Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Бейне Киіктерге ел бойынша санақ жүргізіліп жатыр

Киіктерге ел бойынша санақ жүргізіліп жатыр

898b8c472ecbfbb8ed45fdcf26dc873b_L

Зерттеушілер әлі күнге нақты тоқтамға келген жоқ. Қатары сиреген ақбөкендерге Ауыл шаруашылығы министрлігі санақ жүргізді.

Астанадан 160 шақырым қашықтықтағы Баршын тас жолында Ауыл шаруашылығы министрлігі тікұшақпен Бетпақдалаға қарай бет алып, жылына бір рет киіктерге санақ жүргізеді.

Сәкен Сейфуллин сахараның ботакөзіне балаған ақбөкендердің былтыр 150 мыңнан астамы өлді. Қынадай қырылған киіктерді Бетпақдала әлі күнге жоқтайтындай. Кезінде төскейінде жүз мыңдап жортқан жануардың бүгін жүздік шоғырын көзіңіз сирек шалады. Ауыл шаруашылығы министрлігі сәуірдің басынан санақ жүргізуді бастаған. Орал мен Ақтөбедегі ақбөкендер түгенделді. Енді Бетпақдаладағы жануардың есебі жүргізіліп жатыр.

Нариман Жүнісов, ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті төрағасының орынбасары:

– Былтырғыдай киіктердің қырылуы қайталануы мүмкін деген де қауіп бар. Ондай жағдайда біз қолға алған жұмыстардың бәрі еш кетеді. Сондықтан бір емес, бірнеше рет Білім және ғылым министрлігінің ғылыми-зерттеу институына ғылыми ұсыным берсін деген өтініш айттық. Біз техникалық жағынан қолдау көрсетуге дайынбыз.

Баяғы жартас – сол жартас. Білім және ғылым министрлігі әлі күнге ғылыми ұсыным бере алмай отыр. Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты 2012-2014 жылдарға жалпы сомасы 332 млн теңгені құраған тапсырыс алған. Бірақ ілкімді зерттеу нәтижесі жоқ. Киіктерді дендеген кесел пастереллезден деген болжам айтылды. Бірақ оған не түрткі болды? Ол әлі күнге экологиялық жұмбақ болып тұр. Шетелдік мамандар да бұл іске білек сыбана кіріскен болатын. Бірақ олар да соңғы қорытындыларын айтуға асықпайды.

Штеффен Цутер, Франкфурт экологиялық қауымдастығының сарапшысы:

– Бактериялар токсин туғызды. Токсиннің кесірінен киіктер өлді. Бірақ ол бактериялардың қайдан пайда болғаны бізге түсініксіз болып тұр. Оны анықтау үшін зерттеушілер тыңғылықты жұмыс істеп жатыр.

Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы бірнеше жылдан бері санақ жүргізуге атсалысып келеді. Киіктер жүретін аумақты электронды картаға түсіріп, бағыт-бағдарларын бақылауда ұстайды.

Альберт Сәлімгереев, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының өкілі:

– Биыл біз жаңа тікұшақты пайдаланып жатырмыз. Киіктерді есептеуге арналған арнайы құрылғы орнаттық. Өйткені әрқайсысын жекелей санау мүмкін емес. Оған қоса фото және бейнетүсірілім жасаймыз. Байқағанымыз, былтырғыдай емес, киіктердің қатары сиреген.

Мамыр – киіктердің төлдейтін маусымы. Сондықтан сақтық шаралары екі есе күшейтіліп жатыр. Өйткені бұл кезеңде браконьерлер де түз тағысын атуға шығады. Былтыр 107 қылмыстық іс қозғалса, ал жыл басынан бері киік атқан 20 қарақшы қолға түскен. Ақбөкендерге жүргізілген санақтың қорытындысы келер айдың басында белгілі болады.

 

Авторлары: Асқарбек Қазанғап, Ерлан Наурызбаев


Источник: http://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/118407-zh-rgizilip-zhatyr

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus