Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет АӨК туралы басылымдар Субсидия жүйесі сұғанақтардан арылуға тиіс

Субсидия жүйесі сұғанақтардан арылуға тиіс

Қазақстанда «мал шаруашылығының өнімділігі де, өсімдік шаруашылығындағы түсімділік те әлемдік көрсеткіштерден артта қалуда».

Кеше Мәжілісте өткен «Үкімет сағатында» Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков осылай деді. «Айталық, Қазақстанда бір ірі қара мал басының тірідей орташа салмағы 300 келі, ал АҚШ, Канада және Германия сияқты елдерде бұл көрсеткіш 500 келіден асады. Қазақстанда бір сиырдан, орташа алғанда, жылына 2,2 мың литр сүт сауылады. АҚШ-та бұл көлем – 8,6 мың, Канадада – 7,8 мың, Германияда – 6,7 мың, тіпті көрші Ресейде – 3,5 мың литр» деді министр.

Қазақстанның бір мақтанышы – астық. Ол туралы АШМ басшысы не дейді? «Елімізде бидайдың түсімділігі – әр гектардан 10,8 центнерден айналады. Енді салыстырыңыз: АҚШ-та – 31,7 центнер, Канадада – 35,9 центнер, ал мына Ресейде 22,3 центнерден келеді! Қазақстанда жүгерінің түсімділігі – 52,8 ц/га. Ал АҚШ-та – 99,7; Канадада – 95,9; Ресейде – 60,1 центнер» дейді Асылжан Мамытбеков.
Былайғы жұртқа мұндай «кері кетушіліктің» себебі түсініксіз. Өйткені саланы қолдауға жұмсалып жатқан ел қаржысының көлемі жыл сайын еселеп артуда. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, мемлекеттік қолдау 2008 жылы 41,4 миллиард теңге болса, биылғы 2015 жылы ол 177,4 миллиард теңгеге дейін ұлғайды. Сонда осынша миллиард ел қаржысының қайтарымы болмай, желге ұшқаны ма?
Бұл ретте аграршылар мен министрліктегілердің тұжырымдары әртүрлі болып келеді.

Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Ромин Мадиновтың тұжырымдауынша, бұл «біздің шаруалардың нашар жұмыс істегенінен емес». «Қанша жедел жұмыс істесе де, қанша механизацияны жетілдірсе де, олардың жақсы өнім алуы – ауа райы мен табиғат жағдайының қолайлылығына байланысты. Осы фактордың өнім алудағы үлесі 50-60 пайыз, Әр жылы 20-30 пайыз шаруаның тірлігі құрдымға кетпес үшін әлемдегі барлық мемлекет осылай субсидия жасауға барады. Ауылшаруашылық тауарын өндірушілердің шығынын көтеруге тура келеді» деді депутат.

Ал министр А.Мамытбековтың сендіруінше, мұның негізгі себептерінің бірі – қазіргі берілетін субсидияның «ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді өз тиімділігін арттыруға ынталандырмайтыны».
– Оларға тиімділікті арттырудың қажеті не? Өйткені өзіндік құндағы субсидияның жоғары үлесі жоғалтқан пайданы онсыз да өтейді. Мал шаруашылығында субсидияның өзіндік құндағы үлесі 12%-дан 50%-ға дейін жетеді. Ол ол ма, бұдан сала зиянға шығуда: мысалы, гектарға және мал шаруашылығы өнімділігіне берілетін субсидияның тиімсіз түрлерін қаржыландыру тәжірибесін жалғастыру нәтижесінде, мемлекеттік қолдаудың тиімдірек құралдары жете қаржыландырылмай қалады, бұл негізгі құралдардың, техниканың ескіру проблемасын одан әрі ушықтыруда, – дейді министр.
Қазіргі субсидиялау жүйесі жемқорлыққа, саналуан бұзушылықтарға жол ашуда екен.

– Мәселен, субсидияның егіс алқабының көлеміне және өндірілген өнімге тәуелді болуы бизнес пен мемлекеттік органдар тарапынан саналуан бұзушылықтарға соқтыруда. Айталық, ауыл шаруашылығы өндірушілері егін егілген алаңдарының көлемін жоғарылатып көрсетіп, қосып жазады. Мысалы, Ақтөбе облысының Шалқар ауданында «Талап ОСД» ЖШС-нің мал сою пунктіне салмағы 15,4 тонна жылқы етін өткізгені үшін «Адил-ханит» шаруа қожалығы мемлекеттен 1,4 миллион теңге көлемінде субсидия алған. Бірақ кейін «Талап ОСД» өзіне сонша ет өткізілгенін растамады, – деді министр.
АШМ басшысы тағы бірнеше мысал келтірді: «Павлодар облысының Павлодар ауданында 2014 жылдың шілдесінде «Манақбай» базарында сиыр етін өткізгені үшін «Болат» шаруа қожалығына 3,4 миллион теңге субсидия төленген. Алайда, тексеріс барысында аталған шаруа қожалығы ұсынған бухгалтерлік құжаттардың жалған-жасанды екендігі анықталды».

«Қызылорда облысының Сырдария ауданында ағымдағы жылы «Қамқор» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына 178 гектар алаңға жоңышқа еккені үшін бюджеттен 8 миллион теңге көлемінде субсидия төленді. Алайда, прокуратураның егіс алаңын шолып, тексеруі барысында алаңның көпшілік бөлігінде аталған дақылды өсірудің, тіпті белгілері де табылмады».

– Сонымен бірге гектар бойынша субсидиялау туралы шешімді ведомствоаралық комиссияның мүшелері егістің бар-жоғын нақты тексерместен қабылдай береді, – деп қынжылды А.Мамытбеков. –Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысындағы М.Жұмабаев ауданында ведомствоаралық комиссия мүшелерінің бір-бірінен айтарлықтай алыс, яғни 60 шақырымнан 150 шақырымға дейін қашық орналасқан 38 шаруашылығында бір күнде болу фактісі анықталды. Мұндай сорақылықтар егістіктерді қабылдау актілеріне қол қою кезіндегі салғырттықты көрсетеді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын АШМ «моноодақылға», яғни бидайға тәуелділіктен құтылуға ұйғарғаны мәлім. Нәтижесінде, «бірқатар облыстарда бидайға арналған субсидиялар айтарлықтай қысқарды». Оның орнына «майлы, азықтық, дәнді-бұршақты, жеміс-көкөніс дақылдары мен картоп сияқты басымды дақылдарға арналған субсидиялар ұлғайтылды». Осылайша, 2010–2014 жылдар аралығында жем-азықтық дақылдар бойынша субсидия әр гектарға 450 теңгеден 6 мың 630 теңгеге дейін, картоп бойынша – 2 мың 420 теңгеден 21 мың 800 теңгеге дейін, көкөніс-бақша дақылдары бойынша 9000 теңгеден 34 мың 607 теңгеге дейін өскен.

Бұл дәл осы дақылдарды өсірушілерді ынталандыру орнына, олардың кейбірінің адал жолдан таюына әкелді. Мысалы, министрдің мәліметінше, кейбір аграршылар қызылша, картоп және басқа да «субсидиясы ылан-ойран» дақыл түрлерін егеді де, бюджеттен қолдау қаржысын алған соң, егістікті күтімсіз тастап кетеді.

Бұл салада жағдайды түзер пәрменді шаралар қабылдамаса, қыруар ел қаржысы саланы көтеруге, елдің әл-ауқатын арттыруға емес, ниеті қара әлдекімдердің дәулетін арттыруға шығындала бермек.
«Үкімет отырысына» төрағалық еткен Мәжіліс спикерінің орынбасары Абай Тасболатовтың айтуынша, саланы мемлекеттік қолдау көлемін ұлғайту мақсатында алдағы 2016 жылға 266 миллиард теңге, ал 2017 жылға 286 миллиард теңге қаржы бөлу жоспарлануда.

Вице-спикер тағы бір жайтқа назар аудартты: «Қаржы нарығында доллар құнының өсуіне байланысты барлық несиелер, лизингтер теңгемен беріледі. Агроөнеркәсіптік кешен саласында озық ғылыми-зерттеу жұмыстарына төмендетілген несие ұсынылады». Яғни ауыл шаруашылығын дамытуға мемлекет барлық жағдай жасауда. Ендігі сөз – АШМ мен аграршыларда.
Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков «субсидиялаудың тиімділігін арттыру бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп жатқанын» алға тартты.

– Ресей валютасының девальвациясы және Ресей өнімдерінің біздің нарыққа экспансиясы, ДСҰ-ға кіру, Ресей және Еуропа елдері арасындағы санкциялық қарсылықтар – осының барлығы бізден агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдауда, оның тиімділігін арттыруда прагматикалық тәсілдерді қолдануды талап етеді. Бұл ретте, ауыл халқының және ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін экономикалық белсенді халықтың көп екенін ескере отырып, мемлекеттік қолдау көлемін сақтап қана қоймай, оны ұлғайту қажет! – деді АШМ басшысы.
Министрлік бұл ретте субсидиялаудың жаңа жүйесін ендірмек.

«Үкімет сағатында» бір қызықты жаңалық жария етілді: Ауыл шаруашылығы министрлігі Үкіметке өңірлердегі қазіргі «тұрақтандыру қорларын» жоюды ұсыныпты. Олардың орнына, министрдің айтуынша, «бағаның ерекше өсуге бейім кезеңіне, атап айтқанда қысқы-көктемгі кезеңде азық-түлік өнімдерін сақтауға кететін шығындарды субсидиялау» қажет.
А.Мамытбеков кеше, сондай-ақ Қазақстанда «жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту рәсімі жеңілдетілетінін» хабарлады.
Парламентте осы күні нан бағасына қатысты мәселе де көтерілді.

Министр А.Мамытбековтің ойынша, қазір нан «негізгі ас» емес! «Медициналық норма әр адам үшін жылына 120 келі. Біздің есебімізше, іс жүзінде керегі – 80 келідей. Бұл норма кеңес кезінде қалыптасты және содан бері қайта қаралмаған. Кеңес азаматының рационында нан негізгі өнім болған. Қазіргі адамның рационы әралуан» деді министр. Ол нан бағасын нарық өзі белгілейтінін нықтады.

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus