Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Жаңалықтар Оңтүстікқазақстандық бағбан экзотикалық жеміс-жидектер өсіруді қолға алды

Оңтүстікқазақстандық бағбан экзотикалық жеміс-жидектер өсіруді қолға алды

Қалауын тапсаң, қар жанады.

Ал бабын тапсаң, кез келген экзотикалық жемісті өз жерімізде де өсіруге болады. Оңтүстікқазақстандық бағбан Танабай Шынтасов бұған өз тәжірибесі арқылы көз жеткізген. Бүгінде ол анар, киви, лимон, банан сынды бізге таңсық жемістерді өсіріп, өнімін алып отыр. Сарыағашта өскен экзотикалық жеміс-жидектердің сапасы сырттан әкелінгендерден еш кем емес.

Ешқандай да ертегі емес, мына жемістер Сарыағаш ауданындағы тәлімбақта жайқалып өсіп тұр. Қалауын тапсаң, анардың да бабын табуға болады екен.

Сапаркүл Елемісова, тәлімбақ қызметкері:

– Бұл анарларды өсірудің сыры көп. Мәселен, көктемде ашып, дайындап, суарып, арамшөптерін жұлып баптаймыз.

Танабай Шынтасов әр түп көшетті балапандай мәпелейді. Жеңсік жемісті өз жерімізде өсіріп, дәмін салыстырып көру оның ұзақ жылғы арманы еді. Осы мақсатта көптеген ғалыммен кеңесті, көп ізденді.

Танабай Шынтасов, тәлімбақ басшысы:

– Қазақстандағы анардың 99 пайызы шетелден келеді. Өзімізде өскен жемістің дәмі мен пайдалылығы шетелдік өнімнен әлдеқайда мол.

Жергілікті өнімдерді тұтынушылар келісін 300 теңгеден тәлімбақтан өздері келіп алып кетеді. Ал көшеттеріне қызығушылық аз дейді бағбан. Көбісі сыры белгісіз өсімдікті өсіруден тайсақтайды. Бапты көп қажет ететін жемістің бірі – банан. Бірақ оны өсіруден бас тартпақ емес. Киви де ерекше күтімді керек етеді. «Негізінен жүзім мен алма өсіреміз. Экзотикалық жеміс-жидектер жүректің қалауы, тәжірибе үшін», – дейді Танабай Шынтасов.
Бағбан сәтсіздіктен сабақ алды. Енді ол жаңғақ ағаштарын егуді үйреніп жатыр. Таяуда тәлімбақ тағы бір жаңа өсімдікпен толықпақ.

Танабай Шынтасов, тәлімбақ басшысы:

– Өсімдіктер мен бау 20-30 пайызға жететін болса, еліміз көркейіп, бір керемет болар еді деп ойлаймын. Себебі оның тек қана жемісі емес, оның ағашының ауа тазалығына көп септігін тигізетінін бәріміз білеміз. Сондықтан еліміз осындай жемістермен, осындай ағаштармен оранып жатса деген арман бар.

Дерек көзі:http://24.kz/kz/zha-aly-tar/otandy-nimdi-satyp-al/item/145912-o-t-stik-aza-standy-ba-ban-ekzotikaly-zhemis-zhidekter-sirudi-ol-a-aldy


ҚР АШМ Баспасөз қызметі
+7 (7172) 555-765
minagripress@gmail.com

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus