Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Баяндамалар Мемлекеттік орман иеленушілердің орман өрттеріне дайындығы

Мемлекеттік орман иеленушілердің орман өрттеріне дайындығы

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!
Құрметті Үкімет мүшелері!

Мемлекеттік орман иеленушілердің орман өрттеріне дайындығы жайында баяндап беруге рұқсат етіңіздер.
Мемлекеттік орман иеленушілердің өрт қауіпі бар маусымға дайындығы және проблемалық мәселелер үстіміздегі жылғы 19 мамырда Асқар Исабекұлында өңірлермен болған селекторлық кеңесте қаралды.
Кеңестің барысында мемлекеттік орман иеленушілердің өрт қауіпі бар маусымға дайындығына талдау жасалды және баға берілді.
1-слайд. Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарауында 29 ерекше қорғалатын табиғи аумақ бар, олардың алқабы 5,7 млн. гектарды немесе мемлекеттік орман қорының жалпы көлемінің 20 % құрайды.
Облыстар әкімдіктерінің қарауында 120 орман шаруашылығы бар, оларға 22 млн. га алқап немесе 79% бекітілген.
Осыған байланысты ормандарды сақтау жөніндегі негізгі жұмыс ауқымы жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі.
Тексерулер орман және табиғат қорғау мекемелерінің өрт қауіпі бар маусымға дайындығының кейбір мәселелерінің бетін ашты. Негізгі себеп олардың материалдық-техникалық жарақтануының төмен деңгейі болып отырғанын көрсетті.
2-слайд. Республиканың ең қалың орманды облысы – Шығыс Қазақстан облысының орман өртін сөндіру техникасымен жарақтандырылуы ерекше алаңдаушылық туғызады, жарақтанудың республика бойынша орташа көрсеткіші 65 % болса, мұнда небәрі 35 % құрайды.
Орман қорғау мекемелері үшін өртке қарсы техника мен жабдықтар сатып алуға жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржы мүлдем жеткіліксіз. Белгілі бір жұмыс Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарында ғана жүргізілуде.
3-слайд. Өртке қарсы іс-шараларға тиісті мөлшерде қаржы бөлінбеуі орман өрттері алқаптарының кеңеюіне әкеп соғады. Орман өрттеріне неғұрлым жиі ұшырайтын өңірлер слайда көрсетілген. (Ақмола, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстары).
Өрт қауіпі бар маусым басталғаннан бері 67 орман өрті тіркелді, олардың орман көмкерген алқабы 129 га. Оның 126 гектары әкімдіктер қарауындағы ормандарда орын алды.
Бұл орайда барынша ауқымды өрттердің Павлодар облысында 47,7 га алқапта 12 оқиғасы және Қостанай облысында 47,4 га алқапта 11 оқиғасы болды.
Соңғы 3 жылдағы орман өрттеріне жасалған талдау олардың шығу себептерінің бірі оттың даладан келуі болып отырғанын көрсетеді.
Мемлекеттік орман қорының аумағына ауысқан дала өрттерінің саны осы кезең ішінде 143 оқиғаны немесе жалпы санының 27 % құрады.
Осы жыл басталғаннан бері дала өртінің «Ертіс орманы» резерваты орман қорының аумағына ұласуы салдарынан орман көмкермеген 1000 гектар алқапты өрт шалды.
Ауылдық округтердің әкімдіктерінде өрт сөндіру құралдарының болмауы дала өрттерін дер кезінде ауыздықтауға мүмкіндік бермейді.
Осыған байланысты, құрметті Бақытжан Әбдірұлы, Сізден 2018-2020 жылдарға арналған республикалық және жергілікті бюджеттерді қалыптастыру кезінде орман мекемелері мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың өртке қарсы техникамен және жабдықтармен жарақтандырылуын тиесілік нормаларына дейін жеткізу жөніндегі біздің ұсынысымызға қолдау білдіруіңізді сұраймыз.
Сөзімнің соңында өрт қауіпі бар маусымның енді ғана келгенін және оның шырқау шегі әлі басталмағанын тағы да атап өткім келеді. Осыған байланысты облыстар әкімдіктерінің назарын дала және орман өрттерінің орын алу оқиғаларына жол бермеуге және қабылданған шешімдердің қатаң орындалуына аударамыз.

Назарларыңызға рахмет.

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus