Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Бейне Қолайсыз ауа райы егіске қолбайлау болды

Қолайсыз ауа райы егіске қолбайлау болды


Жаз шығып, жер шаруашылығы қызған тұста көптеген диқан егінді әлі күнге дейін егіп үлгермей жатыр. Еліміздің солтүстік, орталық және батыс аймақтарында апталап құйған нөсерден жер тым ылғалданып, бидай себу үдерісі бәсеңдеп кеткен. Тығырықтан тек қажетті техникамен қамданып, қолайсыз күн райына дайын болған шаруа қожалықтары шыға алды. Дер кезінде қамданбай дегбірі қашқан диқандардың барлығы қазір алқап басында жүр. Егіс науқанын кешіктірген сайын, астықсыз қалу қаупі үдей түсуде. Александр Гейгерге қарасты бригадалар екі ауысыммен еңбек етіп, күні-түні тер төгіп жатыр. 20 мың гектарға жуық жерді таяу күнде игереміз деген шаруашылық басшысы толассыз жаңбырдан апталап көз ашпадық дейді. Александр Гейгер, шаруа қожалығының басшысы: – Қазір 4-5 күнге кешігіп жатырмыз. Алқапта 60-қа жуық егінші 16 агрегаттың көмегімен тұқым себуде. Заманауи техникамыз болғанда мұндай қиындықтар туындамас еді. Әдетте көктемгі науқан 14 мамырдан маусым айының басына дейін жалғасады. Мемлекеттің жерін жалға алып, нәпақасын жеңіл жолмен табуды әдетке айналдырғандар субсидия да алмайды, тиімді лизингтік ұсыныстардан да ат-тонын ала қашады. Мұндай кәсіпкерлердің саудасы бітер күн алыс емес дейді ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары. Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары: – Кезінде жалға алғаннан кейін, ол жерде жұмыс істемейтін болса, мұның бәрі қайтадан Үкіметтің меншігіне алынады. Одан әрі қарай жақсы жұмыс істейтін қожалықтарға берілетін болады. Эрвин Шварц, ауылшаруашылығы кәсіпорнының құрылтайшысы: – Заманауи техника мен шаруашылықтың ұйымдасқан жұмысының арқасында егіс науқанын өткен аптада аяқтап тастадық. Қазір сүдігерді өңдеуге кірістік. Биыл ел бойынша 21,5 млн гектар алқапқа ауылшаруашылық дақылдары егілуі тиіс. Ілкімді істі ілгері бастыру үшін мемлекет түрлі жеңілдіктер ұсынып отыр. Әйтсе де, қолда бар мүмкіндікті пайдаланып жатқандар шамалы. Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары: – Лизинг алған кезде, пайыздық бағасы 14 болатын болса, оның 7 пайызы Үкімет жағынан төленеді. Енді екі есе азайып отыр. Күн райының қолайсыздығынан жұмыс қарқыны айтарлықтай бәсеңдегенімен, диқандардың басым бөлігі алдағы 2-3 күнде егіс науқанын аяқтайтындарына сенімді. «Егінжай» лизингтік бағдарламасы аясында қол жеткізілген техникалар межеленген уақытта дала жұмыстарын орындауға мүмкіндік берді дейді олар. Ал мемлекеттің ұсынған көмекті ескермей, ескі әдіспен егін егіп жатқан шаруалар бидай себу кезінде бір титықтап, кейін егін оруға да кешеуілдеп кірісетін сыңайлы. Авторлары: Рымбек Қабиден, Есбол Мұратұлы

Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/o-am/item/68442-u-boldy

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus