Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Мемлекеттік бағдарламасының ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ Баспасөз хабарламасы ҚР АШМ агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыруда

ҚР АШМ агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыруда

(Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жобасына қоғамдық тыңдау)

Бүгін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінде Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңесінің агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жобасына қоғамдық тыңдау өткізілді. Отырысқа Қоғамдық кеңес мүшелері мен Қоғамдық кеңес комиссиясының төрағасы мен тұрақты мүшелері, Министрліктің аумақтық бөлімшелерінің өкілдері мен «ҚазАгро» Холдингісінің еншілес ұйымдары, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының қызметкерлері, ауыл шаруашылығы өндірушілері, республикалық және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты. Сондай-ақ, қоғамдық тыңдауға бейнеконференциялық байланыс арқылы 700 адам қатысты.

Қоғамдық тыңдауды аша отырып, Қоғамдық кеңес төрағасы М.В. Трошихин ағымдағы жылғы 9 қыркүйекте Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет Басшысының Үкіметке жылдың аяғына дейін Су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағдарламасымен біріктіру арқылы Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді тапсырғанын атап өтті.

Өз кезегінде, Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қ.Қ. Айтуғанов арнайы баяндама жасап, жаңа мемлекеттік бағдарламаның басты мақсатының нарыққа қажетті бәсекеге қабілетті АӨК өнімдерінің өндірісін қамтамасыз ету екенін хабарлады.

Әзірленіп жатқан Мемлекеттік бағдарламаның негізгі міндеттері: мал шаруашылығының тиімділігін 58%-ға және өсімдік шаруашылығының тиімділігін 40%-ға арттыру, тауарлы өндіріске 670 мың ұсақ өндірушіні тарту және өнімдерді өткізу мен өңдеудің пәрменді жүйесін құру үшін ауқымды ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамыту, АШТӨ-ні барынша қамти отырып, мемлекеттік қолдаудың тиімділігін және қолжетімділігін қамтамасыз ету, мақсатқа бағытталған экспорттық саясатты іске асыру және органикалық өнімнің қазақстандық брендін жылжыту, 600 мың га астам суармалы жерді айналымға тарту, АӨК-ні мемлекеттік реттеуді жетілдіру болады.

Сонымен қатар, бағдарламаны мемлекеттік форматқа қайта бекіту шеңберінде субсидиялау жүйесіне бірқатар түзетулер енгізу жоспарланған, бұл қазіргіден де көп мемлекеттік қолдау алушыларды қамтуға, осылайша оның тиімділігін жоғарылатуға мүмкіндік береді.

Жалпы, өсімдік шаруашылығы саласында ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру бойынша жұмыс жалғастырылады. Атап айтқанда, бидай алқаптарының бір бөлігі аса сұранысқа ие дақылдармен (майлы дақылдар, арпа, жемдік жүгері, қант қызылшасы, азықтық дақылдар) алмастырылатын болады. Ауыл шаруашылығы өнімінің өнімділігін жоғарылату мақсатында жоғары сапалы тұқымдарды қолдану және тыңайтқыштарды енгізу үшін мемлекеттік қолдау көрсетілетін болады.

Мал шаруашылығы саласында мал азығымен қамтамасыз етуді жолға қою қажет. Осыған орай, елдік азықтық теңгерім әзірленіп, енгізілетін болады, азықтық дақылдардың алаңдары ұлғайтылады; құрама жемдерді өндіру және тұтыну ынталандырылады, сондай-ақ жайылымдарды пайдаланудың тиімділігін жоғарылату бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау көрсету арқылы асыл тұқымды жануарлардың үлесін жоғарылату бойынша шаралар қабылданатын болады.

Ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету және суармалы жерлердің алаңдарын ұлғайту  бойынша шаралардан басқа, қосымша электрондық форматта жер ресурстарының жай-күйі туралы мәліметтер қалыптастырылады.

Бұдан басқа, АӨК-ні инфрақұрымдылық қамтамасыз ету үшін өнімді өткізу бойынша ауылдық кооперативтер құруды ынталандыру, ауыл тұрғындарына несие беру және оларға сервистік қызмет көрсету, сондай-ақ қаржылық құралдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар іске асырылатын болады.

Сонымен қатар, АӨК субъектілерінің техникалық жарақтандырылуын арттыру үшін алыс шетелден қымбат техника мен жабдықтарды сатып алу үлесін төмендету бойынша шаралар қабылданады.
Сондай-ақ, агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеуді жетілдіру шеңберінде ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар іске асырылатын болады.

Қоғамдық тыңдау барысында ортаға салынған ұсыныстар жобаны жетілдіру барысында пайдаланылады.

Айта кетейік, а.ж. 7 қарашада Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінде Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қ.Қ. Айтуғанов БАҚ өкілдері алдында Қазақстан Республикасында АӨК-ні дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасымен таныстырды.

Сонымен қатар, бүгін сағат 15.00-де «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында бизнес қауымдастықтың қатысуымен 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын талқылауға арналған Комитеттер отырысы өтті. Отырыс бейнеконференциялық байланыс арқылы Палатаның өңірлік бөлімшелерінде трансляцияланды. Сонымен қатар, facebook желісінде онлайн-режимде «Атамекен. Агродиалог в Казахстане» тобында көрсетілді. Яғни, аталған жиынға кез келген азамат қатысып, көкейінде жүрген сауалдарын қойып, бағдарлама әзірлеушілеріне ұсыныстар берді.

 

ҚР АШМ баспасөз қызметі
+7 7172 555 765
minagripress@gmail.com

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus