Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы

Биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы

Қазақстан Республикасының
Заңы
 
Биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы

(2015.29.10. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

 

Осы Заңды іске асыру мақсатында қабылдануы қажет нормативтік құқықтық актілердің тізбесін қараңыз

 

1-тарау. Жалпы ережелер

(1-2-баптар)

2-тарау. Биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу және қолдау

(3-11-баптар)

3-тарау. Биоотынға және оның өмірлік циклінің процестеріне қойылатын жалпы қауіпсіздік талаптары

(12-18-баптар)

4-тарау. Биоотын өндірісі және айналымы саласындағы мемлекеттік бақылау

(19-22-баптар)

5-тарау. Қорытынды ережелер

(23-24-баптар)

Түпнұсқада мазмұны жоқ

 

Осы Заң биоотын өндірісі және айналымы саласында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.

 

 

1-тарау. Жалпы ережелер

 

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) биологиялық туынды шикізат – биологиялық туынды, оның ішінде биохимиялық құрамдас бөліктерге ыдырайтын және биоотын өндіру үшін пайдаланылатын өнімдер;

2) биоотын – биологиялық туынды шикізаттан өндірілген отын;

3) биоотын айналымы – биоотынды әкелуді (импорт) және әкетуді (экспорт) қоса алғанда, биоотынды өткізу (сату немесе беру) процестері (кезеңдері), сондай-ақ олармен байланысты құю, таңбалау, сақтау және тасымалдау процестері;

4) биоотын айналымы саласындағы уәкілетті орган – биоотын айналымын мемлекеттік реттеу саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

5) биоотынды кәдеге жарату – арналған мақсаты бойынша пайдалануға жарамсыз биоотынды және биоотын өндірісінің қосалқы өнімдерін қажетті сападағы биоотынға немесе басқа өнімге айналдыратын технологиялық өңдеу;

6) биоотын өндіретін зауыт – шикізатты биоотын етіп қайта өңдеуге арналған мамандандырылған ғимарат;

7) биоотын өндіру – биоотын алуды қамтамасыз ететін шикізатты қайта өңдеу жөніндегі жұмыстар кешені;

8) биоотын өндіруші – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес биоотын өндірісін және айналымын жүзеге асыратын заңды тұлға;

9) биоотын өндірісі саласындағы уәкілетті орган – биоотын өндірісін мемлекеттік реттеу саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

10) биоэтанол – міндетті түрде мұнай өнімдерімен араластыруға немесе биоотынның басқа түрін өндіру мақсатында пайдалануға арналған биологиялық туынды шикізаттан өндірілген дегидратталған этил спирті;

11) дегидратталған этил спирті – сусыздандыру процесінен өткізілген, құрамындағы су үлесі бір пайыздан аспайтын этил спирті;

12) денатуратталған биоэтанол – тамақ өнімі немесе тамақ өніміне қоспа ретінде пайдалануға мүмкіндік бермейтін қасиеттер беру мақсатында химиялық заттармен араластыру процесінен өткізілген дегидратталған этил спирті;

13) өндіріс паспорты – биоотын өндіретін зауыттың өндірістік қуаттарының көрсеткіштерін, оның негізгі сипаттамаларын көрсететін, биоотын өндірісінің технологиялық процесінің сақталуы үшін қолда бар жабдықтардың пайдаланылуын регламенттейтін, белгіленген нысандағы құжат;

14) тамақ шикізаты – тамақ өнімдерін және биоотынды өндіру үшін жарамды биологиялық туынды шикізат түрі;

15) ілеспе жүкқұжат – жөнелтушіден алушыға дейінгі бүкіл жолында биоотынның қозғалысын бақылауды жүзеге асыруға арналған, биоотынды босату мен қабылдау жөніндегі операцияларды ресімдеуге қажетті бірегейлендірілген құжат.

 

2-бап. Биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы

1. Биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгендегіден өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

 

 

2-тарау. Биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу және қолдау

 

3-бап. Биоотын өндірісін және айналымын  мемлекеттік реттеу

2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

1. Биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеуді Қазақстан Республикасының Үкіметі, биоотын өндірісі және айналымы саласындағы уәкілетті органдар және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.

Өзге мемлекеттік органдар биоотын өндірісінің және (немесе) айналымының осы Заңда көзделген жекелеген мәселелерін өзге де заңдарда, Қазақстан Республикасы Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде белгіленген өз құзыреті шегінде реттеуге құқылы.

2. Биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеудің негізгі міндеттері:

1) ластағыш заттардың атмосфераға шығарылу деңгейін азайту;

2) биоотын өндірісін және айналымын дамыту;

3) биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету болып табылады.

3. Биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу:

1) биоотын өндірісі бойынша өндірістік қуаттардың шекті көлемдерін айқындауды;

2) биоотын өндірісі және айналымы саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруды;

3) азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайда кейіннен биоотын етіп қайта өңдеу үшін пайдаланатын тамақ шикізатына квоталарды белгілеуді қамтиды.

 

4-бап. Биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік қолдау

Биоотын нарығын дамытуды қамтамасыз ету мақсатында мемлекет биоотын өндірісін және айналымын биоотын нарығын дамытудың басым бағыттарын зерделеу жөніндегі зерттеулерді қаржыландыру арқылы қолдауды жүзеге асырады.

 

5-бап. 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)

 

6-бап. Биоотын өндірісі саласындағы уәкілетті органның құзыреті

Биоотын өндірісі саласындағы уәкілетті орган:

1) 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)

2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-1-тармақшамен толықтырылды

1-1) биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу және қолдау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;

2) өз құзыреті шегінде биоотын өндірісін мемлекеттік реттеу саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;

3) 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)

4) өндіріс паспортын бекіту үшін қажетті мәліметтер тізбесін әзірлейді және бекітеді;

5) 2014.13.01. № 159-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)

6) техникалық регламенттерді әзірлейді;

7) 2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)

8) 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)

9) 2014.13.01. № 159-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)

10) 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)

11) биоотын өндірісінің көлемі туралы ақпараттың автоматтандырылған түрде берілуін қамтамасыз ететін есептегіш бақылау аспаптарын қолдану қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 12) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

12) азық-түлік қауіпсіздігі қатері болған жағдайда, биоотынды кейіннен өңдеу үшін пайдаланылатын тамақ шикізатына квота белгілеу тәртібін әзірлейді және бекітеді;

13) 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)

2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 13-1), 13-2) және 13-3) тармақшалармен толықтырылды

13-1) биоотын өндірісі бойынша өндірістік қуаттардың шекті көлемдерін айқындайды;

13-2) биоотын өндірушілердің биоотын өндірісінің мониторингін жүзеге асыру үшін қажетті есептер ұсыну нысандары мен оларды биоотын өндірісі саласындағы уәкілетті органға ұсыну тәртібін бекітеді;

13-3) биоотын өндірісі мен айналымы саласындағы техникалық регламенттерді бекітеді;

14) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

7-бап. Биоотын айналымы саласындағы  уәкілетті органның құзыреті

Биоотын айналымы саласындағы уәкілетті орган:

1) өз құзыреті шегінде биоотын айналымын мемлекеттік реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;

2) өз құзыреті шегінде биоотын айналымын мемлекеттік реттеу саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;

3) биоотын айналымына камералдық бақылауды жүзеге асырады;

2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

4) биоотын айналымы бойынша декларациялардың нысанын, оларды ұсыну тәртібі мен мерзімдерін әзірлейді және бекітеді;

5) хабарлама нысанын әзірлейді және бекітеді;

6) биоотын айналымы саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 7) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

7) ілеспе жүкқұжаттарды ресімдеу тәртібін әзірлейді және бекітеді;

8) 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)

9) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 7-1-баппен толықтырылды

7-1-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының құзыреті

Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органы:

1) биоотын өндірісін мемлекеттік реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты өз құзыреті шегінде іске асырады;

2) биоотын өндірісі саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

3) биоотын өндіру зауытын салуға арналған техникалық-экономикалық негіздемеге салалық сараптама жүргізеді;

4) биоотын өндірісінің мониторингін жүргізеді;

5) биоотын өндірісі саласындағы уәкілетті органға биоотын өндірісі бойынша өндірістік қуаттардың шекті көлемдерін айқындау жөнінде ұсыныстар енгізеді.

 

8-бап. 2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)

 

9-бап. Биоотын өндірісінің және айналымының шарттары

1. Биоотын өндірісі:

1) өндіріс паспорты және биоотын өндірісі саласындағы уәкілетті органға биоотын өндірісінің көлемі туралы ақпараттың автоматтандырылған түрде берілуін қамтамасыз ететін есептегіш бақылау аспаптары болғанда;

2) биоотын өндірушінің жеке меншік құқығындағы немесе өзге де заттай құқығындағы биоотын өндіретін зауытта жүзеге асырылады.

2. Биоотынды сату:

1) биоотын өндірісін жүзеге асыратын және (немесе) мұнай өнімдерін компаундирлеуге лицензиясы бар тұлғаларға;

2) тиісті құжаттары болған кезде экспорттауға ілеспе жүкқұжаттарын ресімдеумен жүзеге асырылуға тиіс.

3. Биоотынды тасымалдауға оның бүкіл жүру жолында ілеспе жүкқұжаттары бар болған кезде жол беріледі.

4. Биоотынды сақтау биоотын өндірушілердің және құрамында биоотын бар мұнай өнімдерін өндірушілердің меншік құқығына немесе өзге де заттай құқығына жататын үй-жайларда жүзеге асырылады.

 

10-бап. Биоотын өндірушінің және құрамында биоотын бар  мұнай өнімдерін өндірушінің құқықтары мен міндеттері

1. Биоотын өндіруші және құрамында биоотын бар мұнай өнімдерін өндіруші:

1) өндіретін өнімін дербес, оның ішінде экспортқа өткізуге;

2) биоотын нарығын дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдауға ие болуға;

3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де құқықтарды иеленуге құқылы.

2. Биоотын өндіруші:

1) биоотын өндірісі мониторингін жүзеге асыру үшін қажетті есептерді биоотын өндірісі саласындағы уәкілетті органға табыс етуге;

2) өндірілген биоотынның әрбір партиясының техникалық регламенттермен бекітілген талаптарға сәйкестігін растауды қамтамасыз етуге;

3) биоотынды техникалық регламенттерде белгіленген құрамға сәйкес келмеген жағдайда оны кәдеге жаратуды (жоюды) жүргізуге;

4) биоотын айналымы саласындағы уәкілетті орган белгілеген нысанға, тәртіпке және мерзімге сәйкес биоотын айналымы бойынша декларацияларды биоотын айналымы саласындағы уәкілетті органға табыс етуге;

5) биоотынды тасымалдаған кезде, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ілеспе жүкқұжатты ресімдеуге және биоотын айналымы саласындағы уәкілетті органға табыс етуге;

6) осы Заңның 3-тарауында белгіленген, биоотынға және оның өмірлік циклінің процестеріне қойылатын жалпы қауіпсіздік талаптарын сақтауға;

7) биоотын өндірісі саласындағы уәкілетті орган белгіленген тәртіппен өндіріс паспортын әзірлеуге және бекітуге;

8) өндіріс паспортында көрсетілген мерзімге сәйкес жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге;

9) биоотын айналымы саласындағы уәкілетті органға биоотын өндірісінің көлемі туралы ақпараттың автоматтандырылған түрде берілуін қамтамасыз ететін есептегіш бақылау аспаптарын орнатуға міндетті.

3. Құрамында биоотыны бар мұнай өнімдерін өндіруші биоотын айналымы саласындағы уәкілетті орган бекіткен тәртіпке, нысанға және мерзімге сәйкес:

1) биоотын айналымы бойынша декларацияларды тапсыруға;

2) биоотынды тасымалдаған кезде ілеспе жүкқұжатты ресімдеуге және табыс етуге міндетті.

 

11-бап. Биоотын өндірісі және айналымы саласындағы шектеулер

1. Биоотын өндірісі және айналымы кезінде мыналарға:

2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

1) биоотын етіп кейіннен өңдеу үшін тамақ шикізатын биоотын өндірісі саласындағы уәкілетті орган белгілеген квотадан асатын көлемде пайдалануға;

2) 1 және 2-сыныпты бидайды тамақ шикізаты ретінде пайдалануға;

3) құрамы техникалық регламенттермен белгіленген құрамға сәйкес келмейтін биоотынды сатуды жүзеге асыруға;

4) денатуратталмаған биоэтанолды, оны биоотын өндіретін зауытқа немесе биоотынның басқа түрлеріне қайта өңдеу үшін мұнай өңдейтін зауытқа жеткізілім жағдайларын қоспағанда, айналымға шығаруға;

5) алкогольді өнімдер шығаруға және айналымын жүзеге асыруға;

6) қайта өңдеуге генетикалық түрлендірілген көз (объект) болып табылатын немесе генетикалық түрлендірілген көздерді (объектілерді) құрайтын шикізатты олардың қауіпсіздігін ғылыми негіздемелік растаусыз және мемлекеттік тіркеуден өтпей қабылдауға;

7) биоотын өндіретін бір зауытта екі және одан да көп биоотын өндірушілердің биоотын өндіруін жүзеге асыруына;

8) биоотын өндірісінің паспортынсыз, оның көлемін есепке алуды бақылау аспаптарынсыз не олардың бұзылып тұрған уақытында биоотын өндірісін жүзеге асыруға;

9) тиісті құжаттары бар кезде биоотынды экспорттауды қоспағанда, биоотын өндіруді жүзеге асырмайтын және (немесе) мұнай өнімдерін компаундирлеуге лицензиясы жоқ тұлғаларға биоотынды сатуға;

10) тиісті құжаттары бар кезде биоотынды экспорттауды қоспағанда, өндірілген биоотынды биоотын нарығының қатысушылары болып табылмайтын тұлғаларға оны сақтау үшін беруге;

11) биоотынды ілеспе жүкқұжаттарын ресімдемей сатуға тыйым салынады.

2. Тиісті құжаттары бар кезде биоотынды экспорттауды қоспағанда, биоотын өндіруді жүзеге асырмайтын және (немесе) мұнай өнімдерін компаундирлеуге лицензиясы жоқ тұлғаларға биоотынды сақтауға тыйым салынады.

 

 

3-тарау. Биоотынға және оның өмірлік циклінің процестеріне қойылатын жалпы қауіпсіздік талаптары

 

12-бап. Техникалық реттеу объектілері

Биоотын және оның өмірлік циклінің процестері техникалық реттеу объектілері болып табылады.

 

13-бап. Биоотынның сәйкестігін растау

Биоотынның техникалық регламенттерде айқындалған талаптарға сәйкестігін растау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

 

14-бап. Биоотынның қауіпсіздігі мен сапасы туралы ақпаратқа қойылатын талаптар

Тұтынушылардың биоотынның қауіпсіздігі мен сапасына қатысты жаңылысуына әкеп соқтыратын іс-әрекеттердің алдын алу мақсатында биоотын өндірушілер сатып алушыларға және тұтынушыларға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен биоотынның қауіпсіздігі мен сапасының көрсеткіштері туралы толық және дұрыс ақпарат береді.

 

15-бап. Биоотынға және оның өмірлік циклінің процестеріне қойылатын қауіпсіздік талаптары

Биоотын және оның өмірлік циклінің процестері техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес адамның өмірі мен денсаулығына және қоршаған ортаны қорғауға қауіпсіз болуға тиіс.

 

16-бап. Биоотынды сақтау кезіндегі қауіпсіздік талаптары

1. Биоотынды сақтау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қауіпсіздік талаптарына сай келетін арнайы қойма үй-жайларында жүзеге асырылады.

2. Биоотынды сақтау кезіндегі қауіпсіздік талаптары тәуекелдерге байланысты техникалық регламенттермен белгіленеді.

 

17-бап. Биоотынды тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік талаптары

1. Биоотынды арнайы жабдықталған және қауіпті жүктерді тасымалдауға қойылатын талаптарға әрі техникалық пайдалану қағидаларына сәйкес жүк тасымалдауға рұқсат етілген көлікпен тасымалдауға жол беріледі.

2. Биоотынды тасымалдауға қатысты құжаттар қауіпті жүктерді тасымалдауға арналған әрбір көлік түрі үшін Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс.

3. Биоотынды тасымалдау биоотынның қауіпсіздігін, сапасын және сақталуын қамтамасыз етуге тиіс.

 

18-бап. Биоотынды кәдеге жарату және жою кезіндегі қауіпсіздік талаптары

Зертханалық зерттеу нәтижелері бойынша мақсатына қарай пайдалануға жарамсыз деп танылған биоотынға техникалық регламенттерде белгіленген тәртіппен одан әрі пайдалану немесе жою (кәдеге жарату) тұрғысында сараптама жасалуға тиіс.

 

 

4-тарау. Биоотын өндірісі және айналымы саласындағы мемлекеттік бақылау

 

19-бап. Биоотын өндірісі және айналымы саласындағы мемлекеттік бақылау

2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді

1. Биоотын өндірісі және айналымы саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.

Тексеру Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.

2. Биоотын өндірісі және айналымы саласында сол сияқты камералдық бақылау жүзеге асырылады.

 

2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 20-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

20-бап. Биоотын өндірісі саласындағы камералдық бақылау

Биоотын өндірісі саласындағы камералдық бақылауды биоотын өндірушілер ұсынатын ведомстволық есептілікті, тексеру парақтарын, тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін, бақылау аспаптарының көрсеткіштерін зерделеу және талдау негізінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органы жүзеге асырады.

 

21-бап. Биоотын айналымы саласындағы камералдық бақылау

Биоотын айналымы саласындағы камералдық бақылауды биоотын нарығына қатысушылар табыс ететін биоотын айналымы жөніндегі декларацияларды, ілеспе жүкқұжаттарды зерделеу және талдау негізінде биоотын айналымы саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

 

22-бап. Биоотын өндірісі және айналымы саласында камералдық бақылауды жүргізу тәртібі

2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

1. Бұзушылықтар анықталған (биоотын нарығына қатысушылар осы Заңның 20 және 21-баптарында көрсетілген құжаттарды ұсынбаған не оларды зерделеу және талдау кезінде бұзушылықтар анықталған) жағдайларда, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың биоотын айналымы саласындағы жергілікті атқарушы органы мұндай бұзушылық анықталған кезден бастап бес жұмыс күні ішінде биоотын нарығына қатысушыға хабарламаны табыс етеді.

2. Почта бойынша хабарламасы бар тапсырыс хатпен не хабарларды кепілді жеткізуді қамтамасыз ететін электрондық байланыс арналары арқылы жіберілген электронды түрдегі хабарлама почта немесе өзге байланыс ұйымынан жауап алған күннен бастап не хабарламаны электронды түрде жіберген күннен бастап бес жұмыс күні өткеннен кейін тапсырылды деп есептеледі.

Камералдық бақылау нәтижесі бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындау оны тапсырған (алған) күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде жүзеге асырылады.

 

 

5-тарау. Қорытынды ережелер

 

23-бап. Қазақстан Республикасының биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

Қазақстан Республикасының биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

 

24-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

 

 

Қазақстан Республикасының

Президенті

 

Н. НАЗАРБАЕВ

 

Астана, Ақорда, 2010 жылғы қарашаның 15-і

№ 351-ІV ҚРЗ

 

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus