Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет НҚА ҚР аумағында орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдауды (орнын ауыстыруды) жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы

ҚР аумағында орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдауды (орнын ауыстыруды) жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы

Источник: ИС ПАРАГРАФ, 16.10.2012 16:43:10

 

Қазақстан Республикасының аумағында орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдауды (орнын ауыстыруды) жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы № 149 Қаулысы

 

«Ветеринария туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шілдедегі Заңының 5-бабының 13) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының аумағында орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдауды (орнын ауыстыруды) жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

 

 

Қазақстан Республикасы

Премьер-Министрі

 

К. Мәсімов

 

Қазақстан Республикасы

Үкіметінің

2012 жылғы 21 қаңтардағы

№ 149 қаулысымен

бекітілген

Қазақстан Республикасының аумағында орны ауыстырылатын

(тасымалданатын) объектілерді тасымалдауды (орнын ауыстыруды) жүзеге асыру

қағидалары

1. Жалпы ережелер

 

1. Осы Қазақстан Республикасының аумағында орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдауды (орнын ауыстыруды) жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Ветеринария туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленді және республика аумағында орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдау (орнын ауыстыру) тәртібін айқындайды.

2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

1) ветеринариялық анықтама – жануарға тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағындағы эпизоотиялық жағдай туралы аудандық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы орган бөлімшесінің, кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтің ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын ветеринариялық дәрігер беретін ветеринариялық құжат;

2) ветеринариялық сертификат – мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілеріне республикалық маңызы бар қаланың, астананың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы және оның орынбасары, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы беретін ветеринариялық құжат;

3) дезинфекция – микроорганизмдерді – жануарлар ауруын қоздырушыларды (бактерияларды, вирустарды, грибоктарды, риккетсияларды қарапайымдыларды) жоюға бағытталған рәсімдер кешені;

4) жемшөп – жануарларды азықтандыру үшін пайдаланылатын, құрамында сіңірілетін түрдегі қоректендіргіш заттар бар және жануарлардың саулығына зиянды әсерін тигізбейтін өсімдіктен, жануардан алынатын, минералдық, микробиологиялық, химиялық текті өнім;

5) орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілер – жануарлар, жануарлардың жыныстық және соматикалық жасушалары, жануарлар аурулары қоздырушыларының штаммдары, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізат, ветеринариялық препараттар, жемшөп пен жемшөп қоспалары, патологиялық материал немесе олардан алынатын сынамалар, судың, ауаның, топырақ қабатының, өсімдіктердің сынамалары, ветеринариялық және зоогигиеналық мақсаттағы бұйымдар мен атрибуттар, сондай-ақ оларды буып-түю және тасымалдау үшін пайдаланылатын ыдыстың барлық түрлері және осындай орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдайтын көлік құралдары;

6) тасымалдау – кез келген тасымалдау құралдарын (авто, темір жол, әуе, су) пайдалану арқылы бір пунктен екіншісіне орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілердің орнын ауыстырумен байланысты рәсімдер кешені;

7) төсем — жануарларға жұмсақ, құрғақ, таза және жылы құндақ жасау үшін пайдаланылатын материал қабаты;

8) шел – теріні іреу кезінде терінің өзінен ажыратылатын тері қабаты.

3. Ауыл шаруашылығы жануарларын тасымалдау (орнын ауыстыру) маршруттары (мал айдау трассалары) тиісті аумақтардың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторымен келісім бойынша ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдарымен анықтайды.

4. Тасымалдауға (орнын ауыстыруға) жататын орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілер Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау объектілеріне ветеринариялық құжаттар беру қағидаларына сәйкес берілген ветеринариялық құжаттармен қоса жүреді.

Орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді ветеринариялық құжаттарсыз тасымалдауға (орнын ауыстыруға) жол берілмейді.

Ветеринарияда қолдану үшін дәрілік заттар мен жемшөп қоспаларын Кеден одағының кедендік аумағына әкелу, тасымалдау және қолдану ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган тіркеген жағдайда жүзеге асырылады.

Химиялық және микробиологиялық синтезді дәрілік заттар мен жемшөп қоспаларын әкелу, тасымалдау ветеринариялық сертификатсыз, дайындаушы-кәсіпорын берген олардың сапасын және қауіпсіздігін растайтын ілеспе құжатымен жүзеге асырылады.

5. Орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдау (орнын ауыстыру) үшін пайдаланылатын және пайдаланылған көлік құралдары Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2006 жылғы 3 шілдедегі № 432 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4339 тіркелген) Жануарларды және басқа да мемлекеттік ветеринариялық бақылауға жататын жүктер тасымалданғанға дейін және одан кейін көлік құралдарын (автомобиль, теміржол, әуе, су) ветеринариялық тазалау қағидаларына сәйкес өңдеуге жатады.

6. Жануарлар мен құстарды тасымалдау (орнын ауыстыру) кезінде жүк жөнелтуші оларды жүру кезеңіне сумен, пайдалы жемшөппен және төсеммен қамтамасыз етеді.

7. Орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды (бұдан әрі – бақылау) оларды тасымалдау (орнын ауыстыру), тиеу, түсіру кезінде оларды тиеу, түсіру жүргізілетін аумақтың, сондай-ақ тасымалдау (орнын ауыстыру) маршруттары өтетін аумақтардың мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлары (бұдан әрі – Инспектор) жүзеге асырады.

8. Орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тиеу кезінде инспектор:

1) тасымалдауға (орнын ауыстыруға) жататын орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерге ветеринариялық құжаттардың болуына (ветеринариялық құжаттарды толтырудың дұрыстығы (толықтығы), ветеринариялық құжатты берушінің қолдары және мөрлері бедерінің болуы);

2) көлік құралдарының жай-күйіне және температуралық режимнің (көлік құралдары мен өнімнің) ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарға сәйкес сақталуына;

3) орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдау (орнын ауыстыру) үшін пайдаланылатын көлік құралдарын өңдеуді жүргізу туралы куәландыратын құжаттардың болуына;

4) орны ауыстырылатын (тасымалданатын) ветеринариялық құжаттарда көрсетілген объектінің атауының, оның салмағының (көлемінің), жалпы санының таңбалаудың сәйкестігіне бақылауды жүзеге асырады;

5) орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектінің тасымалдау режимі мен шарттарына қойылатын ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптардың сақталуына;

6) тірі жануарлардың орнын ауыстыру кезінде жануарларды ветеринариялық тексеруді, іріктеп термометрияны, тамыр соғысы мен тыныс алуын өлшеуді жүргізеді.

Жануарларды Кеден одағы аумағының шегінде әкелу, әкету, транзиті кезінде және орнын ауыстыру (тасымалдау) кезінде суару және азықтандыру пункттерінде әр жануар тексерілуге жатады.

Жануарларды тиеу орындарына (теміржол станциясы, порт, кемежай) тиеу басталғанға дейін кемінде 3 сағат бұрын жеткізіледі және оларды тиісті аумақтың Инспекторы тексеруі тиіс. Инспектор жануардың денсаулық жағдайын, сондай-ақ оларды тасымалдау (орнын ауыстыру) мүмкіндігін анықтайды.

9. Жануарлар мен құстар ауруларының клиникалық белгілері, ветеринариялық құжаттарда көрсетілген деректердің сәйкессіздігі немесе ветеринариялық құжаттардың болмауы анықталған кезде Инспектор жүк жөнелтушінің қатысуымен ветеринариялық-санитариялық бақылау актісін жасайды.

10. Бақылау нәтижелері бойынша Инспектор ветеринариялық құжатта орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тиеуге, түсіруге рұқсат берілгендігі туралы белгі жасайды.

2. Жануарлар мен құстарды (бал араларын қоса алғанда) автокөлік құралдарымен тасымалдау

(орнын ауыстыру) тәртібі

 

11. Ірі қара малды және жылқыларды тасымалдау үшін ағаш едені төсем қабатымен (ағаш үгіндісі, сабан) жабылған бортының биіктігі шанақтың еденінен 2 метрге дейін және қойларды, ешкілер мен шошқаларды тасымалдау үшін 1,5 метрге дейін болатын автокөлік құралдары (мал тасығыштар) пайдаланылады.

12. Тасымалдауға (орнын ауыстыруға) жататын жануарлар мынадай тәртіппен орналастырылады:

1) басын алға қаратады және ірі жануарларды (жылқыларды, сиырларды, бұқаларды, түйелерді) мықтап байлайды. Тиеудің алдында жылқылардың тағаларын алып тастайды;

2) байлаусыз, барлық жануарларға автокөлік шанағында жатуға мүмкіндік беретін мөлшерде (екі жасқа дейінгі ірі қара мал төлдері, шошқа, қой мен ешкілер және басқа ұсақ жануарлар);

3) құстарды қалың, ылғал өткізбейтін едені, жеткілікті мөлшердегі төсемі бар арнайы жабдықталған торларда және ауа айналымының еркін айналымы қамтамасыз етілген торларда тасымалдайды. Торларды қабаттап тиеуге жол беріледі (бірақ төртеуден артық емес).

13. Орны ауыстырылатын (тасымалданатын) жануарлар орны ауыстырылатын (тасымалданатын) жануарлардың санына қарамай жолсерікпен қоса жүреді. Жануарлардың жолсерігі автокөлік құралының кабинасында немесе жануарлардан оқшауланған арнайы жабдықталған орын болған кезде жануарлардың жанында автокөлік құралының шанағында болады.

14. Жануарларды Жолда суару қысқы кезеңде күніне кемінде екі рет, жазғы кезеңде кемінде үш рет жүргізіледі.

Жануарлар демалатын және оларды азықтандыру, сондай-ақ машиналарды қидан тазалау орындары осы Қағидалардың 3-тармағына сәйкес белгіленеді. Жүру жолында қиды лақтыруға тыйым салынады.

Жануарларды тасымалдаудың үнемі қолданыстағы маршруттарында суару және машиналарды қидан тазарту орындары анықталады және жабдықталады.

Жануарларды автокөлік құралдарында ерекше сақтықпен, қатты жұлқымай және тежемей тасымалдайды (орнын ауыстырады).

Жүру жолында жануарлар мен құстар ауруларының клиникалық белгілері айқындалған кезде жүк жөнелтуші немесе бірге жүретін адамдар қажетті шаралар қабылдау мақсатында тиісті аумақтардың мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторына кідірместен хабарлауы тиіс.

15. Тірі балықты, шаян тәрізділерді, ұлуларды, омыртқасыздарды, гидробионттарды және басқа су жануарларын (бұдан әрі – су жануарлары), ұрықтанған уылдырықты тасымалдау (орнын ауыстыру) осы мақсатқа лайықталған арнайы ыдыстарда жүзеге асырылады.

Жүк жөнелтуші балық, шаяндардың сапар кезінде қалыпты тіршілік әрекеті үшін қажетті, зиянды қоспалары жоқ және концентрациясында оттегісі бар таза, мөлдір суда су жануарларын тиеуге жеткізеді.

Су жануарларын алыс қашықтықтарға тасымалдаған (орнын ауыстырған) кезде жүк жөнелтуші су жануарлары бар ыдыстарда суды ауыстыруға немесе қосуға жол берілетін пункттерді алдын-ала анықтайды.

16. Бал араларын тасымалдау үшін тиісті түрде дайындалған ұяларда, жәшіктерде – пакеттерде, ал пакеттерді ауа айналымына арналған металл торлары бар берік фанералық жәшіктерде тасымалдайды.

Ұяларды тұғырықтарда тасымалдау кезінде оларды болат лентамен қысып буады, арнайы рамалардың көмегімен екі, үш немесе төрт қабаттап қояды.

3. Жануарлар мен құстарды әуе көлігімен тасымалдау

(орнын ауыстыру) тәртібі

 

17. Жануарлар мен құстарды жөнелтер алдында жөнелтуші әуе компаниясының өкілімен:

1) жануарларды тасымалдауда (орнын ауыстыруда) пайдаланылатын ұшақ түрін;

2) оларды тасымалдау (орнын ауыстыру) ұшақтың қандай жүк бөлімдерінде және қандай температуралық режимде жүзеге асырылатынын;

3) жануарлар мен құстарды тасымалдау үшін қосымша жабдықтардың қажеттілігін және мүккәмалмен қамтамасыз етілуін (арнайы торлар, төсеме материал түрі, азықтандыру үшін құрылғылар және т.б.) келіседі.

18. Ұшақ жабдықтарының зақымдалуының алдын алу, ластанудың алдын алу үшін ұшақ еденін брезентпен немесе су өткізбейтін материалмен және ылғал сіңіргіш заттармен жабады. Барлық қажетті мүккәмалды, төсеме материалды жөнелтуші қамтамасыз етеді.

4. Жануарлар мен құстарды (бал араларын қоса) теміржол көлігімен тасымалдау

(орнын ауыстыру) тәртібі

 

19. Жануарлар мен құстарды вагондарға (-дан) тиеу және түсіру малды тиеу платформаларымен жабдықталған станцияларда жүргізіледі. Жануарларды көпшілік пайдаланатын платформалардан немесе траптар бойынша алаңдардан тиеуге (түсіруге) жол беріледі.

20. Жануарлар мен құстарды вагондарда тасымалдау (орнын ауыстыру) кезінде жануарларды азықтандыруға, суаруға арналған жабдықтарды, жануарларды күтуге арналған құралдарды жүк жөнелтуші ұсынады.

21. Теміржол көлігімен тасымалдауға (орнын ауыстыруға) жататын жануарлар мынадай тәртіппен орналастырылады:

1) жылқылар вагонның көлденең бойына паралелльді, бастарымен есік аралық кеңістікке қарай, жолсерік жүруі үшін ортаңғы қатарда шеткі қатарға қарағанда бір жылқы аз орналастырылады. Жылқыларды тағасын алып тастап тасымалдауға (opнын ауыстыруға) жол беріледі;

2) ірі қара мал ұзыннан немесе көлденең тәсілмен орналастырылады. Көлденең тәсіл кезінде тиеу алдында вагонның көлденең қабырғасының алынбайтын тақтайларына 1-2 малға бір шығыршық есебімен бұрандамен мал байлауға темір шығыршықтар (немесе қапсырмалар) бекітіледі. Вагонның екі басында әрқайсысы екі тақтайдан құралатын, вагонның алынбайтын тақтайына көлденеңінен, вагонның беткі қабырғасына тіреп сөрелер орнатылады. Ірі қара малды тиегеннен кейін вагондар есіктерінің ойықтарында торлар орнатылады.

Ұзыннан тәсілі кезінде есіктегі ойықтарға торлар орната отырып, ірі қара малды вагонның көлденең бойына паралелльді, бастарымен есік аралық кеңістікке қаратып орналастырады.

22. Әртүрлі жануарлар мен құстарды бір вагонда бірге тасымалдауға (орнын ауыстыруға) оларды бір-бірінен мықты шарбақпен бөлген жағдайда жол беріледі.

23. Ұсақ жануарларды (атжалмандар, теңіз шошқалары және басқалар) бүйір қабырғасы бойынша үстіңгі тор мен төбенің аралығы кемінде 0,2 метр вагонның аралықпен бірнеше қабаттап торлар мен жәшіктерде тасымалдайды (орнын ауыстырады). Ұзыннан орналасқан қабырғаларға жәшіктер мен торларды жануарларға күтім жасау және ауа айналымы үшін жол қалдырып орналастырады. Торлар мен жәшіктердің су өткізбейтін түбі болады және тиелгеннен кейін жақсылап бекітіледі.

Терісі бағалы аңдарды олардың түріне қарай өздігінен ашылу мүмкіндігін болдырмайтын мықты тиекті металдан жасалған торлы есіктері бар металл немесе мықты ағаш торларға орны ауыстырылады.

24. Жануарлардың орнын ауыстыру (тасымалдау) кезінде жүру жолында көлік құралдарын тазартуды жолсеріктер жүргізеді және жүру маршруты бойынша межелі пунктте немесе станция бастығымен белгіленген және келісілген станцияларда түсіреді.

25. Су жануарлары зиянды қоспалары жоқ және жолда су жануарларын қалыпты тіршілігіне қажетті концентрациядағы оттегісі бар таза, мөлдір суда тасымалданады. Су жануарларын алыс қашықтықтарға тасымалдаған (орнын ауыстырған) кезде жүк жөнелтуші су жануарларын бар ыдыстарда суды ауыстыруға немесе қосуға жол берілетін пункттерді алдын ала анықтайды.

26. Бал араларын үшін тиісті түрде дайындалған ұяларда, жәшіктерде – пакеттерде, ал пакеттерді ауа айналымына арналған металл торлары бар берік фанералық жәшіктерде тасымалдайды.

Ұяларды тұғырықтарда тасымалдау кезінде оларды болат лентамен қысып буады, арнайы рамалардың, көмегімен екі, үш немесе төрт қабаттап қояды.

5. Жануарлардан алынатын өнімдерді автокөлік құралдарымен тасымалдау

(орнын ауыстыру) тәртібі

 

27. Жануарлардан алынатын өнімдерді облыс сыртына тасымалдау (орнын ауыстыру) техникалық шарттарды сақтаумен, арнайы жабдықталған автокөліктерде жүзеге асырылады (етті қатарлау немесе асып қою, температуралық режим, тоңазыту жүйесінің әсер ету тәртібі).

Жануарлардан алынатын өнімдерді тасымалдау (орнын ауыстыру) кезінде осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес температуралық режим сақталады.

28. Жануарлар етін автокөлік құралдарымен тоңазытылған, мұздатылған немесе суыған қалпында тасымалдауға (орнын ауыстыруға) жол беріледі (кебу қабығы пайда болып, 6 сағат бойы суытылған).

Жаңа сойылған немесе дефростацияланған (ерітілген) етті тасымалдауға (орнын ауыстыруға) жол берілмейді.

29. Салқындатылған немесе тоңазытылған етті (құс ұшаларынан басқа) жақын қашықтықтарға тасымалдау (орнын ауыстыру) кезінде оны үйіп, бірақ екі қабаттан асырмай тиеуге рұқсат етіледі. Автокөлік кузовының едені жуылады, таза брезент, одан кейін таза мата төселеді. Еттің беті таза материалмен жабылады.

Құстың ұшалары жәшіктерге салынады.

30. Жүк тиеуші жұмысшыларға немесе басқа тұлғаларға тиелген етпен немесе ет өнімдерімен бірге автокөлік құралының кузовында болуға жол берілмейді.

31. Етті:

1) мұнай өнімдерімен немесе өткір иісті заттармен сіңірілген (ластанған);

2) өткір ерекше иісі бар өнімдермен бірге автокөлік құралдарында тасымалдауға (орнын ауыстыруға) жол берілмейді.

32. Балықты салқындатылған, мұздатылған, тұздалған және өңдеудің басқа түрлерінде тасымалдайды. Салқындатылған балықты тасымалдауға жәшіктерде немесе бөшкелерде, мұздатылғанды – жәшіктерде, қораптарда, тұздалғанды – бөшкелерде жеткізеді.

33. Бал араларды ұяларда, жәшіктерде тасымалдайды. Тасымалдауға арналған балауызды таза, алдын ала ішіне қағаз немесе бір рет қолданылатын полиэтилен үлдір айналдыра төселген бөгде иіс жоқ жәшіктерге буып-түйеді.

34. Сүт флягаларда, сүтті құюға және құйып алуға және цистерналарды жууға арналған заттармен жабдықталған изометриялық сүт цистерналарында тасымалданады.

35. Жұмыртқалар тығыз қораптарда тасымалданады (орнын ауыстырады). Жұмырқаларды жоңқамен немесе сабанмен буып-түюге жол берілмейді.

36. Бал бөшкелерде, флягаларда, сондай-ақ эмальданған ыдыста тасымалданады (орнын ауыстырады).

6. Жануарлардан алынатын өнімдерді темір жол көлігімен тасымалдау

(орнын ауыстыру) тәртібі

 

37. Жануарлардан алынатын өнімдерді тасымалдаған (орнын ауыстырған) кезде ветеринариялық (ветеринариялық-санитарлық) нормалар мен талаптардың (етті салу немесе асып қою тәртібі, температуралық режим, тоңазыту жүйесінің әсері) сақталуын қамтамасыз ететін арнайы жабдықталған вагондар пайдаланылады.

Орамасыз тасымалданатын етті вагонның торлары мен қабырғаларының арасына суық ауаның алмасуына арналған саңылаулар қалдыра отырып, алдын ала еден торларымен, сондай-ақ қабырғаларды тиеу биіктігіне немесе қағазбен төсеп, тығыз қатарлармен тиейді.

38. Тоңазытылған және суытылған етті вагондарға ілмекке іліп, ұшалардың, жартылай ұшалардың және ширек ұшалардың өзара, еденмен және вагонның қабырғаларымен жанасуына жол бермей тиейді.

Сиыр етінің жартылай ұшаларын оң жақ жартылары вагон есігінің бір жағына, сол жақ жартылары басқа жағында, ал ішкі жақтары вагонның тік қойылған қабырғаларына қарайтындай асып қояды.

Сиыр етінің ширек ұшалары және қой ұшалары екі қабат болып ілінеді – сиыр еті мен қой етінің екінші қабаты бірінші қабатқа жіппен ілінеді. Үлкен көлемдегі жартылай ұшалар немесе ширек ұшалар шахматтық тәртіппен ілмекке ілінеді. Мұздатылған еттің сүйек жанындағы бұлшық ет қабатындағы температурасы тиеу кезінде -8 -12 С – дан жоғары емес болады.

Буып-түйілген мұздатылған ет блоктарының температурасы -8 С – ден артық емес, тоңазытылған еттің бұлшық ет қабатында -0 -ден 4 С – ға дейін, салқындаған етте 4 – 12 С – ге дейін. Салқындатылған қалыпта сиыр еті, кой еті және жылқы еті тасымалданады.

39. Ұзынынан жартылай ұшаларға шабылған шошқа етін сиыр еті мен қой еті секілді іліп қояды.

Кесілген шошқа етін тоңазытылған күйде тасымалдауға (орнын ауыстыруға) жол берілмейді.

Инспектор тасымалдауға ұсынылған барлық орындардың кем дегенде 5% – да бұлшық ет қабаты мен сүйектердің температурасын өлшейді.

40. Өндірістік қайта өңдеуге арналған етті мұздатылған күйінде тасымалдайды (орнын ауыстырады), бұндай ет қандай мақсатта жөнелтілетіні туралы ілеспе құжаттарда көрсетіледі.

41. Мұздатылған ет және киттердің бауыры температурасы – 10оС жоғары емес буып-түйілген блоктарда тасымалданады (орнын ауыстырады).

42. Құс еті ыдыстарда тасымалданады (орнын ауыстырады):

1) мұздатылған күйінде – бұлшық ет қабатындағы температурасы -18оС -дан жоғары емес тазаланған және жартылай тазаланған;

2) салқындатылған күйінде – бұлшық ет қабатындағы температурасы 0 -4оС – ге дейін тазаланған.

43. Үй қоянының ұшалары бұлшық ет қабатындағы температурасы -6оС жоғары емес теріссіз, бассыз және ішкі мүшелерісіз (бүйректен басқасы), көгерудің, кілегейленудің, ылғалданудың ізісіз жәшіктерде тасымалданады (орны ауыстырылады).

44. Субөнімдері (тілдері, ми, ерін, жүрек, бауыр, бүйрек, құйрықтар, асқазандар) бұлшық ет қабатындағы температурасы -6оС жоғары емес балауса, таза, бұзылу белгілерісіз тасымалданады (орны ауыстырылады).

Инспектордың рұқсаты бойынша субөнімдердің аңдарға арналған жемшөп екенін тауарлық-ілеспе құжаттарда көрсетіліп, жемшөпке арналған брикеттелген мұздатылған субөнімдер, ыдыссыз тасымалдауға (орнын ауыстыруға) рұқсат етіледі.

45. Ысталған еттер (жамбас еті, төстік, корейка және басқа бұйымдар) айқын ысталған иіспен, құрғақ, таза, біркелкі ысталған үстімен, май және еттің ұстамаларынсыз, еттің шашақтарысыз, қылшық қалдығы және зеңсіз 4оС аспайтын температурада тасымалданады. Ысталған еттер саңылаулары бар жәшіктерде тасымалданады (орнын ауыстырады). Ысталғандарды оларға тағамдық ерітілген майды құйып, бөшкелерде тасымалдауға (орнын ауыстыруға) жол беріледі.

46. Шикілей ысталған және жартылай ысталған шұжықтар сыртқы беті таза құрғақ, қабығы зақымдалмай тасымалданады (орны ауыстырылады). Жартылай ысталған шұжықтарды 4оС жоғары емес температурамен тиейді.

47. Мынадай өлшемдерге сәйкес келетін шпикты тасымалдауға (орнын ауыстыруға) жол беріледі:

1) түсі – ақ немесе сарғаюсыз, қараюсыз немесе басқа реңдерсіз қызғылт реңі бар ақ;

2) консистенциясы – тығыз, майлы емес, тұтқыр емес;

3) иісі мен дәмі – балауса, тұздалған немесе тұздап ысталған, тұз және басқа да бөгде дәм мен иіссіз шпикке тән.

48. Жануарлардың тағамдық ерітілген майлары (сиыр майы, қой майы, шошқа майы және сүйек майы) май өткізбейтін қағазға оралып және 4оС жоғары емес температурадағы жәшіктерге буып-түйіліп ағаш бөшкелерде, қаңылтыр және шыны банкаларда тасымалданады (орны ауыстырылады).

49. Тұздалған ет кесегі тұздық құйылған бөшкелерде тасымалданады, тұздықтың жарамдылық мерзімі 10 күннен аз болса, тасымалдауға жіберілмейді.

50. Балықты салқындатылған, мұздатылған және тұздалған түрінде тасымалдауға ұсынады. Салқындатылған балықты 1-5о С – ге дейінгі, мұздатылады 6о С, мұздатылған ас шаяндарды, мидияларды, трепангаларды және басқа да теңіз өнімдерін -15 С температурада тасымалдайды. Суық ысталған, қақталған және басқа балықты ыдыспен тасымалдайды.

51. Тасымалдауға стандартты емес және әлсіз ыдысқа буып-түйілген жұмыртқалар, сондай-ақ қабығының тұтастығы бұзылған және кебудің белгілері бар жұмыртқалар жіберілмейді.

Жұмыртқа өнімдері (жұмыртқа меланжы, жұмыртқаның ағы мен сарысы) ақ қаңылтырдан жасалған банкаларда герметикалық жабылған қалың жәшіктерде тасымалданады. Жұмыртқа өнімдерінің темпераурасы -6 С – дан жоғары емес.

52. Сүт және сүт өнімдері температурасы 8 С – дан жоғары емес балауса күйінде ыдыста тасымалданады. Сүт және сүт өнімдерін өткір иісі бар өнімдермен бірге тасымалдауға тыйым салынады.

53. Бал бөшкелерде, флягаларда, сондай-ақ эмальданған ыдыстарда тасымалданады (орны ауыстырылады).

7. Жануарлардан алынатын өнімдерді әуе көлігімен тасымалдау

(орнын ауыстыру) тәртібі

 

54. Тез бұзылатын орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілер (ыстық ысталған балық, ұзақ сақтауға шыдамайтын ет және сүт өнімдері, асыл тұқымды жұмыртқалар, ұсақ үй жануарлары, тәуліктік балапандар) әуе көлігімен тасымалданады. Объектілердің ұшаққа жеткізілу уақыты жүк жөнелтушінің әуежаймен келісімі бойынша белгіленеді.

55. Сапасы, буып-түйілуі және термиялық өңделуі бойынша белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін жануарлардан алынатын өнімдер тиеуге жіберілмейді. Ет және ет өнімдерін тасымалдау (орнын ауыстыру) кезінде осы Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес температуралық режим сақталады.

56. Сүт, кілегей, қаймақ ұшақтың жүк үй-жайында, мықтап жабылатын бекітпесі бар флягаларда тасымалданады.

57. Жұмыртқалар қалың қораптарда арнайы буып-түю материалдарымен тасымалданады (орны ауыстырылады). Жұмыртқаларды жоңқамен немесе сабанмен буып-түюге жол берілмейді.

58. Суық ысталған, қақталған және басқа да балықты ыдыста (жәшіктер, қораптар, себеттер, банкалар) тұздалғанды – бөшкелерде тасымалдайды.

8. Жануарлардан алынатын шикізатты теміржол көлігімен тасымалдау

 (орнын ауыстыру) тәртібі

 

59. Ірі құрғақ терілер (түйенің, буйволдың) ұзындығы бойынша екіге бүктеп немесе жіппен байланбай орап тасымалданады.

Тұздалмаған құрғақ және тұздалған құрғақ терілер (орнын ауыстыру) – қатты немесе жұмсақ ыдыста, сулы тұздалған – ағып кетпейтін бөшкелерде немесе жәшіктерде тасымалданады.

Тері және аң терісі шикізаты мұздатылған күйінде темір жол көлігімен орны ауыстырылмайды.

60. Жүн, түк, қыл, түбіт және қауырсын жұмсақ ыдысқа буып-түйіліп, ал ұсақ партиялар жәшіктерде немесе тығыз жұмсақ ыдыстарда тасымалданады.

Мемлекеттік ветеринариялық-санитарлық инспектор ветеринариялық құжаттардағы жүннің түрі (жуылған немесе жуылмаған), жуудың әдісі (суық немесе ыстық) туралы мәліметтердің болуын тексереді. Жүнді жуу орындарынан жөнелтілетін жүннің әр теңдерінде фабрикалық марка болады.

61. Құрғақ ішектер жәшіктерде, себеттерде немесе тығыз жұмсақ ыдысқа оралған теңдерде тасымалданады. Құрғақ тұздалған және сумен тұздалған ішек-қарындар ағып кетпейтін бөшкелерде немесе жәшіктерде тасымалданады.

62. Мүйіздер, тұяқтар және сүйектер жұмсақ бөліктері мен ластан тазартылып, жақсылап кептіріліп тасымалданады. Кептірілмеген мүйіздер, тұяқтар және сүйектер тасымалдауға (орнын ауыстыруға) жіберілмейді.

63. Жұмсақ бөліктерінен тазартылған шикі сүйек қысқы мезгілде күндізгі уақыттағы ауаның – 5оС және төмен температурасында жүкті қабылдаушының мұндай тасымалдауға келіскен жағдайында жүк құжаттамаларының «Ерекше өтініштер және жөнелтушінің белгілері» деген бағанында «Шикі сүйекті тоңазытылған күйінде тасымалдауға келісемін. Жүк қабылдаушымен келісілді» деген белгі қойылып, тоңазытылған күйінде тасымалданады.

Егер жүк жөнелтуші шикі сүйекті мұздатылған күйінде тасымалдауға (орнын ауыстыруға) келіспесе, тасымалдау ветеринарлық құжаттарда оның шыққан жері (асханалық, далалық) туралы белгі қойылып, тез бұзылатын жүк ретінде рефрижераторлық қозғалмалы құрамда жүзеге асырылады.

64. Далалық сүйектер және тұяқтар тиеудің алдында алдын ала хлорлық әктің түссіздендірілген ерітіндісімен өңделеді және кептіріледі, бұл туралы ветеринариялық сертификатта көрсетіледі. Асханалық сүйекті далалықпен бірге тасымалдауға жол берілмейді.

Мүйіздерді, тұяқтарды және сүйектерді жабық вагондарда, ыдыссыз, ұсақ партияларды қатты ыдыста (жәшіктер, бөшкелер) тасымалдауға (орнын ауыстыруға) жол беріледі.

65. Бөлініп алынбаған терілердің кесінділері кептірілген түрде жөкеден жасалған қалтада, кенеп қаптарда немесе жәшіктер мен қораптарда тасымалданады.

66. Шелді жылы мезгілде құрғақ түрінде қаптарда, жөкеден жасалған қалтада, ал әктік сүтпен консервіленгендерді ағып кетпейтін бөшкелерде тасымалдайды.

Шелді жылдың суық мезгілінде ауаның, нөл градустан төмен температурасында жақындағы желім пісіру зауыттарына тасымалдау жабық вагондарда қатты кесектер түрінде мұздатылған күйінде жіберіледі.

Шелді ыдыссыз тасымалдаған (орнын ауыстырған) кезде жүк жөнелтуші вагонның еденін сөндірілмеген әкпен төсейді.

Кесінділерді және шелдерді ұсақ партиялармен орнын ауыстыру оларды ағып кетпейтін бөшкелерге буып-түю жағдайында жіберіледі.

67. Қатты немесе жұмсақ өткізбейтін ыдысқа буып-түйілмеген жануарлардан алынатын шикізаттарды ұсақ жөнелтулермен орнын ауыстыруға жол берілмейді.

68. Қауырсын мен түбіт кенеп матаға буып-түйіледі.

69. Эндокриндік шикізат (ұйқы, қалқанша, қарбалас қалқанша бездері) – 12оС жоғары емес температурада рефрижераторлық вагондарда мұздатылған күйінде тасымалданады (орнын ауыстырады).

9. Тасымалдау (орнын ауыстыру) кезінде ауру жануарларды анықтаған жағдайдағы

 іс-шаралар

 

70. Орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілердің арасында (тиеу, түсіру кезінде, жүру жолында) ауру жануарлар, сондай-ақ жануарлардың өлекселері анықталған кезде Инспекторлар оларды орны ауыстырылатын (тасымалданатын) партияның қалған жануарларынан бөліп алады. Бұл туралы тиісті аумақтың Инспекторына, сондай-ақ жануарлар партиясының шыққан аумағының Инспекторына, сондай-ақ ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган ведомствосына хабарлайды.

71. Ауру жануарлар анықталған кездегі барлық жағдайларда ветеринариялық (ветеринариялық-санитарлық) және эпизоотияға қарсы іс-шаралар жүргізіледі.

72. Жүру жолында немесе жануарларды түсіру орнында өлекселер табылған кезде олардың иесі (жолсерік) өлім-жітімнің себебі туралы қорытынды негізінде тиісті ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) шаралар қабылдайтын ветеринария саласындағы уәкілетті орган ведомствосының жақындағы аумақтық бөлімшесіне жүгінеді.

73. Орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілер кідірту немесе алынудың барлық жағдайларында Инспектор жүк жөнелтушінің (жүк қабылдаушының) қатысуымен акт жасайды. Актіде қабылданған шектеулердің себептерін (анықталған ауруды), сондай-ақ жүргізілген және жүзеге асырылуға жататын шектеу, ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) және эпизотияға қарсы іс-шараларды көрсетеді. Актінің бір данасы акті жасалған орны бойынша Инспекторда қалады, екіншісі – жүк жөнелтушіге беріледі (жүк қабылдаушыға) немесе жүктің құжаттарына қоса беріледі.

Қазақстан Республикасы

аумағында орны ауыстырылатын

(тасымалданатын) объектілерді

тасымалдауды (орнын ауыстыруды)

жүзеге асыру қағидаларына

1-қосымша

Автокөліктерде жануарлардан алынатын өнімдерді тасымалдау

кезіндегі температуралық режимдер

№ №

Орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектінің атауы

Орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектіні тиеу кезіндегі температура, оС

Шанақтағы температура, оС

1

Мұздатылған ет, ет өнімдері және балық,

-8 артық емес

-12 артық емес

жануар майлары, шұжықтар,

0

0-ден -3 дейін

ысталған, жартылай ысталған

0-ден +4-ке дейін

0-ден -3 дейін

2

Тоңазытылған ет, құс, балық

0-ден +4-ке дейін

0-ден -1 дейін

3

Суыған ет

+4-тен+12 дейін

+4-тен -10 дейін

4

Құтылардағы сүт

+5

+5-тен 0 дейін

Қазақстан Республикасы

аумағында орны ауыстырылатын

(тасымалданатын) объектілерді

тасымалдауды (орнын ауыстыруды)

жүзеге асыру қағидаларына

2-қосымша

Ұшақтың жүк үй-жайында ет және ет өнімдерін тасымалдаудың температуралық режимдері

№ №

Орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектінің атауы

Тиеудің температуралық режимі, оС

Өнімнің ішіндегі температура, оС

1

Мұздатылған сиыр еті, шошқа еті, қой еті (ұшалар, жартылай ұшалар)

-12 артық емес

-6…-8

2

Мұздатылған ет блоктары

-12 артық емес

-3 артық емес

3

Тоңазытылған ет

0…-1

0…-4

4

Суыған ет

0

+4…-12

5

Мұздатылған құс еті

+5

-6 артық емес

6

Үй қояндарының ұшалары (мұздатылған)

-8 артық емес

-6 артық емес

7

Эидокриндік шикізат

-12 артық емес

-12 артық емес

8

Ысталған еттер және шұжықтар

+2 артық емес

+4 артық емес

Пікір қалдыруға болмайды

Система Orphus