Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет ҚР селолық тұтыну кооперациясы туралы Заңы

ҚР селолық тұтыну кооперациясы туралы Заңы

Источник: ИС ПАРАГРАФ, 23.05.2013 13:17:17

 

Қазақстан Республикасындағы селолық тұтыну кооперациясы туралы
Қазақстан Республикасының 1999 ж. 21 шілдедегі № 450-I Заңы

1-тарау. Жалпы ережелер

1-бап. Селолық тұтыну кооперациясы туралы заңдар

Қазақстан Республикасының селолық тұтыну кооперациясы туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына, Азаматтық кодекске негізделеді және осы Заң мен өзге де нормативтік құқықтық актілерден тұрады.

2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

селолық тұтыну кооперативі – азаматтардың және (немесе) заңды тұлғалардың өз мүшелерінің мүліктік (пайлық) жарналарын біріктіру арқылы материалдық және өзге де қажеттерiн қанағаттандыру үшiн жүзеге асырылатын мүшелiк негiздегi ерiктi бiрлестiгi;

кооперативтiк учаске – пайшылардың белгiлi бiр саны бiрiккен және аумақтық немесе селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысы белгiлейтiн өзге де белгi бойынша құрылуы мүмкiн учаске;

селолық тұтыну кооперативiнiң уәкiлi – кооперативтiк учаске пайшыларының жиналысында сайланған және мәселелердi селолық тұтыну кооперативi уәкiлдерiнiң жалпы жиналысында шешуге өкiлеттiк берiлген пайшы;

жалпы жиналыс (уәкiлдер жиналысы) – селолық тұтыну кооперативiнiң жоғары басқару органы;

селолық тұтыну кооперативтерiнiң қауымдастығы (одағы) – селолық тұтыну кооперативтерiнiң өздерiнiң жалпы мүліктік және өзге де құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету, қызметiн үйлестiру мемлекеттік органдарда, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мен халықаралық ұйымдарда өз мүдделерiн бiлдiру, сондай-ақ өз мүшелерiне құқықтық, ақпараттық және өзге де қызметтер көрсету үшiн селолық тұтыну кооперативтерінің жалпы жиналыстары шешiмдерiнiң негiзіндегі ерiктi бiрлестiгi;

селолық тұтыну кооперациясының жүйесi – селолық тұтыну кооперативтерi мен олардың қауымдастықтары (одақтары);

пайшы – мүлiктiк (пайлық) жарна енгiзген және жарғыда көзделген тәртiппен селолық тұтыну кооперативiне мүшелiкке қабылданған азамат (заңды тұлға);

мүлiктiк (пайлық) жарна – селолық тұтыну кооперативiнiң пай қорына пайшының қосатын жарнасы;

пай қоры – селолық тұтыну кооперативiн құру немесе оған кiру кезiнде пайшылар қосатын мүлiктiк (пайлық) жарналардан тұратын және селолық тұтыну кооперативiнiң мүлкiн қалыптастыру көздерiнiң бiрi болып табылатын қор;

резервтiк қор – төтенше жағдайлардың салдарынан келтiрiлген залалдарды жабуға арналған қор, оны қалыптастыру мен пайдалану тәртібі селолық тұтыну кооперативiнiң немесе қауымдастығының (одағының) жарғысымен белгiленедi;

бөлiнбейтiн қор – селолық тұтыну кооперативiнiң таза табысының бiр бөлiгi есебiнен құрылған қор, оны қалыптастыру мен пайдалану тәртібі селолық тұтыну кооперативі жарғысымен белгiленедi;

селолық тұтыну кооперативтерi қауымдастығы (одағы) мүшелерiнiң өкiлдерi – осы селолық тұтыну кооперативi кiретiн қауымдастық (одақ) мүшелерi өкiлдерiнiң жалпы жиналысының жұмысына қатысу үшін жалпы жиналыста селолық тұтыну кооперативтерiнiң атынан сайланған уәкiлеттi адамдар.

3-бап. Селолық тұтыну кооперативтерi мен олардың қауымдастықтарын (одақтарын) құрудың және олардың қызметiнiң негiзгi принциптерi

Селолық тұтыну кооперативтерi мен олардың қауымдастықтары (одақтары) мына принциптердiң негiзiнде жұмыс iстейдi:

мүшелiкке кiру мен одан шығудың ерiктiлiгi;

мүлiктiк (пайлық) және мүшелiк жарнаны төлеудiң мiндеттiлiгi;

басқарудың демократиялылығы;

өзара көмек және село халқының мүдделерiн қорғау;

кооператив, қауымдастық (одақ) қызметi туралы ақпаратты оның барлық мүшелерiнiң пайдалана алуы.

4-бап. Селолық тұтыну кооперативi

1. Мүшелiк негiзде мүшелерiнiң (пайшыларының) материалдық және өзге де қажеттерiн қанағаттандыру үшiн өз мүшелерiнiң мүлiктiк (пайлық) жарналарын бiрiктiру жолымен жүзеге асырылатын азаматтардың ерiктi бiрлестiгi селолық тұтыну кооперативi деп танылады.

Заңды тұлға да селолық тұтыну кооперативiне мүше бола алады.

2. Селолық тұтыну кооперативтерi коммерциялық емес ұйымдар болып табылады және кәсiпкерлiк қызметпен өздерiнiң жарғылық мақсаттарына сәйкес келетiндей дәрежеде ғана айналыса алады.

3. Селолық тұтыну кооперативтерi сауда, дайындау, өткізу, өңдеу, қызмет көрсету, жабдықтау қызметiн және заңдарда тыйым салынбаған өзге де қызметтi жүзеге асыру үшiн мүлiктiк (пайлық) жарналар есебiнен құрылады.

4. Селолық тұтыну кооперативтерi өз мүшелерiнiң ғана емес, сонымен бiрге селолық жерлерде тұратын басқа да азаматтардың материалдық және өзге де қажеттерiн қанағаттандыру үшiн құрылуы мүмкiн.

5. Егер құрылтай құжаттарында селолық тұтыну кооперативiнiң белгiлi бiр мерзiмге немесе белгiлi бiр мақсатқа жету үшiн құрылатыны көзделмесе, ол белгiсiз мерзiмге құрылған болып есептеледi.

5-бап. Селолық тұтыну кооперативiнiң атауы

Селолық тұтыну кооперативiнiң атауы болады, онда кооперативтiң атауы, сондай-ақ “селолық тұтыну кооперативi” деген сөздер болуға тиiс. Кооператив осындай атаумен мемлекеттік тiркелуге тиiс.

Кооператив атаудың қысқартылған нысанын да пайдалануға құқылы.

6-бап. Селолық тұтыну кооперативiнiң орналасқан жерi мен мекенжайы

1. Селолық тұтыну кооперативiнiң тұрақты жұмыс iстейтiн атқарушы органының орналасқан жерi оның орналасқан жерi болып танылады.

2. Селолық тұтыну кооперативi орналасқан жерiн ауыстырған кезде қажеттi өзгерiстерді Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгiзу үшiн селолық тұтыну кооперативінiң нақты мекенжайы бойынша заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыратын органға бұл жөнінде хабарлауға мiндеттi.

 

7-бап. Селолық тұтыну кооперативiнiң құқық қабiлетi

1. Селолық тұтыну кооперативi заңды тұлға болып табылады және оның мыналарға:

пайшылардың қажеттерiн қанағаттандыруға бағытталған қызметпен айналысуға;

өзi құрылған мақсаттарға қол жеткізуге қызмет ететiндiктен, кәсіпкерлiк қызметпен шұғылдануға;

Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген және кооперативтiң жарғысында көзделген тәртiп бойынша өзiнің филиалдары мен өкiлдiктерi болуына;

пайшылардан қосымша пайлар және басқа азаматтар мен заңды тұлғалардан заемдық қаражат тартуға;

Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сыртқы экономикалық қызметтi жүзеге асыруға;

тұтыну кооперативiнiң құқықтарын бұзатын мемлекеттік органдардың актілеріне, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының актілеріне, олардың лауазымды адамдарының iс-әрекеттерiне сот тәртібімен шағым жасауға;

заңды тұлғалардың селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысында көзделген мақсаттарға қол жеткізу үшiн қажеттi өзге де құқықтарын жүзеге асыруға өкiлеттiгi бар.

2. Селолық тұтыну кооперативi тiзбесi заң актілерімен айқындалатын қызметтiң жекелеген түрлерiмен лицензия негiзiнде ғана айналыса алады.

8-бап. Селолық тұтыну кооперативiнiң филиалдары мен өкiлдiктерi

1. Селолық тұтыну кооперативi өзiнiң орналасқан жерiнен тыс жерде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес филиалдарын құруға және өкiлдiктерiн ашуға құқылы.

2. Кооператив өзiн мемлекеттік тiркеудi жүзеге асыратын органға өз филиалдарын құрғаны және өкiлдiктерiн ашқаны туралы, сондай-ақ олардың орналасқан жерi туралы хабарлауға мiндеттi.

3. Селолық тұтыну кооперативiнiң филиалдарын құру және өкiлдiктерiн ашу туралы шешiмдердi, егер кооператив жарғысында осындай шешiмдердi жалпы жиналыс (уәкiлдер жиналысы) қабылдайтыны көзделмесе, кооперативтiң атқарушы органы қабылдайды.

9-бап. Мемлекет және селолық тұтыну кооперациясының жүйесi

1. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдар мен жергілiктi өзiн-өзi басқару органдарының селолық тұтыну кооперативтерiнің, олардың қауымдастықтарының (одақтарының) шаруашылық, қаржы және өзге де қызметiне араласуға құқығы жоқ. Селолық тұтыну кооперативтерi мен олардың қауымдастықтары (одақтары) өздерiнiң экономикалық және әлеуметтiк даму бағдарламаларын дербес әзiрлейдi.

2. Селолық тұтыну кооперативтерiнiң, олардың қауымдастықтарының (одақтарының) құқықтарын бұзатын мемлекеттік органдардың актілері немесе жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының актілері Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жарамсыз деп танылуы мүмкін.

3. Мемлекеттік органдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының және олардың лауазымды адамдарының заңсыз iс-әрекеттерi салдарынан селолық тұтыну кооперативтерiне, олардың қауымдастықтарына (одақтарына) келтiрiлген залалдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен өтеледi.

2-тарау. Селолық тұтыну кооперативін құру

10-бап. Селолық тұтыну кооперативiн құру тәртібі

1. Селолық тұтыну кооперативiн құру құрылтай жиналысын өткізуден басталып, селолық тұтыну кооперативiн заңды тұлға ретiнде мемлекеттік тiркеумен аяқталады.

2. Азаматтар селолық тұтыну кооперативiнiң құрылтай жиналысын өткізудi және оның қарауына енгiзiлетiн құжаттардың жобаларын әзiрлеу жөнiнде ынталы топтар құруы мүмкiн.

3. Селолық тұтыну кооперативiн бiрнеше елдi мекендердiң азаматтары құратын жағдайларда және (немесе) өзге жағдайларда селолық тұтыну кооперативiнiң мүшелiгiне кiрудi қалаушылар сайлайтын уәкiлдердiң құрылтай жиналысы селолық тұтыну кооперативiнің құрылтай жиналысын әзiрлеу мен өткізу жөніндегі ынталы топтар белгiлеген тәртiп пен нормалар бойынша өткiзiлуi мүмкiн.

11-бап. Селолық тұтыну кооперативiнiң құрылтай жиналысы

1. Селолық тұтыну кооперативiнiң құрылтай жиналысы мынадай мәселелердi шешедi:

1) селолық тұтыну кооперативiн құру, оның фирмалық атауы және орналасқан жерi туралы шешiм қабылдайды;

2) пайшылардың арыздары негiзiнде олардың аты-жөнi, тұрғылықты жерi және жеке басын куәландыратын құжаттың деректерi, сондай-ақ заңды тұлғалардың орналасқан жерi көрсетiлген тiзiмiн бекiтедi;

3) кооператив қызметiнiң мәнi мен мақсаттарын белгiлейдi;

4) мүлiктiк (пайлық) жарналардың құрамын, мөлшерiн және оларды енгізу мерзiмдерiн белгiлейдi;

5) селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысын бекiтедi;

6) атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарды сайлайды;

7) селолық тұтыну кооперативiн мемлекеттік тiркеуден өткізу мерзiмiн, тәртібін және оған жауапты адамдарды белгiлейдi;

8) селолық тұтыну кооперативiн құруға байланысты өзге де мәселелердi шешедi.

2. Селолық тұтыну кооперативi құрылтай жиналысының шешiмi хаттамамен ресiмделедi. Құрылтай жиналысының хаттамасына құрылтай жиналысының төрағасы мен хатшысы қол қояды.

12-бап. Селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысы

Селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысында:

кооперативтiң атауы мен орналасқан жерi;

кооператив қызметiнiң мәнi мен мақсаттары;

пайшылардың селолық тұтыну кооперативiне кiру тәртібі мен одан шығу тәртібі, оның iшiнде кооператив мүлкіндегі өз үлесiн бөлiп алу тәртібі;

мүлiктiк (пайлық) жарналардың құрамы, мөлшерi және оларды енгізу тәртібі, мүлiктiк (пайлық) жарналарды енгізу жөніндегі мiндеттемелердi бұзғаны үшiн жауапкершiлiк;

селолық тұтыну кооперативiнiң атқарушы, бақылау және өзге де органдарын құру, сайлау (қайта сайлау) тәртібі, олардың шешiм қабылдау тәртібі;

селолық тұтыну кооперативi мүшелерiнiң кооперативке келтiрiлген залалдарды өтеу тәртібі;

селолық тұтыну кооперативiн қайта ұйымдастыру және оның қызметiн тоқтату жағдайлары;

филиалдар мен өкілдiктер туралы мәлiметтер болуға тиiс.

Селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысына аты-жөнi, тұрғылықты жерi және жеке басын куәландыратын құжаттың деректерi көрсетiлген пайшылар тiзiмi қоса тiркеледi.

Селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысында Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн басқа да ережелер болуы мүмкiн.

13-бап. Селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысын өзгерту тәртібі

1. Селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысын өзгерту жалпы жиналыстың (уәкiлдер жиналысының) осы Заңмен белгiленген ережелерге сәйкес қабылданатын шешiмi бойынша жүзеге асырылады.

2. Селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысына енгiзiлген өзгерістер мен толықтыруларды тиiстi мемлекеттік орган заңда белгiленген тәртiппен тiркейдi.

3. Yшiншi тұлғалармен қарым-қатынастарда селолық тұтыну кооперативі мен оның мүшелерi жарғысына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар немесе Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен олардың тіркелгені туралы селолық тұтыну кооперативін мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыратын органға хабарланған кезден бастап не сот шешiмiнiң негiзiнде Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне селолық тұтыну кооперативі жарғысының өзгергені туралы мәліметтер енгiзiлген кезден бастап селолық тұтыну кооперативі жарғысындағы өзгерiстерге сiлтеме жасауға құқылы. Алайда, үшiншi тұлғалар аталған мән-жайлар болғанға және мерзiмдер басталғанға дейiн де бұл өзгерiстердi ескере отырып, іс-әрекет жасауға құқылы.

 

14-бап. Селолық тұтыну кооперативiн мемлекеттік тiркеу

1. Селолық тұтыну кооперативi ол мемлекеттік тiркеуден өткен кезден бастап құрылған болып есептеледi.

2. Селолық тұтыну кооперативiн мемлекеттік тiркеудi әдiлет органдары Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы заңнамасында айқындалатын тәртіппен жүзеге асырады.

3-тарау. Селолық тұтыну кооперативіне мүшелік

15-бап. Селолық тұтыну кооперативiне мүшелiк

1. 18 жасқа толған азаматтар мен заңды тұлғалар селолық тұтыну кооперативiнiң мүшелерi (пайшылары) бола алады.

2. Азаматтар мен заңды тұлғалар бiрнеше селолық тұтыну кооперативтерiнiң мүшесi болуы мүмкiн.

16-бап. Селолық тұтыну кооперативi мүшелерiнiң сан құрамы

1. Селолық тұтыну кооперативi мүшелерiнің (пайшыларының) саны екеуден кем болмауға тиiс.

2. Селолық тұтыну кооперативi мүшелерiнiң ең көп санына шек қойылмайды.

17-бап. Селолық тұтыну кооперативіне жаңа мүшелердің кіру тәртібі

1. Селолық тұтыну кооперативiне осы Заңды және селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысын сақтай отырып жүргiзiлген жаңа мүшелер қабылдау селолық тұтыну кооперативi атқарушы органының шешiмiмен ресiмделедi.

2. Селолық тұтыну кооперативiне мүше болғысы келетiн азамат және (немесе) заңды тұлға кооперативтiң атқарушы органына селолық тұтыну кооперативiне қабылдау туралы жазбаша түрде арыз бередi. Арызда аты-жөнi, тұрғылықты жерi және жеке басын куәландыратын құжаттың деректерi немесе заңды тұлғаның атауы мен орналасқан жерi көрсетiлуге тиiс.

3. Селолық тұтыну кооперативiне қабылдау туралы арызды селолық тұтыну кооперативiнiң атқарушы органы 10 күн iшiнде қарауға тиiс.

18-бап. Селолық тұтыну кооперативiне ол құрылғаннан кейiн кооператив мүлкіндегі үлес құқығын алған үшiншi тұлғаларды және мұрагерлердi қабылдау

1. Кооператив мүлкiнде ол құрылғаннан кейiн үлес құқығын алған үшiншi тұлғалардың селолық тұтыну кооперативiнiң мүшелiгiне бiрiншi кезекте қабылдануға құқығы бар.

2. Селолық тұтыну кооперативiнiң мүшесi қайтыс болған жағдайда оның мұрагерлерiнiң селолық тұтыну кооперативiнiң мүшелiгiне бiрiншi кезекте қабылдануға құқығы бар.

19-бап. Селолық тұтыну кооперативi мүшелерiнiң құқықтары

Селолық тұтыну кооперативiнің мүшелерi:

1) селолық тұтыну кооперативiне ерiктi негiзде кiруге және одан шығуға;

2) селолық тұтыну кооперативiнiң қызметiне қатысуға, кооператив органдарын сайлауға және оларға сайлануға, селолық тұтыну кооперативiнiң қызметiн жақсарту, оның органдарының жұмысындағы кемшiлiктердi жою туралы ұсыныстар енгізуге;

3) селолық тұтыну кооперативiнiң тауарларын /қызметтерiн/ басқа азаматтар мен заңды тұлғалардың алдында артықшылықпен сатып алуға (алуға), өз өндiрiсiнiң, өзiндiк қосалқы шаруашылығының және кәсiпшiлiгiнiң бұйымдары мен өнiмдерiн селолық тұтыну кооперативiнiң кәсiпорындары арқылы шарттар негiзiнде өткізудi жүзеге асыруға;

4) селолық тұтыну кооперативi жалпы жиналысының (уәкiлдер жиналысының) пайшылар үшiн көзделген жеңiлдiктерiн пайдалануға;

5) селолық тұтыну кооперативiнiң атқарушы, бақылау және өзге де органдарынан олардың қызметi туралы ақпарат алуға, оның iшiнде селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысымен белгіленетiн тәртiппен бухгалтерлiк есеп, есеп беру деректерiмен және басқа да құжаттамамен танысуға;

6) селолық тұтыну кооперативiнiң атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарының заңсыз әрекеттерiне селолық тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысына (уәкiлдер жиналысына) шағым жасауға;

7) селолық тұтыну кооперативiнiң атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарының өз мүдделерiн қозғайтын шешiмiне сот тәртібімен шағым жасауға;

8) селолық тұтыну кооперативi таратылған жағдайда кредит берушiлермен есеп айырысқаннан кейiн қалған мүлiктiң бiр бөлiгiнiң құнын немесе кооперативтiң барлық мүшелерiнiң келісімi бойынша осы мүлiктiң өз пайына тең заттай түрдегi бiр бөлiгiн алуға;

9) селолық тұтыну кооперативiнiң мүлкіндегі өз үлесiн бөлуге және кооперативтен шыққан жағдайда оның құнын немесе кооперативтiң барлық мүшелерiнiң келісімi бойынша мүлiктi өз пайына тең заттай түрде алуға құқылы.

Селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысымен мүшелерiнiң Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де құқықтары белгiленуi мүмкін.

20-бап. Селолық тұтыну кооперативi мүшелерінің мiндеттерi

Селолық тұтыну кооперативiнің мүшелерi:

1) селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысын сақтауға;

2) селолық тұтыну кооперативi жалпы жиналысының (уәкiлдер жиналысының), селолық тұтыну кооперативiнiң атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарының шешiмдерiн орындауға;

3) селолық тұтыну кооперативi алдында оның қызметiне қатысу жөніндегі селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысында белгiленген өз мiндеттемелерiн орындауға;

4) селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысында белгiленген мөлшерде, тәртiп пен мерзiмде кооперативке мүлiктiк (пайлық) жарнасын төлеуге мiндеттi.

Селолық тұтыну кооперативiнiң мүшелерi селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысында көзделген, Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн басқа да мiндеттердi атқаруы мүмкiн.

21-бап. Селолық тұтыну кооперативiне мүшелiктiң тоқтатылуы

1. Селолық тұтыну кооперативiне мүшелiк:

пайшы өз еркiмен шыққан;

пайшы шығарылған;

пайшы кооператив мүлкіндегі үлеске құқығынан айрылған;

пайшы болып табылатын азамат қайтыс болған;

кооператив таратылған жағдайларда тоқтатылады.

2. Селолық тұтыну кооперативiне мүшелiк тоқтатылған барлық жағдайлар туралы кооперативтiң атқарушы органы селолық тұтыну кооперативiнiң пайшыларына хабарлайды.

22-бап. Пайшының селолық тұтыну кооперативi мүшелiгiнен өз еркiмен шығуы

1. Кооператив мүшелерi өз еркiмен шыққан жағдайда пайшының селолық тұтыну кооперативiнің мүлкіндегі осы Заңда белгiленген тәртiппен енгiзген пайына қарай өз үлесiн бөлiп алуға құқығы бар.

2. Пайшының селолық тұтыну кооперативiнен өз еркiмен шығу туралы арызын кооперативтiң атқарушы органы 10 күн iшiнде қарайды.

3. Пайшының кооператив мүшелiгiнен шығуы селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысында көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.

23-бап. Пайшыны селолық тұтыну кооперативiнiң мүшелiгiнен шығару

1. Пайшы өзiнің селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысында белгiленген мiндеттерiн дәлелсiз себептермен орындамаған не кооперативке залал келтiретiн қасақана әрекеттер жасаған жағдайда селолық тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысының (уәкiлдер жиналысының) шешiмiмен селолық тұтыну кооперативi мүшелiгiнен шығарылуы мүмкiн.

2. Селолық тұтыну кооперативiнiң атқарушы органы пайшыға оның селолық тұтыну кооперативiнен шығарылуы туралы мәселенi кооперативтiң жалпы жиналысына (уәкiлдер жиналысына) қою себептерi туралы 10 күннен кешiктiрмей жазбаша түрде хабарлауға және оны өз пiкiрiн айту құқығы берiлуге тиiстi аталған жалпы жиналысқа (уәкiлдер жиналысына) шақыруға тиiс.

3. Пайшы селолық тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысына (уәкiлдер жиналысына) дәлелдi себептерсiз қатыспаған жағдайда жиналыс пайшыны кооперативтен оның қатысуынсыз шығару туралы шешiм қабылдауға құқылы.

4. Селолық тұтыну кооперативiнiң мүшелiгiнен шығарылған пайшыға кооператив мүлкіндегі үлесi осы Заңда белгiленген тәртiппен енгiзген пайына қарай бөлiп берiледi.

5. Селолық тұтыну кооперативi жалпы жиналысының (уәкiлдер жиналысының) пайшыны кооператив мүшелiгiнен шығару туралы шешiмiне сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкiн.

24-бап. Пайшы кооператив мүлкіндегі үлеске құқығынан айрылған жағдайда селолық тұтыну кооперативiне мүшелiктiң тоқтатылуы

1. Селолық тұтыну кооперативiнің мүлкіндегі үлеске құқығынан айрылған пайшы өзiнiң кооперативтегi мүшелiгiн тоқтатады.

2. Пайшы үлесiнен мынадай негiздерде:

сату;

сыйға тарту;

мұраға қалдыру;

кепiлге салу;

өзге түрде иелiк ету;

сот шешiмi негiздерiнде айрылады.

3. Селолық тұтыну кооперативiнің мүлкіндегі үлес құқығынан айрылған пайшы бұл туралы селолық тұтыну кооперативiнiң атқарушы органына хабарлайды. Селолық тұтыну кооперативiнiң атқарушы органына мұндай ақпаратты кооператив мүлкіндегі үлеске құқық алған адамдар табыс етуi мүмкiн.

4. Пайшы кооператив мүлкіндегі үлес құқығынан айрылған жағдайда селолық тұтыну кооперативiне мүшелiктi тоқтату селолық тұтыну кооперативi атқарушы органының шешiмiмен ресiмделедi.

25-бап. Пайшы болып табылатын азамат қайтыс болған жағдайда селолық тұтыну кооперативiне мүшелiктi тоқтату

1. Селолық тұтыну кооперативiнiң пайшысы болып табылатын азамат қайтыс болған жағдайда оның кооперативке мүшелiгi тоқтатылады.

2. Селолық тұтыну кооперативiнiң атқарушы органы қайтыс болған пайшының кооператив мүлкіндегі ол қайтыс болған күнгi пайына тең үлесiн оның мұрагерлерiне төлеу үшiн осы Заңда белгiленген тәртiппен бөлiп бередi.

26-бап. Кооператив таратылған жағдайда селолық тұтыну кооперативiне мүшелiктi тоқтату

1. Селолық тұтыну кооперативiн тарату кооперативтің барлық пайшыларының мүшелiгiн тоқтатуға әкеп соғады.

2. Селолық тұтыну кооперативi таратылған жағдайда оның пайшыларының кооператив мүлкіндегі өз пайына тең үлесiн осы Заңда белгiленген тәртiппен бөлiп алуға құқығы бар.

4-тарау. Селолық тұтыну кооперативін басқару

27-бап. Селолық тұтыну кооперативiнiң органдары

1. Селолық тұтыну кооперативiнiң органдары мыналар болып табылады:

1) жоғары орган – жалпы жиналыс (уәкiлдер жиналысы);

2) атқарушы орган – басқарма;

3) бақылаушы орган – тексеру комиссиясы (ревизор).

2. Селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысында селолық тұтыну кооперативiнiң өзге де органдарын құру көзделуі мүмкiн.

28-бап. Селолық тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысы (уәкiлдер жиналысы)

1. Жалпы жиналыс (уәкiлдер жиналысы) кезектi немесе кезектен тыс жиналыс ретiнде шақырылады.

2. Селолық тұтыну кооперативiнiң пайшысы жалпы жиналысқа жеке өзi немесе өкiлi арқылы қатысуы мүмкiн.

Жалпы жиналыста атқарушы, бақылаушы және өзге де органдар мүшелерiнің кооператив пайшыларының өкілдерi ретiнде әрекет етуге құқығы жоқ, бұған сенiм бiлдiрушiнің өзi тиiсiнше кооперативтiң атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарының мүшесi болатын реттер қосылмайды.

Өзге адам кооператив пайшысының өкiлi ретiнде сенiмхат негiзiнде әрекет етуге құқылы.

3. Әрбiр пайшының немесе оның өкiлiнiң жалпы жиналыста дауыс берген кезде бiр дауысы болады.

4. Селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысында кооператив пайшыларының (пайшылар өкiлдерiнiң) жалпы жиналыста төрағалық етуiнiң әлiпбилiк немесе өзге де тәртiппен кезектiлiгi көзделуi мүмкiн.

29-бап. Селолық тұтыну кооперативiнiң кооперативтiк учаскесi пайшыларының жиналысы

1. Бiрнеше елдi мекендердің тұрғындары селолық тұтыну кооперативiнің пайшылары болған жағдайларда немесе селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысында көзделген өзге де жағдайларда кооперативтiк учаскелер құрылуы мүмкiн.

2. Кооперативтiк учаске селолық тұтыну кооперативiнiң ажырағысыз бөлiгi болып табылады және өз қызметi мәселелерiн селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысында көзделген көлемде ғана шеше алады.

3. Селолық тұтыну кооперативi кооперативтiк учаскесiнiң жоғары органы кооперативтiк учаске пайшыларының жалпы жиналысы болып табылады.

4. Кооперативтiк учаске пайшыларының жалпы жиналысында селолық тұтыну кооперативi мен кооперативтiк учаске қызметiнің мәселелерi қаралады, сондай-ақ селолық тұтыну кооперативi уәкiлдерiнің жалпы жиналысына қатысу үшiн селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысында белгiленген тәртiппен және өкiлдiк нормалары бойынша уәкiлдер сайланады.

5. Селолық тұтыну кооперативінің кооперативтік учаскесі пайшыларының жиналысы, егер оған селолық тұтыну кооперативiнiң кооперативтiк учаскесi пайшыларының жартысынан астамы қатысса, заңды болып табылады.

6. Кооперативтiк учаске пайшылары жиналысының шешiмi, егер оны кооперативтiк учаске пайшыларының жиналысына қатысушы пайшылардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледi.

7. Селолық тұтыну кооперативi кооперативтiк учаскесiнiң пайшылары жиналыстарының қоғамдастыққа (одаққа) кiру және одан шығу, селолық тұтыну кооперативiн қайта ұйымдастыру мен тарату туралы шешiмдерi селолық тұтыну кооперативi уәкiлдерiнiң жалпы жиналысы үшiн мiндеттi болып табылады. Селолық тұтыну кооперативi кооперативтiк учаскесiнiң пайшылары жиналыстарының басқа мәселелер жөніндегі шешiмдерi селолық тұтыну кооперативi уәкiлдерiнiң жалпы жиналысында шешiмдер қабылдаған кезде уәкiлдер үшiн мiндеттi болып табылады.

8. Селолық тұтыну кооперативi кооперативтiк учаскесiнiң пайшылары жалпы жиналысының шешiмдер қабылдау тәртібін (жасырын немесе ашық дауыс беру арқылы) сол жиналыс белгiлейдi.

9. Пайшының немесе оның өкiлiнiң селолық тұтыну кооперативi кооперативтiк учаскесiнiң пайшылары жалпы жиналысының шешiмiн қабылдаған кезде бiр дауысы болады.

30-бап. Селолық тұтыну кооперативiнiң уәкiлi

1. Кооперативтiк учаске пайшыларының жалпы жиналысында сайланған селолық тұтыну кооперативiнiң уәкiлiне селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысымен белгiленген өкілеттiк берiледi.

2. Уәкiлдердiң селолық тұтыну кооперативi уәкiлдерiнiң жиналысына қатысуына кооперативтiк учаске пайшылары жалпы жиналысының жиналыс төрағасы мен хатшысы қол қойған, нотариат куәландырған хаттамасының көшiрмесi болған жағдайда жол берiледi.

3. Селолық тұтыну кооперативiнiң уәкiлi селолық тұтыну кооперативi мен кооперативтiк учаске пайшыларының арасындағы байланыстырушы буын болып табылады. Ол кооперативтiк учаскенiң қызметiн ұйымдастырады және селолық тұтыну кооперативiнiң уәкiлдерi жиналысының шешiмдерiн кооперативтiк учаске пайшыларының назарына жеткiзiп отырады.

31-бап. Селолық тұтыну кооперативi жалпы жиналысының (уәкiлдер жиналысының) құзыретi

1. Селолық тұтыну кооперативi жалпы жиналысының (уәкiлдер жиналысының) құзыретi осы Заңға және селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысына сәйкес белгiленедi.

2. Жалпы жиналыстың (уәкiлдер жиналысының) айрықша құзыретiне мыналар жатады:

1) селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысын өзгерту, оның iшiнде мүлiктiк (пайлық) жарнаның мөлшерiн, орналасқан жерi мен фирмалық атауын өзгерту немесе кооперативтің жарғысын жаңа редакцияда бекіту;

2) кооператив қызметiнiң негiзгi бағыттарын белгiлеу;

3) селолық тұтыну кооперативiнiң атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарының басшысы мен мүшелерiн сайлау, олардың өкiлеттiгiн доғару, олардың қызметi туралы есептердi тыңдау, оларды ұстауға арналған қаражаттың мөлшерiн анықтау;

4) пайшыларды селолық тұтыну кооперативiнен шығару;

5) селолық тұтыну кооперативiнiң iшкi қызметiн реттеп отыратын iшкi ережелердi, оларды қабылдау рәсiмiн және басқа құжаттарды бекіту;

6) қауымдастық (одақ) құру, қауымдастыққа (одаққа) кiру және одан шығу туралы мәселелердi шешу, сондай-ақ қауымдастықтың (одақтың) белгiлi бiр өкiлеттiгiн беру;

7) селолық тұтыну кооперативiнiң қауымдастықтағы (одақтағы) өкiлдерiн сайлау;

8) селолық тұтыну кооперативiнің қауымдастықтағы (одақтағы) өкiлдерiне аманаттар әзiрлеу;

9) жылдық қаржы есептерiн, тексеру комиссиясының (ревизордың) есебiн бекіту;

10) селолық тұтыну кооперативi шеккен зиянды өтеу тәртібі;

11) селолық тұтыну кооперативi қорларының түрлерi мен құрылу және жұмсалу тәртібін белгiлеу;

12) селолық тұтыну кооперативiнiң құны селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысында белгiленген құннан асып түсетiн жылжымайтын мүлкiн иеліктен айыру;

13) шаруашылық серiктестiктерiн құру және оларға қатысу;

14) селолық тұтыну кооперативiн қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешiмдер қабылдау;

15) тарату комиссиясының (таратушының) төрағасы мен мүшелерiн сайлау және тарату комиссиясының балансын бекіту.

3. Осы Заңмен жалпы жиналыстың (уәкілдер жиналысының) айрықша құзыретіне жатқызылған мәселелермен қатар, селолық тұтыну кооперативінің жарғысымен оның айрықша құзыретiне басқа да мәселелер жатқызылуы мүмкін.

4. Егер селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысында өзгеше көзделмесе, жалпы жиналыс (уәкiлдер жиналысы) өзiнiң айрықша құзыретiне жатпайтын өкiлеттiктi кооперативтiң атқарушы органына беруге құқылы.

5. Селолық тұтыну кооперативi жалпы жиналысының (уәкiлдер жиналысының) селолық тұтыну кооперативiнiң атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарының шешiмдерiн қуаттау немесе олардың күшiн жою жөніндегі мәселелердi өз қарауына алуға құқығы бар.

6. Селолық тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысы (уәкiлдер жиналысы) кооператив қызметiне байланысты кез келген мәселенi қарауға қабылдауға құқылы.

32-бап. Селолық тұтыну кооперативiнiң кезектi жалпы жиналысы (уәкiлдер жиналысы)

1. Селолық тұтыну кооперативiнің кезектi жалпы жиналысын (уәкiлдер жиналысын) селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысында белгiленген мерзімде, бiрақ жылына кемiнде бiр рет кооперативтiң атқарушы органы шақырады.

2. Селолық тұтыну кооперативiнің жылдық қаржы есебiн бекітуге арналған жиналыс есептi қаржы жылы аяқталғаннан кейiн үш айдан кешiктiрiлмей өткiзiлуге тиiс.

33-бап. Селолық тұтыну кооперативiнiң кезектен тыс жалпы жиналысы (уәкiлдер жиналысы)

1. Селолық тұтыну кооперативiнiң кезектен тыс (төтенше) жалпы жиналысы (уәкілдер жиналысы) осы Заңда, кооперативтiң жарғысында көзделген жағдайларда, сондай-ақ мұндай жиналыс шақыруды кооперативтiң мүддесi талап еткен өзге де кез келген жағдайларда шақырылады.

2. Селолық тұтыну кооперативiнiң кезектен тыс жалпы жиналысын (уәкiлдер жиналысын) кооперативтiң атқарушы органы өз бастамасымен, сондай-ақ кооперативтiң тексеру комиссиясының (ревизорының) талап етуi бойынша не селолық тұтыну кооперативi пайшыларының жалпы санының оннан бiрiнен кем болмайтын кооператив пайшыларының (пайшылар уәкiлдерiнiң) бастамасы бойынша шақырады.

Егер тексеру комиссиясының (ревизордың) немесе кооператив пайшыларының талап еткенiне қарамастан, атқарушы орган кезектен тыс жалпы жиналысты (уәкiлдер жиналысын) шақырмаса, оны тексеру комиссиясы (ревизор) немесе селолық тұтыну кооперативi пайшыларының жалпы санының оннан бiрiнен кем болмайтын кооператив пайшылары (пайшылар уәкiлдерi) дербес шақырады.

3. Таратылу процесi жүрiп жатқан селолық тұтыну кооперативiнiң кезектен тыс жалпы жиналысын (уәкiлдер жиналысын) тарату комиссиясы (таратушы) да шақыруы мүмкiн.

34-бап. Селолық тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысын (уәкiлдер жиналысын) шақыру тәртібі

1. Селолық тұтыну кооперативiнің жалпы жиналысын (уәкiлдер жиналысын) шақырушы орган немесе тұлға (тұлғалар) жиналыс ашылатын күнге дейiн он бес күннен кешiктiрмей оның өткiзiлуi туралы пайшыларды (уәкілдердi) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе басқа әдiстермен хабардар етуге мiндеттi.

Хабарламада жиналыстың өткiзiлетiн уақыты мен орны, сондай-ақ ұсынылып отырған күн тәртібі көрсетiлуге тиiс.

2. Селолық тұтыну кооперативiнiң кез келген пайшысы (уәкiлi) жалпы жиналыстың (уәкiлдер жиналысының) күн тәртібі бойынша жиналыс ашылғанға дейiн он бес күннен кешiктiрмей өз ұсыныстарын енгізуге құқылы.

Осы мерзiм iшiнде селолық тұтыну кооперативi пайшылары жалпы санының кемiнде оннан бiрi болатын кооператив пайшылары (уәкiлдер) өздерi белгiлеген мәселелердi жалпы жиналыстың (уәкiлдер жиналысының) күн тәртібіне енгізудi талап етуге құқылы.

Егер пайшылардың (уәкiлдердiң) ұсынуы бойынша немесе талап етуi бойынша жалпы жиналыстың (уәкiлдер жиналысының) бастапқы күн тәртібіне өзгерістер енгiзілетiн болса, жиналысты шақырушы орган немесе тұлға (тұлғалар) бұл өзгерістер туралы жиналыс ашылғанға дейiн жетi күннен кешiктiрмей осы баптың 1-тармағында аталған әдiспен пайшыларды (уәкiлдердi) хабардар етуге мiндеттi.

3. Селолық тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысын (уәкiлдер жиналысын) шақырушы орган немесе тұлға (тұлғалар) келiп түскен ұсыныстарды қарауға және оларды селолық тұтыну кооперациясы жалпы жиналысының (уәкiлдер жиналысының) күн тәртібіне енгізу немесе одан бас тарту туралы жиналыс ашылатын күнге дейiн он күннен кешiктiрмей шешiм қабылдауға мiндеттi. Селолық тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысын (уәкiлдер жиналысын) шақырушы орган немесе тұлға (тұлғалар) ұсыныстар қабылданған жағдайда күн тәртібіне өзгерістер енгізу туралы пайшыларға (уәкiлдерге) хабарлауға, сондай-ақ жалпы жиналыстың (уәкiлдер жиналысының) күн тәртібіне өзгерістер немесе толықтырулар енгізу жөніндегі ұсыныстар қабылданбаған жағдайда селолық тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысы (уәкiлдер жиналысы) ашылғанға дейiн жетi күннен кешiктiрмей өтiнiш берушiге бас тарту туралы дәлелдi жауап қайтаруға мiндеттi.

Егер ұсыныстарды жалпы жиналыстың (уәкiлдер жиналысының) күн тәртібіне енгізуден бас тарту және ол бойынша қабылданған шешiм өтiнiш иесiнiң құқығы мен заңды мүдделерiн бұзатын болса, ол мұндай шешiмге осы Заңда көзделген тәртiппен шағым жасауға құқылы.

35-бап. Селолық тұтыну кооперативi пайшыларының жалпы жиналысын (уәкiлдер жиналысын) өткізу тәртібі

1. Селолық тұтыну кооперативi пайшыларының жалпы жиналысының (уәкілдер жиналысының) регламентi осы Заңға, кооперативтің жарғысына, кооперативтiң iшкi қызметiн реттейтiн ережелерге және өзге құжаттарға сәйкес белгiленедi.

2. Жалпы жиналыс (уәкiлдер жиналысы) ашылар алдында селолық тұтыну кооперативiнiң келген пайшыларын (уәкiлдерiн) және олардың өкiлдерiн тiркеу жүргiзiледi. Пайшылар өздерiнiң кооперативке мүшелiгiн растайтын құжаттар негiзiнде тiркеледi. Уәкiлдер, пайшылардың өкiлдерi өздерiнiң өкiлеттiгiн растайтын тиiстi құжаттарын көрсетуге тиiс. Тiркелмеген пайшы (уәкiл, пайшының өкiлi) кворумды анықтау кезiнде есепке алынбайды және дауыс беруге қатысуға құқығы жоқ.

3. Жалпы жиналыс (уәкiлдер жиналысы) келген пайшыларды (уәкілдердi) және олардың өкiлдерiн тiркеудiң деректерi қажеттi кворум бар деп санауға жеткiлiктi негiз болған жағдайда ғана хабарланған уақытында ашылады.

Барлық пайшылар (уәкiлдер) және олардың өкiлдерi тiркеуден өтiп, хабардар етiлген және жиналыстың ашылу уақытын өзгертуге қарсылық бiлдiрмеген жағдайды қоспағанда, жиналысты бұрын хабарланған уақыттан ертерек ашуға болмайды.

4. Егер селолық тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысына (уәкiлдер жиналысына) қатысушы пайшылар (уәкiлдер) және олардың өкiлдерi селолық тұтыну кооперативi мүшелерiнiң жартысынан астамынан өкiл болса, ол заңды деп танылады. Күн тәртібіне енгiзiлген мәселе бойынша шешiм біліктi көпшiлiк дауыспен қабылдануға тиiс болған жағдайда, егер жиналысқа қатысушы пайшылар (уәкiлдер) және олардың өкiлдерi селолық тұтыну кооперативi мүшелерiнiң үштен екiсiнен өкiл болса, ол шешiм қабылдауға құқылы.

5. Кворум болмаған жағдайда селолық тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысын (уәкiлдер жиналысын) бастапқы жалпы жиналыстың өтетiн күнi белгiленгеннен кейiнгi күннен ерте қайталап өткізуге болмайды.

Қайталап шақырылған жиналыс селолық тұтыну кооперативi пайшыларының (уәкiлдерiнiң) немесе олардың өкiлдерiнiң жалпы санының үштен бiрi болғанда заңды болып табылады. Егер қатысушы пайшылар (уәкiлдер) және олардың өкiлдерi селолық тұтыну Кооперативi мүшелерiнiң жартысынан кемiнiң өкiлi болса, мұндай жиналыс біліктi көпшiлік дауысты талап етпейтін мәселелер бойынша ғана шешім қабылдауға құқылы.

6. Селолық тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысын (уәкiлдер жиналысын) атқарушы органның басшысы немесе оның мiндетiн атқарушы ашады. Кооперативтiң тексеру комиссиясы (ревизоры) немесе пайшылары (уәкiлдерi) шақырған жиналысты тиiсiнше тексеру Комиссиясының төрағасы (ревизор) немесе олардың мiндетiн атқаратын адамдар не жиналысты шақырған кооператив пайшыларының (уәкiлдерiнiң) бірі ашады.

Тарату комиссиясы (таратушы) шақырған жиналысты (уәкiлдер жиналысын) тарату комиссиясының төрағасы (таратушы) немесе оның орнындағы адам ашады.

7. Жалпы жиналысты (уәкiлдер жиналысын) ашушы адам жалпы жиналыста (уәкiлдер жиналысында) төрағалық етушіні және оның хатшысын сайлауды жүргiзедi, шешiм қатысушылар санының жай көпшілік дауысымен қабылданады.

8. Жалпы жиналыстың (уәкiлдер жиналысының) хатшысы жалпы жиналыстың (уәкiлдер жиналысының) хаттамасын жүргiзуге жауап бередi.

Хаттамаға жалпы жиналыста (уәкiлдер жиналысында) төрағалық етушi мен оның хатшысы қол қояды.

Барлық жалпы жиналыстардың (уәкілдер жиналыстарының) хаттамалары хаттамалар кiтабына тiркеледi, ол кооперативтiң атқарушы органында сақталуға тиiс және селолық тұтыну кооперативiнiң кез келген пайшысына танысу үшiн кез келген уақытта берiледi. Кооператив пайшыларының талап етуi бойынша оларға хаттамалар кiтабынан куәландырылған көшiрмелер берiледi.

9. Күн тәртібіне енгiзiлген мәселелердi талқылау басталғанға дейiн жалпы жиналыс (уәкiлдер жиналысы) кворумды анықтап алуға мiндеттi. Бұл талапты орындамау жалпы жиналыста (уәкiлдер жиналысында) кворумның бар екендiгiн анықтағанға дейiн қабылданған барлық шешiмдердiң жарамсыз болуына әкеп соғады.

Осы Заңның 31-бабының 2-тармағының 1), 6), 10), 12), 14) тармақшаларында аталған мәселелер бойынша дауыс беру кезiнде, сондай-ақ кооперативтiң жарғысында немесе оның iшкi қызметiн реттейтiн ережелер мен өзге де құжаттарда көзделген өзге жағдайларда кворумды тiкелей дауыс берiлер алдында тағы да белгiлеп алу қажет.

36-бап. Селолық тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысының (уәкiлдер жиналысының) шешiмдер қабылдау тәртібі

1. Селолық тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысы (уәкiлдер жиналысы) күн тәртібінiң жиналысқа қатысушыларға хабарланған мәселелерi бойынша ғана шешiм қабылдауға құқылы. Бұл орайда кооператив пайшылары жалпы жиналыстың (уәкiлдер жиналысының) күн тәртібіне енгізудi талап еткен мәселелер жиналысты шақырушы орган немесе тұлға (тұлғалар) осы Заңда көзделген мiндеттердi орындамаған жағдайдың өзiнде де күн тәртібіне енгiзілдi деп есептеледi.

2. Осы Заңның 31-бабының 2-тармағының 1), 6), 10), 12), 14) тармақшаларында аталған мәселелер бойынша шешiмдер селолық тұтыну кооперативi мүшелерiнiң жалпы санының төрттен үш біліктi көпшiлiк даусымен қабылданады.

Осы Заңның 31-бабы 2-тармағының 4) тармақшасы бойынша шешiм қабылдау кезiнде кооперативтен шығарылуға тиiс пайшы дауыс беруге қатыспайды және есептеу кезiнде оған тиесiлi дауыс есепке алынбайды.

Басқа шешiмдер, егер кооператив жарғысы оларды қабылдау үшiн көбiрек дауыс санын талап етпесе, кооперативтiң жалпы жиналысына (уәкiлдер жиналысына) қатысушылардың және өкiл болып отырғандардың жай көпшiлiк даусымен қабылданады.

3. Селолық тұтыну кооперативi жалпы жиналысының (уәкiлдер жиналысының) шешiмi, егер кооператив жарғысында немесе кооперативтiң iшкi қызметiн реттейтiн ережелер мен өзге де құжаттарда жасырын дауыс беру көзделмесе, ашық дауыс беру арқылы қабылданады.

37-бап. Селолық тұтыну кооперативi жалпы жиналысының (уәкiлдер жиналысының) шешiмдерiне шағым беру

Селолық тұтыну кооперативi жалпы жиналысының (уәкiлдер жиналысының) жалпы жиналысты (уәкiлдер жиналысын) өткізу және осы Заңмен, кооперативтiң жарғысымен немесе кооперативтiң iшкi қызметiн реттейтiн ережелермен және өзге де құжаттармен белгіленген шешiмдер қабылдау тәртібін бұза отырып қабылдаған шешiмiн, сол сияқты жалпы жиналыстың (уәкiлдер жиналысының) заңға немесе кооператив жарғысына қайшы келетiн шешiмiн, соның ішінде кооператив пайшысының құқығын бұзатын шешiмiн кооператив пайшысының арызы бойынша сот толық немесе iшiнара жарамсыз деп тануы мүмкiн. Мұндай арыз жалпы жиналыс (уәкiлдер жиналысы) өткiзiлген күннен бастап алты ай iшiнде берiлуi мүмкiн.

38-бап. Селолық тұтыну кооперативiнiң атқарушы органы

1. Селолық тұтыну кооперативiнiң атқарушы органы кооператив қызметiне ағымдағы басшылық жасау мен оның iстерiн жүргiзудi жүзеге асырады және селолық тұтыну кооперативiнің жалпы жиналысына (уәкiлдер жиналысына) есеп бередi.

2. Селолық тұтыну кооперативi атқарушы органының мүшелерi жарғыда белгіленген құрам мен мерзiмге сайланады және мiндеттерiн (өкiлеттiгiн) атқарудан кооперативтің жалпы жиналысының (уәкiлдер жиналысының) шешiмi бойынша кез келген уақытта босатылуы мүмкiн.

3. Кооперативтiң атқарушы органына сол кооперативтің пайшылары ғана мүше бола алады.

4. Атқарушы органның жұмысы мен шешiмдер қабылдау тәртібі селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысымен белгіленедi.

39-бап. Селолық тұтыну кооперативi атқарушы органының құзыретi

1. Селолық тұтыну кооперативi атқарушы органының құзыретiне осы Заңмен, кооперативтiң жарғысымен немесе жалпы жиналыста (уәкiлдер жиналысында) қабылданған ережелермен және өзге де құжаттармен белгiленген, жалпы жиналыстың (уәкiлдер жиналысының) құзыретiне жатпайтын кооператив қызметiн қамтамасыз етудiң барлық мәселелерi жатады.

Жалпы жиналыстың (уәкілдер жиналысының) айрықша құзыретiне жатпайтын, осы Заңның 31-бабының 4-тармағына сәйкес атқарушы органға берілген өкiлеттiк те кооперативтiң атқарушы органының құзыретiне жатады.

2. Селолық тұтыну кооперативiнiң үшiншi тұлғалармен қатынастарында кооперативтiң атқарушы органының өкілеттiгiне өзi белгiлеген шектеулерге сiлтеме жасауға құқығы жоқ. Алайда селолық тұтыну кооперативi өзiнiң атқарушы органы үшiншi тұлғамен белгiленген шектеулердi бұза отырып жасасқан мәмiленiң жарамдылығын, егер мәмiле жасалған кезде үшiншi тұлғаның мұндай шектеулердi бiлгенiн дәлелдесе, даулауға құқылы.

40-бап. Атқарушы орган мүшелерi мен селолық тұтыну кооперативiнiң мүдделер қайшылығы

1. Селолық тұтыну кооперативi атқарушы органының мүшелерiне:

1) жалпы жиналыстың (уәкiлдер жиналысының) келісімiнсiз кооперативпен мүлiктiк пайда табуға (сыйға тарту, қарыз алу, өтеусiз пайдалану, сатып алу-сату және басқа шарттарды қоса алғанда) бағытталған мәмiлелер жасасуға;

2) кооперативтiң үшiншi тұлғалармен жасасқан мәмілелерi үшiн кооперативтiң өзiнен де, үшiншi тұлғалардан да комиссиялық сыйақы алуға;

3) үшiншi тұлғалардың кооперативпен қатынастарында олардың атынан немесе мүдделерiн көздеп әрекет жасауға;

4) кооператив қызметiмен бәсекелесетiн кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға тыйым салынады.

2. Осы баптың 1-тармағының 1)-3) тармақшаларында көзделген шектеулер селолық тұтыну кооперативiнің атқарушы органы мүшелерiнiң жақын туыстары мен жекжаттарына да қолданылады.

41-бап. Селолық тұтыну кооперативiнiң тексеру комиссиясы (ревизоры)

1. Селолық тұтыну кооперативi атқарушы органының қаржы-шаруашылық қызметiне бақылау жасауды жүзеге асыру үшiн кооператив пайшыларының арасынан тексеру комиссиясы құрылуы мүмкiн.

Тексеру комиссиясының мiндеттерiн орындау жеке тексерушi ретiнде кооператив пайшыларының бiрiне тапсырылуы мүмкiн.

2. Селолық тұтыну кооперативiнiң тексеру комиссиясын немесе ревизорын жалпы жиналыс (уәкiлдер жиналысы) кооператив жарғысында белгiленген мерзiмге сайлайды.

3. Селолық тұтыну кооперативi атқарушы органының мүшелерi бiр мезгiлде тексеру комиссиясының мүшесi (ревизор) бола алмайды.

4. Селолық тұтыну кооперативiнiң тексеру комиссиясы (ревизор) селолық тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысына (уәкiлдер жиналысына) есеп бередi.

5. Тексеру комиссиясы (ревизор) кез келген уақытта селолық тұтыну кооперативi атқарушы органының қаржы-шаруашылық қызметiне тексеру жүргiзуге құқылы. Тексеру комиссиясының (ревизордың) осы мақсат үшiн кооперативтiң барлық құжаттамасын сөзсiз пайдалану құқығы бар. Тексеру комиссиясының (ревизордың) талап етуi бойынша атқарушы органның мүшелерi ауызша немесе жазбаша нысанда қажеттi түсiнiк беруге мiндеттi.

6. Тексеру комиссиясы (ревизор) селолық тұтыну кооперативiнiң жылдық қаржы есебi жалпы жиналыста (уәкiлдер жиналысында) бекітілгенге дейiн оған мiндеттi түрде тексеру жүргiзедi. Тексеру комиссиясының (ревизордың) қорытындысы не аудиторлық есеп болмаса, жалпы жиналыстың жылдық қаржы есебiн бекітуге құқығы жоқ.

7. Селолық тұтыну кооперативi тексеру комиссиясының (ревизорының) жұмыс тәртібі жарғыда, сондай-ақ кооперативтiң iшкi қызметiн реттейтiн ережелер мен өзге де құжаттарда белгiленедi.

42-бап. Селолық тұтыну кооперативiнiң атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарының шешiмдерi мен iс-әрекеттерiне шағымдану

1. Селолық тұтыну кооперативiнiң пайшылары селолық тұтыну кооперативiнiң атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарының шешiмдерi мен iс-әрекетiне селолық тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысына (уәкiлдер жиналысына) шағымдана алады немесе сот тәртібімен шағымдана алады.

2. Селолық тұтыну кооперативiнiң атқарушы органы басшысының шешiмдерi мен iс-әрекетiне кооперативтiң атқарушы органы мен жалпы жиналысына (уәкiлдер жиналысына) шағымдануға болады немесе сот тәртібімен шағымдануға болады.

43-бап. Селолық тұтыну кооперативiнiң сыртқы аудитi

1. Селолық тұтыну кооперативi жылдық қаржылық есебiнiң дұрыстығын, сондай-ақ оның iстерiнiң ағымдағы жай-күйiн тексеру мен бекіту үшiн кооператив өз жарғысында көзделген жағдайлар мен тәртiп бойынша, кооперативпен, оның атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарының мүшелерiмен немесе пайшылармен мүлiктiк мүдделер арқылы байланысты емес аудиторлық ұйымды /сыртқы аудит/ таратуға құқылы.

2. Заң актілерінде кәсіпкерлiк қызметтiң жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын барлық селолық тұтыну кооперативтерi үшiн жылдық қаржылық есептілігінің аудитін міндетті түрде жүргiзу белгiленуi мүмкiн.

3. Селолық тұтыну кооперативiнiң пайшысы өз есебiнен кооперативтің қаржы есептілігіне аудит жүргiзудi талап етуге құқылы.

4. Егер селолық тұтыну кооперативiнiң атқарушы органы кооперативтiң қаржы есептілігіне аудит мiндеттi болған кезде немесе оның жүргiзiлуiн кооперативтiң пайшысы талап еткен кезде аудит жүргізуден жалтарса, аудит мүдделi адамның не кооператив пайшысының өтiнiшi бойынша қабылданған сот шешiмiмен тағайындалуы мүмкiн.

44-бап. Селолық тұтыну кооперативiнiң жария қаржы есебi

Селолық тұтыну кооперативi жалпы жұрттың мағлұмат алуы үшiн тиiстi жылға арналған қаржы есебiн жариялап отыруға мiндеттi.

5-тарау. Селолық тұтыну кооперативінің мүлкі

45-бап. Селолық тұтыну кооперативiнiң мүлкi, оны қалыптастыру көздерi

1. Селолық тұтыну кооперативi заңды тұлға ретiнде селолық тұтыну кооперативiнiң балансына есептелетiн мүлiктiң меншiк иесi болып табылады.

2. Селолық тұтыну кооперативiнiң мүлкi оның мүшелерiнiң (пайшыларының) мүлiктiк (пайлық) жарналарын бiрiктiру жолымен жасалады.

3. Селолық тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысы (уәкiлдер жиналысы) қосымша (нысаналы) мүлiктiк (пайлық) жарналар белгiлеуi мүмкін.

4. Мүлiктiк (пайлық) және қосымша жарналардан басқа, селолық тұтыну кооперативiнiң және ол құрған филиалдар мен бөлiмшелердің кәсiпкерлiк қызметiнен түскен табыстары, сондай-ақ оның өз қаражатын шаруашылық серiктестiктерге, акционерлік қоғамдарға, банктерге, бағалы қағаздарға және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де көздерге салудан алған табыстары селолық тұтыну кооперативiнің мүлкiн қалыптастыру көздерi болып табылады.

5. Селолық тұтыну кооперативтерi өзiнiң жарғылық мақсаттарын орындау үшiн селолық тұтыну кооперативтерiнiң жарғылық мақсаттарына сай келетiн шаруашылық серiктестiктерiн, мекемелер, филиалдар мен өкiлдiктер құра алады.

6. Селолық тұтыну кооперативi құрған мекемелердiң мүлкi оларға оралымды басқару құқығында бекітілiп берiледi.

7. Селолық тұтыну кооперативi алған табысты оның мүшелерi арасында бөлуге болмайды және жарғылық мақсаттарға жiберiледi.

8. Селолық тұтыну кооперативiнiң меншiгіндегі мүлiкке билiк ету кооперативтің жалпы жиналысының (уәкілдер жиналысының) шешiмi бойынша жүзеге асырылады.

46-бап. Мүлiктiк (пайлық) жарна

1. Кооперативтi құру кезіндегі мүлiктiк (пайлық) жарнаның ең төмен мөлшерiн селолық тұтыну кооперативiнің құрылтай жиналысы белгiлейдi.

2. Кооператив құрылғаннан кейiн жаңадан кiрген пайшыларға арналған мүлiктiк (пайлық) жарнаның ең төмен мөлшерi селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысымен белгiленедi.

3. Селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысымен мүлiктiк (пайлық) жарнаның ең жоғары мөлшерi шектелуi мүмкiн. Мұндай шектеудi белгiлi бiр пайшыға қатысты белгiлеуге болмайды.

4. Қосымша (нысаналы) мүлiктiк (пайлық) жарнаның мөлшерiн селолық тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысы (уәкiлдер жиналысы) белгiлейдi.

5. Мүлiктiк (пайлық) жарна ақшалай, бағалы қағаздармен, затпен, мүлiктiк құқықпен, оның iшінде жердi пайдалану құқығымен және интеллектуалдық қызмет нәтижелерiне құқықпен және өзге де мүлiкпен енгiзiлуi мүмкiн.

Жарналарды жеке мүлiктiк емес құқықтар және өзге де материалдық емес игiлiктер түрiнде енгізуге жол берiлмейдi.

6. Пайшылардың заттай нысандағы немесе мүлiктiк құқық түріндегі жарналары барлық пайшылардың келісімi бойынша немесе селолық тұтыну кооперативi жалпы жиналысының (уәкілдер жиналысының) шешiмi бойынша ақшалай нысанда бағаланады. Егер мұндай салымның құны жиырма мың айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiне бара-бар сомадан артық болса, оның бағалануын тәуелсiз сарапшы растауға тиiс.

7. Кооперативке салым есебiнде мүлiктi пайдалану құқығы берiлген жағдайларда бұл салымның мөлшерi пайдаланғаны үшiн селолық тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысы (уәкiлдер жиналысы) белгiлеген бүкiл мерзiмге есептелiп төленетiн ақымен белгіленедi.

Селолық тұтыну кооперативi жалпы жиналысының (уәкiлдер жиналысының) келісімiнсiз пайдалану құқығы мүлiктiк (пайлық) салым болып табылатын мүлiктi мерзiмiнен бұрын алып қоюға жол берiлмейдi.

Егер селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысында өзгеше көзделмесе, кооперативтiң пайдалануына берiлген мүлiктiң кездейсоқ жойылып кету немесе бүлiну қаупi мүлiк иесiне жүктеледi.

8. Мүлiктiк (пайлық) жарналарды енгізу мерзiмi селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысында белгiленедi.

47-бап. Селолық тұтыну кооперативiнiң қорлары

1. Селолық тұтыну кооперативi өз қызметiн жүзеге асыру кезiнде мынадай қорлар:

1) пайлық;

2) бөлiнбейтiн;

3) селолық тұтыну кооперативiн дамыту;

4) резервтiк;

5) пайшыларды ынталандыру және әлеуметтiк қолдау қорларын;

6) селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысына сәйкес өзге де қорлар құруға құқылы.

2. Селолық тұтыну кооперативiнің пайлық қоры кооператив мүшелерiнiң мүлiктiк (пайлық) жарналарынан тұрады және кооперативтiң мүлкiн қалыптастыру көздерiнiң бiрi болып табылады.

3. Кооператив алған табыстар және заңдарда тыйым салынбаған өзге де көздер селолық тұтыну кооперативiнiң басқа қорларын қалыптастыру көзi болып табылады.

4. Селолық тұтыну кооперативi қорларын қалыптастыру мен пайдалану тәртібін, олардың қайта бөлiнуiн селолық тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысы (уәкiлдер жиналысы) белгілейдi.

48-бап. Пайшылардың селолық тұтыну кооперативiнiң мүлкіндегі үлесі

1. Селолық тұтыну кооперативiнiң меншiгіндегі мүлiк оның мүшелерiнiң (пайшыларының) пайы және бөлiнбейтiн қоры болып бөлiнедi.

2. Селолық тұтыну кооперативiнде еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiн және кооперативтiң пайшылары болып табылмайтын азаматтар селолық тұтыну кооперативiнiң мүлкіндегі үлестен дәме ете алмайды.

3. Селолық тұтыну кооперативi бөлiнбейтiн қорының объектiлерiн және олардың құндық баламасын селолық тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысы (уәкiлдер жиналысы) белгiлейдi.

4. Селолық тұтыну кооперативiнiң мүлкіндегі пайшының үлесiн анықтау кезiнде кооператив мүлкiнiң құнынан бөлiнбейтiн қордың құны, сондай-ақ пайшының үлесiн анықтау күнiне пайда болған залал мен мiндеттеме шегерiледi. Кооперативтiң құндық баламасында құралған мүлкіндегі пайшының үлесi оның мүлiктiк (пайлық) жарнасына пара-пар болады.

5. Селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысы немесе жалпы жиналыс (уәкiлдер жиналысы) пайшылардың әрқайсысының селолық тұтыну кооперативiнің мүлкiн құруға және көбейтуге қосқан үлесiне қарай олардың үлесiн анықтау және өзгерту тәртібін белгiлеуi мүмкiн.

6. Селолық тұтыну кооперативiнiң әрбiр пайшысы өзiнің қалауына қарай өз үлесiн сатуға, сыйға беруге, мұраға қалдыруға, кепілге салуға не осы Заңда және селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысында көзделген шарттарды сақтай отырып, оған өзгеше түрде билiк етуге құқылы.

7. Селолық тұтыну кооперативiнiң мүлкіндегі өз үлесiмен қандай да бiр операциялар жасау алдында пайшы селолық тұтыну кооперативiнiң ортақ мүлкiнен өз үлесiн бөлудi талап етiп, кооперативтiң жарғысында белгiленген мерзiмде кооперативтiң атқарушы органына арыз беруге мiндеттi.

49-бап. Селолық тұтыну кооперативi пайшысының кооператив мүлкiндегі өз үлесiне билiк етуi

1. Пайшының селолық тұтыну кооперативi мүлкіндегі үлесi мүлiктiк (пайлық) жарнаны толық төлегенге дейiн жарна төленген бөлiгiнде ғана иелiктен алынуы немесе кепiлге салынуы мүмкiн.

2. Селолық тұтыну кооперативiнiң пайшысы кооператив мүлкіндегі өз үлесiн немесе оның бiр бөлiгiн өз таңдауы бойынша кооперативтiң бiр немесе бiрнеше пайшысына сатуға немесе өзге де әдiспен беруге құқылы. Дәл солайша селолық тұтыну кооперативiнiң пайшысы кооперативтiң басқа пайшысының алдындағы өз мiндеттемесiн қамтамасыз ету үшiн үлесiн кепiлге салуға құқылы. Бұл мәмілелердi жасауға кооперативтiң немесе басқа пайшылардың келісімi талап етiлмейдi.

50-бап. Селолық тұтыну кооперативi пайшысының үлесiн үшiншi тұлғаға беру мүмкiндiгi

1. Селолық тұтыну кооперативi пайшысының өз үлесiн (оның бiр бөлiгiн) үшiншi тұлғаға беруiне немесе пайшының үшiншi тұлға алдындағы мiндеттемесiн қамтамасыз ету үшiн үлесiн (үлестiң бiр бөлiгiн) кепiлге салуына жол берiледi.

2. Селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысында үлестi үшiншi тұлғаға сату белгiлi бiр талаптарды орындағанда ғана жол берiлетiн болып көзделуi мүмкiн.

51-бап. Иеліктен айырылатын үлесті сатып алуға басымдық берілетін құқық

1. Селолық тұтыну кооперативiнiң пайшылары әлдебiр пайшылардың бiреуi үлесiн немесе оның бiр бөлiгiн сатқан жағдайда оны сатып алуға үшiншi тұлғаларға қарағанда басым құқықты пайдаланады. Мұндай құқықты әрбiр пайшы пайдалана алады. Егер сатып алудың басым құқығын пайдаланғысы келетiн пайшылар бiрнешеу болса және жарғыда немесе кооператив пайшыларының өзге де келісімiнде өзгеше көзделмесе, үлестi (оның бiр бөлiгiн) сатып алудың басым құқығын пайшылар кооператив мүлкіндегі өз үлесiнiң мөлшерiне қарай жүзеге асырады.

2. Селолық тұтыну кооперативiнiң пайшысынан үлесiн сатуға ұсынуы туралы хабарлама алған кезден бастап жетi күн iшiнде атқарушы орган бұл туралы кооперативтiң барлық пайшыларына хабарлайды. Кооперативтiң сатып алудың басым құқығын жүзеге асырғысы келетiн пайшысы жетi күн мерзiмде бұл туралы кооперативтiң атқарушы органына хабарлап, бұл орайда сатуға ұсынылып отырған үлестi толық немесе оның белгiлi бiр бөлiгiн сатып алғысы келетiнiн көрсетуге тиiс.

3. Егер түскен ұсыныстардың жиынтық көлемi сатылатын үлестiң мөлшерiнен аспаса, пайшылардың әрқайсысы оның өз хабарламасында көрсеткен бөлiгiн сатып алады. Үлестiң қалған бөлiгi, егер бұлайша иелiктен айыруға дейiн селолық тұтыну кооперативi пайшыларынан қосымша ұсыныстар келiп түспесе, үшiншi тұлғаға иелiктен айырылып берiлуi мүмкiн.

4. Үлес немесе оның бiр бөлiгi сатып алудың басым құқығын бұза отырып сатылған жағдайда селолық тұтыну кооперативiнiң кез келген пайшысы үш ай iшiнде сот тәртібімен өзiне сатып алушының құқықтары мен мiндеттерi берiлуiн талап ете алады.

5. Иелiктен айырылатын үлестi сатып алудың басым құқығы үлестi сатудың кез келген әдiсi жағдайында, оның iшiнде сауда-саттықта да жүзеге асырылады.

6. Үлестi сатып алудың басым құқығын басқаға беруге жол берiлмейдi.

7. Иелiктен айырылатын үлестi немесе оның бiр бөлiгiн кооператив пайшысы (пайшылары) сатып алған жағдайда оның кооператив мүлкіндегі үлесi көбейедi.

8. Осы баптың ережелерi үлестi айырбас шарты бойынша иелiктен айыру кезiнде де қолданылады.

9. Yлестi немесе оның бiр бөлiгiн үшiншi тұлғаға сату кезiнде пайшылар оны сатып алудың басым құқығын пайдаланғысы келмеген жағдайда сатып алудың басым құқығын селолық тұтыну кооперативiнiң өзi пайдалана алады.

52-бап. Басқа пайшылардың үлестi сатып алудан бас тартқан кезiнде селолық тұтыну кооперативi пайшысының үлесiн сату

1. Селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысымен селолық тұтыну кооперативiнiң пайшыларына өз үлесiн үшiншi тұлғаларға сатуға тыйым салуы немесе шек қоюы көзделуi мүмкiн (мысалы, үлестi кооперативтiң тек басқа пайшысына не үшiншi тұлғалардың шектеулi тобына сату). Бұл орайда сату осындай тыйым салу мен шектеулер сақтала отырып жүргiзiлуге тиiс.

2. Үлестi сату сатушының еркiнен тыс мән-жайлар бойынша осы баптың 1-тармағында көзделген тыйым салу немесе шектеулер сақтала отырып жүргiзу мүмкiн болмаған реттерде үлесiн сатқысы келетiн пайшы осы үлестi сатып алуды немесе оны үшiншi тұлғаға сатуға рұқсат берудi талап етiп, селолық тұтыну кооперативiне жүгінуге құқылы.

Осы нұсқалардың бiрiн таңдауды кооператив пайшыларының жалпы жиналысы жүргiзедi.

3. Селолық тұтыну кооперативi үлестi сатып алған кезде үлестiң бағасы тараптардың келісімiмен, ал келісімге келе алмаған жағдайда сот арқылы белгiленедi.

4. Үлестi үшiншi тұлғаға сатуға селолық тұтыну кооперативi келiскен жағдайда кооператив пайшысы үлестi сатып алуға басым құқығын сақтап қалады.

53-бап. Пайшының үлесiн селолық тұтыну кооперативi сатып алуының салдары

1. Пайшының үлесiн селолық тұтыну кооперативi сатып алғаннан кейiн, сондай-ақ пайшының үлесiн кооператив тараптардың келісімi бойынша сатып алғаннан кейiн кооператив басқа пайшыларға осы үлестi селолық тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысының (уәкiлдер жиналысының) шешiмiмен белгiленген баға бойынша сатып алуды ұсынуға мiндеттi.

2. Үлестi сатып алуға бiрнеше пайшы ниет бiлдiрген жағдайда үлес олардың арасында селолық тұтыну кооперативi мүлкіндегі үлестерiне бара-бар мөлшерде бөлiнедi.

Пайшы сатып алған үлес мөлшерi осы пайшыға сатып алғанға дейiнгi тиесiлi үлес мөлшерiне қосылады. Бұл орайда кооперативтiң бiр пайшысына тиесiлi болуы мүмкiн үлес мөлшерiн шектеу мүмкiндiгi сақталады.

3. Селолық тұтыну кооперативi жалпы жиналыстың (уәкiлдер жиналысының) шешiмiмен кооператив атынан сатып алынған үлестi үшiншi тұлғаға сатуға құқылы.

54-бап. Селолық тұтыну кооперативiнен шығарылуға тиiстi пайшының үлесiн бөлiп беру

1. Селолық тұтыну кооперативiнен шығарылуға тиiстi пайшының үлесiн бөлiп беру жалпы жиналыстың (уәкiлдер жиналысының) шешiмi бойынша жүргiзiледi.

2. Селолық тұтыну кооперативiнiң пайшысы кооперативке немесе оның пайшыларына қасақана зиян келтiрген жағдайда олар зиян келтiрушiден бөлiнген пайы есебiнен зиянды өтеудi талап етуге құқылы.

3. Егер тараптар өтелетiн зиянның және пайшыға бөлiнетiн үлестiң мөлшерi туралы келісімге келмеген жағдайда дау сот тәртібімен шешiледi.

55-бап. Селолық тұтыну кооперативi мен оның мүшелерiнiң мүліктiк жауапкершілігi

1. Селолық тұтыну кооперативi өзiне тиесілi барлық мүлiкке өз мiндеттемелерi бойынша жауап бередi және пайшылардың басқа мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.

2. Селолық тұтыну кооперативiнің мүшелерi (пайшылары) жасалған залалдарды (кәсiпкерлiк қызмет залалдарын қоспағанда) жыл сайынғы баланс бекітілгеннен кейiн үш ай iшiнде қосымша жарналар жолымен жабуға мiндеттi. Бұл мiндет орындалмаған жағдайда кооператив кредит берушiлердің талап етуi бойынша сот тәртібімен таратылуы мүмкiн.

3. Пайшылардың селолық тұтыну кооперативiнiң мiндеттемелерi бойынша субсидиарлық жауапкершiлiгi Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында көзделген тәртiппен белгiленедi.

6-тарау. Селолық тұтыну кооперативін қайта

ұйымдастыру және азайту

56-бап. Селолық тұтыну кооперативін қайта ұйымдастыру

1. Селолық тұтыну кооперативiн қайта ұйымдастыру (қосу, бiрiктiру, бөлу, бөлiп шығару) кооперативтiң жалпы жиналысының (уәкiлдер жиналысының) шешiмi бойынша ерiктi түрде жүзеге асырылуы мүмкiн. Кооператив пайшыларының құрамын үлестен айыру немесе өзгеше өзгерту селолық тұтыну кооперативiн қайта ұйымдастыру болып табылмайды.

2. Заң актілерiмен белгiленген жағдайларда, селолық тұтыну кооперативiн оны бөлу немесе оның құрамынан бiр немесе бiрнеше кооперативтi бөлiп шығару нысанында мәжбүрлеп қайта ұйымдастыру сот шешiмi бойынша жүзеге асырылады.

3. Селолық тұтыну кооперативiн заңды тұлғалардың басқа түрлерi мен нысандарында қайта құруға болмайды.

57-бап. Селолық тұтыну кооперативтерiнiң қосылуы, бiрiгуi

1. Екi немесе бiрнеше селолық тұтыну кооперативтерiнiң қосылуы осы кооперативтер мүлкiнiң толық бiрiктiрiлуi жолымен жүзеге асырылады.

Қосылу нәтижесiнде жаңа кооператив пайда болады, ал қосылған кооперативтердің жұмысы тоқтатылады. Бұл орайда кооперативтердiң қосылуына әрбiр қатысушының барлық құқықтары мен мiндеттерi өткізу актiсiне сәйкес жаңадан пайда болған кооперативке ауысады.

2. Бiр немесе бiрнеше селолық кооперативтiң басқа селолық тұтыну кооперативiне бiрiгуi бiрiгетiн кооператив мүлкiнiң бiрiгушi кооперативтер мүлкiне енгiзiлуi жолымен жүзеге асырылады. Бұл орайда бiрiгетiн кооперативтердiң қызметi тоқтатылады, ал олардың барлық құқықтары мен мiндеттерi өткізу актiсiне сәйкес бiрiгушi кооперативке ауысады, оның жарғысына қайта ұйымдастыруға байланысты өзгерістер енгiзiледi.

3. Қосылуға, бiрiгуге қатысушы селолық тұтыну кооперативтерiнiң атқарушы органдары қосылу, бiрiгу туралы шарттың жобаларын әзiрлейдi және әр кооперативтің жалпы жиналысының (уәкiлдер жиналысының) қарауына қосылу, бiрiгу жөніндегі және қосылу, бiрiгу туралы шартты бекіту жөніндегі мәселелердi енгiзедi.

Қосылу, бiрiгу туралы шарттың келісілген мәтiнiне кооперативтiң атқарушы органдары уәкiлдiк берген адамдар қол қояды.

Қосылу, бiрiгу туралы шартта қосылуға, бірігуге қатысушы кооперативтердiң әрқайсысының фирмалық атауы, орналасқан жерi мен мекен-жайы туралы мәлiметтер, олардың баланстарының негiзгi деректерi болуға, сондай-ақ қосылудың, бiрiгудiң тәртібі мен талаптары көзделуге тиiс.

4. Қосылуға, бiрiгуге қатысушы селолық тұтыну кооперативтерiнiң әрқайсысы жалпы жиналыс (уәкiлдер жиналысы) қосылу, бiрiгу туралы шешiм қабылдаған күннен кейiн екi ай мерзiмде өздерiнiң барлық кредит берушiлерiне қосылу, бiрiгу туралы жазбаша хабарлама жiберуге және ресми баспасөз органдарында тиiстi хабарландыру беруге мiндеттi. Хабарламаға (хабарландыруға) осы баптың 3-тармағында көрсетiлген қосылуға, бiрiгуге қатысатын басқа да кооперативтер туралы мәлiметтер тiркеледi.

Кооперативтердiң кредит берушілерi хабарлама алынғаннан немесе хабарландыру жарияланғаннан кейiн екi ай мерзiмде кооперативтен қосымша кепiлдiктер не кооперативтiң тиiстi мiндеттемелерiн мерзiмiнен бұрын тоқтатуын немесе орындауын және залалдардың орны толтырылуын талап етуге құқылы. Талап кооперативке жазбаша нысанда жiберiледi, ал олардың көшiрмелерi кооперативтi мемлекеттік тiркеудi жүзеге асыратын органға табыс етiлуi мүмкiн.

5. Қосылуға, бiрiгуге қатысушы селолық тұтыну кооперативiнің әрқайсысы жалпы жиналыстың (уәкiлдер жиналысының) қосылу, бiрiгу туралы шешiмi қабылданған кезден бастап, бұл шешiм туралы шешiм қабылданғаннан кейiн туындайтын мiндеттемелер бойынша кредит берушiлерге хабарлауға мiндеттi.

Кооперативтердiң қосылу, бiрiгу туралы шарттары негiзiнде қосылушы, бiрiгушi кооперативтердiң пайшылары жалпы жиналыста (уәкiлдер жиналысында) жаңадан құрылатын кооперативтiң жарғысын қабылдайды және кооперативтiң атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарын сайлайды.

58-бап. Селолық тұтыну кооперативiн бөлу, бөлiп шығару

1. Селолық тұтыну кооперативiн бөлу осы кооперативтiң мүлкiн пайда болған екi немесе бiрнеше селолық тұтыну кооперативтерiнiң арасында бөлу жолымен жүзеге асырылады. Бұл орайда бөлiнген кооперативтің құқықтары мен мiндеттерi бөлу балансына сәйкес жаңадан пайда болған кооперативтерге ауысады.

2. Селолық тұтыну кооперативiнен бiр немесе бiрнеше селолық тұтыну кооперативтерiн бөліп шығару кооператив мүлкiнiң бiр бөлiгiн бөлiп беру және оны жаңадан пайда болған бiр немесе бiрнеше кооперативке беру жолымен жүзеге асырылады.

Бұл орайда қайта ұйымдастырылатын кооперативтiң құқықтары мен мiндеттерiнiң бiр бөлiгi бөлу балансына сәйкес жаңадан пайда болған кооперативке ауысады.

3. Қайта ұйымдастырылатын селолық тұтыну кооперативiнiң атқарушы органы жаңадан пайда болатын кооперативтiң бөлу, бөлiп шығару жоспары мен жарғыларының жобаларын әзiрлейдi және кооперативтi бөлу, бөлiп шығару жаңадан пайда болатын кооперативтердiң бөлу, бөлiп шығару жоспарын, жарғысын және бөлу балансын бекіту туралы, сондай-ақ жаңадан пайда болатын кооперативтердiң атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарын сайлау туралы мәселелердi жалпы жиналыстың (уәкiлдер жиналысының) қарауына енгiзедi.

4. Егер селолық тұтыну кооперативiнiң жарғысында өзгеше көзделмесе, оны бөлу, бөлiп шығару кезiнде әрбiр пайшы жаңадан пайда болатын кооперативтердiң әрқайсысының кооператив мүлкіндегі қайта ұйымдастырылатын кооператив мүлкiнiң өз үлесiне тең үлесiн алуға құқылы.

5. Жалпы жиналыс (уәкiлдер жиналысы) бөлу, бөлiп шығару туралы шешiм қабылдаған кезден бастап, селолық тұтыну кооперативi осы шешiм туралы шешiм қабылданғаннан кейiн туындаған мiндеттемелер жөнiнде кредит берушiлерге хабарлауға мiндеттi.

6. Селолық тұтыну кооперативi жалпы жиналыс (уәкiлдер жиналысы) бөлу, бөлiп шығару туралы шешiм қабылданған күннен бастап екi ай мерзiмде өзiнiң барлық кредит берушiлерiне бөлу, бөлiп шығару туралы жазбаша хабарлама жiберуге және ресми баспасөз органдарында бөлу, бөлiп шығару туралы тиістi хабарландыру беруге мiндетті. Хабарламаға (хабарландыруға) бөлу балансы, сондай-ақ жаңадан пайда болған кооперативтердiң әрқайсысының фирмалық атауы, орналасқан жерi және мекен-жайы туралы мәлiметтер қоса тiркеледi.

7. Қайта ұйымдастырылатын селолық тұтыну кооперативiнiң кредит берушілерi хабарлама алған (хабарландыру жарияланған) күннен кейiнгi екi ай мерзiмде кооперативтен тиiстi мiндеттемесiн мерзiмiнен бұрын тоқтатуын немесе орындауын және залалдың орнын толтыруын талап етуге құқылы. Талап кооперативке жазбаша нысанда жiберiледi, ал олардың көшiрмелерi кооперативтi мемлекеттік тiркеудi жүзеге асыратын органға табыс етiлуi мүмкiн.

8. Селолық тұтыну кооперативiн бөлу, бөлiп шығару нәтижесiнде пайда болған селолық тұтыну кооперативтерi жаңа кооперативтер тiркелген кезден бастап бiр жыл iшiнде оның мiндеттемелерi бойынша бiрлесiп жауапты болады.

59-бап. Селолық тұтыну кооперативiн мәжбүрлеп бөлу, бөлiп шығару туралы сот шешiмiн орындамаудың салдары

1. Егер селолық тұтыну кооперативтерiнiң мәжбүрлеп қайта ұйымдастыру кезiнде сот шешiмi бойынша бөлудi, бөлiп шығаруды жүргiзуге уәкiлеттi атқарушы органы кооперативтi бөлудi, бөлiп шығаруды сот шешiмiнде белгiленген мерзiмде жүзеге асырмаса, сот кооператив мүлкiне сенiм бiлдiрiлген басқарушы тағайындайды және оған осы кооперативтiң бөлiнуiн, бөлiнiп шығарылуын қайта ұйымдастырылатын кооператив мүлкi есебiнен жүргiзудi тапсырады.

2. Сенім бiлдiрiлген басқарушы тағайындалған кезден бастап селолық тұтыну кооперативiн басқару жөніндегі өкiлеттiк соған ауысады, селолық тұтыну кооперативiнiң атқарушы, бақылаушы және өзге де органдары өз қызметiн тоқтатады.

3. Сенім бiлдiрiлген басқарушы сотта селолық тұтыну кооперативiнiң атынан өкiл болады, бөлу балансын жасайды және оны кооперативтердiң бөлу, бөлiп шығару нәтижесiнде туындайтын құрылтай құжаттарымен бiрге соттың бекітуiне бередi. Аталған құжаттарды соттың бекітуi жаңадан пайда болатын кооперативтердi мемлекеттік тiркеу үшiн негiздеме болып табылады.

60-бап. Селолық тұтыну кооперативiн қайта ұйымдастыру нәтижесiнде пайда болатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тiркеу

1. Қайта ұйымдастыру нәтижесiнде пайда болатын селолық тұтыну кооперативiн мемлекеттік тiркеу Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

2. Селолық тұтыну кооперативтерi қосылған жағдайда мемлекеттік тiркеудi жаңадан пайда болатын селолық тұтыну кооперативi орналасқан жердегi тiркеушi орган жүргiзедi.

Селолық тұтыну кооперативтерi бiрiккен жағдайда мемлекеттік тiркеудi бiрiгушi селолық тұтыну кооперативi орналасқан жердегi тiркеушi орган жүргiзедi.

Селолық тұтыну кооперативтерi бөлiнген, бөлiп шығарылған жағдайда мемлекеттік тiркеудi қайта ұйымдастырылушы селолық тұтыну кооперативi орналасқан жердегi тiркеушi орган жүргiзедi. Бұл тiркеушi орган жаңа селолық тұтыну кооперативтерiн мемлекеттік тiркеу деректерiн жаңадан пайда болған селолық тұтыну кооперативтерi орналасқан жерден заңды тұлғаларды мемлекеттік тiркеудi жүзеге асыратын органға хабарлайды.

3. Қайта ұйымдастыру нәтижесiнде пайда болатын селолық тұтыну кооперативiн мемлекеттік тiркеудi заңды тұлғаларды мемлекеттік тiркеудi жүзеге асыратын орган кредит берушiлерге кооперативтi қайта ұйымдастыруды талап етiп арыз беру үшiн берiлген мерзiм өткен соң жүзеге асырады. Егер заңды тұлғаларды мемлекеттік тiркеудi жүзеге асыратын органға селолық тұтыну кооперативтерiн қайта ұйымдастыруға қатысатын кредит берушiлер талаптарының көшiрмелерi келiп түссе, жаңадан пайда болатын селолық тұтыну кооперативi осы талаптардың орындалуына дәлелдемелер табыс етiлген не сол талаптарды қойған кредит берушiлердiң қайта ұйымдастыруға қарсылығы болмаған жағдайда тiркеледi.

4. Егер жыл iшiнде, селолық тұтыну кооперативтерiн қайта ұйымдастыруға қатысушылардың соңғысының жалпы жиналысында (уәкiлдер жиналысында) қайта ұйымдастыру туралы шешiм қабылданған күннен бастап, мемлекеттік тiркеу туралы арыз берiлмеген болса не қажеттi айғақтар табыс етiлмесе (осы баптың 3-тармағы), қайта ұйымдастыру жасалмаған болып есептеледi.

5. Қосылу және бөлiніп шығу нысанындағы қайта ұйымдастыру жағдайларын қоспағанда, қайта ұйымдастыруға қатысатын селолық тұтыну кооперативтерi жаңадан пайда болған селолық тұтыну кооперативтерi мемлекеттік тіркелген кезден бастап өз қызметін тоқтатады және Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінен алып тасталады.

Қосылатын селолық тұтыну кооперативі оның басқа селолық тұтыну кооперативіне қосылуы тiркелген кезден бастап өз қызметін тоқтатады және Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінен алып тасталады.

 

61-бап. Селолық тұтыну кооперативiн тарату

1. Селолық тұтыну кооперативi оның жалпы жиналысының шешiмi бойынша немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сот шешiмi бойынша таратылуы мүмкiн.

2. Селолық тұтыну кооперативiнiң оны тарату жөнiнде шешiм қабылдаған жалпы жиналысы тарату комиссиясын (таратушыны) тағайындайды және селолық тұтыну кооперативiн таратудың тәртібі мен мерзiмiн белгілейдi.

3. Селолық тұтыну кооперативiн таратқан кезде оның бөлiнбейтiн қорының мүлкi бөлiнуге жатпайды және таратылатын селолық тұтыну кооперативi жалпы жиналысының шешiмi негiзiнде басқа селолық тұтыну кооперативiне (селолық тұтыну кооперативтерiне) оның (олардың) бөлiнбейтiн қорын толықтыру үшiн берiледi.

4. Бөлiнбейтiн қор мүлкiн қоспағанда, кредит берушiлердiң талаптары қанағаттандырылғаннан кейiн селолық тұтыну кооперативiнiң қалған мүлкi пайшылар арасында олардың мүлiктiк (пайлық) жарнасына бара-бар бөлiнедi.

 

 

7-тарау. Қазақстан Республикасының селолық тұтыну кооперациясы жүйесіндегі қауымдастар (одақтар)

62-бап. Қауымдастықтардың (одақтардың) құрылуы мен қызметiнiң негiзгi принциптерi

1. Селолық тұтыну кооперациясы жүйесіндегі қауымдастықтар (одақтар) ерiктi негiзде және, әдетте, аумақтық белгiсi бойынша құрылады.

2. Қауымдастықтар (одақтар) коммерциялық емес ұйымдар болып табылады және жарғы мен құрылтай шартының негiзiнде жұмыс iстейдi.

3. Қауымдастықтар (одақтар) өз мүшелерiнiң қызметiн үйлестiрудi жүзеге асырады, сондай-ақ олардың жалпы мүлiктiк мүдделерiн бiлдiредi және қорғайды.

Қауымдастықтар (одақтар) Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн, құрылтай шартында немесе жарғыда көзделген өзге де мiндеттердi жүзеге асыруға құқылы.

4. Қауымдастықтардың (одақтардың) мүшелерi дербестiгiн және заңды тұлға құқығын сақтайды.

5. Қауымдастықтардың (одақтардың) мақсаттары мен мiндеттерiн бөлiсетiн басқа заңды тұлғалар да олардың мүшелерi бола алады.

6. Қауымдастықтар (одақтар) өз мүшелерiнiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi. Қауымдастықтардың (одақтардың) мүшелерi өз мiндеттемелерi бойынша құрылтай құжаттарында көзделген мөлшер мен тәртiпте субсидиарлық жауапты болады.

7. Қауымдастықтар (одақтар) өздерiнiң жарғылық мақсаттарына сәйкес келетiн мөлшерде ғана кәсiпкерлiк қызметпен айналыса алады. Қауымдастықтардың (одақтардың) кәсiпкерлiк қызметiнен алынатын табыс шығындарды жабуға және қауымдастықтардың (одақтардың) жарғылық қызметiн жүзеге асыруға жұмсалады.

8. Қауымдастықтар (одақтар) қауымдастықтың (одақтың) құрылтай шарты мен жарғысында көзделген өкiлеттiктi жүзеге асыруға құқылы.

9. Қауымдасты (одақты) құру тәртібі құрылтай шартымен белгiленедi.

10. Қауымдастықты (одақты) құру туралы шешiмдi оның құрылтай жиналысы қабылдайды, ол қауымдастыққа (одаққа) кiру туралы арыздар негiзiнде оның мүшелерiнiң тiзiмi мен қауымдастықтың (одақтың) жарғысын бекiтедi.

Құрылтай жиналысы қауымдастықтың (одақтың) органдарын:

1) қауымдастықтың (одақтың) атқарушы органын – басқармасын;

2) қауымдастықтың (одақтың) атқарушы органының төрағасын;

3) қауымдастықтың (одақтың) тексеру комиссиясын (ревизорын) сайлайды.

11. Қауымдастықтың (одақтың) жарғысында мыналар болуға тиiс:

1) қауымдастықтың (одақтың) атауы;

2) қауымдастықтың (одақтың) орналасқан жерi;

3) қауымдастық /одақ/ қызметiнiң мәнi мен мақсаты және оның өкiлеттiгi;

4) қауымдастыққа (одаққа) кiру тәртібі;

5) қауымдастықтан (одақтан) шығу немесе шығарылу тәртібі;

6) қауымдастықтың (одақтың) органдарын сайлау тәртібі, олардың құрамы мен құзыретi;

7) қауымдастықтың (одақтың) органдарының шешiмдер, оның ішінде бiрауыздан немесе біліктi көпшiлiк дауыспен шешiмдер, қабылдау тәртібі;

8) қауымдастық (одақ) мүшелерiнiң құқықтары мен мiндеттерi;

9) қауымдастықтың (одақтың) мүлкiн қалыптастыру мен пайдалану тәртібі;

10) қауымдастықтың (одақтың) филиалдары мен өкiлдiктерi туралы мәлiметтер;

11) қауымдастықты (одақты) қайта ұйымдастыру мен тарату тәртібі;

12) қауымдастық (одақ) таратылғаннан кейiн қалған мүлiктi бөлу тәртібі;

13) заңдарға қайшы келмейтiн басқа да ережелер.

12. Қауымдастық (одақ) Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттiк тiркелген кезден бастап ол құрылды деп есептеледi.

13. Қауымдастық (одақ) пен оның мүшелерi арасындағы өзара қатынастар жарғымен, құрылтай шартымен және келісімдермен белгiленедi.

63-бап. Қауымдастықтың (одақтың) мүлкi

1. Қауымдастық (одақ) мүлкiнің меншiк иесi заңды тұлға ретiнде сол қауымдастық (одақ) болып табылады.

2. Қауымдастықтың (одақтың) меншiгiнде қауымдастық (одақ) мүшелерiнiң жарналары есебiнен құрылған мүлiк пен қауымдастықтың (одақтың) және олар құрған кәсiпорындардың, филиалдар мен бөлiмшелердiң кәсiпкерлiк қызметiнен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де көздерден алынған кiрiстер болады.

3. Қауымдастық (одақ) мынадай қорларды:

1) мүлiктiк;

2) селолық тұтыну кооперациясын дамыту;

3) резервтiк;

4) қауымдастықтың (одақтың) жарғысына сәйкес өзге де қорларды құруы мүмкiн.

4. Қауымдастықтың (одақтың) өз жарғылық мақсаттарын iске асыру үшiн шаруашылық серiктестiктерi, медициналық, білім беру және өзге де мекемелерi, филиалдары мен өкiлдiктерi болуы және оларды құруы мүмкiн, сондай-ақ шаруашылық серiктестiктерi мен өзге де заңды тұлғалардың қатысушысы болып, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртіппен өз құқықтарын жүзеге асыра алады.

5. Қауымдастық (одақ) құрған мекемелердiң мүлкi оралымды басқару құқығымен бекітілiп берiледi.

64-бап. Қауымдастықтың (одақтың) органдары

1. Қауымдастықты (одақты) басқаруды қауымдастық (одақ) мүшелерi өкiлдерiнiң жалпы жиналысы және қауымдастықтың (одақтың) атқарушы органы жүзеге асырады.

2. Қауымдастықтың (одақтың) жоғары органы қауымдастық (одақ) мүшелерi өкiлдерiнiң жалпы жиналысы болып табылады. Қауымдастыққа (одаққа) мүшелердің өкiлдiк нормасы қауымдастық (одақ) мүшелерi өкілдерiнiң жалпы жиналысы қабылдап, бекiткен қауымдастық (одақ) жарғысымен белгiленедi. Өкiлдiк нормасын ұлғайту туралы шешiмді қауымдастықтың (одақтың) атқарушы органы қабылдап, оны кейiннен қауымдастық (одақ) мүшелерi өкiлдерiнiң жалпы жиналысы бекiтедi. Өкiлдiк нормаларын қауымдастықтың (одақтың) жарғысында аталған нормалардан кемiтуге жол берiлмейдi.

3. Қауымдастықтың (одақтың) атқарушы органы қауымдастықтың (одақтың) басқармасы болып табылады.

4. Қауымдастықтың (одақтың) тексеру комиссиясы (ревизоры) қауымдастықтың (одақтың) бақылаушы органы болып табылады.

65-бап. Қауымдастық (одақ) мүшелерiнiң өкiлдерi

1. Қауымдастық (одақ) мүшелерiнiң өкiлдерi қауымдастық (одақ) мүшелерiнiң жалпы жиналысында сайланады және оларға қауымдастық (одақ) мүшелерi өкiлдерiнiң жалпы жиналыстарында барлық мәселелердi шешу өкiлеттiгi беріледi.

2. Қауымдастық (одақ) жарғысында қауымдастық (одақ) мүшелерi өкiлдерiнiң дауыстарын, егер олар бiр селолық тұтыну кооперативiнен немесе қауымдастығынан (одағынан) сайланса, бiр-бiрiне беруi көзделуi мүмкiн. Бұл жағдайда қауымдастық (одақ) мүшесi өкiлiнiң қанша сенiмхаты болса, сонша даусы болады.

3. Қауымдастық (одақ) мүшесiнiң өкiлi өкiл сайланған сол қауымдастық (одақ) мүшесi берген сенiмхат болған жағдайда өкiлдердiң жалпы жиналысына қатысуға жiберiледi.

66-бап. Қауымдастық (одақ) мүшелерi өкiлдерi жалпы жиналысының өкiлеттiгi

1. Қауымдастық (одақ) мүшелерi өкiлдерiнiң жалпы жиналысы қауымдастықтың (одақтың) қызметiне қатысты барлық мәселелердi шешуге өкiлеттi.

2. Қауымдастық (одақ) мүшелерi өкiлдерiнiң кезектi және кезектен тыс жалпы жиналыстары шақырылуы мүмкiн. Қауымдастық (одақ) мүшелерi өкiлдерiнiң жалпы жиналыстарын шақырудың мерзiмi мен тәртібі қауымдастықтың (одақтың) жарғысымен белгiленедi.

3. Қауымдастық (одақ) мүшелерi өкiлдерi жалпы жиналысының айрықша құзыретiне мыналар жатады:

1) қауымдастықтың (одақтың) жарғысын қабылдау, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу;

2) қауымдастықтың (одақтың) iшкi ережелерiн, оларды қабылдау рәсiмдерiн және iшкi қызметiн реттейтiн басқа да құжаттарды бекіту;

3) қауымдастық (одақ) қызметiнiң негiзгi бағыттарын белгiлеу;

4) қауымдастық (одақ) басқармасының төрағасы мен мүшелерiн, тексеру комиссиясының мүшелерiн (ревизорды) сайлау және олардың өкiлеттiгiн доғару, олардың қызметi туралы есептердi тыңдау;

5) қауымдастықтың (одақтың) мүшелiгiне қабылдау және одан шығару;

6) қауымдастық (одақ) мүшелерi жарнасының мөлшерiн белгiлеу;

7) қауымдастықтың (одақтың) қызметi туралы жылдық есептердi бекіту;

8) қауымдастықтың (одақтың) мүлкiн иелiктен алу;

9) қауымдастық (одақ) қорларын қалыптастыру мен пайдаланудың түрлерiн, мөлшерi мен талаптарын белгiлеу;

10) қауымдастықты (одақты) қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешiмдер қабылдау;

11) қауымдастық (одақ) жарғысымен қауымдастық (одақ) мүшелерi өкiлдерi жалпы жиналысының айрықша құзыретiне жатқызылған басқа да мәселелер.

4. Осы Заңмен және қауымдастық (одақ) жарғысымен қауымдастық (одақ) мүшелерi өкiлдерi жалпы жиналысының айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелердi қауымдастықтың (одақтың) басқа органдарының шешуiне беруге болмайды.

67-бап. Қауымдастық (одақ) мүшелерi өкiлдерi жалпы жиналысының шешiм қабылдау тәртібі

1. Қауымдастық (одақ) мүшелерi өкiлдерiнің жалпы жиналысы, егер оған қауымдастық (одақ) мүшелерi өкiлдерiнiң кемiнде үштен екiсi қатысса, заңды болып табылады. Қауымдастық (одақ) мүшелерi өкiлдерi жалпы жиналысының шешiмi, егер оған кемiнде жалпы жиналысқа қатысушы қауымдастық (одақ) мүшелерi өкiлдерiнің жартысы жақтап дауыс берсе, қабылданған болып есептеледi.

2. Қауымдастық (одақ) мүшесi өкiлiнiң қауымдастық (одақ) мүшелерi өкiлдерiнің жалпы жиналысы шешiмдер қабылдаған кезде бiр даусы болады.

3. Қауымдастық (одақ) мүшелерi өкiлдерi жалпы жиналысының шешiмiне қауымдастық (одақ) мүшелерi сот тәртібімен шағым беруi мүмкiн.

68-бап. Қауымдастық (одақ) басқармасы

1. Қауымдастық (одақ) басқармасы қауымдастықтың (одақтың) атқарушы басқару органы болып табылады және қауымдастық (одақ) мүшелерi өкiлдерiнiң жалпы жиналысына есеп бередi. Қауымдастық (одақ) мүшелерi өкiлдерi жалпы жиналысының айрықша құзыретiне жатқызылған өкiлеттiктi қоспағанда, басқарма осы Заңмен және қауымдастық (одақ) жарғысымен белгiленген өкiлеттiктi жүзеге асырады.

2. Қауымдастық (одақ) басқармасының құзыретiне:

1) қауымдастықтың (одақтың) жалпы қызметiне басшылық жасау;

2) мемлекеттік және өзге де органдарда, сондай-ақ халықаралық ұйымдарда қауымдастықтың (одақтың) өкiлдiгiн жүзеге асыру;

3) қауымдастық (одақ) мүшелерi өкілдерiнiң жалпы жиналыстарын әзiрлеу және өткізу;

4) қауымдастық (одақ) мүшелерi өкiлдерiнiң жалпы жиналысына өкiлдердiң жалпы жиналыстары арасындағы кезеңдегi қауымдастық (одақ) жұмысы туралы есептi табыс ету;

5) қауымдастық (одақ) басқармасы төрағасының орынбасарларын, сондай-ақ мекемелер мен басқа да құрылымдық бөлiмшелердiң басшыларын тағайындау және қызметтен босату;

6) қауымдастықтың (одақтың) еңбек, материалдық және қаржы ресурстарын тиiмдi пайдалануды қамтамасыз ету;

7) шаруашылық серiктестiктерiн, мекемелердi, оқшауланған құрылымдық бөлiмшелердi, соның iшiнде филиалдарды құру туралы, сондай-ақ шаруашылық серiктестiктерге немесе басқа да заңды тұлғаларға қатысу туралы шешiмдер қабылдау;

8) бюджеттi және қауымдастықтың (одақтың) қорлары туралы ережелердi қауымдастық (одақ) мүшелерi өкілдерi жалпы жиналысының бекітуiне табыс ету;

9) шарттар жасасуға сенiмхаттар беру;

10) қауымдастықтың (одақтың) жарғысында белгiленген өзге де өкiлеттiк жатады.

3. Қауымдастық (одақ) басқармасының отырысы қауымдастықтың (одақтың) жарғысында көзделген мерзiмдерде, бiрақ тоқсанына кемiнде бiр рет өткiзiледi. Егер қауымдастық (одақ) басқармасының отырысына оның мүшелерінің кемiнде жартысы, оның iшiнде қауымдастық (одақ) басқармасының төрағасы немесе оның орынбасары қатысса, қауымдастықтың (одақтың) басқармасы мәселелердi шешуге өкiлеттi.

4. Қауымдастық (одақ) басқармасының төрағасы мен мүшелерi қауымдастық (одақ) жарғысында белгіленген мерзiмге сайланады.

Қауымдастық (одақ) басқармасының төрағасы мен мүшелерi қауымдастық (одақ) мүшелерi өкілдерi жалпы жиналысының шешiмi бойынша мiндеттердi (өкiлеттiктi) орындаудан кез келген уақытта босатылуы мүмкiн. Қауымдастық (одақ) басқармасының мерзiмiнен бұрын сайланған төрағасы немесе мүшесi қауымдастық (одақ) басқармасының алдыңғы төрағасының немесе мүшесiнiң өкiлеттiгi мерзiмiне сайланады.

5. Қауымдастықтың (одақтың) жарғысында қауымдастық (одақ) басқармасы төрағасының және оның орынбасарларының шешiмдердi қабылдау тәртібі мен оларды ресiмдеу тәртібі белгiленедi, сондай-ақ шешiм жеке-дара қабылдануы мүмкiн мәселелер айқындалады.

6. Қауымдастық (одақ) басқармасының төрағасы, оның орынбасарлары мен басқарманың басқа да мүшелерi өздерi қабылдаған шешiмдерi қауымдастықтың (одақтың) жарғысына және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

7. Қауымдастық (одақ) басқармасының мүшелерi қауымдастықтың (одақтың) тексеру комиссиясының мүшелерi (ревизоры) бола алмайды.

69-бап. Қауымдастықтың (одақтың) тексеру комиссиясы (ревизоры)

1. Қауымдастықтың (одақтың) тексеру комиссиясы (ревизоры) қауымдастықтың (одақтың) қаржы-шаруашылық қызметiн бақылайды және қауымдастық (одақ) мүшелерi өкiлдерiнiң жалпы жиналысына есеп бередi. Қауымдастықтың (одақтың) тексеру комиссиясының мүшелерi (ревизоры) болып жалпы жиналыста олардың өкiлдерi арасынан қауымдастықтың (одақтың) мүшелерi ғана сайлана алады.

2. Қауымдастықтың (одақтың) тексеру комиссиясы өз құрамынан ашық дауыс беру арқылы қауымдастықтың (одақтың) тексеру комиссиясының төрағасын сайлайды.

3. Қауымдастықтың (одақтың) тексеру комиссиясы (ревизоры) өз қызметiнде осы Заңды, қауымдастықтың (одақтың) жарғысын, қауымдастық (одақ) мүшелерi өкiлдерiнiң жалпы жиналысы бекiткен қауымдастықтың (одақтың) тексеру комиссиясы (ревизоры) туралы ереженi басшылыққа алады.

70-бап. Қауымдастықты (одақты) қайта ұйымдастыру және тарату

1. Қауымдастықты (одақты) қайта ұйымдастыру (қосу, бiрiктiру, бөлу, бөлiп шығару, қайта құру) қауымдастық (одақ) мүшелерi өкiлдерi жалпы жиналысының шешiмi және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негiздер бойынша жүзеге асырылады.

2. Қауымдастықты (одақты) қайта құру қауымдастық (одақ) мүшелерiнiң барлық өкiлдерiнiң бiрауызды шешiмi бойынша жүргiзiледi.

3. Қауымдастықты (одақты) тарату қауымдастық (одақ) мүшелерi өкiлдерi жалпы жиналысының шешiмi немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де негiздер бойынша жүзеге асырылады.

4. Қауымдастық (одақ) мүшелерi өкiлдерiнің жалпы жиналысы немесе қауымдастықты (одақты) тарату туралы шешiм қабылдаған орган тарату комиссиясын (таратушыны) тағайындайды және қауымдастықты (одақты) таратудың тәртібі мен мерзiмiн белгiлейдi.

5. Қауымдастықты (одақты) тарату кезiнде оның кредит берушiлердiң талаптарын қанағаттандырғаннан кейiн қалған мүлкi қауымдастық (одақ) мүшелерiнің арасында құрылтай шартында белгіленіп, енгiзiлген мүшелiк жарналарына бара-бар бөлiнедi.

71-бап. Қазақстан Республикасы селолық тұтыну кооперациясы жүйесiнiң орталық органы

1. Селолық тұтыну кооперативтерiнiң қауымдастықтары (одақтары) қауымдастыққа (одаққа) – Орталық органға ерiктi түрде бiрiге алады.

2. Қазақстан Республикасы селолық тұтыну кооперациясы жүйесiнің Орталық органы құрылтай шартына және жарғыға сәйкес:

1) селолық тұтыну кооперативтерi мен олардың қауымдастықтарының (одақтарының) қызметiн үйлестiрудi жүзеге асыруға;

2) мемлекеттік органдарда, мемлекеттік емес ұйымдарда, сондай-ақ халықаралық кооперативтiк қозғалыста селолық тұтыну кооперативтерiнің және олардың қауымдастықтарының (одақтарының) мүдделерiн бiлдiруге;

3) кооперативтiк демократияны дамытуға және өзiнiң құрамына кiретiн мүшелерi арасындағы iскерлiк қатынастар қолдап отыруға;

4) селолық тұтыну кооперативтерi мен олардың қауымдастықтарының (одақтарының), сондай-ақ пайшылардың құқықтары мен мүлкiн (меншiгiн) қорғауды қамтамасыз етуге, оларға заңдық, әдістемелік және өзге де практикалық көмек көрсетуге;

5) халықаралық кооперативтiк қозғалыста сыртқы экономикалық және өзге де байланыстарды жүзеге асыруға, инвестициялар тартуға жәрдемдесуге;

6) селолық тұтыну кооперациясы жүйесiн дамытудың экономикалық бағдарламаларын әзiрлеуге, қызметтiң аса маңызды бағыттары бойынша iргелi және қолданбалы зерттеулердi дамытуға;

7) рыноктық инфрақұрылымды қалыптастыру, ақпараттық және білім беру қызметiн көрсетудi дамыту iсiне қатысуға;

8) Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн басқа да мiндеттер мен өкiлеттiктi жүзеге асыруға құқылы.

3. Селолық тұтыну кооперациясы жүйесiнiң Орталық органын құру және оның қызметi осы Заңның 7-тарауымен реттеледi.

4. Қазақстан Республикасы селолық тұтыну кооперациясының Орталық органы қауымдастық (одақ) нысанында Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттiк тiркелуге тиiс.

8-тарау. Өтпелі кезең ережелері

72-бап. Осы Заң күшiне енгiзiлгенге дейiн құрылған тұтыну кооперативтерi мен олардың қауымдастықтарының (одақтарының) қызметi

1. Осы Заң күшiне енгiзiлгенге дейiн құрылған тұтыну кооперациясы жүйесiнiң тұтыну кооперативтерi мен олардың қауымдастықтары (одақтары) осы Заң күшiне енгiзiлген күннен бастап алты ай iшiнде өздерiнің құрылтай құжаттарына тиiстi өзгерістер енгізуге мiндеттi.

2. Тұтыну кооперативтерi мен олардың қауымдастықтары (одақтары) құрылтай құжаттарын осы Заңға сәйкес келтiргенге дейiн қолданылып жүрген құрылтай құжаттарының ережелерiн Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне және осы Заңға қайшы келмейтiн бөлiктерiнде басшылыққа алып отырады.

3. Тұтыну кооперациясы жүйесiнiң жұмыс iстеп тұрған қауымдастықтарының (одақтарының) жарғыларындағы өзгерістердi мемлекеттік тiркеу кезiнде құрылтай шарттарын табыс ету талап етiлмейдi.

73-бап. Тұтыну кооперациясы жүйесінің тұтыну кооперативтері пайшыларының мүліктік құқықтары

Тұтыну кооперациясы жүйесінің тұтыну кооперативтері пайшыларының осы Заң күшіне енгізілгенге дейін пайда болған мүліктік құқықтары сақталады.

Қазақстан Республикасының

Президенті

 

Н. Назарбаев

Пікір қалдыруға болмайды

Система Orphus