Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Мақта өңдеу ұйымын уақытша басқаруды жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Мақта өңдеу ұйымын уақытша басқаруды жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Источник: ИС ПАРАГРАФ, 16.10.2012 17:05:12

 

Мақта өңдеу ұйымын уақытша басқаруды жүргізу қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 9 маусымдағы № 772 Қаулысы

 

«Мақта саласын дамыту туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңының 6-бабының 4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. Қоса беріліп отырған Мақта өңдеу ұйымын уақытша басқаруды жүргізу қағидалары бекітілсін.

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

 

 

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

 

К. Мәсімов

 

Қазақстан Республикасы

Үкіметінің

2012 жылғы 9 маусымдағы

№ 772 қаулысымен

бекітілген

Мақта өңдеу ұйымын уақытша басқаруды жүзеге асыру

қағидалары

1. Жалпы ережелер

 

1. Осы Мақта өңдеу ұйымын уақытша басқаруды жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Мақта саласын дамыту туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленген және мақта өңдеу ұйымын уақытша басқаруды жүзеге асыру тәртібін анықтайды.

2. Осы Қағидадаларда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:

1) мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру қоры – мақта өңдеу ұйымдарының өздері берген мақта қолхаттары бойынша міндеттемелерін орындамауынан мақта қолхаттарын ұстаушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында өз қызметін жүзеге асыратын заңды тұлға;

2) мақта қолхатын ұстаушы – мақта өңдеу ұйымына шитті мақтаны сақтауға және (немесе) бастапқы өңдеуге; мақта талшығын және мақта тұқымын сақтауға өткізген мақта иесі; мақта қолхатында индоссамент жасалған жағдайда – индоссат;

3) мақта өңдеу ұйымы – меншік құқығында мақта тазалау зауыты бар, мақта қолхаттарын бере отырып қойма қызметі бойынша қызметтер көрсететін заңды тұлға;

4) мақта өңдеу ұйымын уақытша басқару (бұдан әрі – уақытша басқару) – мақта өңдеу ұйымының мақта қолхаттары бойынша өз міндеттемелерін орындау қабілетін қалпына келтіруге бағытталған әкімшілік, заңдылық, қаржылық, ұйымдастыру-техникалық және басқа іс-шаралар мен рәсімдер кешенін еріксіз жүргізу;

5) уақытша әкімшілік – мақта қолхаттарын ұстаушылардың, уәкілетті органның, мақта өңдеу ұйымының, мақта өңдеу ұйымы қатысушы болып табылатын мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру қорының өкілдерін қамтитын, уақытша басқарудың қолданылуы кезеңіңде мақта өңдеу ұйымын басқаруды жүзеге асыратын алқалық орган;

6) уақытша басқару жөніндегі комиссия – құрамына мақта саласын дамыту саласындағы уәкілетті орган ведомсвосының аумақтық бөлімшесінің және облыстың жергілікті атқарушы органының өкілдерін қамтитын, мақта өңдеу ұйымын уақытша басқаруды жүзеге асыратын алқалық орган.

3. Уақытша басқаруды уақытша басқару жөніндегі комиссия мен уақытша әкімшілік мақта өңдеу ұйымының қаражаты есебінен жүзеге асырады.

4. Уақытша басқару алты айдан аспайтын мерзімге енгізіледі.

2. Уақытша басқаруды жүргізудің негіздері мен шарттары

5. Уақытша басқару мынадай негіздердің кемінде біреуі болған жағдайда енгізіледі:

1) мақта қолхатын ұстаушының алғашқы талабы бойынша мақта беруден бас тартудан көрінген мақта қолхаттарын бере отырып қойма қызметі бойынша қызмет көрсету жөніндегі шарттық міндеттемелердің жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік алты ай ішінде екі және одан да көп рет) тиісінше орындалмауы;

2) мақта қолхаттарымен қамтамасыз етілген мақта мөлшерінің сақтаудағы мақтаның нақты мөлшерінен артық болуы факті анықталуы.

6. Уақытша басқару облыстық жергілікті атқарушы органның ұсынысы немесе тексеріс жүргізу кестесі немесе мақта беруден бас тартудың екі және одан да көп фактілері бойынша мақта қолхаттарын ұстаушылардың ресми өтініштері (шағымдары) негізінде мақта саласын дамыту саласындағы уәкілетті орган мақта өңдеу ұйымының қызметіне инспекциялау (тексеру) жүргізген жағдайда енгізіледі, кеінен анықталған бұзушылықтар туралы акт жасалады.

3. Уақытша басқаруды жүргізу тәртібi

 

7. Облыстық жергілікті атқарушы орган уәкілетті органға мақта өңдеу ұйымын тексеру актісімен қоса, құрамында уақытша басқаруды енгізуге негіздер туралы қорытынды мен уақытша басқару жөніндегі комиссия құрамына енгізуге арналған кандидатуралар бар уақытша басқаруды енгізу туралы ұсыныс жолдайды.

8. Уәкілетті орган ұсыныс түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде уақытша басқаруды енгізу туралы шешім қабылдайды, онда:

1) мақта өңдеу ұйымының атауы және орналасқан жері;

2) уақытша басқаруды енгізу негізі;

3) уақытша басқару қолданысының басталуы мен мерзімі;

4) мақтаны беруді тоқтата тұрумен қоса, мақта өңдеу ұйымының қызметін шектеулер тізбесі;

5) уақытша басқару жөніндегі комиссияның дербес құрамы;

6) мақта өңдеу ұйымының басшы қызметкерлеріне:

жұмыс туралы есеп дайындау және оны уақытша әкімшілікке ұсыну туралы;

мақта өңдеу ұйымы берген мақта қолхаттарын белгілі ұстаушыларды уақытша басқаруды енгізу туралы міндетті түрде хабардар ету туралы нұсқама қамтылады.

9. Уақытша басқару жөніндегі комиссия уақытша басқаруды енгізу туралы шешім қабылданған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей:

1) уақытша басқару жөніндегі комиссия төрағасының кандидатурасын анықтайды және оны уәкілетті органға бекітуге жолдайды;

2) мақта өңдеу ұйымына қызмет көрсететін банктің атына мақта өңдеу ұйымының шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы жазбаша хабарлама жібереді.

10. Уәкілетті орган уақытша басқаруды енгізу туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде мақта өңдеу ұйымының қаражаты есебінен республикалық мерзімді баспа басылымдарында мемлекеттік және орыс тілдерінде:

1) уақытша басқаруды енгізу туралы шешімді;

2) мақта қолхаттарын ұстаушылардың мақта қолхаттарын ұстаушылардың жиналысына қатысуы құқығы туралы хабарлама жариялайды.

11. Уақытша басқару жөніндегі комиссия уақытша басқаруды енгізу туралы шешім жарияланған сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде уақытша әкімшілік құрамына өкілдер сайлау үшін мақта қолхаттарын ұстаушылардың жиналысын өткізуді ұйымдастырады және уақытша әкімшіліктің құрамын бекітеді.

12. Мақта өңдеу ұйымының басқарушы қызметкерлері уақытша әкімшілікке қабылдау-беру актісі бойынша мақта өңдеу ұйымының мөрлерін, мөртабандарын, бланктерін, құндылықтарын, үй-жайларының, сейфтерінің кілттерін және барлық қажетті құжаттарын тапсырады.

13. Уақытша әкімшілік бірінші кезектегі тәртіппен:

1) мақта өңдеу ұйымының қаржылық жай-күйіне талдау жүргізеді;

2) мақта өңдеу ұйымының мүлкіне және оның міндеттемелеріне түгендеу, сондай-ақ сақталудағы мақтаға түгендеу жүргізеді;

3) мақта өңдеу ұйымының мақта қолхаттарын ұстаушылар алдындағы берешегін қоса алғанда, кредиторлық берешегін айқындайды;

4) сотқа талап-арыздар дайындау мен ұсынуды қоса алғанда, мерзімі өткен дебиторлық берешекті өндіріп алу жөнінде шаралар қабылдайды;

5) мақта өңдеу ұйымының басқару құрылымын және штат санын айқындайды;

6) мақта қолхаттарына қол қоюға уәкілетті адамдардың тегі, аты, әкесінің аты (олар бар болған жағдайда) бар карточканы, олардың қолтаңбаларының үлгілерін уәкілетті органға табыс етеді;

7) банкте банк операциялары бойынша операциялар жасау үшін құжаттарға қол қою құқығы бар лауазымды адамдардың қойылған қолдарының үлгілері бар жаңа карточканы қызмет көрсететін банкке табыс етеді (бұл ретте уақытша әкімшілік тағайындалғанға дейін табыс етілген карточка жойылуға тиіс);

8) уақытша басқару жөніндегі комиссияға мақта өңдеу ұйымының нақты жай-күйі туралы ақпарат береді және осы мақта өңдеу ұйымының шаруашылық қызметін жақсарту жөнінде ұсыныстар енгізеді.

14. Уақытша әкімшіліктің мақта өңдеу ұйымының мүлкін мүлікті кепілге беруді, мүліктік жалдауды қоса алғанда, иеліктен шығару жөнінде шешімдер қабылдауға құқығы жоқ.

15. Уақытша басқару жөніндегі комиссия уақытша әкімшіліктің қызмет нәтижелері туралы есебін бекітеді және уақытша әкімшіліктің қызметін бақылауды жүзеге асырады.

4. Уақытша басқару жөніндегі комиссия мен уақытша әкімшіліктің жұмыс тәртібi

16. Уақытша басқару жөніндегі комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ болуға және үш адамнан кем болмауға тиіс.

17. Уақытша басқару жөніндегі комиссия өз мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі болған жағдайда шешім қабылдауға құқылы.

18. Уақытша басқару жөніндегі комиссияның отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі.

19. Уақытша басқару жөніндегі комиссияның шешімдері көпшілік дауыспен қабылданады, хаттамамен ресімделеді, оған уақытша басқару жөніндегі комиссияның төрағасы, мүшелері, хатшысы қол қояды және уақытша әкімшіліктің орындауы үшін міндетті болып табылады.

20. Шешімдер қабылдау кезінде уақытша әкімшілік мүшелерінің дауыстары:

1) мақта қолхаттарын ұстаушылар – жиырма бес пайыз;

2) мақта өңдеу ұйымы – жиырма бес пайыз;

3) уәкілетті орган – жиырма бес пайыз;

4) мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру қоры – жиырма бес пайыз болып бөлінеді.

5. Уақытша басқаруды тоқтату тәртібi

21. Уақытша басқару:

1) уәкілетті органның шешімімен белгіленген уақытша басқару мерзімінің аяқталуы бойынша;

2) уәкілетті орган уақытша басқаруды мерзімінен бұрын аяқтау туралы шешім қабылдаған жағдайда;

3) соттың заңды күшіне енген шешімі бойынша тоқтатылады.

22. Уақытша басқару:

1) мақта өңдеу ұйымы берілген мақта қолхаттары бойынша өз міндеттемелерін орындау қабілеттілігін қалпына келтірген;

2) басқа да мақта қолхаттарын ұстаушылардың талаптарын тиісінше орындауға ықпал ететін жағдайлар болмау шартымен уақытша басқару кезеңінде мақта қолхаттарын ұстаушылардың барлық мәлім етілген талаптарын толық көлемде қанағаттандырған жағдайларда мерзімінен бұрын тоқтатылады.

23. Уақытша басқаруды мерзімінен бұрын аяқтау үшін негіздер болған жағдайда уақытша әкімшілік тиісті акт жасайды, соның негізінде уақытша басқару жөніндегі комиссия уәкілетті органға уақытша басқаруды мерзімінен бұрын аяқтау туралы ұсыныс енгізеді. Уәкілетті орган бес жұмыс күні ішінде уақытша басқаруды мерзімінен бұрын аяқтау туралы шешім қабылдайды.

24. Уақытша басқаруды енгізуге әкелген себептердің жойылуына байланысты оны тоқтату (оның ішінде мерзімнен бұрын) мақта өңдеу ұйымына қатысты барлық шектеулерді жоюға әкеп соғады.

25. Егер уақытша басқару мақта қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға әкеп соқтырмаған жағдайда, уәкілетті орган:

1) тиісті облыстың жергілікті атқарушы органына мақта қолхаттарын бере отырып қойма қызметі бойынша қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығына арналған лицензиядан айыру туралы ұсыныс енгізеді;

2) мақта өңдеу ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы сотқа талап-арыз беруге бастама жасайды.

Пікір қалдыруға болмайды

Система Orphus