Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет АӨК туралы басылымдар Ветеринария мәселелері талқыланған семинар

Ветеринария мәселелері талқыланған семинар

Парижде әлемнің 180-нен астам елі мүше болып табылатын халықаралық эпизоотиялық бюросы Бас ассамблеясының 83-ші сессиясы өтіп жатыр. Бір аптаға жуық уақытқа созылатын оның жұмысына құрамында Парламент депутаттары бар Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков бастаған қазақстандық делегация да қатысуда.
Сессияны халықаралық эпизо­отиялық бюроның (ХЭБ) президенті Карин Швабенбауэр ханым ашты және ол мал аурулары індетіне қарсы күрес жүргізуде бюроның атқа­рып келе жатқан жұмыстары мен іс-шараларына тоқталды. Оның атап өтуінше, 1924 жылы құрылған ХЭБ өзінің 90 жылдан астам тарихында мал індеттеріне қарсы күресті үйлестіру және олардың шығу ошақтарын жойып, жұқпалы мал ауруларының алдын алуға бағыт­талған жұмыстарды аса ауқымды көлемде жүргізіп келеді. Ұйымға мүше елдермен тығыз байланыс­тар орнатудың нәтижесінде жүзеге асы­рылған жұмыстар да жетіп артылады. Бүгінде ХЭБ-тің көпшілік мемлекеттердің барлығына ортақ стратегиясы бар.
Бұдан кейін сессия жұмысы делегация жетекшілері – елдердің Ауыл шаруашылығы министрлері ретіне қарай сөз алып, өз елдеріндегі ветеринариялық-санитариялық жағдайларды ортаға салуларымен жалғасты. Ал еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековке алтыншы болып сөз берілді. Қазақстандық министр еліміз ХЭБ-ке мүше болғаннан бас­тап, онымен тығыз қатынаста жұмыс істеп келе жатқанынан ха­бар­дар етіп, сессияға қатысу­шы­ларды Қазақстандағы ветери­нариялық жағдаймен таныстырды. «Қазақстан МЭБ-ке мүше болған 23 жыл ішінде ветеринариялық қызмет саласын реформалау­ды аяқ­тадық, – деді ол. – Министр­лікте ветеринариялық бақылау жә­не қадағалау комитеті құ­рылды. Осы­дан төрт жыл бұрын ветерина­рия­лық қызметті жаңғыр­тудың жақын жылдарға арналған ұлттық жос­пары әзірленді». Министр, сондай-ақ, елімізде осы салаға қатысты жүзеге асырылған және министрлік алдында тұрған бірқатар жұмыстарды да атап өтті. Ал ХЭБ Бас ассамблеясының сессиясы 29 мамырда өз жұмысын аяқтайды. Осы аралықта Қазақстанға ХЭБ-тің аусыл ауруы бойынша бес облысқа вакцина қолданылатын және тоғыз облысқа вакцина қолданбайтын қолайлы ел мәртебесін беру туралы сертификаты тапсырылады деп күтілуде. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан» – Парижден.

Источник: http://egemen.kz/2015/05/28/64248

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus