Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет АӨК туралы басылымдар «СемАЗ» құрастырған 7000-шы трактор

«СемАЗ» құрастырған 7000-шы трактор

«ҚазАгро» жүйесінің қол­дауымен «СемАЗ» машина жасау зауытынан 7000-шы «Беларус» тракторы конвейерден шығарылды. Әу баста осы саланы қаржыландыруға «ҚазАгро» холдингі 1,3 млрд. теңге құйған. Осыған орай «ҚазАгро» ұлттық холдингі журналистердің басын қосып, пресс-тур өткізді. Кәсіпорынның басшылары айтқандай, ауылшаруашылық техникасын өндіру 2009 жылы қарапайым «Беларус 80.1», «Бе­ларус 82.1» және «Беларус 1221.1» маркаларын шығарудан басталған. Бұл тракторлар тек ауыл шаруашылығында ғана емес, коммуналды шаруа­шылықта да кеңінен қолда­нылады.

Бүгінде кәсіпорында трак­торлардың 9 түрі бар. Олардың ең озығы – «Беларус 3522». Зауыттың техникалық зерттемесіне қа­рағанда, ол неғұрлым қуатты көп қажет ететін ауылшаруашылық жұмыстарына арналған. Мәселен, дәнді дақылдарды отырғызу, арамшөптерді отау, жемшөп дайындау сияқты толып жатқан функциялары бар.

Айта кету керек, «ҚазАгро» өндірісті қаржыландырып қана қойған жоқ. Ұлттық хол­динг бүгінде зауытпен бірге шы­ғарылған техниканы өткі­зумен де айналысып келеді. «Қаз­АгроҚаржы» бағдар­лама­сының лизингті жүйе­сіне орай кәсіпорында шыға­рыл­ған техника, трактор түрле­рі рес­пуб­ли­кадағы шаруа қожа­лық­тарына таратылады.

«СемАЗ» ЖШС бас директоры Әсемқан Досқұжановтың айтуынша, «ҚазАгроның» инвес­тициялық бағдарламасына орай зауыт дағдарыстан шығып қана қоймай, кәсіпкерлік саласын да кеңінен дамыта білді. Ұлттық холдинг қаржылай көмегін аямай, тиімді баға да ұсынды.

– Жобамыз аяқталды. Өткен жылы біз несиемізді жаптық. Ауыл шаруашылығына арналған техника шығару жобасы Қазақстандағы ең бір маңызды жобалардың бірі болып табылады, – деді кәсіпорын басшысы Әсемқан Досқұжанов. – Біз енді екінші транш алып, өндіріс көлемін ұлғайттық. Міне, қарасаңыздар, біз тракторлардың бірнеше жаңа түрлерін шығармақпыз. Шығарған тракторлардың тұрып қалған жері жоқ. Барлығы да ауыл шаруашылығында жұмыс істеп жатыр.

«СемАЗ» ЖШС тракторлардан басқа автобус пен жүк көліктерін де шығаруда. «Daewoo» автобус­тары 25 тоннаға дейін жүк көтере алатын «Урал» мен «SHACMAN» көліктер бүгінде тұтынушылар талғамынан шығып отыр.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА.

Семей.

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus