Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Жаңалықтар Отандық ауыл шаруашылығы мамандары Қытай еліне арнайы сапармен келді

Отандық ауыл шаруашылығы мамандары Қытай еліне арнайы сапармен келді



Бүгін Қазақстан Республикасының агротехникалық университеттерінің жетекшілері мен ауыл шаруашылығы мамандары Қытай Халық Республикасына арнайы сапармен келді.

Арнайы топты «Жазкен Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты» ЖШС бас директоры А.Сағитов бастап барды. Оның құрамында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан Аграрлық-Технологиялық Университеті ректоры Н.Серғалиев, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Аграрлық техника және технология кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты, профессор С.Бекбосынов, «Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-ның биотехнологиялар лабороториясының меңгерушісі Ж.Тоқбергенова, С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Н.Серікпаев, С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің халықаралық қатынастар және көп тілді оқытуды дамыту орталығының директоры С.Мейрамова, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінен Д.Жақыпова және т.б. мүдделі отандық ұйымдардың өкілдері бар.

Сапар мақсаты – екі елдің сала мамандарының тәжірибе алмасып, өзара араласуына жағдай жасау және ауыл шаруашылығы саласындағы соңғы ғылыми-техникалық жаңалықтармен бөлісу.

«Біздің еліміздің ауыл шаруашылығы мамандарына мұндай сапарлардың пайдасы зор. Осындай екі жақты қарым-қатынастардың арқасында кәсіби біліктілігіміз жоғарылай түседі. Қазіргі таңда қытайлық әріптестеріміздің жаңа технологияларымен танысудың сәті түсіп отыр. Алдағы уақытта олардың ең озықтарын өз елімізде енгізетін боламыз. Екі жақ та бұдан ұтылмайды деген ойдамын. Кезіндегі Жібек жолының да миссиясы осы міндетінен көрінетін. Біз бірлесіп, сол тарихи сабақтастықты қайта қалпына келтіре аламыз», – деп атап өтті «Жазкен Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты» ЖШС бас директоры А.Сағитов.

Алғашқы нысан Қытай Халық Республикасы Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының Бірінші мамыр мемлекеттік ауыл шаруашылығы көрсетілім аймағын аралаумен басталды. Атап айтқанда, арнайы топ осы аймақта өсімдік шаруашылығымен айналысып жатқан кәсіпкерлердің жылыжайларының техникалық жетістіктерімен танысты.

Сондай жылыжайда құлпынай мен гүлдің сирек кездесетін және жоғары бағаланатын түрлерін өсіріп жатқан жас бағбан Хуило Хо қазақстандықтарды өз бау-бақшасынан дәм татуға шақыра отырып, будандастыру арқылы алынған жаңа өсімдіктердің ерекшеліктерін әңгімеледі. Оның ішінде, 1 данасының бағасы 2 мыңнан 6 мың АҚШ доллары тұратын гүл түрін Қазақтанда өсіруге ұсыныс жасады.

Бұдан кейін Қытай тарапы қазақстандықтарды аталған аймақтың тағы бір маңызды орталығы – Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусының (ШӨҚК) «Чжун икайе» бау-бақша компаниясы нысандарын тамашалатты. Мұнда топ көкеністерді жылыжайда суғару, жылы ұстау, араларды пайдалану арқылы тозаңдандыру тәртіптері мен өсімдіктердің дұрыс өсуін қадағалайтын құрал-жабдықтардың жұмысымен және де кең ауқымда қалаларды ағаш екпелерімен қамтамасыз етуге қабылетті тікпе көшеттер алқаптарының күтіліп-бапталу ерекшеліктерімен танысты.

Бұл орайда, ШӨҚК сыртқы істер басқармасының басшысы Ван Юйкэ қыс мезгілі мен күннің суықтығына қарамастан шекара асып келген әріптестеріне ризашылығын жеткізді және Қазақстан мен Қытай нарығы әлеуетінің бір-бірінің қажеттіліктерін өтеуге толықтай жететінін айтты.

«Қытай елшілігі Үрімшіге табан тіреулеріңізге барынша күш салды. Бұл біздің еліміздің Қазақстанға айрықша мән беретінін кезекті рет көрсетіп отыр. Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы үшін де бұл аса маңызды оқиға. Қытай халқында «Жақын көрші, алыстағы туысқаныңнан жақсы» деген мақал бар. Ендеше, Қытай еліне жасап отырған сапарларыңыз жемісті болады деп білемін. Өз кезегінде, осы сапар аясында ауыл шаруашылығы бағытында, оның ішінде, ғылым мен техника тармақтарындағы ынтымақтастығымыз арта түседі деген сенімдемін», – деді ол.

Сонымен қатар, аталған топ ауыл шаруашылығы өнімдерін сату жөніндегі «Цзю Дин» корпорациясы мен «Син-Тянь-Бин-Ху» технопаркіне экскурсия жасады.
Айта кетейік, арнайы топ а.ж. 23 қарашадан 2 желтоқсан аралығында ҚХР аумағындағы ауыл шаруашылығының ең басты өндірістік кешендерін аралайтын болады. Сондай-ақ, Шэньси провинциясының Ауыл және орман шаруашылықтары солтүстік-батыс университеті, Хэ-нань првинциясының Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы мен аграрлық университеті және ТМД елдерімен ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Гуандунь Одағында жергілікті сарапшылармен пікір алмасу жоспарлануда.

ҚР АШМ Баспасөз қызметі
+7 (7172) 555-765
minagripress@gmail.com

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus