Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет АӨК туралы басылымдар Елімізде ұсақ шаруалар бірігіп, ірі кооперативтер құрылады

Елімізде ұсақ шаруалар бірігіп, ірі кооперативтер құрылады

Қазақ ұлттық аграрлық университетінде Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің төрағалығымен «Ауыл шаруашылығы кооперациялары» заңын түсіндіру және ауыл шаруашылығын субсидиялау жүйесіне қатысты жиын өтті.

Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап «Ауыл шаруашылығы кооперациялары» және «Ауыл шаруашылығы кооперативтері мәселелері бойынша кейбір заңнамалық ак­тілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу» заңдары күшіне енбек. Осыған бай­ланысты министр аграрлық университет қабырғасында ауыл шаруашылығы сала­сында жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлермен, бірқатар ғылыми-зерттеу институт­та­ры­ның, білім беру саласының басшылары жә­не өкілдерімен жүздесті. Ә дегеннен-ақ, Асыл­жан Сарыбайұлы әңгімесін ауыл шаруа­шылығын ғылыммен байыту керек­тігі­нен бастады.

– Біз ғылым, бизнес және білім беру са­ласын арттыру мақсатын көздеуіміз ке­рек. Өкінішке қарай, соңғы жылдары біз­дің осы үш саламыз үш жаққа қарап кетті. Бизнес өкілдері ғалымдардың немен айна­лыс­қанын білмеді. Ғалымдар бизнестің қа­жеттілігін ескермеді. Ал білім жолындағы студенттеріміздің практикадан алшақ­та­ғаны сонша, алған білімдері сұранысқа ие болмай қалды. Сондықтан осы олқылықты ес­кере отырып, ғылым-білім, бизнес және бі­лім беру интеграциясын арттыру мақ­са­тында аграрлық саладағы ұлттық ғылыми орталық құрылды, – деді министр.

Кездесуде Асылжан Мамытбеков биыл­ғы жылғы ауыл шаруашылығындағы же­тістіктерді де атап өтті. Қазір көптеген эко­номика салаларының өсу қарқыны бәсеңдегенін, бірқатар тауарлардың әлем­дік бағасы төмендегенін тілге тиек етіп, осын­дай жағдайда ауылшаруашылық сала­сының өсіп келе жатқанын мақтаныш­пен жеткізді.

– Биылғы 9 айдың қорытындысы бо­й­ын­­ша ауыл шаруашылығы 3,1 пайызға арт­ты. Ал жыл қорытындысы бойынша 5 пайыз­дық өсу көрсеткішіне жетеміз деп жос­­па­рлап отырмыз. Қазір көптеген тауарларға сұ­раныс төмендесе де, азық-түлікке сұра­ныс тұрақты. Өйткені күнделікті ішіп- жем­ге деген қажеттілік төмендемейді. Кері­сінше, халық санының көбеюіне, әлем жұр­ты рационының өсуіне байланысты сұраныс ұлғайып жатыр, – дей келе, арыға бар­май-ақ іргеміздегі Қытай мен Ресей на­рығының сұранысы жоғары екенін қадап айтты. – Бұл елдердің жыл сайынғы азық-тү­лік импорты артуда. Сондықтан ол бізге үл­кен мүмкіндіктер туғызады. «Алтын-кү­міс тас екен, арпа-бидай ас екен» деп қазақ бекер айтпаған. Осындай дағдарыс кезеңін­де ауыл шаруашылығының экономикалық әрі әлеуметтік маңыздылығы көрініп отыр, – деп әрі қарай жалғады.

Шынында, біздегі ауыл шаруашы­лы­ғы­ның экономикалық маңыздылығы артып ке­леді. Жылына 2,5 трлн теңгенің өнімі өн­­дірілуде. Сол сияқты, экспортымыз да жыл­­дан-жылға артып тұр. Ал оның әлеу­мет­тік маңыздылығы неден көрінеді, себебі біз­дің халықтың жартысына жуығы ауыл­дық жерлерде тұрады. Экономикалық бел­сенді халықтың төрттен бірі ауыл шаруа­шы­­­­лығы саласында жұмыс істейді. Ауыл­­дағы отбасылардың бірден бір табыс көзі осы ауыл шаруашылығы бизнесінде еке­ні сөзсіз. Осыны ескерген министрлік іл­­геріде «Агробизнес – 2020» салалық бағ­дарламасын қабылдаған болатын. Соған бай­ланысты ауыл шаруашылығы саласын­дағы кәсіпкерлерге жағдай жасау, соның ішінде мемлекет тарапынан жасалынатын іс-шараларды арттыру мақсаты көзделді. Алдағы 2020 жылға дейін осы бағдарламаға сәй­кес, мемлекеттік қолдау көлемін 4,5 есе­ге дейін ұлғайту көзделіп отыр. Қазір де нә­тиже жоқ емес, соңғы екі жыл ішінде мем­лекет бөлген субсидиялар 3,5 есеге артты. Ал соңғы 3 жылда субсидия 4,5 есеге дейін көбейді. Қазіргі уақытта оның кө­лемін ғана өсіріп қоймай, тиімділігін де арт­тыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтар болсақ, мемлекеттік субсидиялардың жаңа тетіктері жолға қойылды. Соның негізінде инвестициялық субсидия ашыл­ды. Асылжан Сарыбайұлы кездесуде ауыл шаруа­шылығы бизнесіне бөлінген инвес­тициялық субсидияға жеке тоқталып өтті.

– Инвестициялық субсидия дегенді кә­сіпкерлердің негізгі қорға салған инвес­тицияларының бір бөлігін мемлекет қайта­рып береді деп түсіну керек. Мысалы, жа­й­ы­лымнан құдық қазсаңыз, шығынның 80 пайызын мемлекет қайтарып береді. Егер құдық 5 млн теңгеге жасалды деп есептесек, оның 4 млн теңгесін құдықты іске қосқан­нан кейін бюджет өзіңізге қайтарады. Ал­дағы 2016 жылдан бастап бірқатар өзге суб­сидияларды біз азайтамыз, сөйтіп осын­дай тиімді субсидиялардың санын арт­тырамыз. Бұл өз кезегінде қаржылық орта­лықтар, банктер беретін несиелердің пайыз­дық мөлшерін төмендетуге мүмкіндік береді. Бұдан ауыл шаруашылығындағы суб­сидиялар кеміп кетпейді, – деді ми­нистр.
Ауыл шаруашылығы министрлігі «Аг­робизнес – 2020» салалық бағдарламасына сәй­кес, субсидиялардың санын ғана емес, са­па­сын да жетілдіруді алдына мақсат етіп қойып отыр. Соның бірі техникаға қатыс­ты.

Егер фермерлер немесе фермерлердің бі­ріккен кооперативтері кез келген техни­ка­ны немесе құрал-жабдықты сатып ала­тын болса, оның 30 пайызға дейінгі бір бөл­шегін мемлекет өтейтіндей бағдарлама жос­парлануда.
– Бұл жұмыс лизингтік бағдарламаға қол­жетімділікті арттыру мақсатында істе­ліп жатыр. Мәселен, тракторыңыз 10 млн теңге тұрады десек, оның 30 пайызы – 3 млн теңгені бюджет өтейді. Сонда қалған 7 млн теңгені фермер қайдан алады дейсіз. Осыны ескере отырып, біз қазір ережеге ол 3 млн теңгені бюджеттен сол кәсіпкердің банкіне алдын ала төлейтін мүмкіндік аш­пақ­шымыз. Бірақ банк ол 3 млн теңгені не кә­сіпкерге, не техниканы әперетін лизинг­тік компанияға бермейді, банк транзиттік шотты ұстап отырады. Ал техника жеткізі­ліп, фермер «техниканы қолыма алдым» де­ген актіге қол қойған кезде, әлгі шот ашы­­­лып, лизингтік компанияға сол фер­мер­дің атынан алғашқы жарна ретінде құйылады. Сондықтан лизингтік компания фермерден «техникаң қайда?», «қосатын жарнаң қай­да?» деген сұрақтар қоймайды, – деді ве­домс­тво басшысы. Шынында, біздің ауыл­ шаруашылығындағы ең өзекті мәселе – фер­мерлердің техникасыз отыр­ғандығы. Одан қалса, тұқымның жоқтығы, химиялық препараттарға қол жеткізе ал­маудың зар­дабын тартып отыр. Шүкір, бізде жер бар, бі­рақ сол жердің көбі иге­рілмей жатыр. Өйт­кені фермерлердің ол жерлерді игеруге мүм­кіндігі жоқ. Енді жаңа бағ­дарлама осы ол­қы­лықтың орнын тол­тырады деген сенім бар.

Айтпақшы, осы кездесуде министр фер­мерлерді кооперативтікке біріктіру мә­селесін де төтесінен қойды. Фермерлердің бір жағадан бас шығаруға асықпайтын се­бебі – бұрын кооперативтегі тапқан та­бысын бір-бірімен бөлісе алмайтыны. Заңда дәл солай, табыстың кооперативтер мү­ше­леріне бөлінбейтіні тайға таңба бас­қан­дай анық жазылған. Тағы бір кедергі – коопера­тивті реттейтін бес түрлі заң бар болатын. Тіпті ол заңдардың кейбірі бір-бі­ріне қа­ра­ма-қайшы келіп жатқаны да жа­сырын емес. Міне, сол олқылықтар оң ше­шімін тапты. Бұрынғы бес заңның ор­ны­на бір заң ғана орындалатын болды. Яғни коопера­тивтер өзінің тапқан табысын мү­шелеріне бөліп беру мүмкіндігіне заң жү­зінде қол жеткізіп отыр. Одан бөлек коопера­тивтердің демократиялық принципі сақталып, бұ­рын­­ғыға қарағанда төмен салық төлей­тіні де белгілі болды. Рас, бұрын фермерлер әл­деқайда жоғары салық төлейтін, енді Са­лық кодексіне өз­герістер енгізілді.

Енді шаруалардың кооперативке бірігіп ең­бек етуі ғана қалды. Әрине, заң қабыл­дан­ды екен деп, кооперациялық мәселе өздігінен шешіле қоймайтыны анық нәрсе. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министр­лігі Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бір­лесе отырып аудан, ауыл әкімдіктеріне ба­рып, түсіндірме жұмыстарын жүргізуді бас­тағалы отыр. Одан бөлек, фермерлерге ар­налған түсіндірмелі ақпараттық ме­то­дикалар таратылмақ.

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus