Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет АӨК туралы басылымдар Ветеринарлар киіктердің қырылуына пастереллездің қатысы жоқ екенін айтуда

Ветеринарлар киіктердің қырылуына пастереллездің қатысы жоқ екенін айтуда

Астана. 20 қазан. Baq.kz – Көктемде киіктердің жаппай қырылуына пастереллез індеті емес, аш кенелер себеп болған. Бұл туралы ҚР АШМ-де өткен жұмыс тобының отырысы барысында ветеринария ғылымдарының кандидаты, ғалым Әділқасым Жақыпбаев айтты.

«Биылғы жылы қырылған киіктердің клиникалық ерекшелігі бар. Олардың басым бөлігі сал ауруымен ауырған. Алдыңғы және артқы аяқтары кесілген. Мұндай құбылыстар тек кене шаққанда ғана болады. Яғни, аяғы жүрмей қалады. Содан олар құлап, өледі. Бұл пастереллезге жатпайды. Меніңше, бұл тейлериоз деген ауруға көптеп ұқсайды. Оны қоздырушы – тейлерия. Олар алғашқыда жеңіл түрде ауырады. Тоқ кенеге қарағанда, аш кенелердің сілекейінде сал ауруын тудыратын улы зат болады. Ол улы зат жаңағы ауруды одан әрі қоздырады. Міне, көктемдегі қырылған киіктердің басты себебі осы», – дейді Ә. Жақыпбаев.

Маманның айтуынша, бұл мәселені шешу үшін көп қаражат қажет емес.

«Негізі кенеде әлі зерттелмеген қырыққа жуық вирус бар. Мен бұл бұған дейін бірнеше рет айтқан болатынмын. Бұл пастереллез емес. Биологиялық қауіпсіздік ғылыми зерттеу институты осы үшін тендермен 332 млн теңге ұтып алды. Бұл ақшаға вакцина салатындарын айтты. Жалпы, вакцина салу мүмкін бе? Киіктер далада адамды көрсе қашады. Ұстау мүмкін емес. Сағатына 80 шақырым жүгіреді. Енді тағы да үш жылға 500 миллион ақша сұрап отыр. Бұл күлкілі емес пе? Ол нәтиже бермейді бәрібір. Бізге кенемен жұмыс істеу керек. Негізгі мәселе осы. Елімізде мұны зерттей алатын ұйымдар, ғылыми зерттеу институттары бар. Оларға 30 млн теңге де жетеді. Оған арнайы қайтадан ұйым құрудың қажеті жоқ», – дейді сарапшы.

Естеріңізге салайық, биыл көктемде елімізде 114 мыңнан астам киік қырылып қалған болатын.

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus