Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет АӨК туралы басылымдар Фермерлерге құдық қазып бермек

Фермерлерге құдық қазып бермек

Қой баққан қазақ ұзақ күткен бетбұрыс жақында болуы мүмкін. Кеше Сенаттың Табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті ұйымдастырған дөңгелек үстелде Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков ел Үкіметінің енді әрбір қой басына субсидия қаржы бергелі отырғандығын жария етті. Бұған дейін мемлекет тек ірі қара мал басын ғана субсидиялап келген болатын. Осы жиында тағы бір жаңалық белгілі болды: Қазақстанда құдық қазушылар ісі буырқана дамып, осыған қажетті құрал-жабдықтар шығарған кеңес кезіндегі қос зауыт қайта «тірілуі» мүмкін.

АШМ басшысы бүгінде Үкіметтің ендігі қабылданған үшжылдық бюджетті қайта қарап, оның нақтыланған жобасын әзірлегендігін мәлім етті. «Сол нақтыланған бюджетте қой шаруашылығына субсидия көзделініп отыр. Нақтылап айтқанда, қойдың әр аналық басына бюджеттен биыл 1,5 мың теңгеге дейін, ал ендігі жылы 2 мың теңгеге дейін қаржы беретін жоспар бар. Осы бюджет туралы заң бекітілгеннен кейін біздің фермерлеріміз осындай субсидияларды алу мүмкіндігіне қол жеткізеді» деді министр.
Биылғы жаз келе, Қазақстанның ұлан-байтақ даласына 17,9 миллион қой мен ешкі, 5,7 миллион ірі қара мал, 1,6 миллион жылқы жайылымға шығады. «ТМД елдерінің барлық жайылым аумағының 60 пайызы, Орталық Азия аймағындағысының 71 пайызы Қазақстанда шоғырланған!» деп, «пай-пай» дегізді Ауыл шаруашылығы министрі. Олай болса, төрт түлік малдың әлгі көлемі мардымсыз болып шығады. Бұл ретте мамандар мал шаруашылығының буырқана дамуына қазақ жеріндегі су тапшылығының қолбайлау болып отырғандығын алға тартады. Осыған байланысты Қазақстан Көшбасшысы ел Үкіметіне шалғайдағы мал шаруашылығы жайылымдарын дамыту үшін оларды суландыруды қолға алуға міндеттегені мәлім.

– Ауыл шаруашылығын суландыру үшін шахталық және құбырлы құдықтар, тораптар, көлшіктер және котлавандар қолданылады, – деді А.Мамытбеков. – Жайылымдарды
суландырудың негізгі көздері – жерасты сулары. Олардың болжамдық ресурстары тәулігіне 450 текше метр. Ал бүгінгі таңда тек оның 55 текше метрі немесе 10 пайыздан сәл астамы ғана қолданылуда. Суландырудың барлық тәсілдері ішінде АШМ-ның таңдауы құдық қазуға түсіп отыр. Әйткенмен, бұл жерде сөз қауға байланатын жай құдықтар жайында емес, шахталық және құбырлы құдықтар турасында өрбуде. Бірақ мұндай құдық қазу миллиондаған теңге қаржы салуды қажет етеді. Оны шопандардың қалтасы көтере бермесі анық. Осы мақсатта мемлекет «Агробизнес – 2020» жаңа бағдарламасына бұл істі қаржылай қолдау шараларын енгізіп отыр.
«Субсидияланатын шығындар тізбесіне құдықты салу, құрылыс-монтаж жұмыстарын есептегендегі шығындар, күн сәулелі панельдер мен жел қондырғыларын, көшпелі су тасығыштарды сатып алу және орнату бойынша шығындар енеді, – деп хабарландырды АШМ басшысы. – Бағдарлама жайылымдарды суландыру бойынша аталған шығындардың 80 пайызына дейін субсидиялауды қарастырады».

Мемлекет өзі құдық қазуға білек сыбана кіріспек болыпты: «Бір жолы – мемлекет тарапынан мемлекеттік мекемелердің тендер өткізіп, біреуге құдық қазып беруі болды. Бірақ бұл жерде «ол қазылған құдыққа мал бара ма? Ол құдық бос қаңырап қалмай ма? Ертең құдыққа кім қарайды, тазалайды?» деген сұрақтар көп туындады.
Сондықтан бағдарламада біз екінші нұсқаны негізге алдық, яғни өзінің жекеменшік шығынын шығарған фермерлерге инвестициялық субсидия арқылы қолдауды жоспарлап отырмыз» деген министр бұл тәсіл «малсыз жерге құдық қазылуын» болдырмайтындығын айтты. Мемлекеттің қаржылық өтеуімен қазған құдығын ол фермер кейін өз ақшасына жөндетіп, ұстап отыруы керек.

Егер мемлекет бұл істі дөңгелентіп әкетсе, Қазақстанда құдық­қазушылыққа қатысты тұтас сала дамымақ. «Манкент, Жермаш секілді кеңес дәуірінен сақталып қалған техноло­гиясы бар зауыт­тар осы жобаға жұмылдырылып отыр. Бұл жоба іске асқаннан кейін, тиісті сұраныс пайда болып, олар­дың бұрын сатылмай келе жатқан көп қондырғылары, машиналары өте, өндіріле бастайды» деді Ауыл шаруашы­лығы министрі. Министрліктің есептемелеріне жүгінсек, орташа типтік жайы­лымды мал шаруашылығын суландыру шығыны шамамен 6 мил­лион теңгені құрайтын көрінеді. Оның ішінде шахталы құдықтарға 3,5-5 миллионға дейін, ал құбырлы құдықтар мен ұңғымаларға 6,2-8 миллионға дейін қаржы кетеді екен. 2013-2020 жылдар ара­лығында мемлекет Қа­зақстанда 4 мың құдық орнатпақ. Соның арқасында 32 мил­лион гектар жайылымдық алқапты суландыру көзде­лу­де.

Айхан ШӘРІП

Пікір қалдыруға болмайды

Система Orphus