Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет АӨК туралы басылымдар Оңтүстіктің диқандары бидайды Ауғанстанға жібере бастады

Оңтүстіктің диқандары бидайды Ауғанстанға жібере бастады

772d9d8b3c6ccf6e8654c4423798e347_L
Қамбаға құйылған астықты сатып алушылар сол елден арнайы келген.

Елімізде алғашқылардың бірі болып егінге орақ салған қазығұрттық диқандар, бұйырса, биыл мол өнім жинаймыз деп отыр. Қазір әр гектарына орта есеппен 30 центнерге жақын бидай орылуда. Ауа райының жайлылығы мен агротехникалық талаптарды қатаң сақтаудың арқасында егін бітік шыққан.

Қаз-қатар тізілген шетелдің су жаңа 15 комбайны ә дегеннен-ақ бірнеше гектар жерді орып шықты. Түсім жаман емес. Қамба толы, шаруаның көңілі тоқ. Жылдар бойы ескі техника тізгінімен алысып шаршаған Әсет Сарыбаев «жаңа комбайн алғалы жұмысымыз да жүре бастады», – дейді.

Әсет Сарыбаев, механизатор:
– Жаңа техниканың тиімділігі 12 сағатта 30 гектар орады, 24 сағатта 60 гектар айдайды. Мұның тиімділігі басқа комбайндарға қарағанда жылдам жүреді, солярка үнемдейді, бидайды таза орады.

Қазығұрт ауданындағы ең ірі шаруашылықтың бірі биыл 12 мың гектар жерге масақты дәнді-дақыл екті. Көктемде жауын-шашын мол болып, егіс бітік шыққан. Соңғы он күндегі аптапты ыстықтан бидай тез пісіп, орақты жылдағыдан бір апта бұрын салған.

Нұрлан Құралов, «Аманкелді» ЖШС бас директоры:
– Бидайдың сапасы өте жоғары. Желімтігі 26-27 бірлік болып жатыр. Бұл деген өте жақсы, сапалы деген. Оның үстіне құрғақтығы 6-7% болып жатыр.

Қазығұрттың дәні толық астығына соңғы жылдары Ауғанстан, Иран мен Өзбекстаннан сұраныс артқан. Егін орағы басталды дегенді естіген шетелдік кәсіпкерлер арнайы келді. Бір ғана «Аманкелді» ЖШС биыл 30 мың тоннадай астық экспорттамақ.

Мудир Жан, кәсіпкер:
– Біз 1300 тонна бидайды өзімізге жіберіп үлгердік. Сапасы жақсы болған соң, біз оңтүстіктің бидайын көбірек алып, солтүстіктікімен араластырамыз. Ауғанстан мен Өзбекстанда осы бидайға деген сұраныс жоғары.

Облыс аумағында биыл 195 мың гектар жерге масақты дәні-дақыл егілді. Оның 156 мыңы бидай. Диқандар үкімет тарапынан жеңілдікпен берілетін тыңайтқыш пен жанармайды қажет уақытында алған.

Тұрғанбек Оспанов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
– Есеп бойынша біз гектардан 22-23 центнерден аламыз деп отырмыз. Яғни 195 мың гектардан алынатын өнім 430 мың тоннадай болады деп көзделуде. Ол – былтырғымен салыстырғанда 100 мың тоннаға артық деген сөз.

Енді бірер күнде жаппай астық ору басталады. Егін ору науқанына 1000-нан астам комбайн шығады. Техникалар сақадай сай. Шаруалар айға жуық уақыт ішінде бидайды толық орып, жинап аламыз деп межелеп отыр.
Авторлары: Қанат Жүнісбеков, Ерболат Әбіш

Источник: http://24.kz/kz/zha-aly-tar/ekonomika/item/124811-dajdy-au-anstan-a-zhibere-bastady

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus
Яндекс.Метрика