Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Жаңалықтар Мемлекет басшысы астық жинау науқанының табысты аяқталуына байланысты еліміздің агроөнеркәсіп кешені еңбеккерлеріне құттықтау жолдады

Мемлекет басшысы астық жинау науқанының табысты аяқталуына байланысты еліміздің агроөнеркәсіп кешені еңбеккерлеріне құттықтау жолдады

1470

Қазақстанда жиын-терін науқаны аяқталып келеді. Бұл – ауыл еңбеккерлері, агроөнеркәсіп кешені және бүкіл еліміз үшін азық-түлік қауіпсіздігінің деңгейін айқын көрсететін аса маңызды оқиға.

Биылғы науқан нәтижесін Тәуелсіздіктің 25 жылдығына тамаша тарту деп бағалауға болады. Өйткені, бұл жолы жиналған астық мөлшері – осы кезеңдегі ең ірі жетістіктің бірі.

Астықтың жалпы көлемі 23 миллион тоннадан асты, бұл – былтырғыдан бір жарым еседей артық көрсеткіш.

Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының диқандары 5 миллион тоннадан астам астық алды. Қарағанды облысында миллион тоннадан астам астық жиналып, бұрын-соңды болмаған көрсеткішке қол жеткізілді.

Ауыл шаруашылығы саласындағы өзге дәнді дақылдар бойынша да жиын-терін науқанының нәтижелері көңіл қуантып отыр. Қызылорда облысында күріштен рекордтық өнім алынды. Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында көкөніс пен бау-бақша дақылдарының өнімділігі едәуір артты. Майлы дақылдар көлемі 1,2 есе ұлғайып, соңғы бес жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетеді деп болжануда.

Осының барлығы мейлінше мол тер төгуді, ұдайы қамқорлықты, зор қажырлылықты, білім мен тәжірибені талап ететін саланың бірі – егін шаруашылығының табысты дамып келе жатқанын даусыз дәлелдейді. Бұл саладағы азаматтардың бәрін құттықтап, бірден жеміс бере қоймайтын жер төсіндегі бейнетті еңбектері үшін зор алғыс білдіремін.

Өткен ширек ғасыр ішінде ауыл шаруашылығының қалай өркендегенін, Қазақстанның аграрлық держава ретіндегі өз жағдайын жақсартып қана қоймай, азық-түлік нарығындағы жаңа белестерді игеріп келе жатқанын көріп отырмыз.

Осы жылдарда мемлекетіміз агроөнеркәсіп кешеніне жүйелі түрде қолдау көрсетудің тиімді мүмкіндігін тапты. Қазір ол стратегиялық басымдық ретінде қарастырылып отыр.

Біз бірлесе күш жұмылдырып, халқымыздың өсіп-өркендеуіне септігін тигізетін, туған өлкеміздің шынайы әлеуетін көрсететін ауыл шаруашылығын жаңғыртудамыз.

Қазіргі заманда жоғары технологиялы қуатты агроөнеркәсіп кешені елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өлшемі болып саналады.

Біз Қазақстанда диқандардың адал еңбегі барынша бағаланып, ауыл шаруашылығы инвестицияға қолайлы, жаңа жобаларға, жастарымыздың күш-қуатына өріс ашатын перспективалы салаға айналуы үшін барлық жағдайды жасаймыз.

akorda.kz


ҚР АШМ Баспасөз қызметі
+7 (7172) 555-765
minagripress@gmail.com

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus