Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет АӨК туралы басылымдар ОТАНДЫҚ ТАУАРДЫҢ ОРНЫ БӨЛЕК

ОТАНДЫҚ ТАУАРДЫҢ ОРНЫ БӨЛЕК

Егемендік алған 1991 жылдағы Қазақстан экономикасының, индустриясының жағдайы бізге белгілі.
«Индустрия» деп аталатынның шеңберіне енген зауыттардың шамамен 70-80 пайызы Қазақстанға бағынбайтын, тек Мәскеудегілерге ғана есеп беретін, қаражат пен құрал-жабдықтарды, тіпті киім-кешек, тамақ, дәрі-дәрмек дегендердің өздерін сол орталықтан тікелей алатын, КСРО державасындағы Орта машина жасау министрлігі деп аталатын құрылымға енген әскери қару-жарақ немесе солардың шикізаты мен бөлшектерін шығаратын кешен еді. Айталық, Қазақстанда уран кені өндірілді, бірақ ол сол жер жынысы күйінде Қырғызстан мен Ресейге тасымалданып, сол жақтарда өңделді. Ал қазір Қазақстан ядролық энергияға қатысты шикізат өндіруден ядролық отын жасаушы және «ВестинХаус» компаниясының 10 пайыз акциясына ие ел ретінде ядролық реактор жасаушы елге, әлемге ядролық отын экспорттаушы ғана емес, сонымен бірге, АЭС-тер салып беруші елге айналып отыр. 1991 жылға дейін Қазақстанда темір жол вагондарының күрделі жөндеуін өткізуге рұқсат етілмеген екен. Осы саланың шегесіне дейін одақтас республикалардан тасымалданыпты. Бұл күндері біз вагондар мен әлемдегі ең қуатты локомотивтер шығаратын ел болдық. Байқадыңыздар ма, салалар түгелдей дерлік импорттан құтылып, керісінше, экспорттаушы жақ болып өзгерді. Бәрінде де «Қазақстанда жасалған» деген тамаша таңба бар. Оның үстіне, бәрі де озық технология, нағыз индустрия. Осыған қарап-ақ «Қазақстанда жасалған» деген таңбасы бар тауарлы өндіріс жасауға, олардағы өнім көлемін молайтуға толық мүмкіндік бар екенін білуге болады. Тек әр қазақстандық азамат пен азаматша, әр отандас, әр қазақ өзін осындай игілікпен шындап айналысуға «көндірсе» болғаны. Тіпті, бұл мәселеге Елбасы арнайы көңіл бөліп, «Қазақстанда жасалған» деген таңбасы бар тауарлар өндірісін молайтуға, оларды сатып алуға отандастарды шақыруы мақсатты орындауға ашылған даңғыл жол іспетті. Мұны пайдаланбасақ, ұяттың ұяты сол. Десек те біздің елде қарапайым кез келген отандастың қолынан келетін істі сырттағылар жасап беріп жатқаны жасырын сыр емес. Сондықтан бізде әлі де болса күнделікті пайдаланатын көптеген азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық басқа да тауарлар импортталып келеді. Бұл үшін миллиардтаған доллармен есептелетін қаражат шетке кетіп жатыр. Сондықтан біз мемлекет бойынша қолға алынған «акцияға» үлес қосу үшін оқырман назарына қазақстандықтардың қай-қайсысы да жасай алатын бірнеше тауар түрлерін «ойсалар» ретінде ұсынбақпыз.

1. «Кока-Коладан» құтылуға болады

Алматыдан Қордайға жеткізетін үлкен жолдың бойында Тарғап деп ата­латын ауыл жатыр. Бір тама­ша­сы, сол ауылдықтар жол бойында «жай­ма базар» саудасын жасайды. Әр үйдің дарбазасының алдына үстел қойылған. Онда аларманға ұсы­нылатын тауар түрлері тұр. Ара­сында қазақтың ежелгі сусыны – қарапайым жолмен жасалатын би­дай көже де бар. Ол кәдімгі шұ­бат­пен, қымызбен қатар қойылыпты. Ал біреулерде шұбат пен қымыз жоқ та, тек көже тұр. Осыдан-ақ бұл үй­де түйе мен бие жоқтығын байқауға бо­лады. Десек те «жоқтан барды» жа­сауға қабілетті әйел көже қайнату арқылы табыс табуға болатынын өз ісімен дәлелдеп шыққан.

Қазір Қазақстанның қалалары түгіл ауыл-ауылдарында «Кока-Ко­ла», «Пепси Кола», «Буратино» дей­тін сусындар қаптап кеткен. Бі­рақ солардың бірде-бірі пайда­лы­лық қасиеті жағынан да, зиян­сыз­дығы жағынан да қазақтың кәдімгі бидайдан жасайтын қара көжесімен бәсекелесе алмайды. Салқындай іш­кенде мейірді қандыратын осы­нау сусынды өндіріп сатса немесе оны қалталы кәсіпкер өнеркәсіптік жол­ға қойса, ұлттық сусын жо­ға­рыда аталған жасанды сусындардың бәрін алмастырар еді. Тіпті көп ке­­шікпей игілігін көретін Батыс Қы­тай – Батыс Еуропа транзиттік та­сымал жолында осы сусын тұрса, оны шетелдіктер бір рет ауыз тиіп ішіп көрсе, колаларды енді қайтып ішпейтініне кепілдік беруге болады. Өйт­кені көже – табиғи сусын. Еш­қан­дай қоспа жоқ. Тек оны жасау­шы­лар өз ісіне адал қараса болғаны. Ал егер жоғарыда айтқандай, көже өн­дірісін өнеркәсіптік негізде шы­ғарсақ, онда ол «Қазақстанда жа­сал­ған» нағыз өтімді тауар болар еді. Бұл қолдан келе ме, келеді! Тек құ­лық керек.

2. Тоқыма өндірісі

Қазақстандықтар жыл сайын он­даған, тіпті жүздеген мың тонна жүн­ді шетелдерге тиын-тебенге сат­қанына мәз болып жүр. Оның есе­сіне сол шетелдерден жүннен то­қылған күртелер мен шұлықтар, ба­лалар мен қыздардың бас киім­дерін алдыртып, валюталық шығын жасаудамыз. Ал осы күнделікті қа­жетті тауарлардың бәрін өзіміз шы­ғаруға болады ғой. Қазір осы са­ланы дамытып, отандық жеңіл өнеркәсіпті аяғынан тік тұрғызамыз деушілер баршылық. Әрине, солай істеген дұрыс. Десек те, бұл жұмыста ауылдықтар негізгі тұлға болса, онда біраз игі іс тындырған болар едік. Ол үшін ауылда тұратын бір әйел тоқыма тоқуды білсе болғаны. Мұндай мүмкіндік ауылдарымызда бар екені де даусыз. Демек, сол ауыл­дардың әкімдері әлгі «білімді әйел­ді» бас қылып, әуелі сондағы қал­ған әйелдерді содан «оқыт­ты­рып», нәтижесінде, ауылда шағын тоқыма кәсіпкерлігін ұйымдас­тыруға болады ғой. Бұл үшін арнайы цех ашып қажеті де жоқ. Әркім өз үйінде қолы бос уақытында айна­лысатын және табыс табатын іс ре­тінде ұйымдастырылса да жет­кілікті. Баяғыда, Ұлы Отан соғысы ке­зінде аналарымыз майданда­ғы­ларға қолғап, шұлық, жылы күртені үй­лерінде тоқып, жөнелтіп тұрған. Дәл сол жолды бүгіндері де пайд­а­лануға болады. Сонан соң сол то­қыл­­ған дүниелерді қалалардағы ба­зарларда сатуды ұйымдастырса, бар іс тынды дей беріңіз. Әрине, бұл рет­те қаладағы базарлардан «орын» бе­ретіндей қала әкімімен арнайы ке­лісімшарт жасалуы тиіс. Бұл да – «Қазақстанда жасалған» дүниелерді көбейтетін жол.

3. Байпақ Ресейде де өтімді

Қазақстанда ең құнсыз тауар жүн болып тұр. Ал бұл – ең бағалы тауар болуға лайық шикізат. Әттең, ауыл әкімдері «істің ыдығын» біл­мейді. Айталық, қойлы ауылдардың бәрінде дерлік, әсіресе, қазақтың қыл­шық жүнді қойын өсіретін жер­лер­де пима, байпақ цехын ашуға бо­лады ғой. Ауылдарда осылай іс­тей алсақ, онда Қытайға тиын-те­бен­ге жүн сатып, бағалымыздың құ­нын кетірмес едік.

Орайы келгенде айта кетейік, пима, байпақ іргедегі алып базар Ресей федерациясында да өтімді, күнделікті қолданыс тауары екені дау­сыз. Олардың қысы біздегіге қа­рағанда қатқылдау. Селолық жер­леріндегі тұрғындардың бәрі дер­лік пима, байпақ киеді. Оларда да халқының 45 пайызы селоларда тұра­ды. Демек, село тұрғындарының са­ны Ресейде 65 миллионның сыр­тында. Демек, пима, байпаққа тап­сырыс беретін 30 миллиондай са­тып алушы бар деген сөз. Осынау базарды Қазақстанның ауылдағы қой өсірумен айналысатын тұрғын­дары игерсе, біраз іс тынар еді. Мі­некей, нағыз «Қазақстанда жа­сал­ған» тауар осылайша бәсеке­лес­тікке қабілеттілік жағынан еш­қан­дай қарсылас шыдатпай­тынын осы мысалдан-ақ көруге болады. Бұлай деп батыл айтатын себебіміз, ол жақ­та қой өсірілмейді ғой. Ал егер сол пима, байпақпен қоса бөкебай, шұ­лық, ұйық, қолғап, күрте секіл­ділерді өз қойымыздың жүнінен то­қып, экспорттар болсақ, онда ауыл­­дықтарға түсетін кіріс те мо­лаяр еді.

4. Шұжық, брынза, құрт бәсекелестің басымы

Біз ауыл өнімдерінің барлығын дер­лік «бәсекелестікке қабілетті та­уар» ете аламыз. Ол үшін Қазақ­стан­ның әр ауылында тек шұжық жа­сайтын цех ашсақ болғаны. Брын­за мен құртты ауыл әйелдері майы алынған сүттен өздері-ақ жа­сай алады. Ал шұжық цехы – бүгінгі ауылдарға басты қажеттілік. Мұны ауыл, аудан, аймақ әкімдерінің тү­сінуі жеткіліксіз. Өйткені ол біраз қа­ражат тұрады. Сондықтан оған Үкімет деңгейінде маңыз беріліп, «Қа­загроқаржы» холдингі арқылы жеңілдетілген лизингтік несие бө­лінуі басты шарт. Сондай-ақ ауыл­дарда шағын тері илейтін және тон тігетін бір-бір цех болса, бұл да бі­раз мәселені шешер еді. «Қазақ­стан­да жасалған» таңбасын көбей­тетін және өтімді де пайдалы өнім шығаратын шикізат бұл күндерде ауылдарда пайдаланылмай жат­қа­нын немесе оларды пайдалы дү­ние­ге айналдыру ауылдықтарға оңай болмай тұрғанын ескерсек, онда ал­дағы үш жылда мықтап айнал­ы­сатын жобалардың бірі осы болуы ке­рек. Мемлекет халқының 46 пайы­зын қосымша құнсыз, бар бол­ғаны шикізаттық өндіріске теліп қою білімді іс емес.

5. Көйлек-жейдені импорттамауға болады ғой

Қазіргі Қазақстанның кез кел­ген ауылына барсаңыз онда тұра­тын­дардың бәрі дерлік «импорт­ный» көйлек-жейде киіп жүргенін көрсеңіз таңғалмайсыз. Өйткені қазақстандықтар кешегі кеңестік заман қатты «еркелеткендіктен», қол­дан көйлек-жейде тігіп ки­мей­тін болған. Содан капиталистік қо­ғамға өтсек те әдетімізді тастауға әлсіз болып тұрмыз. Мата алып, одан көйлек-жейдені өзіміз тігіп киген әлдеқайда тиімді екенін тү­сіне алмай жүрміз. Егер басқаны бы­лай қойғанда, ауыл тұрғындары өз көйлек-жейдесін өздері тігіп киер болса, онда әр отандас жы­лы­на ең кемі 10 мың теңгені қалта­сын­да қалдырар еді. 10 мың теңге – әр отан­дас бір жылда киетін киім-ке­шектің өзіндік құнындағы тігін мен дизайнға, яғни пішуге кететін қо­сымша шығын. Ескерте кетейік, әр қазақ әйелі өз көйлек-көншегін өзі тігіп алуға қабілетсіз дей алмаспыз. Әрі-берідесін мұны әр ауылда бір цех ашу арқылы да шешуге болады ғой. Киім пішу онша көп оқитын қиын мамандық емес. Қысқасы, ауыл әкімінің қолынан келетін шаруа осы. Егер осындай іс тын­ды­рылып жатса, қазақстандықтар көйлек-көншек үшін шетелдерге импорт төлемі ретінде үш-төрт мил­лиард долларды шығындамас еді. Міне, «Қазақстанда жасалған» таң­басы көбейетін тұс – осы. Орайы келгенде айта кетейік, біздің елде осы саладағы жеңіл өнеркәсіп кеңес заманында да жөнді дамы­маған еді. Бәсекелестік күшейген ка­питализм тұсында жеңіл өнер­кә­сіпті дамыту қиынның қиыны. Десек те, біз айтқан жолмен жүр-сек, ол үлкен істің бастауы болары дау­сыз.

Түйін. Тиімділік негізі қайда?

Егер «Қазақстанда жасалған» таң­басы бар тауар түрлерін көбей­те­міз десек, бұл істі әлі игерілмей жат­қан мол шикізат көзі ауыл­да­ры­мыздан бастасақ, дұрысы – сол. Олай дейтін себебімізді дәлелдеп кетейік.

Біріншіден, бұл күндері ауыл ши­кізаты – ет, сүт, жүн, тері тек осы күйінде базарларға тасы­мал­данып жүр. Ал оларды халық тұ­тынатын тауар күйіне жеткізе алсақ, онда ең алдымен ауылға «қосымша құн» барады. Мұны шамамен ши­кі­заттың 20 пайызы деп қарас­ты­ры­ңыз.

Екіншіден, ауылдықтар тасы­мал шығынын азайтады. 10 ірі қа­раны «КамАз» автокөлігімен қала ба­зарына жеткізіп жүрміз. Қаншама шы­ғын! Оның орнына сол 10 тайын­шаның етінен шұжық жасап әкелер болсақ, барлық тауарды бір «Жигули» жеңіл көлігімен базарға әкелуге болады ғой. Бұл күндері сүт­ті қала іргесіндегілер қалалықтар күн­де әкеліп сатады. Егер олар брын­за, құрт секілділерді үйлерінде жа­сай алатын болса, онда тонна­лаған сүт құрамындағы құр суды қалалықтарға жеткізіп, ақша табу үшін бос шығын жасамас еді.

Оқырман қауым байқаған шы­ғар, осы екі түйін-ақ біз ұсынған «жо­­балардың» «Қазақстанда жа­сал­ған» бағдарламасына енуге сұранып тұрғанын дәлелдейді. Демек, оны қайтсек те қолға алып, жүзеге асыру­ға тиіспіз. Өйткені ауылдарда Қазақстан халқының 46 пайызы тұрады. Кірістері аздар да солар. Егер біз айтқан жоба өндіріске ене қалса, олардың табысы ең кемі екі еселенер еді. Мінекей, мәселе қайда жатыр. «Қазақстанда жасалған» деген таңбасы бар тауарды шығару, молайту мүлде қиын емес. Тек іске жауапты адамдар жауапкер­шілік­терін арттырса болғаны. Бұл – ел үшін пайдалы іс.

http://www.aikyn.kz/

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus