Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет АӨК туралы басылымдар Шегірткелер бас көтере бастады

Шегірткелер бас көтере бастады

fda61dca0a47609d863a14cd905cb3d2Егін егу жұмыстары ерте басталатын оңтүстік өңірде, дәлірек айтқанда Сарыағаш ауданында шегіртке «оянып» жатыр. Енді оларды бірер аптада улап үлгермесе, тез-ақ өсіп-жетіліп, күш алып кетуі мүмкін екен.
Сол себепті Ауыл шаруашылығы министрлігі шегірткемен күресті ерте бастау ниетімен пестицидтерді ұсынушылар, оларды сақтау, тасымалдау жұмыстарын орындаушылар мен өңдеу жұмыстарын жүргізушілер арасында тендер өткізіп, шарт жасауда. Бір айта кетерлігі, пестицидтер меншік түріне қарамастан, барлық шаруашылықтарға тегін беріледі. Осы мақсатта республикалық бюджеттен 3,7 млрд теңге бөлініпті, соның ішінде пестицидтер сатып алуға – 721 млн теңге және химиялық өңдеу жүргізуге 3 млрд теңге қарастырылған. Бұл туралы АШМ-да өткен брифингте айтылды.

– Заң бойынша шегірткенің көзін жоятын у-ды сатып алу, сақтау, жеткізу, улау, бәрі бюджет ақшасына жүзеге асырылады, ол үшін шаруалардан бір тиын да алынбайды. Ал улау қалай жүр­гізіледі десек, бүгінгі таңда аймақтардағы мамандарымыз егін егілетін алқаптарға шығып, ше­гірткенің таралу үдерісін зерт­теп, тексереді. Міне, осы тек­­серулер кезінде 1 шаршы метр аумақтан 10 шегіртке анық­талса, онда шегірткені улау қызметін көрсететін, яғни біз өткізген конкурс анықтаған фирмалар улау жұмысын бастайды. Олар бұл қызметті шаруаларға тегін көрсетеді. Өйткені олар бұл қызметтері үшін ел қазынасынан ақша алады, – деді АШМ Агро­өнеркәсіп кешеніндегі мем­лекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сақташ Хасенов.

769a0e6cf806c02a05e4fa90517a6919Баспасөз мәслихатында айтылған дерекке сүйенсек, биыл аса зиянды жәндіктер 7 млн 280 мың гектарға таралуы мүмкін деп болжанып отыр екен. Оның ішінде үйірлі ше­гірткелер – 3 млн 871 мың гек­тарға, сұр көбелектер – 869 мың гектарға, қандала – 82 мың гек­тарға, ал 20 мың гектарға ас­тық қоңыздары таралуы мүмкін. Осы зиян­кестердің ішіндегі аса қауіптісі – үйірлі шегірткелер. Айта ке­терлігі, біздің елде үйірлі шегірт­кенің үш түрі тараған, марокко шегірткесі – оңтүстік өңірге, италиялық шегіртке солтүстік, орталық, батыс ау­маққа үйір келсе, сулы ай­мақтарға азиялық шегірткелер құмар екен.

Биыл осы шегірткелер аздап «аяқ тартатын» көрінеді.

– Соңғы 5-6 жылдағы таралу көрсеткішін қарасақ, шегірт­кенің көбеюі 2010 жылдан басталады. Оған ауа райы, миграция, биологиялық цикл ықпал етеді. Шегірткелердің көбеюі 2014 жылы ең жоғары көрсеткішке жетті, былтыр 4 млн 217 мың гектар жер зақымданды. Ал биыл үйірлі шегірткенің таралу қаупі респуб­ликаны тұтастай алғанда 800 мыңнан астам гектарға азаяды деп болжап отырмыз. Алайда Жамбыл, Қызылорда, Қарағанды, ОҚО, СҚО облыстарында көбейеді, – дейді Аг­роөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық инспекция басшысы Ержан Айнабеков.

Оның айтуынша, биыл республика бойынша фитосанитар­лық ахуалды қалыпты жағдайда ұстап тұру үшін 117 млн гектарға фитосанитарлық мониторинг жүргізілмек екен. Қарапайым тілмен айтқанда, мониторинг дегені, АШМ АӨК мемлекеттік инспекция комитетіне қарасты штаттағы мамандар мен уақытша маусымдық жұмысқа тартылған ерікті тексерушілер. Мысалы, биыл 437 тексеруші жұмысқа тартылады және арнайы тех­никалар да жалға алынады. Олар штаттағы қызметкерлермен бірге егістік алқаптарда тексеру жұмыстарына жұмылдыры­лады. Биыл ұзын саны 1234 адам осы жұмысты атқаруы тиіс. Респуб­ликамыздағы 160 ауданның барлығы да GPS нави­га­тор­лармен, ал алқаптарға тексеру жүргізетін мамандар GPS-трекерлармен жабдықталыпты. Бұл құрылғы алқаптағы тек­серу кезінде ше­гіртке барын анықтаса, бұл ақпаратты орталық аппаратқа же­дел жолдауға және тексерушілердің орналасқан мекенжайын анықтауға мүмкіндік береді екен.

– Бүгінгі күні ОҚО Сарыағаш ауданында алқаптарды тек­серу жүріп жатыр. Міне, осы тексерулер 11 сәуірде Марокко шегірткесінің жер бетіне шығуын анықтады. Ол жақта жұмыс істеп жатқан адамдардың аты-жөні GPS-трекерден келіп түсетін ақпараттар шоғырланатын базаға енгізілген. Олардың аты-жөнін тінтуірмен түртіп қалсаңыз, оның қай ауданда, қай аумақта, қанша шақырымды тексеріп шыққанын біле аламыз. Олар бізге Билайн аумағында байланысқа шығып отырады, – деген Ержан Айнабеков баспасөз мәслихаты барысында Са­рыағаш ауданында тексеру жүргізіп жүрген мамандармен байланысқа шықты.

GPS-трекер қондырғысы былтыр алғаш рет пайдаланылған екен, тиімділігі дәлелденген соң биыл кеңінен қолданысқа ен­гізіліпті.

Есте болса, өткен жылы елімізде шегірткемен күрес жүргі­зілгеніне қарамастан, солтүстіктегі көршімізден ауған шегірт­келер егістік алқаптарымызға айтарлықтай зиянын тигізіп еді. Енді сол жағдай биыл қайталанбауы үшін Қытай, Ресей, Өзбек­стан және Қырғызстанмен шекаралас жерлерде шегірткелерді анықтау мақсатында және өңдеу жұмыстарының тиімділігін білу үшін сол елдің мамандарымен бірлескен тексеру жұмыс­тары жүргізіледі екен. Тарапта осы жылдың ақпан айында Ресейдің Астрахань облысында өткен кездесуде осындай мә­мілеге келіпті.

aikyn.kz

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus