өндірісін қамтамасыз ету болмақшы. Атап айтқанда, әзірленіп жатқан мемлекеттік бағдарламаның негізгі міндеттері мал шаруашылығының тиімділігін 58%-ға, ал өсімдік шаруашылығының тиімділігін 40%-ға арттыру, тауарлы өндіріске 670 мың ұсақ өндірушіні тарту және өнімдерді өткізу мен өңдеудің пәрменді жүйесін құру үшін ауқымды ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамыту, АШТӨ-ні барынша қамти отырып, мемлекеттік қолдаудың тиімділігін және қолжетімділігін қамтамасыз ету, мақсатқа бағытталған экспорттық саясатты іске асыру және органикалық өнімнің қазақстандық брендін жылжыту, 600 мың га астам суармалы жерді айналымға тарту, АӨК-ні мемлекеттік реттеуді жетілдіру сынды тармақтарды қамтиды.

«Бағдарламаны мемлекеттік форматқа қайта бекіту шеңберінде субсидиялау жүйесіне бірқатар түзетулер енгізу жоспарланған, бұл қазіргіден де жоғары деңгейде мемлекеттік қолдау алушыларды кеңінен қамтуға, осылайша, оның тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Төлеутай Рахимбеков.

Жалпы, өсімдік шаруашылығы саласында ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру бойынша жұмыс жалғастырылады. Айталық, бидай алқаптарының бір бөлігі аса сұранысқа ие дақылдармен (майлы дақылдар, арпа, жемдік жүгері, қант қызылшасы, азықтық дақылдар) алмастырылады. Ауыл шаруашылығы өнімінің өнімділігін жоғарылату мақсатында жоғары сапалы тұқымдарды қолдану және тыңайтқыштарды енгізу үшін мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Мал шаруашылығы саласында мал азығымен қамтамасыз етуді жолға қою қажет. Осыған орай, елдік азықтық теңгерім әзірленіп, енгізілетін болады, азықтық дақылдардың алаңдары ұлғайтылады, құрама жемдерді өндіру және тұтыну ынталандырылады, сондай-ақ, жайылымдарды пайдаланудың тиімділігін жоғарылату бойынша жұмыс жүргізіледі. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау көрсету арқылы асыл тұқымды жануарлардың үлесін жоғарылату бойынша шаралар қабылданады.

Ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету және суармалы жерлердің алаңдарын ұлғайту бойынша шаралардан басқа, қосымша электрондық форматта жер ресурстарының жай-күйі туралы мәліметтер қалыптастырылады. Бұдан басқа, АӨК-ні инфрақұрымдылық қамтамасыз ету үшін өнімді өткізу бойынша ауылдық кооперативтер құруды ынталандыру, ауыл тұрғындарына несие беру және оларға сервистік қызмет көрсету, сондай-ақ, қаржылық құралдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар іске асырылады.

Сонымен қатар, АӨК субъектілерінің техникалық жарақтандырылуын арттыру үшін алыс шетелден қымбат техника мен жабдықтарды сатып алу үлесін төмендету бойынша шаралар қабылданады және де агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеуді жетілдіру шеңберінде ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар іске асырылатын болады.
Айта кетейік, ағымдағы жылғы 9 қыркүйекте Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет Басшысы Үкіметке жылдың соңына дейін Су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағдарламасымен біріктіру арқылы Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын. Бүгінгі таңда аталған тапсырманы орындау аясында бағдарлама жобасын қоғамдық талқылаудан өткізу, сарапшы қауымдастықтан ұсыныстар жинау жұмыстары жүргізілуде.

ҚР АШМ Баспасөз қызметі
+7 (7172) 555-765
minagripress@gmail.com

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus