Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет АӨК туралы басылымдар Киіктерді жаппай қырылудан аман алып қалуға 350 млн теңге бөлінеді

Киіктерді жаппай қырылудан аман алып қалуға 350 млн теңге бөлінеді

Бүгін Астанада киіктердің жаппай қырылуы қайталанбау үшін алдын-ала қандай шаралар қолдану керектігі жөнінде мәжіліс өтті, деп хабарлайды BNews.kz.
«Бүгінгі күні киіктердің қырылуына пастереллез дерті басты себеп болып отыр. Түрлі пікір бар, алайда, оны нақтылау үшін ғылыми зерттеу жүргізу керек. Зерттеу жоспарының тақырыптары белгіленген. Осы мәселеде жекелеген институттардың барлығынан Білім және ғылым министрлігіне ортақ тақырып ұсынылды. Ондағы Ғылым комитеті осы жұмысты әрі қарай жалғастырады. Біз осы отырыстардың бәрін ашық өткізіп жатырмыз. Ғалымдар әлі де болса бір пікірге келген жоқ. Ал, біздің министрлік өз жұмысын жалғастырады», – деді отырысқа қатысқан Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев.

Оның айтуынша, дәл қазіргі кезде киіктерді браконьерлерден қорғау керек. Мәселен, жуырда БҚО-да браконьерлерден 100 киіктің мүйізі тәркіленген.

«Бізді киіктердің қырылуына қалай жол бермейміз деген мәселе алаңдатады. Өкінішке қарай, ең көп зардап шеккен аймақ – Бетпақдала популяциясы. Қазіргі таңда Орал популяциясында 60 мыңға жуық киігіміз бар. Үстіртте 2 мыңдай киік жүр. Осы киіктерді аман алып қалу үшін тынбай еңбек етуіміз керек. БҒМ келер жылғы ғылыми зерттеу жұмысына шамамен 350 млн теңге қаржы бөледі», – деді ол.

Еске сала кетейік, осы жылдың маусымындағы дерек бойынша Бетпақдала популяциясында – 132 329 киік, Қостанай облысында – 113 309, Ақмола облысында – 9386, Ақтөбе облысында – 9634 киік қырылған.

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus